Бір кездері халық арасында кеңінен қолданылып, кейін кеңес үкіметі сияқты келмеске кеткен емдік шаралары бар. Соның бірі – арқаға банка қою. Иә, халық арасында тыныс алу органдарының сырқатын банка төңкеру арқылы емдеу тәсілі бар. Немесе болған.
Бірақ сол банканың өзін бүгінде емге таппайсыз. Қазіргі дәріханаларда ол сатыла ма, сатылмай ма, білу үшін оларға бас сұғып көрдік. Бар ма екен? Болса, бағасы қандай екен?
Бірақ банка атаулы көпшілік дәріханаларда мүлде жоқ екен.
Банка шынында да медицинадан алынып тасталды ма? Алынып тасталса, оның себебі не? Мұның себебін маманнан білуге тырыстық.
Астана қаласы № 7 емханасының дәрігері Салтанат Тәтиеваның айтуынша, суық тиіп, сырқаттанып қалған адамның арқасына банка төңкеруді медицина қолдамайды. Бұл ретте ең алдымен, адамның қауіпсіздігі есепке алынады. Себебі, мұнда біріншіден, ашық от қолданылады. Қалай?
Мәселен, банканы арқаға төңкерерде ең әуелі қыздырып алады. Ол үшін ұзындау таяқшаның ұшына оралған мақтаны спиртке малып алып, сіріңке тигізіп, тұтатып, тұтанған жалынды банканың ішіне салады. Ал ашық отты қолдану қауіпсіз деп ешкім айта алмасы анық. Егер уақытынан көп ұсталса, арқада іші сұйықтықпен толған ісік, ал банка күшті қызған кезде күйік пайда болады.
Ал сонда осындай қауіпті болса, бұрын жұрт не себепті банкаға құмартқан деген сауал өз-өзінен туындайды. Банка қою қан айналысын арттыратыны мәлім, сондықтан оның бұл қасиеті адамдарды қызықтыратын. Яғни, қан айналысының күшеюі суық тию кезінде пайда болатын кейбір зиянды заттарды ағзадан шығаруға көмектеседі.
Ол ол ма? Қазіргі зерттеу бұған кереғар сараптаманы алға тартып отыр. Банка қоюдың да мәнісі бар. Банка теріні тартып қана қоймай, тереңде жатқан ұлпаға (ткань), оның ішінде капиллярларға да әсер етеді. Күшейген капиллярлық қан ағысы ауру тудырғыш микробтардың ағзаға кедергісіз таралуына жол ашады.
– Сондықтан дәрігерлер қазіргі уақытта жедел тыныс алу органдарының ауруларында арқаға банка төңкеруді қостамайды. Жеке өз басымды алсам, отбасымда да балаларыма ешқашан бұл ем-дом түрін қолданған емеспін. Пациенттерге де банка төңкеруге кеңес бермеймін және ауырған кезде бұл ем түрін қолдану дұрыс деп есептемеймін, – дейді Салтанат Жәкіқызы.
Дәрігерлер созылмалы бронхит, пневмония, ларингит, трахеит, плеврит сынды іріңді ауруларда бұл ем-домның мүлде қауіпті екендігін айтып, дабыл қағуда. Себебі, банканың әсерінен болған қолқа қабырғасындағы кеңею іріңді процестерге қолайлы орта болып табылады. Оны жүрек ақауында, өкпе туберкулезінде, өкпеден қан кетуде, жоғары температурада, ісік болған жағдайда, сондай-ақ, балаларға қолдануға болмайды. Себебі, бұл жағдайларда және балалардың кеуде қуысы нәзік болғандықтан, өкпе ұлпаларына қан кетуі мүмкін. Бұл өмірге қауіпті.
Әдетте банка қою туралы ғылыми негізделген әдіс әзірленбеген. Жалпы банкамен көбіне адамдар үй жағдайында емделуге әуес. Оны қоюға құмарлар оған тыйым салынғаннан бері тартынып қалды. Еуропалық және америкалық дәрігерлер бұл емдеу түрінен баяғыда бас тартқан. Жалпы банка қою әдісі бізге Қытайдан келген деседі…
Сондықтан, әсіресе, ауру алғаш басталған кезде арқаға банка төңкермес бұрын дәрігермен кеңесіп алғаныңыз жөн. Осылайша, сіз отбасыңыздың және өзіңіздің саулығыңызды қамтамасыз ете аласыз.
Ақпарат көзі