0 дауыс
17.2k көрілді
"Ел іші - өнер кеніші" атты шығарма керек?

3 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Өнер қасиетті дүние. Ал ел ішіндегі өнердің құдіретін алтынға теңесек, қателеспейміз. Ата-бабаларымыздан бастау алған өнегелі өнерімізді, қазақ халқының терең ойлы шығармашылығын Тәуелсіз еліміздің төрінде паш ету Елбасының көздеген мақсаттарының бірі. Осы тұрғыда жақында өткен «Ел іші – өнер кеніші» халық шығармашылығының байқауы, ауыл-аймақтардың өнерге деген ықыласын, ұлт мәдениетіне деген ілтипатын байқатты. Байқаудың дәстүрге айналары да сөзсіз.

«Ел іші – өнер кеніші» халық шығар­ма­шылы­ғының байқауы биыл ғана бастау алға­нымен, қатысушылар көп жылдар бойы, кең байтақ жеріміздің түкпір-түк­пірінде дайын­далған секілді. Астанадағы гала-концертке келген көрермен қазақ нақышына келтіріл­ген, сапалы және әдемі мәдени мерекенің куәсі болды. Қазақтың әні мен биі, қолөнері мен дәстүрлерін бір шаңырақ астында жинау Мәдениет және ақпарат министрлігінің үл­кен жетістіктерінің бірі. Байқаудың телеви­зиялық жобаға айналуы да көңілден шығар жаңалық­тың бірі. Өйткені, халық шығар­машылығын қаймағы бұзылмаған қалпында бойында сақ­тап келе жатқан дарынды отандастарымызды тек өз ауылы ғана емес, күллі қазақ жеріне таныстыруға мүмкіндік туғызды. Көк­темде шымылдығын ашқан байқауға еліміз­дің барлық өңірлерінде іріктеу кезеңі өткізі­ліп, үздіктері Елордаға жолдама алды. Жал­пы, халық шығар­ма­шылығының телеви­зия­лық байқауына 600-ден аса өнерпаз қа­тысты. Астана қа­ла­сында өткен гала-кон­цертке ең үздік орындаушылар мен ұжымдар келді. Мәдени мереке байқау ретінде өткенімен, өңірлерден келген өнерлі қыз-жігіттер сахна сыртында бірлесіп ән салып, би билеп, аймақ арасындағы өнер байқауын достық пен ынтымақ мейрамына айналдырды. Шара жобаның алғашқы қадам­дарына қолдау көрсетіп, ат салысып жүрген Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың алғыс сөздерімен басталды. Министр Үкімет басшысы Серік Ахметовтің байқау қатысушыларына жол­даған құттық­тауын жеткізді. Өңірлік сайыста озып шығып, Астана төрінде ат тіреген дарын иелеріне халық шығар­машы­лығы бейнеленген белгі мен арнайы дипломдарды табыс етті. Министр «Ел іші – өнер кеніші» мәдени жобасы­ның басты мақсаты сонау ел-елде, жер-жерлерде жатқан таланттарды дүйім жұрт алдына алып шығу екенін тілге тиек етті. «Олар қашан өсіп, жетіліп, білім алып алды­мыз­ға келеді екен деп емес, біз өзіміз барып іздейік, қолқабыс жасайық. Білім алам дегендеріне білім жағынан көмектесейік, өнер іздеген адамдарға өнер жағынан көмектесейік деген Елбасының тапсырмасы бойынша дүниеге келіп отырғанын хабардар еткім келеді», – деді.

Бұл кеште «Конгресс Холл» сарайы қазақ өнерінің жанкүйер жұртшылығына лық толды. Концерт басталмас алдын, Астана тұрғындары мен қала қонақтары мәдени ошақ кіреберісіндегі қазақ хал­қының қолө­нер­­шілер көрмесін тамашалады. Шебер­лердің бағалы металдардан әшекейленген зергерлік бұйымдары қыз-келіншектерді тамсандырса, ауыл-аймақта күнделікті қолданыста болатын қажетті заттар келген көрерменге балалық шақты, қазақтың алтын бесігі ауылды еске салды. Өңірлердің үздік суретшілері байқауға өздерінің таң­даулы картиналарын алып келіпті. Олардың шеберлігі Елорда жастарын таңғалдырды. Қазақи бейнелер, ұлтымыздың дәстүрлері мен әдет-салты көрсетілген шығармалары алдында жасөспірімдердің көпшілігі жиналып, суретшілерге өз ойларын айтып, пікір бөлісті. Ұлттық ою-өрнектермен безен­діріл­ген түскиіздер де жиналған қауымның қызығушылығын тудырды. Ал шеберлер жағы көрмені тамашалаған қауымға түскиіздің жасалу үрдісі, мықтылығы және сапалық деңгейі жөнінде ауыз толтырып айтып жатты. Қолөнер шеберлері көрмесіне Алматы облысынан келген Дәркенбай Шоқ­парұлы атындағы ұсталар халық алдына шығып, білезік, сақина, жүзіктер соғып, шеберліктерін көрсетті.

«Қаныңдағыны қастерлемесең – қадірің болмайды» деп қазақ атамыз бекер айт­паған. Сондықтан біз осы өшіп бара жатқан төл өнеріміз құсбегілікті насихаттап, бүгінгі болып жатқан «Ел іші – өнер кеніші» деген байқауға қатысып отырмыз», – деп «Құс­бегілер» мұражайының директоры Динара Серікбаева байқаудың басты парызын, мақсатын атап өтті. Ал, Семейдегі Айша Бибі қалалық мәдени орталығы қоғамдық бір­лестігінің төрайымы Айман Боқпасаро­ва: «Тек институт, колледж және мектептерде жүрген жастар ғана емес, сондай-ақ жұ­мыссыз жүрген жасөспірімдер де, уақытын бос өткізбей, ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл қазынамызды бойына сіңіріп, қолөнер шеберлігін үйренуді мақсат тұтып жүр», – деп ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қолөнерге қазіргі жастардың қызығушылығы туып отырғанын мақта­нышпен атады.

«Ел іші – өнер кеніші» халық шығар­машы­­лы­ғы­ның телевизиялық байқауының гала-концертіне келген көрерменде мереке үрдісінен тыс қалмады. Арнайы күй­табақтар арқылы қалаған өнер шеберлеріне дауыс беріп, қазақтың үлкен мәдени жобасына өз үлестерін қосты. Көрермен көңілінен шыққан аймақтар анықталып, қошеметке бөленді. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы басты жеңімпаз атанса, Оңтүстік Қазақстан бай­қаудың күміс алқасына қол жеткізді, үшінші орынды Шығыс Қазақстан облысы иеленді.

«Ел іші – өнер кеніші» байқауы қазақ өнерінің қазіргі жағдайына көз жүгіртті. Ұлты­мыздың алтын қазынасы, ғасырлар бойы сақталып келген мәдени мұрасы қолө­нершілердің айтқанындай тамырларымызда қанымызбен бірге жүгіретін секілді. Өйткені, қазақтың кез келген оюы, сырмағы мен сәукелесі, аңшы бүркіті мен құмайта­зысы, құлаққа жағымды әуені мен әсем биі елор­далық талғампаз көрерменді барынша там­сандырды. Қазақтың аты қазақ. Өз болмысына әрқашанда сүйсіне қарайды. Дәл осындай ұлттық болмысымызды дә­ріптейтін шығармашылық жобаларды Астана төрінде паш ету дәстүрге айналса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Мұқан ҚАЛАУҰЛЫ

+2 дауыс

Шынында да қазір көптеген шаруашылықтарда «Ішімдіксіз ауыл атанамыз» деген бастама көтерушілер қатары көбейе түсті. Ауданда салауыттылық жолындағы күрестің 72 бастауыш ұйымы 1085 адамды өз қатарына біріктіріп отыр.

Еңбекшілерге мәдени қызмет көрсетуде игі істерімен көзге түсіп жүрген ұжымдар, шаруашылықтар едәуір. Мысалы, «Албарбөгет» ұжымшарын алайық. Мұнда клубтардың, кітапханалардың жұмысы жақсы жолға қойылған. Биыл осы ұжымшардың базасында мәдениет қызметкерлерінің аудандық семинар-кеңесі өткізілді. Соның ішінде ұжымшардың Тоқанай бөлімшесіндегі мәдениет орындарының қызметі айтарлықтай. Мұнда клуб, кітапхана, дәрігерлік пункт бар. Клубта домбыра, драма үйірмелері жүйелі жұмыс істейді. Клуб музыка аспаптарының түр-түрімен қамтамасыз етілген. Клуб жанындағы кітапханадан да қысы-жазы адам үзілмейді. Кітапханада әртүрлі тақырыпта оқырмандар конференциясын өткізу дәстүрге айналған.

Жалпы, Торғай өңірін өнерлі өрендер мекені десе де болғандай. Мұнда ауыл сахнасын ән мен күйге бөлеп, еңбек адамдарының мерейін өсіріп жүргендер көп. Ұжымшар мен бөлімше көркем өнерпаздарының күшімен құрылған ансамбльдер өз алдына, тіпті отбасылық ансамбльдер қаншама! Айталық, аудан жұртшылығы Қасенхановтардың, Әбдікәрімовтердің, Ахметовтердің, Қопақовтардың, Әлмағанбетовтардың, Жаңабергеновтердің, Алматовтардың, Әшірхановтардың, Хамзиндердің отбасылық ансамбльдерінің концертін әрдайым жылы қабылдап, қуана қол соғады.

Асылы, «Ел іші - өнер кеніші» деп тегін айтылмаған. Айтыс дәстүрін жалғастырып, суырып салма ақындық өнеріне ден қоюшылар қатары да жыл сайын көбейіп келеді. Биылғы ақпан айында аудандық ақындар айтысы өткізілді.

Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебіміз, ауыл еңбеккерлері үшін, олардың көңілді демалып, өнімді жұмыс істеуі үшін атқарылатын осындай игілікті мәдени шаралардың басы-қасында әрқашан интеллигенция өкілдері жүреді. Мысалы, тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының технологі А. Досанова, дәрігерлер А.Ыбыраева, С. Демесінова, Б. Медетова, Д. Әбуғалиева, мұғалімдер М. Әбдірахманов, Г. Алматова, М. Бірмұханов, О. Оспанов, А. Қабиеа, кітапханашылар М. Имекенова, Г. Құрманәлина, тағы басқа мамандық иелері мәдениет майданына белсене араласады.

Аудан орталығындағы жасыл желекке оранған мектеп үйінің ауласында мәрмәр тұғырға орнатылған аппақ мүсін-ескерткіш сонадайдан көзге шалынады. Бұл – Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші. 

Дерек көз http://el.kz/m/articles/view/content-20713

0 дауыс

«Ел іші — өнер кеніші» деп, дана халқымыздың ойшылдары бекер айтпаса керек. Қастерлі жердің қара топырағында ер жетіп, бала арманының жүзеге асуын асыға күткен Серікқали Байғалиұлы Көкенов 1964 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қарақол аулында өмірге келген. Қарапайым отбасынан тәлім алған бала Серікқали ауылдағы орта мектепті үздік тәмамдап, ел қатарлы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанады. Екі жыл қатарынан әскердегі борышын өтеп келгеннен соң, 1985 жылы Гоголь атындағы Алматы Көркемөнер училищесіне оқуға қабылданады. Жан дүниесі бала кезінен өнерге, оның ішінде қолөнер бұйымдарына ерекше ықылас танытқан ол осы өнер ордасында жүріп, алғашқы дүниелерін жасай бастайды. Аталған училищені 1989 жылы театр-безендіру бөлімі мамандығы бойынша тәмамдайды. Осы уақыттан бастап, Серікқали ағаның өнер жолындағы алғашқы қадамдары басталады. 1990 жылы Серікқали Байғалиұлын «Шеберлер аулы» деп аталатын қолөнер шебері жұмысына тағайындайды. Өз ісінің шебері атанған Серікқали ел ішінде жүрген талантты жастарды қарамағына алып, оларға қастерлі өнердің қыр-сырларын үйретумен болды. Қолынан бұйым жасау қабілетін аңғарған ауыл жастарын өзіне қарай тартып, ұстаздық етумен айналысты.Қазақ халқының ер-тұрмандары, батырларымыздың сауыт-саймандары, қыздарымыз бен әжелеріміз таққан әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттардың барлығын «Шеберлер аулынан» тауып алуға болады. Асқан сабырлық пен төзімділікті, қажырлықты қажет ететін өнер атаулының осы түрін жастар жағы тез үйренуде. Тіпті олардың арасынан шағын шеберхана ашып алғандары да бар. «Ежелден келе жатқан, ата дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен қолөнер туындыларын жасау мен үшін зор мәртебе. Мұндай бұйымдарды аса бір қызығушылықпен, жұмысқа деген махаббатпен іске асырмасақ, ойлағаныңдай шықпайтыны бар. Әрбір әйел затының әшекейін жасау барысында ұқыптылықпен, ерекше безендірумен бастағанды жөн көрем. Себебі, әйел жаны сондай нәзік және қашанда көрсең сұлулыққа құмар. Сол себептен әр бұйымның өмірге келуі де өзінше қызық екені рас», — дейді шебер.

Алатаудың әсем табиғаты қаншама қазақ баласының өнердегі өресін өрістетіп, арманының асқақтауына қуат беруде. Алыстағы арманы ару қала Алматыда орындалған ауылдың қарадомалақ баласы бүгінде өзін бақытты жандардың қатарына жатқызады. «Шеберлер аулының» бас ұстазы Серікқали Көкеновтың қолынан шыққан төл туындылары Қазақстанның біршама қалаларының көрмелерінде қойылған. Сонымен қатар осы жылы Қазақстанда өткен «Шебер» деп аталатын қолөнер байқауының жүлдегері атанып қана қоймай, «ЮНЕСКО» сапа белгісі бойынша жеңімпаз болған. Тәуелсіздіктің туы желбіреген жазиралы өлкеде тіршілік етіп жатқан Серікқали ағамыздың жұмыс уақыты әдеттегідей өз шеберханасында, шәкірттерінің ортасында өтіп жатыр. Еңселі еліміздің іргетасын қалауда өздігінше үлес қосып жатқан Серікқали Байғалиұлының келешектегі атқарар қыруар жұмыстарына тек сәттілік тілейміз. Халқымыздың ұлттық сипатқа ие төл дүниелерін дамытуда қажырлы еңбегіңіздің жемісін көріңіз!Ел ішінде бес саусағынан өнер тамған шеберлер аз емес. Дана халқымыздың ежелден келе жатқан қолөнер дәстүрі бүгінгі күні жаңаша түрге еніп, қазақы салттың келешегіне сүбелі үлесін қосуда. Ата-әжелеріміздің күнделікті тұрмыстық қолданысына ие болған әшекейлі бұйымдар – қазіргі заманның сұранысын тудырып отырған заттар болып табылады. Елімізде өнер атты өнегелі туындының бұл түрімен айналысатын азаматтар жетерлік. Сондай шебер азаматтардың бірі Көкенов Серікқали ағамыз.

Ұқсас сұрақтар

...