+1 дауыс
4.2k көрілді
Ел іші-өнер кеніші атты мәлімет тауып бере аласыздар ма?

1 жауап

0 дауыс

Өнер қасиетті дүние. Ал ел ішіндегі өнердің құдіретін алтынға теңесек, қателеспейміз. Ата-бабаларымыздан бастау алған өнегелі өнерімізді, қазақ халқының терең ойлы шығармашылығын Тәуелсіз еліміздің төрінде паш ету Елбасының көздеген мақсаттарының бірі. Осы тұрғыда жақында өткен «Ел іші – өнер кеніші» халық шығармашылығының байқауы, ауыл-аймақтардың өнерге деген ықыласын, ұлт мәдениетіне деген ілтипатын байқатты. Байқаудың дәстүрге айналары да сөзсіз.

«Ел іші – өнер кеніші» халық шығар­ма­шылы­ғының байқауы биыл ғана бастау алға­нымен, қатысушылар көп жылдар бойы, кең байтақ жеріміздің түкпір-түк­пірінде дайын­далған секілді. Астанадағы гала-концертке келген көрермен қазақ нақышына келтіріл­ген, сапалы және әдемі мәдени мерекенің куәсі болды. Қазақтың әні мен биі, қолөнері мен дәстүрлерін бір шаңырақ астында жинау Мәдениет және ақпарат министрлігінің үл­кен жетістіктерінің бірі. Байқаудың телеви­зиялық жобаға айналуы да көңілден шығар жаңалық­тың бірі. Өйткені, халық шығар­машылығын қаймағы бұзылмаған қалпында бойында сақ­тап келе жатқан дарынды отандастарымызды тек өз ауылы ғана емес, күллі қазақ жеріне таныстыруға мүмкіндік туғызды. Көк­темде шымылдығын ашқан байқауға еліміз­дің барлық өңірлерінде іріктеу кезеңі өткізі­ліп, үздіктері Елордаға жолдама алды. Жал­пы, халық шығар­ма­шылығының телеви­зия­лық байқауына 600-ден аса өнерпаз қа­тысты. Астана қа­ла­сында өткен гала-кон­цертке ең үздік орындаушылар мен ұжымдар келді. Мәдени мереке байқау ретінде өткенімен, өңірлерден келген өнерлі қыз-жігіттер сахна сыртында бірлесіп ән салып, би билеп, аймақ арасындағы өнер байқауын достық пен ынтымақ мейрамына айналдырды. Шара жобаның алғашқы қадам­дарына қолдау көрсетіп, ат салысып жүрген Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың алғыс сөздерімен басталды. Министр Үкімет басшысы Серік Ахметовтің байқау қатысушыларына жол­даған құттық­тауын жеткізді. Өңірлік сайыста озып шығып, Астана төрінде ат тіреген дарын иелеріне халық шығар­машы­лығы бейнеленген белгі мен арнайы дипломдарды табыс етті. Министр «Ел іші – өнер кеніші» мәдени жобасы­ның басты мақсаты сонау ел-елде, жер-жерлерде жатқан таланттарды дүйім жұрт алдына алып шығу екенін тілге тиек етті. «Олар қашан өсіп, жетіліп, білім алып алды­мыз­ға келеді екен деп емес, біз өзіміз барып іздейік, қолқабыс жасайық. Білім алам дегендеріне білім жағынан көмектесейік, өнер іздеген адамдарға өнер жағынан көмектесейік деген Елбасының тапсырмасы бойынша дүниеге келіп отырғанын хабардар еткім келеді», – деді.

Бұл кеште «Конгресс Холл» сарайы қазақ өнерінің жанкүйер жұртшылығына лық толды. Концерт басталмас алдын, Астана тұрғындары мен қала қонақтары мәдени ошақ кіреберісіндегі қазақ хал­қының қолө­нер­­шілер көрмесін тамашалады. Шебер­лердің бағалы металдардан әшекейленген зергерлік бұйымдары қыз-келіншектерді тамсандырса, ауыл-аймақта күнделікті қолданыста болатын қажетті заттар келген көрерменге балалық шақты, қазақтың алтын бесігі ауылды еске салды. Өңірлердің үздік суретшілері байқауға өздерінің таң­даулы картиналарын алып келіпті. Олардың шеберлігі Елорда жастарын таңғалдырды. Қазақи бейнелер, ұлтымыздың дәстүрлері мен әдет-салты көрсетілген шығармалары алдында жасөспірімдердің көпшілігі жиналып, суретшілерге өз ойларын айтып, пікір бөлісті. Ұлттық ою-өрнектермен безен­діріл­ген түскиіздер де жиналған қауымның қызығушылығын тудырды. Ал шеберлер жағы көрмені тамашалаған қауымға түскиіздің жасалу үрдісі, мықтылығы және сапалық деңгейі жөнінде ауыз толтырып айтып жатты. Қолөнер шеберлері көрмесіне Алматы облысынан келген Дәркенбай Шоқ­парұлы атындағы ұсталар халық алдына шығып, білезік, сақина, жүзіктер соғып, шеберліктерін көрсетті.

«Қаныңдағыны қастерлемесең – қадірің болмайды» деп қазақ атамыз бекер айт­паған. Сондықтан біз осы өшіп бара жатқан төл өнеріміз құсбегілікті насихаттап, бүгінгі болып жатқан «Ел іші – өнер кеніші» деген байқауға қатысып отырмыз», – деп «Құс­бегілер» мұражайының директоры Динара Серікбаева байқаудың басты парызын, мақсатын атап өтті. Ал, Семейдегі Айша Бибі қалалық мәдени орталығы қоғамдық бір­лестігінің төрайымы Айман Боқпасаро­ва: «Тек институт, колледж және мектептерде жүрген жастар ғана емес, сондай-ақ жұ­мыссыз жүрген жасөспірімдер де, уақытын бос өткізбей, ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл қазынамызды бойына сіңіріп, қолөнер шеберлігін үйренуді мақсат тұтып жүр», – деп ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қолөнерге қазіргі жастардың қызығушылығы туып отырғанын мақта­нышпен атады.

«Ел іші – өнер кеніші» халық шығар­машы­­лы­ғы­ның телевизиялық байқауының гала-концертіне келген көрерменде мереке үрдісінен тыс қалмады. Арнайы күй­табақтар арқылы қалаған өнер шеберлеріне дауыс беріп, қазақтың үлкен мәдени жобасына өз үлестерін қосты. Көрермен көңілінен шыққан аймақтар анықталып, қошеметке бөленді. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы басты жеңімпаз атанса, Оңтүстік Қазақстан бай­қаудың күміс алқасына қол жеткізді, үшінші орынды Шығыс Қазақстан облысы иеленді.

«Ел іші – өнер кеніші» байқауы қазақ өнерінің қазіргі жағдайына көз жүгіртті. Ұлты­мыздың алтын қазынасы, ғасырлар бойы сақталып келген мәдени мұрасы қолө­нершілердің айтқанындай тамырларымызда қанымызбен бірге жүгіретін секілді. Өйткені, қазақтың кез келген оюы, сырмағы мен сәукелесі, аңшы бүркіті мен құмайта­зысы, құлаққа жағымды әуені мен әсем биі елор­далық талғампаз көрерменді барынша там­сандырды. Қазақтың аты қазақ. Өз болмысына әрқашанда сүйсіне қарайды. Дәл осындай ұлттық болмысымызды дә­ріптейтін шығармашылық жобаларды Астана төрінде паш ету дәстүрге айналса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Мұқан ҚАЛАУҰЛЫ

...