Қандала астық дақылдарын (күздік және жаздық бидай, арпа, сұлы, тағы басқа) және жемшөп дақылдарын зақымдайды. Көктеу және түптеу кезеңдерінде зақымданған өсімдіктердің жапырағы солып, сарғаяды. Сабақтану кезінде зақымданса масағы қурайды, ал тамырлану кезінде дәні бүрісіп, семіп қалады. Дәннің зиянкес қоректенген жерінде қара қоңыр дақ пайда болады. Ересек қандалалар және олардың дернәсілдері бидай дәнін зақымдағанда оның салмағын кемітіп қана қоймай, тауарлық және тұқымдық сапаларын да төмендетеді. Зиянды бақашық қандала сілекейіндегі ферменттер дәннің уызын азайтады. Мұндай бидай ұнынан пісірілген нан көтерілмейді, сапасы төмендейді. Күресу шаралары: ауыспалы егісті енгізу, астық өнімін қысқа мерзім ішінде жинап алу, көктемде және жазда қыстап шыққан қандалаларды және оның дернәсілдерін жою үшін егіске тиісті препараттар бүрку қажет.
Қанқыздың көптеген түрі пайдалы. Қолайлы жағдайда қанқыз саны тез өсіп, зиянды жәндіктерді жейді. Мысалы, жетідақты қанқыз бір тәулікте 80-ге дейін алма битін жояды. Қанқыз өсімдік бітесі, сымыр, бүрге-шіркей, жапырақ бүргесі, өрмекші, кене, т.б. ұсақ жәндіктерді жейді. Кейбір бақша қанқызы, картоп қанқызы, т.б. екпе өсімдіктерді жеп, зиян келтіреді.