+2 дауыс
41.0k көрілді

Конфуций – ұлы философ және ұстаз. Конфуций өмірбаяны

Конфуций,ұлы философ,ұстаз,Конфуций өмірбаяны

3 жауап

0 дауыс

Ежелгі Қытайдың ұлы ұстазы Конфуцийдің барлық дерлік өмірі дүниені кезумен өтті. «…өзінің бейбітшілдігімен және әділдігімен ұлы Конфуций жаңашылдығымен өз адамдарынан қудаланғаны соншалық, - тіпті жегулі күйме арбасын дайын ұстауға тиіс болды және өмірінің көпшілігін мәжбүрлі сапарларда өткізді. Бірақ тарих осы надан - қудалаушылардың есімдерін тұңғиыққа тоғытты. Ал Конфуций жадымызда сақталып қана қоймай, мыңдаған жылдардан кейін де өмір сүріп, оның есімі қазіргі жаңа заман санасында одан әрі нығая түсті», - деді Н.К. Рерих.

Конфуцийдің қудалану себебі не болды? Осы сұраққа жауап беру үшін оның өмірін қадағалайық және оның Ілімімен танысайық.

Болашақ Құң Ұстазының тууына байланысты түрлі ғажайыптар туралы әңгімелерге – кейінгі ұрпақтың оның атағы мен беделіне, құрметіне күмән тудырмауға болады. Бірақ Құң тегінен шыққан кішкентай Цюдың дүниеге келуі төңірекке байқалмастан өтпегенін болжауға барлық негіз бар.70 жастағы қарт пен 16 жастағы қыздың некесі өз-өзінен талқылауға өзек болды. Бірақ осындай отбасында, әкесі 9 қызды және бір жарымжанды тудырғаннан кейін ұлдың дүниеге келуі аңызға айналған оқиға болды. Оның үстіне сәби туғанда төбесі, оған ерекше тағдырынан хабар бергендей, әдеттен тыс ішіне басылған  болатын. 

«Жабайы неке» туралы қауесет Лу патшалығының астанасын тез жайлап кетті және жас жесір еріксіз өзіне назар аудартты.  Қарапайым жас әйелдің ұлының ерекше қабілетін байқап, оған білім беруге, ал уақыт өте сарайға таныстыруға қамқорлық танытқан адамдар да табылды. Дегенмен кішкентай Цюге өмір сүру оңай болмаса да, ол жоқшылық пен ауыр еңбектің дәмін ерте татты. Бұл туралы біз Конфуцийдің өз сөзінен білеміз. Бірнеше жыл өткен соң, белгілі ғалым болған кезде ол: «Мен атақты тектің ұрпағы болдым, бірақ бала кезімде әкемнен айрылдым, сондықтан кедейлікте өмір сүрдім. Маған жоғары орын тиер ме еді? Жоқ, әрине. Есесіне өмірдің қиындықтары мені көп нәрсеге үйретті. Дегенмен маған Аспан ұлына қызмет етуге тура келді – қоймаларды сақтаушы, жайылымдарды қараушы болдым, құрылысты бақыладым, қоғамдық жұмыстарды бақылаушы болдым...» дейді.

«15 жасымда мен өз ойымды ғылымға аудардым ...» – дейді Конфуций өзі туралы, өзінің баяғыда өтіп кеткен жастық шағына ой жүгіртіп. Мүмкін «Сұхбаттасу мен талқылау» мәтінінде «ілім» деген иероглифтің бірінші тұруы да кездейсоқ емес шығар, оның бастапқы фразасы былай дейді:   

«Оқу және әрқашан оқығанды іске асыру – бұл рахат емес пе?»

«Өзіңе тілемегенді адамдарға істеме, сонда мемлекетте де, отбасында да саған жауластықпен қарамайды».

Конфуций

Негізінде, соншалық жас бола тұра, Конфуций Қытайда алғашқы жеке мектептің, оның үстіне сол немесе басқа ғылым мен өнер оқытылған мектептің ғана емес, адам мінездерін тәрбиелеу мектебінің негізін қалаушы болды. Осындай ауқымдағы оқиғалар олардың тікелей куәгерлерінің санасына сирек сыяды. Бірақ Конфуций-ұстаз Конфуций-оқушы болудан ешқашан танған емес және танып-білуге деген керемет құмарлықпен өмір бойы оқыды. 

Кун Цю өзінің алғашқы оқушыларын – одан сәл ғана кіші, құрдасы дерлік адамдарды немен қызықтырды екен? Талпынса да, қол жеткізе алмайтын тамаша мансап перспективасымен емес шығар? Шенеунікке жылдам қол жеткізгісі келетіндер үшін сарай ақсүйектері арасында қолдаушыларды іздеу ақылдырақ болар еді. Кун Цю өзінің шәкірттерін «соғыстың, жеккөрушіліктің және жоқшылықтың орнына бейбітшілік, жақсылық пен бақыт келетін бейбітшілік туралы арманымен» қызықтырды. Бірақ Кун Цю өз оқушыларының алдында жалпыға бірдей гүлденудің утопиялық картинасын ешқашан салған емес, оның үстіне лепірмелі әңгімелерді де жек көретін. Уәделермен де тойдырған емес, өзіне келгендерге кішкенеден бастауға кеңес берген болар еді. Мысалы, өз сөзін жерге тастамау, өз істерінің, ойларының құндылығын жоғалтпауы, таңдаулы идеалдарын мықтап ұстануы және  өлім алдында да соларға адал болуы керек. Қарапайым, әрі айқын талаптар сияқты, бірақ оларды орындау соншалық оңай емес…Кун Цюдың бірқалыпты ақ көңілдігі мен өмір сүйгіштігі, қажымас қайраты мен шынайы ақ пейілі оған көмектесті және алға жетеледі.

Конфуций ілім күнделікті міндеттерді орындаудан басталатынын мәлімдеді және ең алдымен ұсақ-түйектерге байыпты және елегіш болуды, жақындары алдында парызын орындай бастауды, әрбір кездескен адамнан ұстаз таба білуге кеңес берді. Құң Ұстаз былай дейді: «Тіпті екі адамнан тұратын ортадан да мен олардан үйренетін нәрсені табамын. Олардың жақсы қасиеттеріне еліктеймін, олардың кемшіліктерінен өзіме сабақ аламын».

«Қадірлі адаммен кездескен кезде онымен қалай теңесуге болатынын ойла. Төмен адаммен кездескенде өзің жете ұғын да, өз-өзіңді талқыла. Ең үлкен жолдың өзін кішкене қадамдармен жүріп өтеміз және таудың етегінен бастамай шыңына жету мүмкін емес», - деп оқытты Ұстаз Кун.

Конфуций өмір бойы екі мың шәкірт оқытып, олардың жетпіс екісі «әлемге танымал» болғанын айтады…

Кун Цю бір кездері қызметке орналасу үмітінен айрылған қарапайым адамдарды бірінші болып оқыта бастады. Ол таң қалған Лу патша сарайындағыларға, өзінің оқуға «кептірілген ет бумасын» төлеген әрбір шәкіртті алатынын мысқылмен айтты. Көпшілігі әдеттенбеген батыл ойды айтты: «Оқуда адамдар арасындағы айырмашылық болмауы керек».

Егер осы мәлімдемені жаңаша тілге аударсақ, онда Конфуций тарихта бірінші болып барлық адамдардың - оқушылардың да теңдігі үшін барлығына оқу мүмкіндігінің тең құқығын беруді жақтағанын айтуға болады. Революциялық жаңалық! Мұның мүмкін болу себебін Конфуцийді өзінің шәкірттерінің шыққан тегі емес, олардың өмірлік жоспарлары емес, тіпті олардың қабілеттері де емес, ең алдымен және бәрінен жоғарысы - осы оқушылардың өздері жеке тұлғалар екені қызықтырды.  Оны адамдағы барлық адамшылық қызықтырды. Ол адамдармен жеке кездеспеген болса, оларды ешқашан талқыға салған жоқ және олар туралы талқылама құрастыра алмады. 

Ұстаз сөздің іске айналғанын талап етті және бой жасағыштарды «Бұрынғылар іске шапшаң, ал сөзге баяу болған: олар өздерінің сөздері істеріне ілесіп үлгермейді деп қорықты» дейді ол. 

«Әдемі сөйлейтіндер мен әдемі көрінгісі келетіндердің шынайы адамшылығы сирек болады».

«Ұстаз жұмсақ, қатал, әмірлі, бірақ қатыгез емес, қасиеттерге толы, бірақ өзіне қарата білетін», - дейтін ол туралы.

Конфуций дағдысыз болатын және оның үстіне қандай да болмасын нысапсыздықтан аулақ болатын. Ол үшін оның өз сөздері бойынша арам жолмен жинаған шендер мен байлық – «аспандағы бұлттармен тең». Ол қымсынбастан «басына өз шынтағын қойып ұйықтай алатынын» мақтаныш етеді. Оның барынша рақымсыз талап еткенімен, адам баласының босаңдығына шыдамдылықпен қарады. Ол халықтық мерекелерде қарапайым адамдардың «ессіздігін» кешіреді және атақ құмар оқушылардың сөздерін тыңдап, шын ниетімен жымияды. Онда ашулы тақуадан ештеме жоқ, ол фанатизмді жақтырмайды. Ол еңбектен ләззат алуды, достық сұхбаттың қуанышын және музыкамен әуестенуді бағалайды.

Бір күні Конфуций оқушыларының бірі сыпайылықтың қарапайым ережелерін бұзғанын көріп: «Жастық шақта әдепсіз және дөрекі болу, кемелденген шақта лайықты ештеме жасамау және қартайғанда өлімнен қорқу – міне мен осыны бейшаралық деймін!» – деп айқай салады да, жас жігітті  таяғымен құлаштап бір салады. Ұстамсыздық данаға лайықты емес пе? Мүмкін. Бірақ дананың ұстамсыздығы да басқаларға ой салады.

Кун Цю үшін ілімнің өмірмен тұтастығы соншалық, - оның мектебінде біреуі қай жерден басталып екіншісі қай жерден аяқталатынын түсіну қиын. Оған әкесі, тәлімгері ретінде бас иетін және адалдық белгісі ретінде өз сыйлықтарын, әрине, міндетті емес, әркім қаражаты мен мүмкіндіктеріне қарай шамасы келгенін әкелетін жас жігіттер Ұстаздың үйінде күні бойы болады, көбінесе онда ұдайы тұрады және шаруашылығына көмектеседі. Сабақтарға арнап бекітілген уақыт та, оқу бағдарламасы да, емтихандарға ұқсас ештеме де болмайды. Әдетте таңертеңнен бастап, таңғы астан кейін бірден шәкірттер, үй иесі дәстүр бойынша қонақ қабылдайтын ұстаз үйінің бас залында жиналады. Әкесіне сәлем берген ұл сияқты ұстазға иілім тәжім еткеннен кейін олар бір-біріне қарама-қарсы бөлменің шығыс және батыс қабырғаларының бойымен жайғасады, ұстаз олардың арасына солтүстік қабырға жанына, бабалар алтарының алдына отырады. Кун Цю дәріс оқымайды, шәкірттерінің білімін тексермейді, тіпті ежелгі кітаптарды да тықпаламайды. Ол тек сұрақтарға жауап береді, өз ойларын бөліседі.  Анда-санда өзі сұрақ қояды.  Ұстаз бен оның шәкірттері арнайы сынып бөлмелерін де қажет етпейді.  Ашық күндері олар аулаға шығады да, Ұстаздың сүйікті орнында тоқымаға – өрік ағаштарының көлеңкесіне жайғасады. Музыка – олардың сабақтарының тұрақты серігі: ол тыңдаушыларды үйлесімді үндестіктің көрінбейтін бұғауымен байланыстырады, таластар мен ойлаулардан шабыт алады.  

Кун Цю тек сөзбен ғана емес, бүкіл өмір бейнесімен және өзінің барлық кейпімен: қылығымен, көзқарасымен, келбетімен, тіпті үнсіздігімен оқытады. Ол, әрине танып-білуге күш салудан бас тартпайды, бірақ өмірге біліммен қысым көрсеткісі келмейді. Керісінше ол өмірден үйренуге кеңес береді.   

Шәкірттерінің табыстары Конфуций үшін олардың білгірлігімен немесе мектептегі дағдыларымен емес, ақыл мен сезім үйлесімділігін сақтай отырып, өз жүрегіне құлақ сала білумен өлшенеді. Бұл екі дүниенің үнсіз сұхбаты ретінде, әлемде адамдық қатыстылық ақиқаты ретінде және ең соңында бізге жеке шектеулілік санасында да өзі билеп-төстеуші болуды үйрететін Ұстаздың қатысуы ретінде жүрек музыкасына құлақ салу. Мектепте оқушылардың жетістіктері олардың сыртқы табыстарымен емес, олардың Ұстазға жақындық дәрежесіне өлшенеді. Оқуда адалдық көрсеткен және Ұстаз үйінің басты залына жіберілген шәкірттер бар. Ерекше сенімге енген, Ұстаздың «жеке бөлмесіне» жіберілген шәкірттер бар. Конфуций дәстүрінде тец-тәлімгер – бұл шәкіреттегі Аспанның өзі, оның өміріндегі терең ақиқат және оқудағы сыйлық лауазым мен атақ емес, Ұстазбен бірге өмірдің шынайылығына күйзелуге қатыстылық.

Әрқайсысының оқуға құқығын мойындай отырып, Конфуций дегенмен барлығын бірдей оқуға алған жоқ. Керісінше ол өзіне ғылым үшін келгендерге сол кездері ешкім естімеген өте жоғары талаптарды қойды. Ол ғылым жолына жетуге «бар ниетімен» талпынған, оқу қажеттігін түсінетін және оның үстіне өздері ойлай алатын адамдарды ғана жарамды деп санайтынын бірнеше рет қайталады. Ол «мүлдем ақымақтарға» уақыты мен күшін жұмсаудан бас тартты.

Ұстаз: «Өзінің білімсіздігін біліп, білім іздеген адамға тәлім бер. Өзінің қасиетті ойларын жеткізе алмайтындарға ғана көмек көрсет. Квадраттың бір бұрышын білгеннен кейін қалған үшеуін таба білуге қабілетті адамдарды ғана оқыт» дейтін. 

Тағы да Кун Цю жеке басының пайдасы: шен, байлық, атақ үшін оқитындарды жақсы көрмейтін. Шындығын айтқанда, ол өзіне тән ұшқыр ойлылықпен әлемде «оқуға, өзін-өзі меңгеру марапаттары туралы армандарға жол берместен үш жылын жібере алатын адамды табу қиын» екенін мойындады. Ақыр аяғында ол ілім жолына түсе отырып, өзінің кедейлігінен ұялатындармен сөйлесуден де бас тартты.

Кун Цю оқушыларына алғашқы жұмысты: кітапты оқуды және жатқа білуді, ойластыруды, өнерге жаттығуды өздеріне істеуге берді. Ол өзінің міндетін, оқушының ойлануына жаңа перспектива аша отырып, оны өз танымдарының шектеулілігін сезінуге мәжбүрлеу деп білді. Ол ең алдымен адамның ересектенуіне қамқорлық жасады. Ол шәкірттерінен жеке басының шын берілгендігін талап ету қажеттігін керек етпеді. Ол шәкірттерінің өздерінің барлық «Жол іздеушілер» және Ұстаздың өзі де тең болатын жалпы мақсаттары алдында  шын берілуіне қол жеткізді. Сондықтан Ұстаздың парызы – өзіне шәкірттері қаншалықты  ізетті және шын берілген болса, шәкіреттеріне соншалық құрметті және шын берілген болу.   

Кун Цю басқаларын ең қиын, бірақ ең игілікті тәсілмен – жеке өмірімен: «Басқалар алдында мақтанбастан білімін кеңейту, шаршауды білместен ықыласпен оқу, түңілуді білместен басқаларына тәлім беру, - маған еңбексіз берілмейді» деп, оқытуда бірінші болды. 

Өзінің отыз жасында жас Кун Цюда өзін көрсету мүмкіндігі болған жоқ. Оның шәкіреттері мүлдем жас болды. Бірақ Кун Цюдың үлкен атақтылығы және шәкірттерінің оған деген соншалық ұлы сүйіспеншілігі оның зор болашағын болжады.  Оның табынушыларының  талпынысымен Кун Цю есімі жайлап құрметті Кун Фу-цзы лақап атына ауысты, бұл Құрметті Құң Ұстаз дегенді білдіреді. Ал көп ғасыр өткеннен кейін Құң Ұстаз туралы білген алғашқы еуропалықтар оны латын мәнерінде Конфуций деп шоқындырды. Оның есімі осы күйінде Еуропаға әйгілі болды.

Құрметті Ұстаз болғаннан кейін Кун Цю өзінің жас кездеріндегі әдеттерін тастамады. Бұрынғыдай оның мектебінде қатаң тәртіп те, бекітілген оқу бағдарламасы да болған жоқ. Конфуций шәкірттері жаңаша тілмен айтқанда «еркін кесте» бойынша өмір сүреді: бірі кітап оқып отырғанда, екіншісі садақтан атуға жаттығады, үшіншілері музыкалатады және т.б. Ұстаз әр шәкіртке сөйлеуге және мәжбүрлеусіз әрекет етуге, жаратылысы қандай болса, сондай болуға, өзін толығымен көрсетуге мүмкіндік береді. Өзінің тәрбиеленушілеріне дұрыс тәлім беру үшін ол бәрінің жан дүниесін егжей-тегжейлі білуі керек. Кейде ол қолына лютняны алып, әңгімені түсіндірілмейтін музыкалық көңіл-күйге бірте-бірте бағындыра отырып, асықпастан пернелерін тереді. Сұрақтармен оның мазасын онша алмайды: Ұстаздың батасын алу үшін келу – үлкен жауапкершілік, бұған батылдық керек. 

Ұстаз: «Сөйлесуге тұрарлық адаммен сұхбаттаспау - адамды жоғалту. Ал сөйлесуге тұрмайтын адаммен сұхбаттасу - сөзді шығын ету.  Данышпан - адамдарды да, сөзін де шығын етпейді» дейді.

Нағыз Ұстаз – бұл ұлы ерліктер кішкентай істен басталатынын түсінуге көмектесетін адам. 

Ұстаз: «Сәл жақсы, кең пейіл болып көріңіздер, сонда жаман әрекет жасауға қолдарыңыз бармайтынын байқайсыздар» дейді.

Міне Конфуцийдің әркімге арналған өсиеті: «Кәсіптің емес, өз жүрегіңнің шебері бол, жан дүниеңнің өздігінен тереңдетілген жұмысында өз өміріңнің мағынасына жет, ол үшін техникалық қару да, билік те, адамдардың мойындауы да талап етілмейді». Конфуций өзінің сәтсіздіктерінде де өз-өзіне сенімділігін сарқығаны да осыдан емес пе? 

Ұстаздық етуші Конфуций шәкірттерін ешқашан өз пікірімен ығыр қылмайды. Ол шәкірттеріне айқаймен және бұйрықпен емес, оларға не істеу керектігін көрсете, дәлірек айтсақ, айта отырып әрекет етеді. Ол әрқашан  оларға мүмкіндік береді: Құң Ұстаз шәкіртіне жұрт алдында отставка берген жалғыз ғана оқиға белгілі, бірақ ол  бұрынғы тәлімгеріне шын берілгендігін өмір бойы сақтады. Шәкірттердің өздері, Ұстаздарында жоқ болса, тең төрт заттың: «теріс ұғымның, қыңырлықтың, көзқарас тарлығы және менмендіктің» жоқтығын тапты.

Конфуцийге дейін оқу тек мемлекеттік қызметке дайындық болды және тек рулық ақсүйектердің аз алқасында ғана таралды. Конфуций мектебінде оқу жетілдіру ісі болды және онда тек жақсы оқыған қызметкерлер ғана емес, рухани элитадағы адамдар, мінездері қоғамдық өмірді өзгерте алатын адамдар тәрбиеленді. Адамға жоғары адамгершілік талаптар қоя отырып, этикет ережелерін қатаң сақтауды талап етіп, Конфуций мен оның шәкірттері өздерін қоршаған тәртіпке – шімірікпеу, екі жүзділік, жасырын және айқын озбырлық салтанат құрған өмірге өздерін күмәнсіз қарама-қарсы қойды. Осының аясында олардың қоғамдық ұстанымы, бұзылған, өтірікті соққан ақсүйектерге қызметке барғысы келмейтіні қалай түсінікті болса,  солай  толық түсінікті болады.    

Конфуций өз мектебін, болашақ тақуа өмірдің алғашқы өскіні бола алатын тұйықталған қоғамға айналдыруға тырыспады (осы тектес әрекеттер кейінірек ежелгі қытай философтары іске кірісті). Керісінше шынайы тақуа адам бәрі өмір сүргендей өмір сүруі, әдет-ғұрып бойынша өмір сүруі және өмірде тек адамгершілікті қанағаттануды іздеуі тиіс екеніне сенді. Бір сөзбен айтқанда, Құң Ұстазы мұрасынан адамға ерекше, терең өзіндік көзқарасты кездестіреміз, соған сәйкес адам тіршілігінің жоғары көзі адамзат мәдениетінің өзі болып табылады. Осы дүние танымның өз логикасы және өз тұтастығы бар және ол Батыс дінін тудырғандарға қарағанда кем түспейтін адамның үлкен қажеттіліктеріне өзінше жауап береді. 

50 жас мерзімі жақындайды. Конфуций қорқынышты білмейді және тағдыр соққысын сабырлықпен қабылдайды, тіпті азапты өлімді де қабылдауға дайын, өйткені өмір бойы жақсылық үшін қызмет еткенін және өзінің ары таза екенін біледі. Ешкімнің оны талқыға салуға құдіреті жетпейді: оның өзі – өз істері мен өз сөздеріне ең қатал төреші. Ол «ешнәрсені біле тұра қолдамайды және Аспан астындағыны теріске шығармайды, бірақ әрбір істе тиістісін шамалап алады». Оларды зат немесе қару ретінде пайдалануға болмайды. Оған бой ұсыну оңай, себебі ол басқалардан тек өздерінің қолдарынан келетінді ғана талап етеді, бірақ оған жағу қиын, өйткені ол адамдарды өзіне көрсеткен қызметтері үшін емес, тіпті олардың жеке басының қасиеттері үшін де емес, жалғыз ғана олардың Ұлы жолға риясыз қызмет еткені үшін ғана бағалайды. Ол басқалар алдында өзінің басымдығын көрсету үшін өзін қатты сыйлайды. Ол «барлығы сияқты» болуға тырыспайды, айуандықты жек көреді және ешкіммен келісімге келмейді, бірақ барлығымен тіл табыса алады. Шын мәнінде ол тіршілік үндестігінің есепсіз дерлік сезіміне бағына отырып өмір сүреді, оның асқақ еркі оны ерекше, ешкімге ұқсамайтын етеді, бірақ жекелеген, өз дегенін істейтін «индивидке» айналдырмайды. Ол – туа біткен мырза және адамдарды күштеместен өзінің тартымдық өрісінде ұстайды. Осылайша аспандағы жұлдыздар полярлық жұлдыз маңында айналады.  Әрине ол атақты  адамның өмір салтымен өмір сүреді, опасыз сабақтарды жек көреді, егер кедей болса, өзі алқапты өңдейді.    

Конфуций шәкірттеріне, нағыз адам «ызадан туған жаланы керек қылмайды және оның өзі де оларға ниеттес болса да, шағымдардан сабырлылығын жоғалтпайды» деп насихаттайды. Шындығында ешнәрсе және ешқашан дұрыс ақылды оның асқақ мақсаттарынан бұрып әкетпеуі тиіс. 

Бірақ ерік күші өзінің табиғи берілген қабілеттерін дамыту үшін керек. Шын мәнінде Ілім міндеттерінің бірі осымен аяқталады. Конфуций өз шәкірттерінің дарынын төрт категория бойынша анықтағаны белгілі: «ізгілікті тәртіп», «сөздер мен сұхбаттар», «ғалымдық» және «басқару». Осы айдарлар дәстүрге айналды және ежелгі Қытайда адам мінездері туралы түсінік негізіне салынды. Бірақ Конфуций үшін барлық қабілеттер мен білімнің берік адамгершілік негізісіз – сенім болмаса, парызына берілмесе, адалдықсыз, махаббатсыз ешбір мәні болмайды. Ең бастысы – дегенмен мінез... Конфуций үшін ұлы адам - ерліктерімен және атақтарымен емес, тек өзінің адамшылығымен ғана ұлы. 

Конфуций адамзат тарихында бірінші ғана емес, сондай-ақ сөзсіз ең ұлы, көз жеткізген және ең жүйелі гуманисттердің бірінің атағына лайық.  

Ал Құң Ұстаз міне-міне 50 жасқа толады – даналық пен ұлы ерліктер жасайтын жас. Кун Цю бұрынғыдай жеке тұлға, мүмкін құрметті, бірақ өзінің ежелгі мақсатынан бұрынғыдан да алысырақ орнында болды: ежелгі тура Жолдың қайта өркендеуі. Әр жыл сайын оның жауларында оны жолы болмайтын адам деп атау негізі қосылды. Бірақ жыл сайын оған шын берілген бас июшілер арта түсті.   

Кун Цю – жолы болмайтын адам ба? Бұны әр қырынан қарауға болады… Сәтсіздік – табысқа жетудің ең сенімді жолы екені де дұрыс. Ұстаздың тыныш, ештеңемен көзге түспейтін тұрмыс-тіршілігі қасбетінің сыртында Конфуцийге өзіне ғана аян барған сайын жаңа горизонттар ашқан табанды ішкі жұмыс, көп еңбектенетін рухани қимылдылық бір күнде тоқтаған емес.  Өзі кейінірек: «елу жасымда мен Аспан әлемінің еркін таныдым...» дейтін уақыт жақындайды. 

«Ақ пейіл адам үшін АСПАН ЕРКІ деген не» – деп сұрады бірде оның шәкірттерінің бірі. 

Конфуций бір минут ойланып, соншалық қиын сұраққа жауап берді: «Ақ пейіл адам үшін АСПАН ЕРКІН білу – ол үшін қажетті шарт. Аспан ЕРКІН білместен Аспан еркіне қарсы келуге болмайды, Аспан алдында күнәһар адамға енді сыйынудың қажеті жоқ!»

«Шынымен бе», - деп айқай салды жасөспірім, - «адам өз әрекеттерін соншалық билей алмай ма? Егер бәрі біздің еркімізден тыс Аспанның жазуы бойынша жасалатын болса, әрекет етудің қажеті не?»

Жауап ретінде Конфуцийдің жұқа еріндері сәл қулана күлімсіреп былай деді: «Жоқ әрекет ету керек, керек. Ақ пейіл азамат Аспан жарлығын лайықты түрде күтеді, тек төмен адам ғана қарбаласта сәттілікті қарауылдайды. Адам өз тағдырын тануда ғана ақ пейілді болады. Тиістіні танып-білмей, сөздердің шынайы мағынасы түсініп үйренбестен адамдарды танып-білуге болмайтыны сияқты өмірге сүйеніш табу мүмкін бе? Жеке басым 50 жасымда Аспан Еркін танып-білдім және Аспан менен жақсылық иесін тудырды. Өз тағдырым, Аспан Еркін танып-білумен адам қызметінің жоғары түрімен шектеледі!».

Жалпыға бірдей үнсіздіктен кейін оның шәкірттерінің бірі былай деді: «Тәлімгер, жауап беріңізші, егер әрбір адам Аспан Еркіне бағынған болса, онда оның таным-білімге қабілеті де адам еркіне бағынбайды ғой? Сонда қалай Аспан Еркін ұғынуға, өз тағдырыңды ұғынуға болады?».

«Иә, Аспан Еркі бойынша білімді болып туатын адамдар бар және осындай адамдар бәрінен жоғары тұрады. Бірақ Оқу арқылы білімге жететіндер де бар және олар біріншілерден кейін тұрады. Ілімге кіріскен адамдар, қиын жағдайда бола тұра, үшінші орында тұрады, ал қиын жағдайда тұрып, оқымаған адамдар бәрінен төмен тұрады. Көріп отырғандай, Аспанға бағынуға және сол мезгілде білім алуда батымды болуға болады».

Конфуций үшін Аспанға шынайы қызмет ету адамдарға қызмет етумен көрінеді, мәдениет діннің жоғары түрі болып шығады. Одан даналық дегеннің не екенін түсіндіруді өтінген кезде, ол: «Барлық күш-жігерді адамдарға қызмет етуге жұмсау, аруақтарды құрметтеу және оларда өзін алшақ ұстау – міне осы даналық» деді.   

Шәкірттерінің бірі Цзы-Лу Конфуцийден, бабалардың аруақтарына және құдайға қалай қызмет ету керек деп сұрағанда, Ұстаз: «Сен әлі адамдарға қалай қызмет ету керегін білмейсің. Сен рухтарға қалай қызмет ету керектігін қайдан білесің?» деп жауап берді. 

Конфуций б. э. дейін 514 жылы «шао» стилінде ежелгі музыканы үйренген Ци патшалығынан отанына оралғаннан кейін, өз шәкірттерімен сабақты жалғастырып, туған үйінде 15 жыл өмір сүрді. Соңында тұнжырау мен араздықтан кейін Конфуций 50 жас өмірінде Чжунду қаласында сардардың маңызды орнына ие болды, бірақ оған өзінің басқаруындағы аумаққа шексіз дерлік билік берді. Конфуцийдің өзін іс жүзінде көрсету мүмкіндігі пайда болды. 

Тағайындалған орнына келген кезде ең алдымен салық салуды тәртіпке келтірді, жергілікті басқарманың табысы көп есе ұлғайды, ал халықтың ауыртпалығы керісінше азайды деп әңгімелейді. Еңбек міндеткерлігін жүктеу үшін қызметкерлерді таңдай отырып, ол әрқайсына шамасына қарай тапсырма беретін, ал әлсіздерін мүлдем жұмыстан босататын. Ол базардағы саудагерлердің дұрыс өлшемдерді пайдалануын және әділ бағалар қоюын, ал бақташылар саудаға барар жолында өз қойларының салмағын арттыру үшін табынын суармауын қадағалады. 

Осындай өзгерістерден кейін билеуші Дин-Гун жолы болғыш әкімгерді өз патшалығында қоғамдық жұмыстар ведомоствосының басшысы етіп тағайындады. 

Осы лауазымда Конфуцийдің табысқа жеткені соншалық, - оны Дин-гун бірнеше айдан кейін сарай маңы төрешісі лауазымына тағайындады. Соңында Конфуций сарай маңында жоғары қызметке қол жеткізді және «Тура жол» туралы өзінің арманын ең болмаса жартылай іс жүзіне асыру мүмкіндігін алды. Қызметтік істерде оның жолында табыс жүретін, дегенмен Конфуций мүлдем кәдімгі төреші– соттауға аямайтын төреші болған жоқ.

«Егер халықты жақсылық жасаушылар арқылы басқаратын және халыққа тәртіп ережелері бойынша тәртіп енгізетін болса, онда халық ұятты біліп, түзеледі! Әйтпесе барлық жерге заңдар жазылған үш тағанды қойып, халық түзеледі және жақсылық жасайды деп ойлайды! Жоқ, халықты адамгершілік негізінде басқару керек, адамдардың әрекеттерін тәртіп нормаларымен шектеу керек, сонда халық өз қылмыстарына ұяла бастайды да, билеушілерге ниетімен бағына бастайды!».

Әлемнің шынайы билеушісі, дейді Конфуций бір ғана «өзін құрметтеуге» күш салу, - өзінде шексіздікті көре білу арқылы «басқармай-ақ билейді» дейді.

Конфуций өз дәуірі үшін мүлдем жаңа нәрсені жариялады: әрбір адамның қоғамдағы орны мен материалдық жағдайына қарамастан оқуға құқығы!

«Кең пейілмен басқарудың сыры неде?» – деген дәстүрлі сұраққа Құң Ұстаз былай жауап беретін: - «Басқару – яғни түзету. Егер сендер өздерің түзету үлгісін көрсетсеңдер, кімнің түзу болғысы келмейді?».

Конфуций, ұлы Ұстазға лайық өз халқының құндылығын орны-орнына сеніммен қояды: «дұрыс» ойлар мен әрекеттер және сосын - өмірді регламенттеу, жаза және марапаттау. Оның үстіне қытайша түсінік бойынша жаза да тек қажеттілік бойынша, еріктен тыс – әділеттелікпен және алалаусыз ғана қолданылады. Ол өз шәкіреттеріне: «Билеушіге өз құзырындағыларды неғұрлым сирек жазалауға тура келетін болса, ол соғұрлым ақылдырақ. Оның үстіне биліктің өзі халыққа адамгершілік үлгісін көрсетуі тиіс, олар өз құзырындағылардың қылмыстары үшін жауапкершілік ала алмайды» деп жариялады.

Конфуций әр кезде қандай да бір заң бұзушылықты талдай отырып, осы бұзушылық себептерін түсінгісі келді. Ал түсіну, белгілі болғандай, - бұл кешірумен бірдей.   

Сақталған дереккөздерден, Конфуций-төреші «заңдарды реттеді, бірақ оларды қолдану қажеттігі болған жоқ, дегенмен патшалықта қылмыскерлер қалған жоқ» деп хабарланады. Конфуций өлім жазасына қарсы болғанын айтады. Ол: «Өлім жазасын қолданудың қажеті не? Егер билеушінің ниеті ақ болса, онда оның құзырында тек жақсы адамдар ғана болады».

«Егер патша өзінің ақ пейілін адамгершілік істермен дәлелдемесе, онда халық оған сенім білдірмейді, ал халықтың сенімін ақтамаған адамға адамдар бағынбайды».

«Данышпан патшалық құрған кезде барлық жерде бейбітшілік болады».

«Данышпандық адамдарға қатысты өз парызын шынайы адалдықпен орындаудан тұрады».

Бір күні Конфуцийден бір шәкірті: «Егер сізге әкімшілік-аумақты басқаруды тапсырса сіз ең алдымен не істер едіңіз?» деп сұрады, Конфуций: «Мен барлығының өз атауына сәйкес келуін қадағалар едім... Егер билеуші- билеуші, министр – министр, әке – әке, ұл – ұл орнында болса басқарған жақсы».

Өзін-өзі басқаруда да, отбасын басқаруда да, мемлекетті басқаруда да Конфуций сол бір ғана заңды көрді. Осындай заңдардың мәнін Құң Ұстаз «Ұлы ғылымда» мазмұндады:

«…Мол игілікке ие болу үшін: бүкіл халықтың жағдайы жақсы болуы керек. Бүкіл халықтың жағдайы жақсы болуы үшін 2) отбасының жағдайы жақсы болуы керек. Отбасының жағдайы жақсы болуы үшін 3) өзіңнің жағдайың жақсы болуы керек.  Өзіңнің жағдайы жақсы болуы үшін 4) жүрегің таза, түзелген болуы керек. 3) Сіздің асыл қазынаңыз қайда болса, сіздің жүрегіңіз де сонда болады.  Жүрек таза, түзетілген болуы үшін 5) шыншылдық, ой саналығы керек. Ой саналығы болу үшін 6) жоғары дәрежелі білім болуы керек.  Жоғары дәрежелі білім болу үшін 7) өзіңді өзің зерттеу керек...   ».

Жер бетінде жақсы жағдай болуы үшін өзін-өзі, ең алдымен өзіңнің ішкі адамыңды жетілдіру керек, - Ұлы Конфуций осылай оқытты. 

Конфуций-төреші халық алдында сот парыздарын жариялады: «Тонау мен қарақшылықты санамағанда дүниеде жазаға лайықты бес қылмыс бар», - деп мәлімдейді Құң Ұстаз. – «Бұл біріншіден, жауыз және арам ойлар. Екіншіден, зұлым және өрескел жазалар. Үшіншіден жалған және алдамшы сөздер. Төртіншіден жауыз істерге мол жатады. Бесіншіден әр түрлі әзәзілдікті тарату». Адамзаттың басты күнәлары қытай халқы санасында осылай әсер қалдырған. 

Қытайлықтарға Конфуцийдің билеген уақыты ең рахат мезгілдердің бірі ретінде есте сақталып халық жадысына берілді. Қауесет сөз, сол кездері барлық жерде бейбітшілік пен тыныштық орнаған дейді. Тұрғындар өз үйлерін құлыптамаған, ал түсіп қалған әмияндар заңды иесіне қайтарылғанға дейін жолда жататын болған. Шетелдіктерге жергілікті шенеуліктерден түнемеге қауіпсіз орын көрсетуін сұраудың қажеті болмаған, себебі тонау тоқтатылған болатын. 

Отыз жыл бойы ол қаладан қалаға, шалғай ауылдан шалғай ауылға көшіп жүреді. Әр уақытта оны кеңесші етіп алуға келісетін және адамгершілік принциптерін сәйкестендіріп мемлекет өмір құруға келісетін билеушіні кездестіруге үміттенетін. 

Конфуций және оның серіктестері жоқшылықты бірнеше рет көрді және ең табанды шәкірттері батылдығын жоғалтқан кезде, Ұстаз: «Жақсы азамат жоқшылыққа табанды қарсы тұрады. Нашар адам жоқшылықта төмен кетеді» деп тәлім берді.   

Құң Ұстаз сопылармен – дүниенің жетілмегендігіне қарсы наразылық белгісінде оны тастап кеткен адамдармен кездесті.  Конфуций олар туралы былай дейді: «Адамға адамдардан алшақтап тек құстармен және аңдармен өмір сүру жараспайды. Мен азап шеккен адаммен болмаса, кіммен араласам? Билік құрушы жауыздық – міне менің күшімді талап ететін нәрсе». Сондай-ақ  Будда былай дейді: «Орманда жалғыз өмір сүру сол жолдағы адамға пайдалы, ол адам игілігіне аз ықпал етеді».

Осы кезу кезеңінде Конфуций өзі туралы былай дейді «… бұл тамақ ішуді ұмытатындай ойларға берілген және бүкіл ауыртпалықты ұмытатындай және жақындап келе жатқан кәрілікті байқамайтындай өмірге сондай қуанышты адам…».

Шындығында Құң Ұстаз өз өмірің сонау қартайған, сонау шыңға жеткен жылдарында да рухани ширақтылықтың ішкі кеңістігін өзі жасаған, шынайы және еркін әрекеттің шексіз кеңдігін ашқан өзіне-өзі мырза, ұлы адам болды; өмірлік еңбектердің басы мен аяқталуын білетін, барлығын құшағына сыйдыратын адам:

«Мен өзіме Жолды мақсат еттім, ізгілік күшімен нығаямын, адамгершіліктен сүйеніш табамын және өнерден ләззат аламын».

Сақталған дереккөздер бізге 70 жастағы Конфуций өз еңбектерін аяқтағаннан кейін өзінің шәкірттерінің бірі Цзы-Гунды өзіне шақырып оған: «Бәрі бітті! Ешкім бүкіл әлемде мені түсінген жоқ...» деді.  

«Ұстаз Сіз неге өзіңізді ешкім түсінбеді дейсіз?» – деп таң қалды Цзы-Гун.

«Мен Аспанды кінәламаймын, мен адамдарды кінәламаймын!» – деп жалғастырды Конфуций, осы сұрақты естімегендей. – «Мен тек болмысыммен ілімге берілемін және өзімдегі жоғары талпынысты аялаймын. Мүмкін Аспан ғана менің кім екенімді білетін шығар!».

Соңғы рет Құң Ұстаз өз өмірінің басты құпиясы туралы – Аспан әлемінің бұзылмайтын, бірақ сендірілетін соншалық бұзылмайтын сенім туралы айтты.

Ұстаз дүниеден озды. Данышпанның өлімі туралы хабар найзағай отындай бүкіл мемлекетке тарады.  Көзі тірісінде елемеген адам шексіз бас иетін адам болды. Ол барған сайын арта түсті және кейінгі жиырма үш ғасыр бойы ешқашан кеміген жоқ. Оның моласындағы жазба: «Ежелгі заманның анағұрлым данышпан Ұстазы; жан-жақты жетілген және бәрін білетін патша».

Конфуций бір күні былай деді: «Миына жайлап сіңе беретін жаланы да, денені жаралайтын ойық жара тәріздес қорлауды да көңіліне алмаған адамды шындығында данышпан деп атауға болады.  Жалаға да, қорлауға да ешбір мән бермейтін адамды көреген деп атауға болады».

Шындығында Құң Ұстаз ұлы!

0 дауыс
Көне Қытай философиясы
Қытай мемлекеті қазіргі уақытта әлемдік деңгейде танымал мемле- кеттердің бірі болып отырғаны күмәнсіз. Өзінің экономикалық қуатын, мәдениетін, саяси ықпалын күннен күнге күшейтіп отырған кершіміздің ұлттық болмысын, философиялық дүниетанымын, адамгершіліктік ұста-нымдарын танып-білу біз үшін аса маңызды және пайдалы. Әр халықтың ішкі, нағыз мәні оның философиясы арқылы ашылатыны белгілі, сондықтан да көне

Қытай философиясымен танысу, оның бастауларына үңілу қазіргі Қытай қоғамын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Қытай философиясы өз бастауын біздің дәуірімізге дейінгі VIII –VI ғасырлардан алып, тарихи даму барысында көптеген философиялық мек-тептер мен бағыттарды, ғұлама философтарды дүниеге әкелді.
Ежелгі Қытай философиясының ерекшеліктері:
1) Ең басты ерекшелігі — саяси-практикалық сипатының басымдылығы, яғни философиялық ой мемлекет мүддесіне қызмет етті. Бұл ерешелік сол
Қытай қоғамының әлеуметтік құрылымынан, мемлекеттік саясаттан тікелей туындайды. Көне Қытай мемлекеті иерархиялық деспотия үстемдік құрған мемлекет болды. Мемлекет басшысы ван, барлық билік соның қолында, ол әлеуметтік конустың шыңында орналасқан. Одан кейінгі қабаттарда әр түрлі деңгейдегі ақсүйектер: мемлекеттік шенеуніктер — чжухоу, беделді отбасылар — дафу және ши, ең төменде -ештеңеге құқы жоқ шужэнь орналасқан. Қатаң тәртіпке, ванға бағыныштылыққа негізделген осындай қоғамның философиясы, әрине, «жоғары» мен «төменнің» арасындағы қатынастарды қалыптастыруға, реттеуге, қатаң ұстауға бағытталды.
2) Осы бірінші ерекшеліктен Қытай философиясының келесі ерекшелігі туындайды: философиялық мектептердің барлығының дерлік қарастырған басты мәселесі — адам, оның бойындағы ізгілік және зұлымдық мәселесі болды. Қытай философиясы адамды Көк пен Жердің арасындағы он мың заттың ең құндысы деп танығанымен, бұл дүние адам үшін жаратылмаған, адам — қарапайым «микрокосм». табиғаттың бір бөлшегі ғана, ол космоспен мыңдаған көрінбейтін жіптермен байланысты деп түсіндірді. Яғни, адамның міндеті — осы жіптерді үзбей, жеке белсенділік көрсетпей, өзінен жоғарыға, езінен үлкенге қызмет етіп. табиғат пен өмір ағынына еріп, тыныш өмір сүру, өзінің адамгершілігін жетілдіру жолында тынымсыз еңбектену., Себебі, бұл өмірде ең маңызды нәрсе — жеке адам емес, ол өмір сүріп отырған қоғам, мемлекет, ал жетілген қоғам жетілген адамгершілікке ие адамдардан құрылмақ деп түсіндірілді.
3) Қытай философиясының да бастауы мифология болды деуге болады. Ежелгі мифтердің мазмұнындағы адамның адамгершілік келбетін жетілдіру, адам және қоғамның арасындағы қатынастарды реттеу мөселелеріне басты назар аударылды. Көптеген мифтік ұғымдар Қытай философиясының негізгі философиялық категорияларының қалыптасуына айқындаушы ықпал етті.
4) Натурфилософиялық мәселелер мардымсыздау талқыланды, бұл мәселелерді «инь-ян» мектебі немесе натурфилософтар, моистер және дао-сизм мектебінің өкілдері ғана қарастырды.
Бірақ табиғи құбылыстарды да Қытай ойшылдары әлеуметтік және адамгершілік құбылыстармен байланысты қарастырды. Дүниенің бес ба-стауы: су, от, ағаш, металл, жер және табиғаттың бес құбылысы: жаңбыр, күнщуақ, ыстық, суық және жел бар деп түсінген және олар халықтың тұрмысына әсер етеді деп пайымдаған философтар олардың себептерін анықтауға тырысты. Бұл түсініктер өздерінің бастауын мифологиялық
және көзқарастардан алатынын айта кету қажет.
Көне Қытайдың негізгі философиялық ескерткіштері: «И цзин» -Өзгерістер кітабы», «Ши цзин» — «Өлендер кітабы», «Шу цзин» — «Тарих кітабы».
«И цзин» — «Өзгерістер кітабы» — бүкіл Қытай мәдениетінің қалып-тасуына зор әсер еткен, маңызын әлі күнге дейін жоймаған шығарма. Кейбір зерттеушілер оны қасиетті кітап деп атап, Ведалармен, Інжіл. Құранмен бір деңгейге қояды. Ғалымдардың пікірінше, «И цзин» ежелден келе жатқан бал ашу практикасымен байланысты пайда болып, даму барысында философиялық пайымдаудың негізіне айналған. Философиялық ескерткіштердің арасындағы ең көнесі болмаса да, бұл кітап Қытай философиясының бастауы болды деуге болады, бірақ оның түсінуге қиын мәтіндерінің мазмұны әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. «И цзин» 64 гексаграммалардан тұрады, олардың жүйесі үнемі өзгеріп отыратын дүние-нің 64 күйі мен құрылымынан тұратын, Көк — Жер — Адам қатынасын білдіретін ілімді құрайды деп түсіндіріледі. Шығармада Қытай филосо-фиясының негізгі категориялары қалыптасқан, олар арқылы адамның өзін қоршаған ортаға деген қатынасы, кеңістік, уақыт, табиғи құбылыстар, әлеу-меттік өзгерістертуралы түсініктері бейнеленіп, Қытай қоғамының дәстүрлі көзқарастарының теориялық негізі қаланған деуге болады.
«Ши цзин» — «Өлеңдер кітабы» 305 поэтикалық шығармалардан тұрады. Олардың қай кезеңдерде жазылғанын дәл басып айту қиын, қазіргі заманғы ғалымдар бұл өлеңдер шамамен біздің дәуірімізге дейінгі XI -VII ғасырларда, Қытайда философиялық мектептер әлі қалыптасып үлгермеген уақытта жазылған, кейінірек Конфуций өлеңдерді іріктеп, өңдеп, өзінің философиялық ілімінде қолданған, ал оның шәкірттері Конфуций мектебінің негізгі кітабына айналдырған деген болжам айтады. «Ши цзинді» басқа философиялық мектептер де зерттеді. «Өлеңдер кітабын-да» Көне Қытай қоғамындағы ван, дафу, чжухоу топтарының өмірі, адамгершілік келбеті, әлеуметтік қызметі жырланады.
«Шу цзин» — «Тарих кітабы» немесе «Құжаттар кітабы». Кітапты алғаш рет Конфуций құрастырды, кейіннен әр түрлі ойшылдар оны бірнеше рет өңдеді (олардың кейбіреулері кітапқа өз мәтіндерін де қосып, араластырып жіберген), кейбір бөліктері біздің дәуірімізге дейінгі 213 жылы кітаптар өртелген кезде отқа жағылды деген пікірлер бар. Атынан көрініп тұрғандай, кітаптың тарихи мазмұны басым, бірақ философиялық көзқарастар да (әсіресе, Конфуций мектебіне тән) көп кездеседі. Мәтіндердің басым бөлігінің мазмұны кітаптың өте ерте, көрнекті Қытай философтары дүниеге келместен бұрын пайда болғанын дәлелдейді. Қазір «Шу цзиннің» 55 тарауы бар, олардың арасында 33 тарауының нақты «Шу цзин» кітабының алғашқы нұсқасына жататыны анықталған. Кітапта қарастырылатын негізгі мәселелер: адам және қоғам, адам және табиғат арасындағы үндестік, ата-баба салттары, Көктің адам мен қоғамға айқындаушы әсері және т.б.
Көне Қытай философиясының негізгі мектептері: Конфуций мектебі, даосизм, легизм, моиз, натурфилософия және номиналистер мектебі.
Олардың арасындағы бастысы — Конфуций мектебі болды деуге болады, оның біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтан бастап, XX ғасырдың басына дейін Қытай мемлекетінің ресми идеологиясы қызметін атқарғаны бұл пікіріміздің дәлелі бола алады.
Көне Қытай философиясынын негізгі ұғымдары
Адамды сүю (жэнь) — Конфуций философиясының маңызды катего-риясы. Ең әуелі әке мен ұлдың, билеуші мен шенеуніктердің, дос адам-дардың, аға-інінің арасындағы қарым-қатынастарды бейнелейді, сонан соң ғана жалпы адамдар арасындағы сүйіспеншілікті білдіреді.
Алтын орта (чжун юн) — Конфуций философиясының басты ұғым-дарының бірі. Бұл жетілген мораль үлгісі, адам еш нәрседе де шектен шығып кетпеуі керек дегенді білдіреді. Мысалы, тым қызба немесе тым жай болған дұрыс емес, орташа күйді сақтауға ұмтылу керек. Конфуций бұл ұғымды ағашты мысалға ала отырып түсіндіреді. Оның жоғарғы жағында орналасқан жапырақтарға жаңбыр мен күннің әсері тез жетеді, төмендегі жапырақтарға да аса ыңғайлы емес. Ең дұрысы, ортада орналасқан жапырақ болу. Алтын ортаға жету қиын, бірақ оған жеткен адам мәнді өмір сүреді.
Асыл адам, бекзат адам (цзюнь-цзы) — адамгершілігі жоғары, жан-жақты жетілген, «алтын ортаға» жеткен, ізеттілік, шыншылдық, сақтық секілді қасиеттерге ие және басқа адамдардың адамгершіліктік жетілуіне көмектесуші адам. Конфуциийдің пікірінше, мүндай қасиеттерге мемлекетті билеуші, басқарушы адам ие. «Асыл адамдар» көбейген сайын қоғам да жақсара түседі, мемлекетті басқару да жеңілдейді. «Асыл адамдардың» үлгісі зорлық арқылы бағындырудан әлдеқайда бағалы, себебі халықта үрей, қорқыныш емес. ез басшыларына деген сенім пайда болады. Бұл ұғымға қарсы ұғым — «темен адам» ұғымы.
Дао — дұрыс жол, космостық және адамгершіліктік заң, Қытай фило-софиясының басты категориясы, ол басқа категориялардың бәрін қамтиды. Дао өзінен өзі дамитын универсумнің жоғарғы принципі, барлық бар нәрселердің алғашқы бастауы, дүниенің генетикалық бірлігі ретінде түсіндіріледі: бәрі одан туындайды және бәрі оған қайта оралады. Сонымен қатар, дао — универсалдық заңдылық: Көктің өзі дао заңдарына ба-ғынады, яғни, адам Жер мен Көк заңдары арқылы дао жолымен жүреді, адамның өмірлік мақсат-міндеті — даоны игеру, яғни, дұрыс өмір сүру.
Ди — ағаны сыйлау.
Инь және Ян — этимологиялық мағынасы «төбенің немесе өзен жа-ғасының көлеңкесі мен күнгейі» дегенді білдіреді. Инь мен Ян дүниедегі ретсіздіктерді тәртіпке келтіруші Көк пен Жер күштері ретінде қарасты-рылады. Олар бір-біріне қарама-қарсы, бірақ олардың үндесіп, бірігуі бар нәрсенің бәрін басқаратын адамды дүниеге әкелді, Инь — дүниенің раци-ональдік, «әйелдік» бастауы, Ян — бейсаналық, «ер адамдық» бастауы деп түсініледі. Қытай философиясында Инь мен Янның өзара әсерінен табиғат құбылыстары да, қоғамдағы өзгерістер де туындап отырады деп тұжы-рымдалады.
Ли — ритуал, салт, этикет.
Сяо — ата-ананы құрметтеу.
Тянься — (орысша «Поднебесная»), «Кекасты», Қытай елінің, мемле-кетінің синонимі, қытайлықтар өздерін қазірге дейін осылай атайды. Көк немесе Аспан ұғымы Қытай философиясында жер бетіндегі барлық бар нәрсенің алғашқы негізі және алғашқы себебі, ең құдіретті күш. Адамдардың тағдыры мен өмірін де, мемлекет істері мен табиғат құбылыстарын да анықтаушы және реттеуші Көк, ал мемлекетті билеуші оның жердегі өкілі, сондықтан да әрбір адам Көкке табынуға міндетті.
Ци — этимологиялық мағынасы «пісіп жатқан күріштің буы».дегенді білдіреді, бірнеше мағынаға ие: белгісіз, сапасы жоқ алғашқы зат; дүниеден жоғары космостық субстанциядан үшып шығып жатқан нөрсе;алғашқы материалдық-элементтер-денелер, атомдар және т.б. Ци алғашында тұтасып кеткен субстанциялардан тұрды, кейінірек таза мен бұлдырға -Инь мен Янға бөлінді деген түсінік қалыптасқан.
Жалпы алғанда, Қытай философиясының негізгі философиялық ка-тегориялары тарихи даму барысында көп өзгеріске ұшырай қойған жоқ, жалпы Қытай қоғамы мен Қытай философиясы секілді салыстырмалы түрде тұрақты, консервативті болды.
Көне Қытай философиясының негізгі өкілдері
Конфуций — Кун-Фу-цзы («Кун Үстаз») — біздің дәуірімізге дейінгі 551-479 жылдары өмір сүрген, көне Қытай философиясының ең көрнекті өкілі, «қызмет етушілер философиясы» деген атауға ие болган философиялық мектептің — Конфуцийшілдіктің негізін қалаушы. Бұл мектеп алғашында жу — «ғалым-интеллектуалдар мектебінің ілімі» деп аталды. Өзінің философиялық мектебін Конфуций өмірлік тәжірибе жинақтап, адамға қажетті алты өнерді — салттарды білу, музыканы түсіну, садақ ата білу, күйме арба айдау, жаза және санай білу істерін меңгерген, әбден кемелденген жасында құрды деп есептеледі. Өзінің қоғамдағы рөлін Конфуций әте қарапайым бағалап, өзін жаңа ілімді жасаушы емес, көне данышпандардың (шэн) «Шу цзин» және «Ши цзин» кітаптарындағы даналығын халыққа жеткізуші ғанамын деп түсінген.
«Лунь юй» («Әңгімелер мен пікірлер») еңбегі Конфуций туындысы ретінде қабылданады. Оның негізгі мазмұны — мемлекет пен жеке адамды жан-жақты жетілдіру жолдарын көрсету. Конфуцийдің пікірінше, мем-лекеттің жақсы болмағы оны құрап отырған адамдарға байланысты, сон-дықтан да жеке адамңың міндеті — мемлекетке, өзіне жоғары тұрған адамға қызмет ету.
Лао-цзы (ЛиДань) — даосизм ілімін қалыптастырушы, біздің дәуірімізге дейінгі VІ-V ғасырларда өмір сүрген, кейінірек мифологиялық тұлғаға айналған. Қытай философиясы тарихында алатын орны ерекше. Оның ілімін зерттеушілер Лао-цзы Конфуцийдің замандасы болды, ал оның көзқарастары «Дао дэ цзин» шығармасында жинақталған, бұл шығарманы Лаоцзының шәкірттері жазған болуы да мүмкін деген болжам-пікірлер айтады. Лао-цзы даоны болмыстың алғашқы себебі, мәңгілік, өзгермейтін бастауы деп түсіндірді. Адам ойлаудада, іс-әрекетінде де осы дао жолын ұстануы, яғни «у -вэймен» айналысуы қажет. «У-вэй» «тыныш келісу» дегенді білдіреді, кейінірек «әрекетсіздік, ештеңеге араласпау» деген қазіргі мағынасында түсініле бастады.
Мо-цзы (МоДи) — моистер мектебінің негізін салушы, біздің дәуірімізге дейінгі 479- 400 жылдары өмір сүрген. Конфуций іліміне қарсы Моцзы «адамды сүю» идеясын басты деп түсінді. Оның ойынша, елдегі жағымсыз құбылыстардың себебі — адамдардың бірін-бірі жақсы көрмеуі. Адам өзін ғана сүйсе, мұндай эгоизм мемлекетке зұлымдық әкеледі.,Ол өз пайдасын ғана ойламай, қоғамдағы басқа адамдардың да қамын ойласа, жеке пайда жалпы пайдаға ұласып, мемлекетте тыныштық орнайды. Моцзы елдегі ретсіздіктердің негізі кедейліктен басталады деп есептеп, адамдарды тынымсыз еңбек етуге шақырады, еңбектенген адамның кедей болуы мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысады. Оның негізгі тұжырымдары «Моцзы» еңбегінде баяндалған.
Мэн-цзы (Мэн Кэ) — Конфуций ілімін жалғастырушы, Қытай тарих-шыларының мәліметтері бойынша ол Конфуцийдің немересі Цзы Сыдың шәкірті болған. Өмір сүрген жылдары — біздің дәуірімізге дейінгі 372-289 жылдар. Конфуций ілімін дамытып қана қоймай, оны тереңдетті және жалпы Қытай философиясының дамуына үлкен үлес қосты. Оның ілімінің негізі — төрт адамгершілжтік бастау: адамды сүю, парыз, салттарды орындауға ұмтылу және ақыл-даналыққа ие адам табиғатының мейірімділігі.
Қытай философиясы туралы ойларымызды қорытындыласақ, өзінің маңызын әлі күнге дейін жоймаган, қазіргі замангы Қытай мемлекетінің қалыптасып-дамуына ерекше әсер еткен, жалпы алганда мемлекет мүддесін жеке адам мүдесінен жогары қойып, адамгершілік мәселелерін зерттеген философия болды деуге болады.
0 дауыс
Оның бірінші оқушысы Гун ақылды бірақ жалқау, Лу сондай ержүрек бірақ ақылды емес, Чжан еңбекқор бірақ қызғаншақ.
...