Жүрежатқа жеткендер қыз алысса болады
«Замананың» таяудағы бір нөмірінен «Олардың қыз алыса беруіне бола ма, болмай ма?» деген тақырыпта мақала оқыдым. Онда сарыағаштық бір әйел өздерінің Жаныс руынан екенін, ұлдарының Байыс руының қызымен көңіл жарастырғанын, бірақ оларды қосуға бұл екі руға қыз алысуға болмайды деген сөздің кедергі болып тұрғанын айтыпты. Ал газеттің келесі нөмірінде шымкенттік бір азаматтың мұндай мәселені көтерудің өзі дұрыс емес деген тұрғыда пікірі жарияланды. Осы екі мақала маған да терең ой салды. Сондықтан газет бетінде өз көзқарасымды білдіруді ұйғардым.
Қазақ халқын өзге ұлттардан ерекшелендіретін дәстүрлерінің бірі және қатаң генетикалық заңы – экзогамия. Яғни бір қауым мүшелері арасындағы некеге тиым салу, қан араластыруға (инцест) жол бермеу. Біздіңше, ата-бабаларымыз осы салтты тым ертеден-ақ қолға алса керек. Олардың кейбір жұптардан балалардың дені сау, ал кейбіреулерінен дімкәс немесе мүгедек болып туылатынына назар аудармауы, ойланбауы мүмкін емес. Өздерін «жылқы мінездес» деп айтатын, бүкіл өмірлері ат үстінде өткен аталарымыздың қан араластыруға жол бермеуіне жылқы да өз әсерін тигізсе керек. Ал жылқы ешқашан қан араластырмайды екен. Тай, ересек құнаннан дөнен шығып, «апа-қарындастарына» мекіренер жасқа жеткенде үйір егесі – кексе айғыр оны талап, теуіп-тістелеп үйірден қуады. Сондықтан ол басқа үйір іздеуге мәжбүр болады.
Біздің дәуірімізге дейінгі 7 – 6 мыңжылдықтарда Солтүстік Каспий далаларында зороастризм діні таралған екен. Бұл дінді ұстанатындардың арасында туысқандар түгілі, әкесі қайтыс болса, баласы анасына үйленетін бір жабайы дәстүр болған. Одан кейін жерімізге тарала бастаған буддизм, христиан, манихейлік, тіпті ислам діндерінде де жеті ата санамалау көрінісі байқала қоймайды. Мыңдаған жылдар ішінде жерімізге таралған осыншама діндердің ықпалына ұшырамаған бірден-бір салтымыз – ол осы жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі.
XVІІ ғасырға дейін осы мәселенің қалай шешілгені біз үшін көмескілеу. Ал Тәуке ханның (1626 – 1718) тұсында жасалған Қазақ хандығының басты заңы «Жеті жарғыға» халқымыздың осы бір тамаша дәстүрі бір бап ретінде еніп, ресми түрде бекітілген. Осы кезден бастап әулеттің арасы жеті ұрпаққа жеткенде бүкіл үш жүзге сауын айтылып, осы үш жүздің өкілдері қатысқан жиында оларға ресми түрде ру статусы беріліп отырған. Бұл дәстүрдің берік сақталуы ел ақсақалдары тарапынан қатаң бақылауда болған. Дәстүр бұзылған жағдайда үлкен дауға айналып, оны бұзған адамдардың арасы алшақтау болса, боз бие сойылып, ескерту айтылып, екі жасқа бата берген. Аралары тым жақын болса, кейде өлім жазасы тағайындалып, немесе кінәлілер елден аластатылған.
Ал «Заманада» көтерілген мәселеге оралсақ, бұл көпшілік көкейінде жүрген күрделі жайт. Әсіресе Жаныс руының өкілдері үшін бұл кезек күттірмейтін мәселе. Себебі оларда кейбір аталардың арасы 14-15 ұрпаққа жетіп қалды.
Осыдан, бірер жыл бұрын да «Замана» газетінде осы мәселеге байланысты мақалалар жарияланып еді. Бірақ ақсақалдарымыз бен өздерін ел ағасымыз деп жүрген азаматтарымыз селт ете қоймады. Ал олардың кейбіріне осы сұрақты қойғанымызда: «Төле бабамыз Жаныстарға жеті атадан кейін де қан араластыруға тиым салып кеткен екен» деген сияқты көңілге қоныңқырамайтын жауап естідік. Өз заманында дәстүрдің берік сақталуына аса қатты мән берген әз Төле би олай ете қоймаса керек.
Ал енді төмендегі кестеге назар аударайық:
1. Әке. 2. Бала. 3. Немере. 4. Шөбере. 5. Шөпшек. 6. Немене. 7. Туажат. 8. Жүрежат. 9. Жекжат. 10. Жұрағат. 11. Қаймана.
Яғни 8-ші ұрпақ – жүрежаттан бастап қыз алыса беруге рұқсат етілген.
Ал Жаныстың өзге ұрпақтарына тоқталмағанның өзінде, тек Жантудан туған Жайылмыс, Байыс, Өтеміс үшеуінен тараған ұрпақтардың арасы қазір 14-15 атаға жетіп қалды. Мысалы, Байыстың ағасы Жайылмысқа шөпшек болып келетін Төле бабамыздың өзінің бұл күнде арамызда, қателеспесем, 11-12-ші ұрпақтары өмір сүруде.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, Байыс балаларының Жаныстың өзге ұрпақтарымен қыз алыса беруіне толық болады деп ойлаймын.
Жалпы, ақсақалдарымыздың құлақтарына алтын сырға, маман-тарихшы, шежіре жинаушы ретінде айтарымыз, бұл мәселеге ары қарай да көңіл бөлмеу ұрпаққа жасалған қиянат болар еді. Тағы біраз кешіксек бата беретін қарияларды да таппай қалуымыз мүмкін.
Уақыт – керуен өз дегенін істемей қоймайды, сонау шежіре-шалдардың тізесіне отырып, әңгімесін тыңдаған ағаларымыздың өзі арамызда күн өткен сайын кеміп барады. Ал кейінгі, «асфальтта» өскен азаматтарымыз ол мәселеге басын қатыра қоя ма? Бұл үлкен сұрақ.
Сондықтан, ақсақалдарымыз бен дінбасылар жиналып, осы мәселе бойынша пәтуа жасайтынуақыт жеткен сияқты.
http://baq.kz/blog/article/4253