«Мерген»
Бұл биде мергеннің аулап жүріп, сүйген қызына кездескендігі бейнеленеді. Мергеннің қызу қарқынмен сахнаға шығудағы әрбір қимылы садақпен аң аулаған аңшының қимылдарын айнытпай бере аларлықтай дәл болуы керек. Қыздың сахнаға шығу кезеңі де, сондай-ақ жігітпен билейтін кейінгі билері де қатты би қимылдарынан нәзік, айлалы қимылдарға кенет ауысып отыруымен сипатталады. Дуэтте (қыз бен жігіт билегенде) жігіт қыздан көз жазбай және қыздың әрбір қимылынан әсерленіп билеп жүруі керек.
Киімдері:
Жігіт: ақшыл көйлектің үстінен бешпент киіп, белін былғары белдікпен немесе матамен буады. Тіке пішілген ұзын шалбардың балағы мен жеңі оймышталған, балағы тілінген болуы керек. Аяғында мәсі немесе жеңіл етік. Басында барқытпен тысталған бөрік (көбіне түлкі бөрік). Оң қолында садақ болады.
Қыз: Жеңі бірнеше жерден қатпарланып әсемделген ұзындау көйлектің үстінен жеңсіз қамзол киеді, басында тақия, аяғында мәсі болуы керек.
«Бес қыз»
«... Кішкене өзенге бір топ жолдас қыздар жиналады. Олар өзенге қарап отырып, бір-біріне су шашады және қап-қара бұрымдарын тарқатып, қайтадан өріп, сонымен ойнайды. Қыздар өзенді жағалап жүріп гүл тереді. Қолындағы гүлдерін жерге қойып, тоқтайды да, тарқатылған бұрымдарын қайта жөндейді. Азырақ ойнап алып, жердегі гүлдерін алады да, үйге қайтады». Бидің қимылдары өте қиын болып келеді. Биге бес қыз қатысады. Немесе аз құрамда (үш қыз) билеуге рұқсат етіледі.
Киімдері: Қатысушы қыздардың бастарында үкі таққан (әдеттегі қазақ қыздарының бас киімі) тақия болуы керек. Жұқа матадан істелген, етегінің бүрмесі көп, жеңі кең көйлектің үстінен белін қынаған қамзол киеді. Қамзолдың (барқыттан, қамқадан) өңірінде, етегінде әшекейленген оюлар болу керек. Шаштарын қос бұрым етіп өреді. Білектерінде білезік, құлақтарында сырға.
«Келіншек»
Бұл биде жаңа орамал тартқан жас келіншектер көрсетіледі. Олар орамалдарын бастарына тартып, өлшеп көреді, сүйсініп қаранады және өздері де сәнденеді. Әдетте он қыз билейді. Би солисткамен де, солисткасыз да ойнауға келе беретін етіп құрылған.
Киімдері:
Биші жас әйелдер бүрмелі жиегі бар көйлектің сыртынан ұзындау жеңді бешпент киеді. Мақпалдан немесе жай тығыз матадан істелген бешпент өңірін, етегін айналдыра ұстаған зері, яки оқасы болады. Белін асыл матадан істелген белбеумен буады. Екі ұшы шашақты болып, салбырап түсіп тұруы керек. Басында жеңіл матадан (жібек) істелген орамал болуы тиіс. Киімдердің әртүрлі болуына рұқсат етіледі. Немесе қыздардың жартысы басқа, екінші жартысы басқа түсті таңдауларына қарсылық жоқ. Бұл екіге жарылып билеуге де қолайлы.
«Мүше»
Бұл көпке белгілі ат ойынының бір түрін елестететін ойын биі («Мүше алып қашу»). Би негізінен атты кісілердің тартыс кезіндегі әрекеттерін бейнелеуге және аттардың аяғының қимылдарын елестетуге лайықталып құрылған. Фигураларында ең маңызды нәрсе – әлгі айтылған қимылдардың анық бейнеленіп және барған сайын күшейе түсуінде.
Киімдері: Жігіттердің киімдері түсті матадан істелген сырт көйлек, оның үстінде жеңіл бешпент болады. Көйлек пен бешпент шалбарланады да, белін былғарыдан немесе барқыттан істелген белдікпен буады. Шалбар балағы етіктің ішіне жіберіледі (атқа мінгендей). Бастарында байламын алдына келтірген орамал, оның сыртынан бөрік киіледі. Оң қолдарына қамшы ұстайды.
Дерек көз http://massaget.kz/arnayyi_jobalar/22-nauriz/8513/