Шашты жуғанда бір ғана ережені ұстаныңыз: сусабынды (шампунь) мейлінше аз қолдануға тырысыңыз. Көп жаққан жағдайда шашқа артық салмақ түсіп, құрғатып жібереді. Шаштараздан кеңес: 1 шәй қасық сусабынды 1 стақан суда араластырып жағыңыз.
Сусабынды шаштың барлық ұзындығына құймаңыз. Оны тек шаштың түбіне жақсаңыз болғаны. Жуған кезде сусабынның көпіршігі соңына қарай ағады. Бұл оларды жуу үшін жеткілікті.
Сусабынды жылы сумен кетіру қажет. Өйткені ыстық су шашты құрғатып, қайызғақтардың пайда болуына әсер етеді. Содан кейін барып бальзам-шайғышпен шайыңыз.
Бальзам-шайғыштар немесе кондиционерлер шашқа жұмсақтық пен олардың жақсы таралуын қамтамасыз етеді. Оларды тиімді қолдануға тырысыңыз. Әр жуған сайын бальзамды массаждап шашқа жағып, 3 минутқа қалдырыңыз. Содан кейін жақсылап шайыңыз. 3 минуттан артық уақытқа қалдырып қажеті жоқ. Өйткені бальзам шашқа сіңбейді, тек сыртқы келбетіне әсер етеді.
Шаштарың жарнамадағы жұлдыздардың шаштарындай жарқырап тұрсын десеңіз, жуып, шайып болғаннан кейін шашты минералды сумен шайып жіберу қажет. Олар шашты біраз жұмсартып, жылтырауына көмектеседі және құнды минералдармен қамтамасыздандырады.
Шашқа арналған маскалар қоректік заттарға бай. Оларды шашта 10 минут ұстаған абзал. Егер масканы жаққаннан кейін сыртынан пленкамен, содан кейін орамалмен орап қойса, маска жақсы әсер етеді. Әр жуған сайын маска қолданған міндетті емес. Аптасына 1-2 рет қолданса болады. Құрғақ шаштар әрдайым ылғалдандыруды қажет етеді. Сондықтан аптасына 1 рет ылғалдандыратын маска жасап тұрған жақсы.
Жұмсақ, әрі жұқа шаштарға көлем беру үшін жұмыртқаның сарысы мен зәйтүн майын алып, араластырып, шашты жумас бұрын жағып қойыңыз. Шашты арнайы пленкамен орап, сыртынан орамалмен орап, 10 минуттай ұстаңыз.
Шашыңызды ұзын етіп өсіргіңіз келсе, ұштарын әрдайым түзеп отыруды ұмытпаған жөн.
Шаштарыңыз мүлде жатпай, жан-жаққа ұшып, икемге келмейтін уақыттарда мынадай тәсіл қолданып көріңіз: аса майлы емес қолға арналған кремді алып, кішкене ғана түйірін алақаныңызға ысқылап, шашыңызды сипап өтіңіз. Бұдан еш зиян болмайды, майланып, кір болып тұрғандай да әсер қалдырмайды.
Әдемі шаштар оларды дұрыс күтудің нәтижесінде ғана болмайды. Жеп-ішетін тағамдағы дәрумендер мен минералдар да шаштың мықтылығына іштен әсер береді. А, С, Е дәрумендері шашқа күш пен көлем береді.
Егер салтанатты кешке көлемді, сәнді шаш үлгісімен барғыңыз келсе, мынадай кеңеске құлақ түріңіз. Арнайы құралдарыңыз бар болса, бұл еш қиындық емес. Көлем беретін көпіршікті молынан қолыңызға түсіріп, біраз сулы шаштарыңызға бөліп жағыңыз. Бірнеше иірімдерге бөліп, үлкен көлемді бигудилерге соңынан бастап ораңыз. Шаш кепкенше ұстаңыз да, содан кейін бигудилерді шешіп, қолдарыңызбен шашыңызды түзеңіз. Қатыратын және жылтыр әсер беретін лакпен аздап қатырыңыз.
Шаштарыңыз тез майланып, әлсізденіп, көлемін кетірмесін десеңіз, мынадай масканы жасап көріңіз: бір шәй қасық бал алып, оны ¼ стақан жылы суда араластырыңыз да, кішкене ғана миуалы (фруктовый) сіркесуын қосыңыз. Бұл дәрілік масканы шаштың түбіне және біразын шаштың өзіне жағыңыз. Кепкенше 15 минуттай ұстап, жуып тастаңыз. Бұл маскадан кейін шаштарыңыз қатайып, түспейтін болады. Оларды жатқызу да оңайға түсіп, шаш үлгісі де көп уақытқа дейін ұсталады.
Сабынның орнына айран немесе жұмыртқаның сарысын пайдалануға болады. Айранды бастың терісі мен шашқа жақсылап жағып, басты орамалмен байлап, 5-10 минуттан кейін ыстық сумен жуу керек. 1-2 жұмыртқа сарысын ағынан айырып, ішінде аздаған мөлшерде суы бар ыдысқа құйып араластырып, шашты сонымен жуып, сонан соң ыстық сумен шаяды. Шашты жуып болған соң, оны жұмсақ сүлгімен сүрте отырып, кептірген дұрыс. Басты орамалмен байламайды. Құрғақ шашты жуар алдында бірнеше сағат бұрын кез келген өсімдік майымен майлайды.
Халық тәжірибесі
Шаш селдіремесін, тартымды күйінен таймасын десеңіз, халықтың мына тәжірибесіне, ақыл-кеңесіне назар аударыңыз:
* Бас теріңізге массаж жасап тұрыңыз. Сонда құйқадағы қан айналымы, шаштың өсуі жақсарады.
* Шашты су күйінде тарамаңыз, фен қолданып жатқызуға, сәнденуге әдеттенбеңіз. Өз түсінен күңгірт түске боямаңыз, ол Сізді жасыңыздан әлдеқайда есейтіп көрсетеді.
* Бальзам, кондиционер тәрізді заттарды көп пайдалануға әуестенбеңіз. Басыңызды қышқылы орташа, жұмсақ сұйық сабынмен жуыңыз.
* Шашыңызды кез келген сусабынмен, иіссабынмен жуа бермеңіз.
* Шаштың жылтыраған, табиғи қалпын сақтау үшін алдымен оны таза ұстау керек. Егер ол кір болса, шаштың өңі болмайды әрі бас терісінде әртүрлі микроорганизмдер жиналуы мүмкін.
* Басты аптасына бір рет жуған жөн. Шаң-тозаңы көп жерлерде жұмыс істейтіндер аптасына 2-3 рет жууына болады. Бірақ жуу жиілеп кеткен жағдайда шаш құрғап, сынуға бейім. Сондықтан шашты аранулы майлармен сылау керек. Сылау ұзын шашқа тән, қысқа шаш өзі-ақ тез майланады.
* Шашты жұмсақ сумен, әсіресе, жаңбырдың, қардың суымен немесе қайнатылған сумен жуған жақсы. Кейбір қайнамаған жай суға жуса, сабын көпірмей, бастың кірі ашылмайды. Суды жұмсарту үшін бір литр суға бір шай қасықтан асырмай борлы қышқыл натрийді араластырады. Мұнымен жуып болған соң, басты бір литр суға бір ас қасық сіркесуын қосып шаяды. Қазір шаш жуу үшін әдеттегі сабыннан гөрі сұйық сабын жиі қолданылып жүр. Сусабынды шаштың қасиетіне қарай таңдап пайдаланған жөн. Олар қатты сабынға қарағанда әлдеқайда жұмсақтау. Шашты жуып болғаннан кейін жылы сумен әбден шайған дұрыс.
* Жуылған шашты бөлме жылуында кептіру керек. Ал күннің кезінде, жанып тұрған отқа тақап немесе электрлі кептіргіштермен кептіру қатты құрғатып жібереді.
* Кейбір шаш қатты құрғақ болғандықтан, ұшы қақиып тұрады. Мұндай шаштарды он күнде немесе екі аптада бір рет жууға тырысқан жөн. Жумастан бұрын айына бір рет басқа соя немесе зәйтүн майынан компресс жасап тұру керек. Оны былай дайындауға болады: кішкене ыдысқа аталмыш майды шамалап құяды да оны өзге табаққа құйылған ыстық суға салып қояды. Жылыған майға бір шай қасық лимонның сөлін қосып, араластырып, шашқа және бас терісіне жағады. Сонан кейін целофан қалпақ киіп, сыртынан қалың орамал немесе сүлгі орап тартады. 10-12 сағат өткен соң, сусабынға немесе сабынға жұмыртқаны араластырып басты жуып алады.
Шашқа арналған тұнбалар
* Ошаған түбірін майдалап турап, оның 10-15 грамын 0,5 литр суға салып, 5 минут қайнатып алады. Сонан соң сүзіп, салқындатып, шаштың түбін аптасына 2-3 рет сүртіп отырады.
* Бірдей мөлшердегі настурция мен қалақай өсімдіктерін 60 пайыздық спирт ерітіндісіне салып, 10 күн қояды. Соңынан сүзіп, таза ыдысқа құйып алады. Онымен 10-15 күн бойы шаштың түбін күн сайын сүртеді.
* Ақ қайың жапырағынан бір ас қасық 20-30 минут қайнатып суға салып, екі сағаттай тұндырып қояды да сүзеді. Тұндырманы шашты жуған сайын басты сүртуге пайдаланады.
* 50 грамм томар дәріні (черемица) алып, 250 грамм спирт пен судың қосындысына салып қайнатады. Ұзақ қайнағаннан кейін сүзіп алады. Дайын тұндырмамен аптасына екі-үш рет, кейін бір реттен шашты жуар алдында сүртіп отырады.
Шашты тарау
Қысқа шашты түбінен, ұзын шашты ұшынан бастап тарайды. Тарақтың тістері сирек және өткір болмасын. Шашты щеткамен тараса, ол жақсы тазалайды, бас терісінің қан айналымын жақсартады. Щеткамен шаштың түбінен ұшына дейін бірнеше рет жатқыза тарайды. Щетка қатты, бірақ тікенектері болмаған жақсы. Басқа біреудің таарғын, щеткасын пайдалануға болмайды.
Ауыр және тар бас киімдер, күн сайын парик кию теріге салмақ түсіріп, шашқа ауаның баруын қиындатып, шаштың түсуіне себеп болады. Күннің желдің, теңіз суының, шаңның әсерінен шаш күңгірт тартады, құрғайды, қатаяды. Суық та шашқа зиянды. Сол себепті суық күндері міндетті түрде бас киім киіп жүрген дұрыс. Шаң-тозаңда жұмыс істегенде басқа орамал байлайды, жеңіл, алайда шаң өткізбейтін бас киім киеді.
Шашты өсіру
* Бұл үшін де шашты таза ұстап, арасында басты жұмсақ тарақпен тарап, сылап-сипап тұру керек. Сондай-ақ табиғи шөптерден дайындалған тұнбаларды пайдалану да шаштың өсуіне ықпал етеді.
* Бір ас қасық шырмауықтың (плюш) жапырағын жарты литр суға салып, он минуттай қайнатады. Сүзіп, салқындатады. Дайын қайнатпаға мақтаны батырып, бір ай бойы кешкісін шаштың түбіне жағады.
* Қалақай (крапива) мен настурция өсімдіктерінің жапырақтарының 100 грамына шамамен 10 грамдай қазотын ұнтақтап, араластырады. Осы қоспаға жарты литр спирт құйып, 15 күндей тұндырады. Сонан соң сүзіп алынған тұндырмамен шаштың түбін басты жуған сайын сүртіп отырады. Қоспаның құрамында спирт болғандықтан көзге тигізіп алмау керек.
* Кей өсімдіктердің өзін езіп пайдалануға болады. Мысалы, қаратамыр (черно-корень) өсімдігінің жас түбірін ұсақтап турап, езіп, ботқа әзірлейді. Оны бастың құйқасына жағып, үсіне пергамент қағазын жабады да, жылы орамалмен сыртынан орап қояды. Бір сағаттан кейін басты жақсылап жуып алады. Мұндай масканы бір ай бойы екі немесе үш күн сайын қайталаған жөн.