Махамбет Өтемісұлы → Нарында
1
Әдірә қалған Нарынның
Теңіз деген суы бар,
Жағасында жағалай біткен
Қамыс деген нуы бар.
Еңіреген ердің қолында
Жібектен желбіретіп ұстар туы бар.
Хан ұлымен алыстың,
Қарсы тұрып шабыстың -
Бізге біткен бес еркектің буы бар.
Әдірә қалған Нарынның
Жайық деген суы бар.
Жағасында жары бар,
Қабағында қары бар.
Көрмегенді көргізген,
Көн кемеге мінгізген,
Қынама бешпент кигізген,
Зәбірлігін тигізген
Ортасында Жәңгір деген ханы бар.
Қырлығында оба бар.
Көлдеуінде қоға бар,
Жыңғылы мен талы бар.
Қонса қонақ жегендей
Жаясы мен жалы бар.
Айтып-айтпай немене -
Әдірә қалған Нарында
Бас пайданың бәрі бар.
Қапыда кеткен дүние-ай,
Алақандай Нарында
Ата менен ана бар,
Іні менен аға бар,
Қатын менен бала бар,
Қарындас халқым жаңа бар.
Жалғыз ұлым Махмұт
Бекетай құмның ішінде
Жалғыз бір қалған со да бар.
2
Біздің анау Нарында
Бір төбелер бар еді-
Айналасы ат шаптырса жеткісіз,
Қиқулай ұшқан қырғауыл,
Күніне құлан да басып өткісіз,
Күндіз келген қонағы
Кешке үйіне кеткісіз.
Қойды мыңға толтырған
Сол Нарынның құмдары,
Түйені жүзге толтырған
Көкпекті шайыр шымдары.
Жатып қалған тайлағы
Жардай атан болған жер.
Жабағылы тоқтысы
қой болып, қора толған жер.
Аш-арығым тойған жер,
Жылаған бала қойған жер.
Шортаны қара бақандай,
Бақасы сары атандай,
Балдырғаны білектей,
Баттауығы жүректей,
Қымыздығы күректей,
Сонасы қоңыр үйректей -
Ондай қоныс маған жоқ,
Құдайым қылды - амал жоқ.
Махамбет Өтемісұлы → Уа, Нарын
Абайламай айрылдым
Аржақтағы елімнен -
Анау Нарын деген жерімнен.
Тірі кеттім демеймін -
Кем болмады өлімнен.
Теңім үлгі алмады
Аузымдағы желімнен.
Істеген ісім кетті далаға.
Қашан өтіп шығам деп,
Қайғырамын мен-дағы
Жайықтан арғы жағаға.
Басқа қысым түскен соң
Қайрылмастай күн болды
Қатын менен балаға,
Ата менен анаға.
Барсаң, сәлем айта бар -
Жаудан аман бас қалса,
Қара орман малым садаға!
Біткен істің міні жоқ
Атай да Матай екі құм,
Шауып келсем басыңа,
Көзім түсер елім жоқ.
Елім-күнім - екі атым,
Еңіреп келсем, тілің жоқ.
Біткен істің міні жоң,
Бітірген ердің кемі жоқ,
Тура ажалдың емі жоқ.
Арқада жортқан ақ киік -
Атып алып, етін жеп,
Ішіп қандым сорпасын -
Сапырулы сары быладан
Еш те бір жерде кемі жоқ.
Жасыл ала үйрек, қоңыр қаз
Жайқай ұшқан көлде жоқ.
Тар қолтықтан оң тисе,
Тарыққанда қайрылар
Қарындасым менде жоқ.
Балдағы алтын ақ болат -
Салайын десем, қын да жоқ.
Қанатынан қайрылып,
Ит алған қуда сын да жоқ.
Мен - тауда ойнаған қарт марал
Мен - тауда ойнаған қарт марал,
Табаным тасқа тиер деп,
Саңсынып шыққан қиядан.
Қайыңның басын жел соқса,
Қаршыға құс қайғырар,
Балапаным суға кетер деп,
Мамығын төккен ұядан...
Ол-дағы біздей болған сорлы екен!