+2 дауыс
5.3k көрілді
Неке келісімшарты деген не? Некеге солай отырып көргендер бар ма?

1 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, неке шарты дегеніміз – некеге отыратын азаматтардың  немесе ерлі-зайыптылардың некедегі және ол бұзылған жағдайдағы мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім. Неке келісім-шартында некеде туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтары да көзделеді.

Неке келісім-шарты азаматтық хал актілерін тіркеу органына некені мемлекеттік тіркеу туралы өтініш берілген күннен бастап неке қию тіркелгенге дейін де, некеде тұрған кезеңіндегі кез келген уақытта да жасалады. Неке қиылғанша жасалған неке келісім-шарты осы неке тіркелген күннен бастап күшіне енеді. Міндетті түрде ол жазбаша болуы тиіс және нотариатта куәландырылуы қажет. Ерлі-зайыптылар неке шартымен еліміздің қолданыстағы заңнамаларымен белгіленген бірлескен ортақ меншік режимін өзгертуге, барлық мүлкіне, оның жекелеген түрлеріне немесе әрқайсысының мүлкіне бірлескен, үлестік немесе бөлек меншік режимін белгілеуге құқылы.

Сонымен қатар, неке шарты жұбайлардың қолда бар мүлкіне және болашақтағы мүлкіне де қатысты жасалуы мүмкін. Неке шартында ерлі-зайыптылар бірін-бірі күтіп-бағу жөніндегі құқықтар мен міндеттерді, бір-бірінің табыстарына қатысу әдістерін, отбасылық шығыстарды атқару тәртібін анықтауға, неке бұзылған жағдайда әрбір жұбайға тиесілі болатын мүліктерді анықтауға құқылы. Неке шарты жұбайлардың әрекет қабілеттілігін немесе құқық қабілеттілігін, олардың арасындағы жеке мүліктік емес қатынастарды, балаларына қатысты құқықтарын және міндеттерін шектемеуі керек, яғни, ол ерлі-зайыптылардың құқықтары мен мүдделеріне қайшы келмеуі тиіс және отбасы туралы заң ережелеріне сәйкес болуы тиіс. Неке шартын орындаудан бір жақты бас тартуға жол берілмейді, сонымен қатар олардың біреуінің талап етуі бойынша Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің талаптарына сәйкес, сот шешімі негізінде өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Неке шартын жарамсыз деп тану да жоғарыдағы Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінде көзделген мәмілелер жарамсыздығының негіздері бойынша толық немесе ішінара жарамсыз деп танылуы мүмкін. Егер неке шартының талаптары жұбайлардың біреуін өте қолайсыз жағдайда қалдырса немесе осы некеден туған, я асырап алынған балалардың мүліктік құқықтары бұзылса, сот тәртібімен жұбайлардың біреуінің талап етуі бойынша ол толық немесе жартылай жарамсыз деп танылуы да мүмкін. Неке шарты ерлі-зайыптылардың келісімі бойынша кез келген уақытта өзгертіліп, бұзылуы мүмкін. Оны өзгерту немесе бұзу туралы келісім, тура келісім-шарт сияқты жасалады және ерлі-зайыптылардың біреуінің талап етуі бойынша сот тәртібімен өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Неке келісімшарттың нотариуста расталынуы үшін мына құжаттар ұсынылады: нотариалды мекемеге екі жақтың да келуі шарт; неке туралы куәлік; екі жақтың да жеке басын куәландыратын құжаттары; келісімшартта тізілген мүліктерге құқықтары бар құжаттар.

Бүгінгі таңда неке келісімшарттарының болғаны абзал, себебі оның отбасылардың ажырасқаннан кейінгі, жары дүниеден өткеннен кейінгі сәтте таптырмас көмек екендігін каперімізде ұстаған дұрыс. Өйткені кандай жағдайда да алдын ала заң жүзінде шешім тапқан мәселе оңай әрі тез іске асады және ешқандай дау-дамайсыз, талассыз шешіледі.

«Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, әрине, отбасылық бақыттың ең бастысы татулық пен береке, өйткені некеде болу – қастерлі де киелі салт. Оның бұзылуы кімге болса да орны толмас өкініш. Ал неке бұзылғаннан кейінгі жағдай сот шешіміне сәйкес жүктелетіні сөзсіз, сондықтан әрбір азамат дер кезінде заңгерлік кеңес алып, өз құқығын білуге тиіс деп ойлаймын....

Ұқсас сұрақтар

...