0 дауыс
5.7k көрілді
Қолдан ұрықтандыру дегеніміз не?

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
«Қолдан ұрықтандыру» – табиғи жолмен өздігінен ұрықтана алмаған жағдайда, әйел жұмыртқа клеткалары мен еркек  ұрық клеткасын сыртқы ортада арнайы медициналық түтікшелер көмегімен біріктіріп ұрықтандыру тәсілі. Ұрықтандырылған бұл зигота [1] артынша әйел жатырына салынады.

Бұл тәсіл XX ғасырдың алғашқы жартысында ең әуелі жан-жануарларда қолданыла бастады. Бір ғана еркек малдың ұрығымен мыңдаған ұрғашы малдар қолдан шағылыстырылды. Бұл ғылыми жаңалық мал шаруашылығына айтарлықтай экономикалық тиімділік әкелді. Мыңдаған сиырларға бір ғана бұқа салу қиындық туғызатындықтан, шаруа иелеріне бұрынырақта көптеп бұқа ұстау, оларды арнайы күту, бағу керек болатын. Енді жаңаша мына тәсіл арқылы оларды күтуге жұмсалатын шығын азайды.  Оған қоса,  бұқаларды көптеп ұстағаннан кейін қартайған бұқалардың етін өткізу де қолайсыз болатын. Жаңа тәсіл арқылы санаулы ғана бұқа ұсталатындықтан басқа еркек малдарды жас кезінде сойып етке өткізу де экономикалық пайда әкелді. Оның үстіне, бұқалардың ұрықтарын зертханада зерттеу арқылы олардың ішінен аурудан таза, етті, ең мықтылары таңдалып, ұрықтандыруға қажетті  бұқалар іріктелетін болды. Сөйтіп, жоғарғы сапада мал төлдету мен мал түрлерін көбейтуде бұл тәсіл таптырмайтын мүмкіндік сыйлады.

Кейін келе-келе бұл тәсіл табиғи жолмен ұрықтана алмайтын адамдарға да қолданыла бастады. 1978 жылы Эдвардс және Стептоу атты дәрігерлер, Джон Браун, Луиз Браун атты ерлі-зайыптылардың ұрықтарын түтікшеде ұрықтандырып, оны қайтадан Луиз Браунның жатырына салады. Сөйтіп, 1978 жылы 25 тамызда Лесли Браун атты алғашқы сәби дүниеге келген.

Қолдан ұрықтандыру екі тәсіл арқылы жүзеге асады:

1. Қолдан іштей ұрықтандыру тәсілі. Бұл тәсілде ер кісінің спермасы алынып, әйел жатырының қолайлы жеріне қойылады.

2. Қолдан сырттай ұрықтандыру тәсілі. Бұл тәсіл ер кісінің спермасы мен әйелдің жұмыртқа клеткасы алынғаннан кейін оларды зертханада арнайы түтікшелерде ұрықтандырып, артынша оны әйелдің жатырына орналастыру арқылы жүзеге асады.

Осы негізгі екі тәсілге тән қолдан ұрықтандырудың алты түрі бар. Олардың екеуі ішкі ұрықтандыру тәсілі арқылы, қалған төртеуі сыртқы ұрықтандыру арқылы жүзеге асады.

Іштей ұрықтандыру тәсілі:

Біріншісі, үйленген ер кісінің ұрығы алынып, оны әйелінің жатырының ыңғайлы тұсына орналастыру арқылы жүзеге асады. Сонда барып еркектің спермасы табиғи жолмен әйелдің жұмыртқа клеткасымен ұрықтанады. Бұл еркектің спермасы өздігімен табиғи түрде әйелінің жатырына жете алмаған жағдайда қолданылады.

Екіншісі, ер кісінің спермасын өз әйелі емес, басқа бір әйелдің жатырына салу арқылы болады. Бұның әуелгіден айтарлықтай көп айырмашылығы жоқ. Айырмашылығы – ер адамның спермасы өз некелісінің жатырына емес, басқа әйелдің жатырына салынады.

Сырттай ұрықтандыру тәсілі:

Біріншісі, ерлі-зайыптылардың спермасы мен жұмыртқалары алынып, арнайы түтікшелерде ұрықтандырылғаннан кейін жұмыртқасы алынған әйелдің жатырына қайта орналастырылады. Ұрықтандырылған зигота жатырға жабысқан жағдайда өз дамуын ары қарай жалғастырады. Бұл әйелдің жұмыртқалық жолдары бітеліп қалған жағдайда қолданылады.

Екіншісі, ер адамның спермасы мен бөгде әйелдің жұмыртқасын түтікшеде ұрықтандырғаннан кейін оны әйелінің жатырына орналастыру арқылы болады. Бұл жол әйел адамның жұмыртқалығында ақау болса әрі жатыры зиготаны қабылдай алатындай сау жағдайда қолданылады.

Үшіншісі, бөгде ер-әйелдің спермасы мен жұмыртқасы түтікшеде ұрықтандырғаннан кейін оны басқа бір тұрмыстағы әйелдің жатырына салу арқылы жүзеге асады. Бұл тәсілге жатырына зигота қойылған әйелдің жұмыртқалығының жұмыс істемеуі әрі күйеуінің спермасы жарамсыз болған жағдайда жүгініледі.

Төртіншісі, ерлі-зайыптылардың спермасы мен жұмыртқа клеткалары түтікшеде ұрықтанғаннан кейін, оны жүкті болып босанып беруге келісім берген басқа бір әйелдің жатырына орналастыру арқылы болады. Яғни, суррогаттық тәсіл арқылы жүзеге асады. Босанып беруші анаға –  «құрсақ ана» делінуде. Бұл жолға ерлі – зайыптылардың сперма, жұмыртқалары болғанымен, әйелдің жатыры жарамаған яки түгелдей жоқ жағдайда немесе бала көтеріп, тууды қаламаған жағдайда жүгініледі.

Қазіргі таңда әлемде жоғарыда айтылған барлық тәсілдер кеңінен қолданылуда. Қолдан ұрықтандыруды  біреулер тек ақша табу мақсатында пайдаланса, енді біреулері үйленбей-ақ балалы болу  үшін немесе ерлі-зайыптылардың біреуіндегі яки екеуіндегі жүкті болуға бөгет келтіретін кей ақауларға  байланысты кеңінен қолдануда. Бүгінгі таңда танымал яки белгісіз адамдардың спермаларын сақтап, сосын оны қажетсінген адамдарға сататын арнайы  әлемдік сперма банкалары көптеп құрылған.

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
2 жауап
0 дауыс
4 жауап
0 дауыс
2 жауап
Белгісіз 27.03.2015 Мектеп сұрақ қойды
+3 дауыс
1 жауап
...