0 дауыс
15.7k көрілді
Майлықожа Сұлтанқожаұлы Ілімге толса көкірек дегенге шығарма керек?

3 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Ілімге толса көкірек

«Ілім» – дегенді қалай түсінеміз? Меніңше, ол «білім, ғылым» секілді мағынаны білдіреді. Егер адам білімді болса, ол онда соңында бір жерді жарып шығатыны белгілі. Оған тек талпыныс, қызығушылық керек. Ал егер жалқау, еріншек болса, онда алдыға қойған мақсаты түгелдей құрдымға кетуі мүмкін. «Мына заман - білімділердің заманы» болғандықтан, барлық жағынан да ақылды, парасатты, талапты болған жөн. Әрқашан, өзіңді дұрыс ұстап, әр жерде өз ойыңды толық жеткізе білсең, онда сен қазіргі заманның талаптарына сай нағыз білімді, ақылды азаматы болып шығасың.

Көкірегі ілімге толған нағыз қазақ азаматы деп Ыбырай Алтынсарин атамызды айтуға болады.Себебі, Ыбырай өмірден өз орнын тапқан, алғаш қазақ балаларына мектеп ашқан жан. Ол мектебін Торғайда 1864 жылы ашты. Оған алғашында 14 қазақ баласы  қабылданып білім алды, бірақ одан кейін мектебі үлкейіп, қазақ балалары да көп бара бастады. Міне, осылай алғаш мектепке қадам басты Бұл қазақ халқының ең ұлы жетістігі болды.

Білімсіз, надан адамға қанша айтсаңда ұқпайды. Оған білім керек болмаса, ол бәрібір де ештеңені елемейді. Яғни, оған керек емес дүние болғандықтан, тындап қайтсін. Ал ынтасы зор жанға, бір түсіндірсең ол бәрін қағып алады. Себебі оның қызығушылығы артады, тағы да қосымша мәлімет білгісі келеді.

Бағы, ары бар жігіттер.

Ешкімге бармас бас ұрып,

Сабақ–ақыл серігі.

Сабырсыз болма асығып – деп  Майлықожа Сұлтанқожаұлы бекер жырламаған. Адам, бір іс бастарда жақсылап ойланып, бәрін ой түйсігінен өткізіп, «Егер ертең осылай болып қалса – не істеймін»? деген секілді сұрақтардың жауабына дайын болуы керек. Сонда, біреуге жалынып, аяғына сүрініп жүрмейсің. Сабырлы бол, асықпа. Бәрі де өз уақытымен келеді. «Асыққан–шайтанның ісі» деген нақыл сөзді дұрыс айтқан. Асығып жасалған іс, жақсылыққа апара қоймас немесе он ойлағандай болмауы мүмкін. Сол үшін бір іс бастарда осы қаситеттерді ұмытпаған дұрыс болар.

Әр ұрпақтың тағдырына жазылған заман ағымы,кезеңі болады. XXIғасырдың бүгінгі ұрпағы, яғни біздердің осы заманда өмір сүруіміздің өзі бізге бұйырған  үлкен бақыт деп білемін. Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастардың еліміздің дамуына үлкен үлестерін қосып келеді. Осының арқасында Қазақстан көркеюде. Қазір түрлі, өзі істейтін робот, кір машинасы , ыдыс жууға арналған машина, өзі ашылатын есіктер тағы да басқа технология түрлері шығарылуда. Бұның барлығы жастардың ойлап тапқан туындылары. Сол үшін бұл заманды білімділердің заманы деп атайды. Негізі, біраз жастардың ойдан шығарған түрлі апараттары бар. Бірақ оларды жасап шығару үшін, оның бәріне қаржы керек. Бұл жерде айтқым келгені, барлық жастардың ойындағы апарат немесе құралдарын жасауға мүмкіндік берсе, кім біледі, мүмкін пайдасы бар, бір керемет нәрсені өндірер. Себебі, мен жастарға сенемін!

Шаймагамбетова Аружан 8 сынып

+1 дауыс
Ілімге толса көкірек,

Ашылар көзі санаңның,

Айтқан сөзің бармайды

Көңіліне наданның

*

Бақ пен дәулет тең келсе,

Адамның толар кемелі.

Кімдерге бұғау салмаған

Дүниенің асау беделі?!

*

Мәмілемен іс бітер

Бас қосып қалса көп есті.

Жақсының жолы – жарық күн,

Жаманның жолы көмескі.

*

Бағы, ары бар жігіттер

Ешкімге бармас бас ұрып.

Сабыр – ақыл серігі,

Сабырсыз болма асығып.

*

Өңкей жақсы қосылса,

Бітіреді кеңесті.

Өңкей жаман қосылса,

Шығарады егесті.

*

Жамандардың белгісі –

Сарыала қаздай саңғиды

Панасы болған қоғаны.

Есерлердің белгісі -

Өтірік, өсек-аяңды

Іркілместен соғады.

*

Көпті көрген ер жігіт

Көсем болар төселіп.

Жаман, жақсы әр іске

Қалады әбден еті өліп

*

Жаман сөйлер халықтан

Бастағы мінін жасырып.

Жақсы сөйлер халыққа

Қызметін асырып.

*

Парасатты ер жігіт

Ақылмен әр іс біледі.

Мен іс тедім бәрін деп,

Өзгеден артық әлім деп,

Тентек бөсіп жүреді.

*

Жақсы сөйлер шешіліп,

Бастағы мінін жасырмай.

Кішіпейіл әдепті,

Шамадан сөзін асырмай.

Адырайған есуас

Дүбірлеп сөйлер тасырлай

*

Жаман, жақсы Алланың,

Болады ісі қалаған.

Дәулет көшіп біреуден,

Біреуге қонар жаңадан.

Асықпай-ақ жолығар

Әркім асса шамадан.

Қарыздар болсаң жаманға

Тар жерде алар жағадан.

*

Атыңа батса алтын ер,

Атып ұр да отқа жақ.

Ынтымақ, үлгі іздесең,

Қариясы басшы топқа бақ

*

Бақ қонады ұл таңдап,

Қонақ қонар үй таңдап.

Болымы жоқ бозбала

Бейнеттен қашар бұлтаңдап.

*

Жақсы болса қатының,

Ер егізі – жақының

Жан – денең де жай тауып,

Толы да болар ақылың.

*

Жігіт алған жарының

Қара өңді болса кескіні

Айдан асқан сұлудың

Тең келмес оған ешкімі

Қара қойдан оза ма,

Мақтасаң ақ ешкіні?!
+1 дауыс

МАЙЛЫҚОЖА СҰЛТАНҚОЖАҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ, КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ХІХ ғасыр әдебиетінде есімі ерекше аталатын «терең ойлы шындықты ту еткен» шайырлардың бірі – Майлықожа Сұлтанқожаұлы.  Тәкен Әлімқұловтың: «Абайға дейінгі ақындардың  күллі қазаққа  танымал алты тарланы –  Асан қайғы Сәбитұлы, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Тілеуке Құлекеұлы (Шал ақын), Дулат Бабатайұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы»,- деп көрсетуі сөзіміздің дәлелі болмақ. 

ХІХ ғасыр әдебиеті жанрлық және көркемдік жағынан қайта түлеп, тақырып аясын барынша кеңейтті. Дегенмен Майлықожа  ақынның жыраулар поэзиясының дәстүрін мықтап ұстанғанын бәріміз білеміз. Осыған орай «Бес ғасыр жырлайды» жинағында: «Майлықожа ақынның түр жағынан енгізген тың жаңалықтары жоқ. Солай бола тұрса да, ол Шығыс әдебиетінің үлгілерімен жақсы таныс болғандықтан, өз шығармаларының өрісін кеңейтуге, оларға жаңа өрнек, бояу беруге мүмкіншілігі мол екенін аңғарамыз»,- делінген [1,25]. Бұл пікір ақын шығармаларының өзіндік ерекшелігін тағы бір аңғартқандай.

Біз, Майлықожа ақын шығармаларын тақырыбы жағынан былайша топтастыруды жөн көрдік: адамның бойындағы адамгершілік, ізгілік  сынды жақсы, жаман қасиеттерді жырлау; дүниенің өткіншілігі, адамдардың бір-біріне қонақ екендігі туралы; адалдықты уағыздау, озбырлықты әшкерелеу;  еңбек туралы т.б. Енді осы мәселеге кеңінен тоқталсақ.

Мысалы, «Дүниеге мейман, көңілім» атты толғауында ақын:

Өлшеніп берген өмір бар,

Уақытыңмен жүрерсің.

...Сағынар сауық-күлкіні-ай,

Қызықтырған түлкідей,

Дүние өтер бір күні-ай,- деп [1,36], фәни  жалғанның өткінші екендігін айта келіп, қамшының сабындай қысқа ғұмырда ойна да күл деп жырлайды. Майлықожаның «Ажал бір келмес болсайшы», «Не жүйрік өтті дүниеден», «Дүние», «Уа, замана»  сынды шығармалары - осы сарындас  толғаулар. Ал, «Тұрлыбекке», «Ескі мырза, манаптар бегі, салы», «Алдаберген байға» т.б. арнау өлеңдерінде ақын  адалдықты уағыздап, озбырлықты әшкерелейді. Мәселен:

Әкімі жүр ұрыны тыямын деп,

Тіл алмаса, желкесін қиямын деп.

Би мен болыс басының пайдасында,

Парасын ап дүниені жиямын деп.

Бейбақтардың басына бақ қылып жүр,

Арам жеңіп, адалды жақ қылып жүр.

Ақша беріп, билерді антқа салсаң,

Мөрін басып, қара істі ақ қылып жүр,- дейді [1,34] «Ескі мырза, манаптар бегі,салы»  арнау өлеңінде.

Майлықожа ақын шығармаларында ең көп жырланған тақырыптардың бірі - адамгершілік мәселесі.  Мысалы,

Өңкей жақсы қосылса,

Бітіреді кеңесті.

Өңкей жаман қосылса,

Шығарады егесті

Немесе

Жаман сөйлер халықтан,

Бастағы мінін жасырып.

Жақсы сөйлер халыққа,

Қызметін асырып,- деп [1,27] адам бойындағы жақсы, жаман қасиеттерді саралап, салыстырып көрсетеді. Ал, «Жақсы болсын жұбайың» толғауында  жақсы жар мен жаман қатынның арасы жер мен көктей дей келіп, ақын шығармасын:

Жаман қатын жігіттің,

Тайдырады табанын,

Тар қылады заманын.

Жақсы қатын жігіттің,

Адам қылар жаманын,

Ұшқыр қылар шабанын,- деп [1,41],  жігіттің жақсы-жаман болуы жақсы жарға байланысты екендігін және сол үшін отбасында қыз балаға жақсы, өнегелі тәрбие берілу керек екендігіне айрықша назар аударады. Ақынның «Ілімге толсын көкірек», «Жөн білсең, жолдасыңа жоба көрсет», «Дүниеге мейман көңілім» т.б. толғаулары да осы тақырыпқа арналған.

«Ұрлықтың түбі қорлық-ты» атты толғауында Майлықожа ақын «есің болса, ұрлық жасама» дей келіп, барымтамен күн көріп келгендерді:

Ұрлығыңды тыймасаң,

Тобаңнан көңілің жаңылып,

Саныңа кісен тағылып,

Тескентаудан асарсың.

Артыңа байлап шалаңды,

Жат елдің шаңын басарсың,- деп [1,44], сақтандырады. Енді бірде:

Ерінбей бейнет еткеннің,

Еңбегі дейді жанады.

Жақсы болып өседі,

Осылай қазақ деседі,- деп [1,30] жастарды еңбекке баулиды.

Ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлы «Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр», «Жылдың төрт мезгілі», «Есі кеткен ел байғұс» толғауларында  табиғат құбылыстарын қазақ ауылдарының тұрмысымен байланыстыра жырлайды, сол арқылы замана шындығын, дәуір көрінісін суреттейді. Мысалы:

Төрт ай қыстан жаз шықты өлмегенге,

Ондай қыс туған емес ел дегенге.

Қысы жұт, көктем балық қиыншылық,

Ұшырады ел екі тосат көлденеңге [1,32].

Ал, енді ақын шығармаларының көркемдігіне келетін болсақ, Майлықожа  қазақ әдебиетінде жиі кездесетін  теңеу, эпитет, метафора мен метонимияларды  шебер қолданады. Мысалы: 

Дүбірге қызған жүйріктей

Қызып тұр әзір табаным (теңеу)

Пендені дәулет мас қылар,

Қырауды кешкен жылқыдай (теңеу).

Қызықтырған түлкідей

Дүние өтер бір күні-ай (теңеу).

Айдан аппақ сұлудың

Тең келмес оған  ешбірі (эпитет).

Уа, замана, дауылсың,

Қыдыра көшкен ауылсың (метафора).

Қазақтың құсы едің қалыңға ұшқан,

Бұғы, марал, шеңгелде құлжа қысқан (метафора).

Өңкей жақсы қосылса,

Бітіреді кеңесті.

Өңкей жаман қосылса,

Шығарады егесті (метонимия).

Боза ішіп бір міріге судай тастың,

Суға кеп сүңгіткенде көзіңді аштың.

Байғұс-ау жылан емес кесіртке емес

Құйрығын айдаһардың қайдан бастың (астарлау).

Ақын шығармаларында, сол сияқты, ассонанс пен аллитерация да көптеп кездеседі: 

Жаман болса қатының,

Жолықтырар кесетке.

Жамбасың үйір боп  кетер,

Жастығы қатты төсекке.

Қаншама жақсы сөз айтсаң,

Алмайды оны есепке,

Арманда өтер өмірің,

Артылғандай есекке [1,39].

Сондай-ақ, Шығыс дәстүрін ұстанған Майлықожа ақынның шығармаларында араб-парсы сөздері жиі кездеседі: нақлиқат (нақыл), ыбырат (үлгі, өнеге), қасам (ант), беһәнә (себеп), алымларға (қалымдарға), төһмәт (жала, өтірік, өсек) т.б.

Сонымен, ақын  Майлықожа Сұлтанқожаұлы қазақ әдебиеті мен Шығыс әдебиетінің дәстүрлерін шебер ұштастыра  отырып,  түр жағынан да, мазмұны мен  көркемдігі жағынан да өз заманына лайық жаңа әдебиет жасай білді.  Дегенмен ақын шығармашылығының зерттелмеген тұстары әлі көп. Сондықтан Майлықожа ақынның шығармашылығын арнайы зерттеу, әдеби мұраларын жан-жақты талдау ертеңгі күннің еншісінде болмақ.

Төлебаева Айдынгүл Тойбазарқызы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистр-оқытушысы

...