0 дауыс
27.9k көрілді
Біржан мен Сара айтысындағы Біржан бейнесі тақырыбына шығарма керек

5 жауап

0 дауыс

Біржан мен Сара айтысы — айтыс өнерінің озық үлгілерінің бірі. Айтыс 1871 ж. қазіргі Алматы облысының Қапал-Ақсу өңірінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1898 ж. Қазанда “Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады.

Біржан:

Қызы екен Тастанбектің ақын Сара

Бәйгеден күнде келген жалғыз қара.

Қыз да болса адамның жүйрігі екен,

Көрмедік сөзді адамды жеке-дара.

Қызы екен ақын Сара Тастанбектің,

Жақыны найман Толқын, Есімбектің

Сауық қып Садыр, Матай жиылысып,

Аулына алдыртыпты Тұрысбектің.

Аулына Тұрысбектің Сара кепті,

Өлеңді жүндей сабап дүрілдетті.

Сол кезде он жетіде ақын Сара,

Жел сөзге адам болмас онан епті.

Сараның атын білер Арғын, Найман

Жүйрік шыққан аталық, қаптағайдан.

Баласы Қожағұлдың сері Біржан,

Сараны іздеп шықты әлде қайдан.

Елі керей, Біржанның ұраны — Алтай-Қарпық.

Қызыққа тірі күнде жүрген батып.

Атасы — Алтай-Қарпық, елі арғын,

Сауықпен жүрген сері дуылдатып.

Сараны есітіпті Біржан анық,

Бұған да жүрген жігіт өнер дарып.

Құдай берген дәулетті аясын ба,

Шығыпты он бір жігіт жолдас алып.

Серілік құдай салған мұндай өнер,

Бәндеге әр не болса тәңірі берер,

Мың жарым жылқысы бар атасының,

Жаста екен отыз сегіз бұл бір кезде.

Келеді он бір кісі жолдас алып,

Дулатып түрлі-түрлі әнге салып.

Ат жіберіп Сараны алдыртпақшы,

Ауылына Тұрысбектің жатса барып.

«Сарада болар дейді сөзге тығын.

Айтысып Сараменен қылсақ шығын.

Найманның асыранды бұлбұл құсы

Сараның айттырармын барлық сырын.

Баралық Тұрысбектің ордасына,

Он бір кісі жолдасым ертең түсте,

Біржанның қарық боларсың олжасына.

Арғыннан артық болды салған әнім,

Найманға арғын түгіл болды мәлім.

Ән салып тоқсан екі түрлендіріп,

Найманның бір жияйын тірі жанын.

Сара да жетік дейді сөйлер сөзге,

Найманда аты шыққан осы күнде.

Ауызын қарсы келсе ашырмаспын,

Адамға мақтанар ол менен өзге.

Бөденедей қырғи алған жұмарлармын,

Құдайым қуат берсе енді бізге».

Әлқисса, Жүсіпбек қожаға Сара қыздың Біржанмен айтысқанын өз ауызынан естігендер осылай деп бастан-аяқ баян қылған, айтыс келер жылы болса керек. 

 

Сараның сөзі:

Қызы едім Тастанбектің атым Сара,

Ішінен ер қаптағай шықтым дара,

Он үште домбыра алып, сөз сөйлеп ем,

Келемін бір сүрінбей жалғыз қара.

Қолдай көр ер қаптағай ата-бабам,

Сөзімді тыңда құрбым, келсе шамаң.

Ақ сүйек пайғамбардың тұқымы деп,

Сөзімді естіргелі келдім саған.

Тақсыр-ау, күні құрсын ұрғашының,

Билігі болмайды екен бір-басының.

Тері-терсек бергенсін ит те алады,

Бұлындай берекесіз арбашының.

Әкемнің төрт түлігі бәрі де сай,

Алты ауыл аруақты үш ағам бай

Бұлаңдап асау кердей жүрсем-дағы,

Тоқтыдай борышқа кеттім, о, дариға-ай.

Бір құдай бермесе несіп етпес зарлағанға.

Тұңғиық сөзім терең барлағанға.

Тақсыр-ау, он сегізге биыл жеттім,

Сан жүйрік ілесе алмас самғағанда.

Хан, қара, шаршы топқа сан сөйледім,

Көз көрмей бәрі бекер нанбағанға.

Арсалаң, сол Ниязбек іздеп келіп,

Шошыған жүгірістен танбағанға.

Сөйледім қаз мойынды жарма жалмен,

Әкеме ұлдай боп ем біткен малмен.

Ауылында Тұрысбектің сөз сөйлестім,

Баласы Қожағұлдың Біржан салмен.

Үйінде отыр едім Тұрысбектің,

Бұл үйге құдай айдап дұрыс кеппін.

Қасында жеті-сегіз жат кісі бар,

Сөйлес деп дауысы шықты Жүнісбектің.

Бұл үйде кім бар деді келе сала-ақ.

Отыр ем домбырамды қолыма ала-ақ.

Есімбек, Маман құты, ер Шерубай.

Қасына еріп келген өңшең манап.

Кісі екен отыз екі жолаушымен,

Ақ үйдің жабығынан көрсем санап.

Сүйініп іздеген қыз осында деп,

Біреуін тонап жатыр жаудай талап.

Сырлағаң домбырасын қолына алып,

Ән шырқап қоя берді жүндей сабап.

Біреуі атын ұстап тұрды шаужайынан,

Сөзінің білдім Біржан ыңғайынан.

Толықсып төңкеріліп ән шырқап тұр,

Сөйтсе де шошымадым айғайынан. 

 

Сонда Біржанның қызды шақырып айтқан сөзі:

Бұл үйде Сара бар ма, келсін бері,

Іздеген келіп тұрмын Біржан сері?!

Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар,

Ауылыңда Тұрысбектің өлер жері.

Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын,

Арғынның Алтай-Қарпық ақтаң кері.

Барабар сөзі теңдес адам болса,

Көңілімнің тарқаушы еді қайғы-шері.

Қырандай аспандағы желді күнгі,

Дауысымның көтерілер шықса тері.

Болжаған жер шаршысын майталманмын,

Жасымнан маған мәлім қыз не дері.

Алтын менен күмістің, нақысындай,

Міні жоқ бізден шығар сөз бедері.

Шатыр тік, көк майсаға бір тайды сой,

Кешікпей шықсын үйден болса өнері.

Ақ иық, мұз балақпын жерге түспес,

Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес.

Басайын аптығыңды тез шық Сара,

Сен түгіл әкеңдеймен болдым істес.

Бұл үйде Сара барма, отыр нағып,

Қарсы ұшпай тоты құстай қанат қағып.

Жел қабыз, жез тағалы еңіреумін,

Қара тер шыққан сайын кетем ағып.

Ғаламға мәшһүр болдым елең жаттап.

Қысқартам адымыңды бір-ақ аттап.

Ұялып үлкендерден отыр едім,

Айқайлап ұран салды қарқабаттап.

 

Сара:

Көктемде Тұрысбектің ауылында,

Көруші ем істің жеңіл-ауырында.

Біржанның төңкерілген әніменен,

Ешкіөлмес ел жиылды бауырында.

Арындап дәуірлейді барған сайын.

Екпіні соққан желдей, көрдім жайын.

Шырағым, Сара, саған не болды? — деп,

Есімбек кіріп келді ағатайым.

- «Шырағым, Арғынға орай бар ғой Найман.

Бала едің атағыңды жұртқа жайған.

Кең жерде келістіріп душар болмай,

Қапыда қажы үйінде келді қайдан?

Тартынба енді, балам» — дейді қажы,

Адымың аттан артық шықты тайдан. 

Сөзі бұзық антұрған көрінеді,

Бар еді бір кісідей өлең-айлаң.

Аптыққан қу арғынды бір дөңгелет,

Ағаңа осы болсын тиген пайдаң,

Өнері ұлдан артық қарағым-ай,

Тұрайын мен де тілеп бір құдайдан!» -

Қажының әлгі сөзі болды себеп,

Қолтықтан көтере көр, аруақ демеп.

Дулат, Сабыр, Кеншінбай, Сұртай жылтыр,

Жанұзақ қолда дедім бәрің жебеп.

Аспаннан бойға түсті ғайып пірім,

Дауысыма жаңғырығар тұрған жерім.

Ән шырқап ақ ордадан шыға келдім,

Көрген соң аттан түсті Біржан серім.

Қозғадым қырмызыдан сөзді талдап,

Басында баяуладым Біржанды алдап.

Төрт қызы Тұрысбектің қасыма ерді,

Ақ үйден шыға келдім найман шалап.

Таңданып жиылған жан қарап тұрды,

Қыз да болсам Біржанға балап тұрды.

Камшат бөрік, күлдері белбауы бар,

Көк торғын шапанды адам қарсы жүрді.

Түрінен мен таныдым: осы — Біржан,

Сандалтып Орта жүзді әнмен қырған,

Сарысұр адам екен, тым өңді өзі

Құбылар тоты құстай әлгі антұрған.

«Осы ма, деді матай бұлбұл құсы,

Көп іздеп бүгін таптым жазы-қысы,

Әуелі қазақшалап көріселік,

Жарқыным, берірек жүр, жасың кіші.

Баласың менен көрі жасың кейін,

Көрінді Біржан салдың сөзі бейім.

Көрісем бері кел деп сәнсіп тұрды,

Толғанып үндемедім оған шейін.

 

Қыз ұялғанынан көріспеген соң, Біржанның айтқаны:

Мен Біржан қызға бармас аяғымнан,

Шын қызсам дәуірлеймін баяғымнан.

Бері кел, ұрғашылық қылма, жаным,

Дәндеме наймандағы саяғыңнан.

Найманның болады екен қызы надан,

Үлгісіз қандай халық түрі жаман.

Ағаға іні келер біздің елде,

Көп боп па сұрасуға есен-аман.

Баласы Қожақұлдың Біржан салмын,

Сен түгіл, сенен артық құмар маған.

Жалымнан ұстаған қызда арман қалмас,

Жібек жал арғымақпен тұмарланған,

Алмайтын еркек тілін жының бар ма,

Адам деп сөз айтамын, Сара, саған!

 

Сонда Сараның берген жауабы:

Ей, Біржан, кімге дәрі амандығың,

Сөз білсең, бұ да сенің жамандығың,

Қиссасыл әнбиеден естімеп пе ең?

Белгілі мәлім болды надандығың.

Адамды топырақтан жаратты хақ,

Надандығың білінсін, бұл сөзге бақ.

Хауаға бұрын барған адам ата,

Жоқ па еді есіткенің мұны да ақмақ.

Данышпан білгіш қой деп ойлаушы едім,

Арғын да жүр екен ғой жоқты мақтап.

Найманда екі жүзді наркескенмін,

Желкенді қимақ үшін қойған саптап.

Тозаңың анда-санда бір бұрық етер,

Саулатсам бейпіл желді екі жақтап.

Күн көргелі келдің бе, мұнда арғын,

Жинауға сынық малта найманды ақтап,

Артыңның ашыларын білмейсің бе,

Көрпеңді көсілсеңші бойға шақтап.

Жерге кіріп кетерсің жынды антұрған,

Шын қазсам асты-үстіңді жездей қақтап.

Делбелігі емес пе Біржан салдың,

Кісісін жеңетұғын жаңа тапты-ақ.

Талпынған жас баланың білегіндей,

Қолымды ұстатпаймын сен итке аппақ.

 

Сонда Біржан сөйлейді:

Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға.

Сөйлеткен сені балап қазақ ұлға.

Асықша ақ жамбыны сұлуға аттым,

Тиыным шыққан емес сендей тұлға.

Сайратқан Орта жүздің бұлбұлымын,

Қызығып жүргенім жоқ алар пұлға.

Күшігін асыраған ұрғашы иттей,

Азғындап шөктің Сара жылдан жылға.

Қырсығың өз басыңнан арылған жоқ,

Теңестеп айыбыңды тізсем қылға.

Қолыңды ұстатпайтын ерке болсаң,

Келімсек әкең неге берді құлға?

Бар екен жаннан артық сөйлер сөзің,

Сүйенген қызыл тілге шын сорлы өзің.

Қолға түскен қалмақтай ықтиярсыз.

Төрт болар құлға барсаң екі көзің.

Сөзіне таң қаламын сынай алмай,

Айтқаным кетті саған ұнай алмай.

Көзіңді күшік құрлы бір ашпайсың,

Қортиған шірігіңді құдай алмай,

Есекке қосақтаған бір қашырсың,

Күң сырын көпке жаяр жылай алмай.

Құшақ толар еркекке араның бар,

Соны сүй күйгеніңнен шыдай алмай.

Жан жетпес ән шырқасаң Ресейде

Құданың ризамын мен берісіне

Елден таңдап ойпақ болған қортық байың

Бір қойдың сияр тұлып терісіне.

Алыстан түлеп ұшқан түз құсындай,

Біржанның жантақ қалар желісіне.

Мойыным жүзген қаздай иіледі,

Орта жүз ән шырқасам сүйінеді.

Арғынның жалғыз тоны қолға түссе,

Төрт найман орта бойлы киінеді.

Найманда байлық барма біздің елдей,

Жүрсем де адам боламын мұнда келмей.

Қыз сөзін кек көрмейтін сайтаным бар,

Онымды тастамаймын өзім өлмей.

Атадан Біржан сал боп тудым артық,

Ұраным әр қазақта бар Алтай-Қарпық.

Аққумен аспандағы ән қосамын,

Қозғасам ащы күйді түптен тартып.

Қырмызы асыл бекзат бар мінезім,

Кетер ем еркек болсаң бір-ақ тарпып.

Қыз затты сыйлайтұғын бір мінезім,

Самғаймын бәйгі атындай артып-артып.

Көкшетау дуанына даңқың барған.

Мен Біржан алтын тудай айқынданған,

Есіткелі, Сара, сені үш жыл болды,

Сері едім төңірекке құлаш салған.

Түлкінің жүгірісін қыран байқар,

Ұялсаң сөзің емес маған айтар.

Қанды көз май жеп алған ақиықпын,

Сен түгіл қасқыр көрсе бір-ақ шайқар,

Қайтару сұрамаймын келсе аңым.

Қыз сөзін парық қылмайтын ескі заңым.

Күнінде он көрінсең де айнымаймын,

Көк төбет болды деме мені жаным.

Түстіктен жұрт таңқалар желгеніме,

Жеңбесем қуанбаймын келгеніме.

Ақ марал осы жолы жығылмай кет,

Алтайдың душар болдың мергеніне.

Өзімдей бір басты адам сөз білмейді,

Құданың мың шүкірлік бергеніне.

Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер,

Қарамай қатты сөйле өлгеніме.

Адымым күні бүгін қалыбымда,

Екі жыл отыз беске келгеніме.

Қуырылып апшымның қай сасқаным,

Өтірік ентелетіп желгеніңе.

Көзімнің Көкшетаудан қыры түсті,

Аталық Қаптағайда жүргеніңде.

Аю болсаң да басамын ап дегенде,

Қоймаймын жайын құстай көргеніңе.

 

Сона Сараның айтқаны:

Әй, Біржан, жасың үлкен, өзің аға,

Қымбаттығым белгілі білсең баға.

Қамысты терең көлдің сұқсырымын,

Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаңа.

Ежелден сен белгілі желді көрік.

Таң қалдым сәулетіңді сенің көріп.

Сені айдап ажалыңа алып келген,

Құт Маман, ер Шерубай қасыңа еріп.

Сөйлетпей шыға сала кеттім дерсің,

Түрімді көрсетейін сөйлеп беріп.

Қарны ашқан қырсығы бар еркек мысық,

Сасық дер аузы жетпей майдан жеріп.

Сөйлеспей мен сықылды өнерпазға.

Дәндеме жүрген күңнен тезек теріп.

Өлеңді қолқа қылсаң ағытайын,

Самархан жібегіндей оннан өріп.

Әншейін сыпайы деп қимай тұрмын,

Көзіңді төрт қылар ем иттей керіп.

Сөзбенен жеңемін деп ойламаңыз,

Бір жерден мүдірер деп көңіл бөліп.

Аузыңды тарта сөйле Біржан батыр,

Жарамас жүдеп қайтсаң іздеп келіп.

Тартылып таразыға тең келмейсің,

Тірілсең ертең кешке, бүгін өліп.

Арғынның тантықтығы міне осындай

Кім байпты ер қадіріне сөз қосылмай.

Жай тастап құлашымды кең созамын,

Сен түгіл әкеңнен де бір шошынбай,

Күшпенен көндіремін болмасаң да,

Түстеніп тамақ жерсің қонбасаң да.

Аптығып арғынсынып сандырама,

Ойлайсың артықпін деп оңбасаңда.

Найманға жалғыз тиын керегің жоқ,

Келесің қайыр сұрап анда-санда.

Мен пәлен дегенменен сескенбеймін,

Шошыр деп қоразданып алдасаңда.

Ақыр өнер барлығын байқасармын,

Өзіңді өзің мақтап нанбасаң да.

Қарамды әрі-беріден соң бір көрмейсің,

Соңынан үмітті боп қалмасаң да.

Тойынатын жеті басты жалмауызсың,

Ескі-құсқы елден жиып жалмасаңда.

Қуып жетіп озамын найман шалдан,

Пысықсып шу дегенде самғасаңда.

Ей, Біржан, қыс артыңды, жүр жайыңа,

Әке десең көнбеймін ыңғайыңа.

Жауды аяған жаралы болар деген,

Шын тілеп сөйлейінші құдайыма.

Жылқының арығындай Арғын кедей,

Тойғансып мас боласың ішпей-жемей.

Құр айғай салғаныңа кім шошиды,

Жеңермін иттей қылып адам демей,

Найманның аруағынан кет садаға,

Әзәзіл бола берме екі араға.

Жанақ та қобызымен түк қылған жоқ,

Оңай ма сендей сорлы бишараға?

Орынбай іздеп келіп кеткен қаңғып.

Жеңген жоқ Көшімбайың о да аңдып.

Жанақ қашан жол алды Сабырбайдан,

Жаманын көтереді арғын сән қып.

Біржанды әке десе менсінбеймін,

Жаратты қыз да болсам сонша паң ғып.

Жынды бота сықылды бір делбені,

Құдайым, тірі қойған несін адам ғып.

 

Сонда Біржанның айтқаны:

Арғынға жете алмайды Найман өлмей,

Ежелден артық туған теңдік бермей.

Жеңбесем Сара сені осы жолы,

Өлгенім жақсы емес пе үйді көрмей.

 

Сара айтады:

Ей, Біржан, өнер біткен қай жеріңе,

Бұл жолы пайда ілінбес құр теріңе.

Жеңбек түгіл келмейсің ширегіме,

Әкеңнің менен қорықсаң кір көріне.

Сонда Біржан:

Арғынның көз жеткісіз аймағы бар,

Төңірек жеті дуан ойпағы бар.

Кім жетер Жанайдарға Алтайдағы,

Алты жүз жас бота мен тайлағы бар.

Шалқыған Жәнібек пен Тұрсын, Жанай,

Ит қосты Нармұхамет, Досан, Қанай.

Солардың есебіне көз жетпейді,

Ол түгіл бір Шақамдай болсаң қалай.

Қаржаста бір құтым бар Мұса, Шорман,

Үзілмей келе жатыр ескі қордан.

Қазының бел баласы Садуақас

Құтқарған сан қыранды түскен тордан.

Ұл тумас Қазанқаптай ата ұлынан.

Тұқымы дегдар шыққан жатынынан.

Полковник шен алады туа сала

Шырылдап түскен бала қатынынан.

Шыныбай асып еді бір шағында,

Жасы жетпес ер Қазекем аруағына.

Жамантай, Кұсбек, Шыңғыс, Сартай төрем,

Ілінген талай найман қармағына.

Тәттімбет — ардагерім арғын асқан,

Қырық түрлі күй айланған бармағына,

Ежелден әрі баймын, әрі молмын,

Шын қызсам шыдамайсың зардабыңа.

Адамның ақ иығы қажы Құнанбай,

Сан жүйрік сау кеткен жоқ бір сыналмай.

Найманның әулиесі батыр Барақ,

Іш құса болып кеткен түк қыла алмай.

Ыбырай жас жолбарыс білектенген,

Дұшпанға арыстандай жүректенген.

Өзінің заманының боз баласы,

Перінің жігітіндей іріктелген.

Ей, Сара қайсыңың бар оған жетер,

Өнерін көрген жанның есі кетер.

Адамың жалғыз басты білімпазы,

Оны да жамандаған Найман бекер.

Орта жүз Абай қойды атын баптай,

Үйіне ояз кірмес жауап қатпай.

Қойған қарсы түйсе дұшпанына

Алдынан құлдық ұрар үйде жатпай.

Арғынның асылдығы міне осындай,

Наймандай ағайынын жүрген сатпай,

Бар болса бұған орай қоймай сөйле,

Әйтпесе сөзіңді қой босқа шатпай.

 

Сонда Сараның айтқан жауабы:

 

Ей, Біржан, сөз сөйлейін анықтатып.

Қөңілің ауырмасын, қабақ қатып.

Көкшетау, Қызылжарда талай арғын,

Құп көрген жанын жалдап, жатақ жатып,

Найманнан қай жерің бай мақтағанмен...

Бармаған соң жайымды білмейді деп,

Құр босқа мақтанасың тәңір атып.

Найманда қара керей, сыбан-мұрын,

Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын,

Шерубай, Тана мырза, ер Тәукебай,

Қай қазақ сөз бастаған онан бұрын.

Баласы Қозыбайдың Тілеуберді,

Әлихан — оның ұлын әркім көрді.

Құдайдан қорыққан арғын осал демес,

Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді.

Жан жетпес Бабатайға жалбы Жанақ?

Аққожа би, Ақтайлақ асқан манап.

Ақтамберді, Алтыбай, ер Лайымбет

Қалмақты қолмен қуған қойдай талап.

Кенжеқұл қазақ жетпес бабасына,

Төрт арыс билік айтқан баласына.

Байтоқа, Кенеспай мен құт Данияр,

Таймаған сөздің сөйлер шамасына.

Арғын жоқ мақтағанмен Тойғұлыдай,

Қор құйған қыдыр келіп сабасына.

Бірін-бірі аңдыған қу арғынсың,

Мақтанған мінсең болыс шанасына.

Екі жыл бақ айналса біреуіңе,

Қайдағы жаулық қылған данасына.

Арғында кісілік жоқ мен білмейтін,

Қарны ашса қастық етер анасына.

Кім жетер Қабанбайға дуа қонған,

Үзілмей тұқымына қуа қонған.

Қожақұл, Сәлі Жақаш, ер Әділбек,

Сүлеймен оның ұлы шықты соңынан.

Ботабай бәйжігіт те құт Шаянбай,

Сасан би шапты Кенже жауға аянбай.

Шынымен құлаш ұрып самғап берсем,

Қаласың жетпек түгіл бір таянбай.

Таласпас Тәнекенің жан бағына,

Жетермін егер тартса іс ағына.

Шетінен қыдыр қонған өңшең құтым,

Мың-мыңнан күс тастаған арт жағына,

Арғынның болады дейтін қызы сойқы,

Шот маңдай, иегі ұзын, мұрны кейкі.

Бұйра шаш, дөң жауырын, қысқа тұмсық,

Дүрбілжің тұлабойы ойқы-шойқы.

Жігіті Қоқандықтың аңғалындай,

Аптығар өрттің шалқып жанғанындай.

Асыққа ақ жамбыны ертіп құйған,

Найманның жігіт қайда бағыланындай.

Екі ауыз ән білгені ақынмын дер,

Қыдырдан түсте бата алғанындай.

Ұятсыз сіздің елдің бәрі даңғой,

Айтпасаң мұнан басқа қалғаныңды-ай.

Қапыда қалдым деме ақын Біржан

Көңіліңнен қоймай сөйле арманыңды-ай.

Сара ақын екеніне көзің жетпей,

Осындай қайдан білдің қармануды-ай.

Найманнан қарның тойып кетсең-дағы,

Қоймайсың жылда келіп жалмануды-ай.

Елу күн ғайып болған тоты құспын,

Білмеймін әкеңнен де алдануды-ай.

Өзіңді ат та қылдың, құс та қылдың,

Жайымды адам күймен айтайын мен.

Өнерге екі жағым бәрі бірдей,

Құр босқа бөгелемін келіспей нем.

Сайраған бүкіл найман бұлбұлымын,

Ұрғашы ғой демесең қай жерімкем.

Құдай талап бермесе сүйегіне,

Жабайы тұлпар болмас жегенмен жем.

Арғымақ ғаялының артығы мен

Он күндей тынбай шапсам бір алам дем.

Өз басым ұрғашының қара тілі.

Иран бақ бет бітісім қызыл гүлі.

Біржан сал ажал айдап өзің келдің,

Іздеуге ойланып ем өткен жылы.

Майысып нәзік белім бұраң қаққан.

Қырық түрлі дана кеудем өнер тапқан.

Сөйлесе май тамызған бұлбұл тілім,

Сықылды гәуһәр сағат нақыс шапқан.

Ажымсыз он саусағым бәрі де аппақ,

Болғанда аузым сағат, ернім қақпақ.

Қірі жоқ отыз тісім меруерттей,

Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ.

Мойыным сұңғағындай жүзген қудың,

Лебізім шырынындай шәрбет судың.

Қаққанда төңкерілген қас бітісім,

Ашылған айбатындай жібек тудың. 

Қырмызы қызыл жібек маңдайым кең,

Арғынның сірә маған қай қызы тең.

Дәл бойым ұзын да емес, қысқа да емес,

Азар дұшпан болсаң да қай жерім кем.

Тамағым жас баланың білегіндей,

Иығым тік сандалдың тірегіндей.

Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей,

Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей.

Арғынды мақтасаң да жетті найман,

Жетпек түгіл байлыққа өтті найман.

Бұралқы үйге сіңген күшік иттей,

Бай болсаң мұнда Біржан келдің қайдан?

Найманның арғын жетпес қорамына,

Қаласың бекер мақтап обалына.

Қымыз бенен қыз сатып күн көресің,

Есімің таянды деп жоғалуға.

Мақтанып жоқ нәрсені айтпа маған,

Рас жаным ашиды Біржан саған.

Сөз білсең кеп таласпа меніменен,

Алысып құр кеудеңмен қалмас бағаң.

Ей, Біржан шыдамаймын қылығыңа,

Мақтанба Құсбек, Сартай ұлығыңа.

Үстіне Жамантайды сомдап қоссаң,

Барақтың пар келмейді сынығына.

Ұстаған тобықтыға дүре соғып,

Аққан қан ат суарған тұнығына.

Қапанның Байқарамен қосы қонса,

Жетпеген қалың тоғай қорығына.

Қазбек, Құнанбайды найзалаған,

Төрем түгіл Төленгүт жорығына.

Садырбай, Жаманбала, Арқабайым,

Тел емген екі енені марқадайын.

Есілге идерімен қамалған қу,

Көк майса жерің бар ма Арқадайын

Ақ найман Қожамбетке арғын жетпес,

Төртуыл Қаратайдан қазақ өтпес.

Қөк жалды Сар Жомарттай қайсысың бар,

Қызығы Мысыр шәрдейестен кетпес

Есекей еркенекті жатыр талай,

Ойласаң есің шығар санай-санай.

Бура жатыр көптігі толық дуан,

Атасы әулие өткен ер Қонақай.

Дәулетке бурадағы артық асқан

Кім байымын дегенменен жағаласқан,

Жаяу байлар көрді ғой малдан ыза,

Қозғалып көшіп жұртқа жете алмастан,

Қайсы арғын жетеді аман көшеріне,

Мен дейін сөзді қалай десеріңе

Кең қолтық өзім теңдес кез келмесе,

Алтайдың көзім толмас есеріне

Түйкі мен Жоламандай тумас қазақ,

Дұшпанын байлап қылған иттей мазақ.

Менімен айтысуға қайдан жеттің,

Жыл сайын өлуші едің сүйек қажап.

Қодырға жан теңелмес Бегіспенен.

Құр айғай түк өнбейді егеспенен.

Түгел қыдыр қонбаған Ыбырайға,

Күн өтті тойсам деген өңешпенен.

Ел артпас Серікбайдың жарлығынан,

Құт болды бас қадірі барлығынан.

Наймандай Арғын болмас қоңыр майда,

Ел тоқтар бір мінез жоқ Ыбырайда…

Антұрған аты құрсын Абай деген,

Жылатып мұсылманды талай жеген,

Мақтаған Ыбырайың дәнеме емес,

Бүлінді бар тобықты паңдығымен.

Болғанда қасиетті жақсы кісі,

Қасқырдай өз күшігін қалай жеген?

Сал Біржан мақтасаңшы түбін ойлай,

Арғынның бәрін білем бірін қоймай.

Күнінде-ақ болып тұрған ел бүлінді,

Тобықты быт-шыт болды үріккен қойдай,

Быт-шыт қып тобықтыны тентіретті,

Түбіне аяғында түгел жетті.

Елге құт, берекелі кісі болса,

Манғазы Шекетайың қайда кетті?

Өнердің күш көрерсің үкімінен,

Сөзімнің түйсең керек секілінен.

Жарыған жалғыз Арғын көрінбейді,

Жас қызын ұстап берген кекілінен.

Қара Керей Матайға жау болған-жоқ,

Барақтың артық қайрат етуінен.

Түйеше құр бойына сенгенсисің,

Ісің жоқ найман қуып жетуімен.

Тойғылының асында бәйге тікті,

Тоғыз қыз Арғын берген жетімінен.

Төлеуші ең бір түйе ұрлап екі бала,

Антұрған ұялмайсың бітіміңнен!

Құтырмай жайыңа жүр жынды делбе,

Келіп кісі болмассың біздің елге.

Сөз білмейтін жеріңде мақтана бер,

Бұл жақта құр айғайың кетер желге,

Ей, Біржан көңіліңді тындырайын,

Аруағыммен құдайға ұрдырайын,

Найманда түлеп ұшқан ақ иықпын,

Топшыңды қанатыммен сындырайын.

Құнанбай не себептен Омбы барған,

Ер еді өз басы әділ қылды жарған.

Ел тоқтап сасқан кезде ұйытқы болар

Баласы жоқ-ақ дейді оңды болған.

Ей, Біржан, бұ да жетер бір басыңа,

Құл болып о да қуат тұр қасыма.

Сен-дағы жас күніңнен ардагерсің,

Құрбыңмен жеткізбеген құрдасыңа.

Құланныңдауысындай көмейің бар,

Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына.

Ақын емес жігітсің әңгімешіл,

Мұныңмен бара алмайсың қыр басына,

Жүз Жанақ, он Орымбай жолдас алсаң,

Мен кепіл сен жеңілмей тұрмасыңа,

Санаң болса осымен тоқта Біржан,

Арғынды бос қаздырмай ұрғашыға.

 

Сонда Біржанның айтқан жауабы: 

Құтыма тіл тигізбе ер Құнанбай,

Алашқа даңқы шыққан ер ұландай.

Ескермес он ақынды есіл басым,

Қадалдың маған Сара сұр жыландай.

Сен түгіл жеткен емес еркек қуық,

Төмен болған жерім жоқ өзім туып,

Шынымен жайнаң қағып самғағанда,

Тұсыма келген емес адам жуық.

Менсінбей қапы қалып өкінермін,

Ызғарлы көрінеді сөзің суық.

Болдырып түстен кейін сандырарсық,

Байталсың қаппелімшіл бір жел қуық.

Барша өнеріңді аянбай сал,

Көңілімді көтермей-ақ сөзбен жуып.

Жорғамын сарынымен самғайтұғын,

Бәйге аты серпінімді шалмайтұғын

Әнімді он екі взвод жіберемін,

Есіңнен өле-өлгенше қалмайтұғын.

Ежелден құлаш мойын көк айылмын,

Ылауға жеті күнге талмайтұғын.

Болатпын екі жүзді жетем құрыш,

Күйсеуін шапқан түйе танбайтұғын.

Гәуһармын боз балаға сәуле берген,

Дәндеме жаманыңнан жандайтұғын.

Ой желке, қамыс құлақ қара көкпін,

Тұнықтан жүзіп ішпей қапбайтұғын.

Ұрғашылық қылмасаң бір басыма,

Қазақ жоқ Біржан десе нанбайтұғын.

Дауысымның жаңа түсті кәрі жыны,

Дәуірлеп барған сайын болмайтұғын.

Қарқабат, Қара қожа ата бабам

Осындай ерегесте қолдайтұғын.

Қырымға қарайтұғын қыран құспын,

Аң алмай жерге бекер қонбайтұғын.

Айнымас қанды балақ ақ иықпын,

Тұяғым тиген қасқыр оңбайтұғын.

Асылмын аспандағы құс болғанда,

Қаңтарда қалшылдаған тоңбайтұғын.

Тұлпармын Керұғлының қиратындай,

Алдына жүгірсе мал салмайтұғын.

Рүстем Дастандаймын дәл өнерге

Меңгеріп кісі билеп алмайтұғын.

Бір итке елің неге берем дейді,

Алаштан ылайық сен таңдайтұғын.

Он бестен ұрғашыға саятшымын,

Күн сайын қанжығамды қандайтұғын.

Андап бас аяғыңды байғұс Сара,

Мен сенің кісің емес алдайтұғын.

 

Сонда Сараның айтқан жауабы:

Қазақ жоқ хан Бараққа теңгерілген

Күшімен арғын найман меңгерілген.

Есіл ер аруақ біткен заманында,

Тоқтыдай сан тобықты өңгерілген.

Еркек жоқ өз басыма теңгерілген,

Сөз пірім он жасымнан меңгерілген.

Не бір нәзік көзге олқы көрінсем де,

Сан жүйрік қойдан оңай өңгерілген.

Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын,

Матайдың қара керей сеңгірінен.

Даусыма аспандағы құс айланар,

Құбылыс тоты құстай төңкерілген.

Антұрған, құдаға аян, жасырмай айт,

Сөзім жоқ бір кісіден кем көрінген.

Сайраған тамам найман бұлбұлымын,

Қапаста жел тигізбей жем берілген.

Жұрт сыншы өзі білмес екі дәугер,

Белгі жоқ адымыңда теңгерілген.

Мақтанғаным болмаса осы кеудем,

Он арғын шалымынан кең көрінген.

Бірінен бірі дамып асып түсер,

Дауысым алтын тудай шоқ көрінген.

 

Сонда Біржанның айтқан жауабы:

Жарайды жаным, Сара осы сөзің,

Тас түлек тұрымтайдай екі көзің.

Сөз айтар қандай кісі деген кезде,

Алдымнан құдай айдап келді кезің.

Бір асқанға бір тосқан бар-ақ деген,

Талайдың қисық деуші ем құрған тезін,

Шіркін-ай, мұндай жүйрік туармысың,

Сөйлейсін алтындай қып сездіқ жезін!

Қанатың күн шалмаған ақ тұйғынның,

Жапалақ иемденер басқан ізін.

Қор болдың бір қортыққа Сара қалқам,

Армансыз қылар кімнің үйі-түзін!

Дені сау адам емес Тастамбегің,

Жүр екен тастай алмай о да қызын!

Біліп ем Сара сенің сынарыңды.

Баса алмай армандамын құмарыңды,

Ақ үйден айғай салып шыққан кезде-ақ,

Білгенмін сөзге қайрат қыларыңды,

Сұмдықпен бит ішіне қан құясың,

Білмейсің неден зар боп жыларыңды?

Майысқан сегіз қырлы жүйрік-ақсың,

Қай жерден болжамайсың тынарыңды

Тез алдырт күйеуіңді Сара саңлақ,

Көрейін еркегіңді тиген таңдап.

Рас жаны ашыса Тұрысбектің

Белгісі білінеді келсе сонда-ақ.

Шыбықтай жігіт шығар өңі нұрлы,

Өнері өзің теңдес сегіз қырлы.

Шеберден мін алатын мініскерсің,

Ер шығар тоты құстай неше түрлі.

Жақсыны көрмек үшін деген Сара,

Өзі түгіл елдің қамын жеген Сара.

Мырзаңды ит Жиенқұл шапшаң шақырт,

Ұялып бөгелесің неге, Сара?

 

Сонда Сараның Найманның жақсыларына шағып

айтқаны:

Қажеке-ау, мынау қалай шақырады!

Жиенқұл тез келсін деп ақырады!

Көрсетсек асылыңды ап келіңдер,

Ауылыңда ол келгенше отырады.

Арғынға жол бермеген есіл тілім,

Күн өтпей қор боп ұшқан қызыл гүлім!

Сіздерден ұялғаннан үндемеуші-ем,

Есекке қосақтаулы өтті күнім!

Өзі білер деуші едім жақсылардың,

Ақыры қайры болды енді мұным.

Алтайдың саңлағымын сөйлессем де,

Жоқ екен жүйрік иттей, өлсем құным.

Сіздерге сенетұғын сорлы басым,

Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім!

Өздерің Жиенқұлды көріп едің,

Құдайдан қорықпай шыдап беріп едің,

Шақырған найман шалдың аруағына,

Бәріде қыз да болсам серік едім.

Біржанға алдырт көрсет Жиенқұлды,

Кім сырттан меншікті мал аян болды?

Ұяттан кісі өлмейді сағы сынар,

Қайтейін құдай қосып ием қылды!

Итіңді келмесе де келтір байлап,

Өлмесін зығырданым күнде қайнап,

Ағалар нәсіліңе дұрыс болса,

Құдайға тапсырармын қаптағайлап.

Қажеке-ау, көріп келдің хақтың үйін,

Мен түгіл бөтенге де зорлық қиын.

Жиенқұл ерім болып тұрар ма екен,

Күнінде таңда махшар болса жиын.

Көзімді аш, көңілімді ала қылмай,

Кетсең де өкпелемен бала қылмай.

Сыртынан өлеңменен шақырайын,

Біржанға өзімді өзім таба қылмай.

Сәлем де Жиенқұлға келсін жатпай,

Келуге шошынады неден батпай.

Әркімнің қолда бары өзіне алтын,

Біржанға бір тырнағын тұрмын сатпай.

Көрінсін Біржан салға ай секілді,

Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді,

Ұсынса қол жетпейтін арғымағым,

Арғынға баламаймын тай секілді.

 

Қысса Біржан мен Сара:

Тез келіп амандассын Біржан салға,

Көрінсін айбаттанып арғын шалға.

Әркім теке қояды өз ылағын,

Әйтеуір мені сатып алды малға.

Бермесін дұшпаныма намысымды.

Біледі Арғын, Найман дабысымды.

Бар болса шыбын жаны шапшаң жетсін,

Ел таныр арғымақтай шабысымды.

Қылмасын дос Жиекем сөзге сынық,

Шербеттей ағып жатқан сезім тұнық.

Қамалдан тартынбайтын қайран басым,

Көлге кеп қойып кеттім көзді жұмып.

Асылым құдай берген өз бағыма,

Теңелмес жеті Біржан тырнағына.

Найманда ол — дария, саяткерім,

Балық боп ілінемін қармағына.

Бағының зор екенін көрсін арғын,

Көрмеп пе Біржан ондай болам десе,

Сескенбей шапшаң жетсін біздің балғын.

Бесіннен қалмай жетсін жаны болса

Бөгелмей жете көрсін әлі болса!

Елден хайыр сұраған кедей Біржан,

Алмай ма мендей қызды малы болса!

Көрінсін салтанатпен менің серім

Сол еді құдай қосқан барар жерім!

Кедейге қонақ асы тай апкелсін,

Талабы Тәттімбеттей асыл серім!

 

Сонда Біржан сөйлейді:

Көрейін кісі жібер күйеуіңе,

Көнбейді жаман болса сүйеуіңе.

Шіркінің қандай екен көзім көрсін,

Адамның таласатын біреуіне!

Мақтамай көрсет көзге келтіріп-ақ.

Сөзбенен жүдеттің ғой өлтіріп-ақ.

Ұялмай осы топқа көріне ме,

Өнерсіз жігері жоқ жетпегір-ақ!

Сараның айтқан сөзі:

Қажеке-ау, кісі жібер балаңызға,

Әзәзіл болды Біржан арамызға.

Сыртынан мақтасам да керек болды,

Көрсетпей жігітті ұрлап қаламыз ба?

Өзіңнің құла жорғаң барсын оған.

Жиекем Бижан ерін салсын оған.

Біржанды бір қаққаннан қалдырмас ем,

Құдайым мені қайдан қосты соған!

Қажеке-ау, алдыртыңыз қонақ кетпей,

Біржан тұр көремін деп сөзі бітпей.

Ажалды кісі таңдап алады екен,

Сол итті неге қойған алып кетпей?

Қонжиып мінер құла жорға барса,

Келе алмас сол шірігің қорғаласа.

Рас бізді масқара қылар сонда,

Қорыс етіп бармаймын деп үйде қалса!

 

Біржанның айтқаны:

Кісі емес ел намысын ұққандай-ақ,

Ербиер есіз тауға шыққандай-ақ!

Жиенқұл күжірейіп келер ме екен,

Он мата арқасына тыққандай-ақ.

Законда зорлық болмас жақсы адамға.

Жақсыны қор қып болмас бір жаманға.

Және де аят пенен хадисте бар,

Жылатып берме деген еш наданға.

Қажы барған Қаптағайдың арыстаны.

Жалғыз сіз осы күнде данышпаны.

Өзіне құдай беріп қойған шақта,

Дұшпанның топ етеді алысқаны.

Көрмеп пе Сарадай қыз қатын тапса,

Ішінен өнер қысар ауызын жапса.

Қор қылып Жиенқұлға жібергеннен,

Қытайша он есе артық басын шапса.

Тұрысбек, Есімбекпен сау тұр аман.

Таянды қайтар уақытым елге таман.

Айналып ендігі жыл бір келермін,

Тысқара топырақтан болсам аман.

Сараны Жиенқұлға бере көрме,

Қыз түгіл ер құнына келер шамаң.

Бар болса сүйегіңде ойларсыңдар,

Өлі тілін тірі алмас деген заман.

Байлаулы бала құстай Сара сорлы,

Жоқ екен осы күнде мұнан жаман.

 

 

Енді Сараның өзінің айтқан сөзі:

Сал Біржан жүріп кетті амандасып,

Екі күн арпалыстың табандасып.

Шіркінге қимағаннан жорға бердім,

Басында сөйлессем де жамандасып.

Қош Біржан сау бол дедім сағым-керім,

Арда күрең жігітсің алым-берім.

Қашан өзің өлгенше есіл көзел,

Күнде той, күнде жиын жүрген жерің.

Жүре көр ақын Біржан бізді сұрай,

Тысқары топырақтан қылса құдай.

Аптығып арғынсынып сандырама,

Көзіңе қыз көрінсе мұнан былай.

Жолықтым атағыңа құмар едім,

Болмаса келместей қып жығар едім.

Сыйладым сағың жерде қалмасын деп,

Аттатпай адымыңды бұрар едім.

Боп қалды бір көргенім кез таныстай,

Сен-дағы жол бермедің бір қалыспай,

Есекем еркек болса бере қалмас,

Кісідей қарапайым бір салыспай...

Ахметкәрімге арнап жазған осы өлеңім,

Аяйды қолдан келсе кім өнерін.

Қайырып баптап алып салсам-дағы,

Көңілге бір жетпейді көк дөненім.

Бар еді ұлы-қызың ей, қажы аға,

Қалдым ғой Біржан деген беймазаға.

Сіздердің шалқып тұрған заманыңда,

Дені сау кез болмадым бір тазаға.

Арғынды бір дөңгеле деп едіңіз,

Мен түгіл найман қамын жеп едіңіз,

Жәкем мен зиярат қып Байтоллаға

Бақтыма есен-аман көп едіңіз.

Көрмейсіз менің неге көз жасымды,

Сол жерде Біржан тоқтап сөз басылды.

Жиылған қаптағайдың жақсылары,

Басқаға айырып бер өз басымды.

Шақыртып нағылады оны Біржан,

Көруге ынтық емес соны Біржан.

Арғыннан асып кеткен бай болмайды,

Жеткенмен Жиенқұлға қолы Біржан.

 

Сонда Біржанның айтқаны:

Шырағым, Сара сендей тумас бала,

Шежіре туармысың мұндай дана.

Обалың Есімбек пен Тұрысбекке,

Жігітің жөндеу екен, ей, бейшара.

Ел-жұртың қорықпайды екен көз жасыңнан,

Қиып кеткім келмейді мен қасыңнан.

Кемітер қай жеріңді дұшпан шіркін,

Адамзат озар емес өз басыңнан.

Жіберме Жиенқұлға шақыруды,

Өнерсіз үйде білер аһ ұруды.

Қайнар-ау, зығырданым көргеннен соң,

Алдырма бекер мұнда кәпіріңді.

Білесің Арғын, Найман тегіс затын.

Алашқа шығып еді Біржан атым.

Кісіге сен секілді малын шашпай,

Қазақ та қылады екен итті қатын.

Дұшпаның жамандайды не деп сені,

Белгіге жарар саған берсем нені.

Бір басты адам болмас сен өнерлі.

Айбатың әлемге айқын ай бедерлі.

Садаға тырнағынан кетсін Сара,

Сан жүйрік көріп едім мен нелерді,

Сөз айтты сонда Біржан біздің жаққа,

Ұмытпан Сара сені әр уақытта.

Қайырған сөзбен жетіп есіл шіркін,

Көремін қайта айналып қайсы уақта.

Есімбек боққа сатпа асылыңды,

Сыйлай көр қызда болса нәсіліңді.

Ұқпасаң арғын жоқты айтты дерсің,

Есеке-ау, құлағыңа ал осынымды,

Қылайын көп ұзатпай сөзді қысқа.

Өлеңге жан көрмедім мұнан ұста.

Аты ұрғашы демесең қарындасың,

Адамның артығы екен осы тұста.

Шыны мен бапты күнде қуға салса,

Ілеспес ақын түгіл ұшқан құс та.

Фортепьяно күйі деп ойлар еді,

Көрмеген дауысын есітіп тұрса тыста.

Обал тұрған орында сауап та бар,

Жиенқұл тең емес қой бұл байғұсқа!

Сөйлесе, қызыл тілдің шешені болған Біржан сал мен Сара қыздың арасында айтыс төл мұрамыздың мәңгі өлмес классикалық дүниесіне жатады. Ғұрпымыз бен салтымыз әманда биікте болсын!!!

0 дауыс

Атақты Біржан мен Сараның айтысы

1871 жылы 13 қазанда атақты Біржан мен Сара айтысы болды. Біржан 1831 жылы Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданындағы Қожағұл ауылында дүниеге келді. 

1894 жылы қайтыс болды. Жас шағында ағасы Қожағұлдың қолында өсті, соның тегін алды. Жастайынан әнге әуес болған Біржанның зор, әсем даусы мен ғажап импровизаторлық дарыны оны әрбір ауылдың, әрбір қазақ үйінің құдайы қонағына айналдырды. Біржанның атағы Қазақстанға кеңінен жайылды, бұл оның болашағына әсер етті. Біржан ауқатты отбасынан шыққан болатын, туған-туысқандарының «пайдалы жұмыс істе» дегеніне қарамастан, кәсіби әншінің мазасыз, құбылмалы тағдырын таңдады. 

1865 жылы Көкшетауға Омбы генерал-губернатор келеді. Құрметті қонақтың келгені әрине бұқараның назарын аудартты. Үлкен Көкшетау уезінің жан-жағынан ақындар, әншілер, балуандар, атқұмарлар тәрізді әртүрлі адамдар келе бастады. Бұл мерекеде Біржан қатты күйініп, қорлық көрді. Біржан өзінің «Жанбота» әнінде тәкәппар және дүниеқұмар басшыларға деген айбарлы наразылығы мен өшпенділігін жазады. 

Жанбота - өзің болыс, әкең - Қарпық, 
Ішінде сегіз болыс шенің артық. 
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы 
Қолымнан домбырамды алды тартып. 
Тартса да, домбырамды бергенім жоқ, 
Есерді поштабайдай көргенім жоқ. 
Қамшымен топ ішінде ұрып еді, 
Намыстан, уа, дариға, өлгенім жоқ... 

Біжан өлеңдерінен рухының өлмейтіндігі, әділетсіздік пен зорлыққа деген оның наразылығы мен күресі көрініс тапқан. Оның өлеңдері бейне немесе лирикалық толғаныс емес, поэтикалық, экспрессивтік нысанда бейнеленген нақты оқиғалар болып табылады. 

Қазақ даласын кезіп жүріп Біржан барлық жерде болып көрді, әр жерден поэтикалық шабыт алды. Бірде Ақтентек байдың ауылына кіріп Ажар деген қызына «Тентек» атты лирикалық өлең жазды. "Жаймашуақ" өлеңі де осылай пайда болған. Ал Айтбай атты қызды кездестіруі ең үздік әндердің бірінің пайда болуына негіз болды. "Айтбай" әншінің толығымен әншінің поэтикалық сипатын ашып көрсетеді, мұнда қызға тән жоғары белгілердің музыкалық сипаттамасы мен туған өлкеге деген сүйіспеншілік бейнеленген. Бұл өлеңді орындаған кезде даланың шексіздігін, толассыз әсемдігін сезінесің. 

Біржан ержеткен кезде Жетісу өлкесіндегі атақты ақын Сарамен кездесті. А.К.Жұбановтың болжамына қарағанда, олардың поэтикалық және әншілік айтысы Ешкіөлмес деген жерде өтеді. Біздің заманымызға жеткен «Біржан мен Сара айтысы» поэмасын Сараның өзі шығарған деген аңыз-әңгіме бар. Қазір айтыстың қалай өткендігін талқылау, қандай өлең айтылғандығы белгісіз, алайда бізге жеткен сипаттамалар бойынша Сара Біржанның тамаша даусын, суырып салма талантын ерекше атап өткен. Бұл айтыс ақынның атағын бұрынғыдан да арттыра түсті. 

"Біржан сал" өлеңінде әлеуметтік, азаматтық тақырып тамаша көрініс тапқан. Біржанның дарынды шығармашылығынан көірніс тапқан албырт поэтикалық тұлғасы «халық таңдаулысы» деген мағына беретін «сал» ұғымымен ұштасқан. 

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын 
Адамға зияным жоқ жүрген жанмын 
Адамға анау-мынау бас имеймін, 
Өзім сал, өзім сылқым кімге зармын! 
дейді өлеңінде. 

Бұл өлеңде әнші өзінің қоғамдық орнын түсінгендігін айтады. 

Біржанның азаматтық өлеңдерінің тууына 80-жылдардың екінші жартысында Абай Құнанбаевпен кездесуі де әсер еткен болар. Ұлы ақын, ағартушымен танысу Біржан шығармашылығына қатты әсер етті. "Біржан сал ақын" өлеңінде Абай лирикасының әсері байқалады, онда ақынның адамзаттық қасиеті, оның азаматтық парызы пен кедейдің уайымы көрініс тапқан. 

Абай поэзиясынан ләззат алған Біржан оның өлеңдеріне ән жазады. Осы кзде Біржан атақты қазақ әншісі Ақан серімен кездеседі. Біржан халық өнерінің көптеген көрнекті тұлғалармен кездеседі. Бірнеше мәрте айтысқа қатысады. 

Біржан өмірінің соңғы жылдары ауыр болды: жасымен бірге ақын мысқылдайтын кедейлік те келіп қалды, кедейлікпен бірге ауру мен жалғыздық та келді. Біржан кедейлік пен қартайғандығын байсалдылықпен, тіпті мысқылмен өткізсе, жалғыздық пен түсінбеушілік ақын үшін өте ауыр болды. Қаскөй қабырғалар оны бөліп, тұйықтанушылыққа әкеп соқты. Соңғы жылдары жазылған Біржан өлеңдерінде келмеске кеткен жастық шақ пен атақ туралы айтылады. Осының бәрі ақынның жан-жанындағы адамдарды мазалады, олар Біржанды психикалық ауру деп тапты. Соңғы үш жылда ол өзінің үйінен шықпай, 1894 жылы ауыр қайғымен қаза болды. Өлер алдында Біржан балаларына арналған «Асыл ақын» және «Теміртас» өлеңдерін жазды. 

Ұлы ақынның бостандықты сүйетін бейнесі Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсынан көрініс тапты. 

Төлебаев операсының арқасында қастықпен, кеселмен, әділетсіздікпен күрескен Біржан Қожағұлұлының қайғылы тағдыры халық жадында мәңгі сақталады.

0 дауыс

Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ең мол да ерекше саласы. Айтыс жанры қазақ ауыз әдебиетінде сапасы жағынан да, саны жағынан да ерекше орын алады. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде айтыстың бірнеше түрі бар:

1. Бәдік айтысы.

2. Жар-жар.

3. Жануар мен адамның айтысы.

4. Өлі мен тірінің айтысы

5. Жұмбақ айтысы.

6. Салт айтысы: 1) қыз бен жігіт айтысы; 2) ақындар айтысы.

7. Осы күнгі айтыстар.

 

Бәдік айтысы – айтыстың ең көне түрі. Ерте заманда адамдар мал ауруының да, адам дертінің де иесі бар деп ойлап, сол дерттен құтылу жолын іздеген. Ескі наным-сенімге байланысты дерттен құтылудың жолы – үшкіру, шақыру деп есептеген. Түрлі аурумен ауырған малды «бәдік» арқылы үркіту үшін кешқұрым ауыл жастары жиналып, кеш өткізген, өлең сөзбен малға келген індетті көшіруге әрекеттенген. Келе-келе айтыстың бұл түрі жастардың әзіл-қалжың ойын айтысына, сауық кешіне айналды.

Айтыстың көнеден келе жатқан тағы бір түрі – жар-жар ұзату тойы үстінде екімақсатпен: 1) ұзатылып бара жатқан қыздың мұң-зары түрінде; 2) ұзатылатын қызды жұбату сарынында айтылған. Жар-жар айтысының негізгі көркемдік тәсілі – пихологиялық параллелизм – екі құбылыстың ұқсас жақтарын параллель етіп қою.

Қазақ халқының өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен төрт түлік мал ерекше орын алған. Төрт түліктің адам өміріндегі маңызы халық ауыз әдебиетіндегі айтыс жанрының бір түріжануарлар мен адамның айтысында көрсетілген.

Иесі:

Шолақ сиыр, көзіңді ояйын ба?

Биылғы жыл соғымға сояйын ба?

Биылғы жыл соғымға сойып алып,

Танабайға жаяңды қояйын ба?

Сиыр:

Шиыршықтап қыл арқан ескеніңде,

Қу шолақты соялық дескеніңде,

Қу шолақты соғымға сойып алып,

Бүржекейден көремін көшкеніңді.

Төрт түліктің бірі сиыр мен иесінің айтысында адамның тұрмыс-тіршілігінің төрт түлікпен тығыз байланысты екені баяндалған.

Айтыстардың ішінде ерекше орын алатын түрі – жұмбақ айтысы. Бәдік, жар-жар, жануарлар мен адамның айтысына қарағанда жұмбақ айтысы адамның сана-сезімінің, таным-түсінігінің даму, өсу, табиғаттың әр түрлі құбылыстарын танып-білу кезінде туған. Жұмбақ айтысына «Сапарғали мен Нұржан», «Әсет пен Ырысжан», «Қожахмет пен Әубәкір» айтыстары жатады.

Айтыс жанрының ең көлемді де көркем түрі – салт айтысы. Салт айтысы ХІХ ғасырдакең түрде дамыған. Осы кезеңде өмір сүрген Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Біржан, Сара сияқты айтыс өкілдері сөз таластырып, айтысқа түскен. Салт айтысы екіге бөлінеді: 1) қыз бен жігіт айтысы; 2)ақындар айтысы.

Қыз бен жігіт айтысы той-думанда, үлкен жиында айтылған. Айтыс қыз бен жігіттің арасындағы әзіл-қалжыңға құрылған. Қыз бен жігіт айтысына «Омарқұл мен Тәбияның», «Біржан мен Сараның», «Жамбыл мен Салиханың», «Кенен мен Ләтипаның», «Сүйінбай мен Күнбаланың» айтыстары жатады.

Салт айтысының ерекше түрі – ақындар айтысы. Ақындар айтысының маңызынакадемик-жазушы М.Әуезов: «Айтыс – сөз барымтасы» деген сөзбен ерекше бағалаған. Ақындар айтысына «Сүйінбай мен Тезектің», «Құлмамбет пен Түбектің», «Шөже мен Балтаның», «Шөже мен Кемпірбайдың», «Шөже мен Орынбайдың», «Жанақ пен Шөженің», «Біржан мен Сараның» айтыстары жатады.

Ақындар әр уақытта халыққа арқа сүйеген, себебі айтыс ақындары халықтың сөзін сөйлеген, елдің мұң-мүддесін жоқтаған. Елге, халыққа арқа сүйеген ақындар өз ойын ашық айта білген, сол кезеңдегі үстем тап өкілдерінің іс-әрекеттерін батыл әшкерелеген. Мысалы, айтыс ақыны Шөже Қаржаубайұлының көзі соқыр болған екен. Соны айтысқа түскен ақындар бетіне баса берген. «Шөже мен Балта» айтысында үстем тап өкілдерінің сөзін сөйлеп отырған Балтаға Шөже:

Кем-кетік толып жатыр таз бен соқыр,

Жемтік молда алдияр құран оқыр, – дей келе:

Соқыр-соқыр дейсің де еш тынбайсың,

Соқыр десең құтылсаңшы Құнанбайдан, – деп, Құнанбайдың соқырлығын, Алшынбайдың таздығын өлтіре сынайды.

Айтыстың мәні мен маңызы туралы С.Мұқанов: «Айтыс – ат бәйгесімен пара-пар», – деп ерекше бағалаған.

Қазақ халқының ақындар айтысының ішіндегі ең үздігі – «Біржан мен Сара» айтысы. «Біржан – Сара» айтысы айтыстың екі түрін де: қыз бен жігіт айтысын да, ақындар айтысында қамтиды. Айтыс ақындары Біржан да, Сара да тарихтан белгілі, көпке мәлім адамдар болған.

Сара Тастанбекқызы – Жетісу өңірінен шыққан, әнші, ақын, күйші, сауықшыл қауым ортасында өскен, жастайынан домбыра алып, ән салып, «домбыра ап он үшінен сөз сөйлеген»талант иесі болған. Сара Тастанбекқызы – талай ақындармен сөз жарысына түсіп, оза шауып бәйге алған ерен жүйрік ақын. Бұл туралы Сараның:

Белгілі қанша жұртқа атым – Сара,

Ішінен ер Қаптағай шықтым дара.

Домбыра ап он үшімнен сөз сөйледім,

Келемін бір сүрінбей жеке-дара, – деген сөзінен көруге болады.

Біржан сал Қожағұлұлы – Көкшетау өңірінде туып-өскен, Ақан, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Естай сияқты өнерпаздарды тәрбиелеп шығарған танымал тұлға. Біржан – қазақ халқының кемеңгер, үздік әнші, ақыны. Ол ұлы Абаймен кездескен, пікірлес, сыйлас болған. Біржан Сарамен айтысында Абайды пір тұта, мақтан ете сөйлеген. Біржанның Сарамен айтысы бүкіл халық игілігі, халықтың сүйіп тыңдайтын өлеңі болған. Біржан Жетісу өңірінеаты шыққан ақын Сараны арнайы іздеп келіп айтысқан.

Бұл үйде Сара бар ма шықсын бері,

Ауылында Тұрысбектің өлер жері, – деген Біржан сөзінен айтыстың Тұрысбек ауылында өткенін көруге болады. Өнері мен ақындығы жағынан Біржанға тең түскен Сараның осал жері ұзатылатын күйеуінің кемтарлығыеді. Біржан да Сараны осы жерден сүріндіреді. Сара ол туралы:

Арғынға дес бермеген есіл тілім,

Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім, –

деп, жеңілгенін мойындаған. Сара күйеуінің кемтарлығын

Көрінсін Біржан салға ай секілді,

Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді

Ұсынса, қол жетпейтін арғымағым,

Біржанға баламаймын тай секілді...

деп, ирония мен сарказмды шебер пайдалана отырып тілге тиек еткен.

Айтыста екі ақын да өздерінің сөз шеберлері екенін көрсете білген. Өздерін таныстыру барысында: «Қырандай желді күнгі аспандаймын», «Мойыным сұңғағындай жүзген қудың», «Лебізім шырынындай шәрбат судың», «Тамағым жас баланың білегіндей», т.б.теңеулер мен «Ақиық мұзбалақпын жерге түспес», «Найманда екі жүзді наркескенмін», «Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын», т.б. метафораларды тиімді қолданған.

«Біржан мен Сара» айтысының тақырыбы – әйел теңдігі, қазақ әйелдерінің бас бостандығы. Осы тақырыпты батыл көтерген Біржан Сараның басына бостандық алып береді.

«Біржан – Сара» айтысы құрылысы жағынан да, түрі мен мазмұны жағынан да салт айтысының ең биік шыңы болып табылады.

Осы күнгі айтыстар жаңа заманға лайық сөз саптауымен, тақырыптық жаңалығымен, жарасымды әзіл-қалжыңмен ерекшеленеді. Осы күнгі айтыскер ақындар: Балғынбек Имашев, Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаев, Айнұр Тұрсынбаева, Дәулеткерей Кәпұлы, Ринат Зайытов, Ақмарал Леубаева, Сара Тоқтасынова, т.б.

0 дауыс

Біржан мен Сара айтысы – өзінің құрылысы мен мазмұны жағынан болсын, көркемдігі жағынан болсын, қазақтың ақындар айтысының ішіндегі үздігі. Біржан мен Сара айтысы айтыстың екі түрін де (қыз бен жігіт айтысы, ақындар айтысы) толық қамтиды. Бір жағынан, бұл шаршы топта сөз таластырған саңлақ ақын жігіт пен шешен ақын қыздың дарынды айтысы болса, екінші жағынан, ру атынан сөйлейтін екі ақынның да айтысының үлгісі болып саналады.

Біржан да, Сара да – көпке мәлім, тарихта белгілі адамдар. Біржан сал Қожағұлұлы бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданында 1834 жылы туып, сол жерде 1897 жылы қайтыс болған. Біржан жас шағынан әнге, өлеңге әуестенеді. Өнер жолына түскен табиғи талант иесі көп ұзамай-ақ, әнші ақын, сал Біржан деген атаққа ие болады. Ел аралап, ән салып, айтысқа түсіп, ойын көркі, той көркі атанады. Арқаның ардагер әнші-композиторлары Жарылғапберді, Ақан, жаяу Мұса, Балуан Болақ, Естай сияқты өнерпаздар Біржанның әншілік мектебінен шыққан. Біржан көптеген ән шығарды. Оның «Көкшетау», «Жанбота», «Ләйлім шырақ», «Адасқақ», «Жамбас сипар» сияқты әндері – қазақ музыка мәдениетінің алтын қазынасына қосылған үздік туындылар.

Біржанның басқалардан ерекшелігі – ол жай ақын ғана емес, сонымен бірге әнші де. Оның даңқы – әуелде әнмен жайылған адам. Бірақ ол – әнді әрі шығарушы, әрі тамаша орындаушылығымен қатар, әніне лайық сөз өрнегін, бояуын таба білген ақын да. Біржан мен Сара айтысындағы асқақ, өр сөздердің түп-тамыры да осы қысқа-қысқа ән мәтіндерінде жатыр. Біржанның Сарамен айтысы – бүкіл халық игілігі, халықтың тамаша сүйсініп тыңдайтын өлеңі болады.

Сара Тастамбекқызы бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданында туған. «Тұрмыстан туысымен таяқ жедім» деген Сара жастайынан әкесі қайтыс болып, жоқшылық тақсіретін тартады. Ән мен күй, асқақ жыр өнерлі Сараны ынтықтырып, оны өз биігіне бастайды. Сара талай белгілі ақындармен сөз сайысына түскен, талай жүйріктерге алдырмаған.

Біржан мен Сара айтысының тақырыбы – әйел теңдігі. Айтыста феодалдық заманның қатал да ащы шындығы бейнеленген. Қазақ әйелдерінің аянышты, қайғылы халі суреттелген. Қалың мал – қазақ әйелдерін шырмаған ескіліктің мықты торы, айтыста сол қырсықты ескі әдет-ғұрыпқа, салт-санаға наразылық білдіріледі. Біржан Сараның осындай аянышты халіне күйінеді. Ақын қыз сол кездегі әйелдердің ауыр тұрмысын, әйелді тұтқын еткен дін тұзағына да наразылығын білдіреді.

Айтыстың негізгі өзегі әйел бостандығы болса да, мұнда айтыстың дәстүрлі әдісі бойынша, өз рубасыларын, би-болыстарын дәріптеу, мадақтау сияқты қайшылықтар да кездеседі. Соның өзінде де Біржан сөздерінде жаңа бағытқа аз да болса талпыну бары байқалады.

Халық айтыстары, негізінен, екі ақынның бір-бірінің қай жағынан болсын кемшілігін табуға құрылады. Бұл әдіс Біржан мен Сара айтысында да бар. Біржан Сараны сүріндіру үшін оның күйеуінің нашарлығын тілге тиек етеді. Ақыры, сол Жиенқұлдың айналасынан ұзатпай, Сараны жеңеді.

Екеуі де айтыста өздерінің адамгершілік, ақындық сипаттарымен көрінеді. Біржан да, Сара да – үздік өнер иесі. Бір-бірінің бойындағы осы қасиеттерді қапысыз тани біледі. Өлшеусіз талант, әрі әнші екі саңлақтың шешен сөздері – өзінің көркемдік жағынан бүгінге дейін үлгі. Бұл айтыстың сөздері анықтық, тазалық, дәлдік жағынан, көркемдік, сұлулық жағынан да қазақ әдебиетінің төрінен орын алады.

0 дауыс

Біржан Сал Сара

Біржан мен Сара айтысы — айтыс өнерінің озық үлгілерінің бірі. Айтыс 1871 ж. қазіргі Алматы обл-ның Қапал-Ақсу өңірінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1898 ж. Қазанда “Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады. Кейін Зайсаннан 2-нұсқасы табылып, “Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны” деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. Айтыстың алғашқы нұсқасы — 969 жол, 2-нұсқасы — 1080 жол. Әріп Тәңірбергенұлы жазған тағы бір нұсқасы 1907 ж. жарық көрді. 1918 жылға дейін бұл үлгілер сегіз рет, Кеңес өкіметі тұсында он бір рет жарияланды. Сөйтіп, ел ішіне жазбаша да, ауызекі де таралып келді. Айтыстың жарық көруіне, таралуына, өңделіп сарапталуына Сара, Жүсіпбек қожа, Әріп ақын елеулі үлес қосқан. Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, адамгершілік пен әділдікті, шындықты өзекті де әлеум. тақырып етіп көтереді. Екі ақын өздері тұрған екі өңірдің жақсы-жайсаңдарын кезекпе-кезек сараптай отырып, олардың сан алуан адамгершілік қасиеттері мен келеңсіз іс-әрекеттерін жайып салып, оларға халық талабына сай келетіндей баға беріп отырады. Сонау қияндағы Сарыарқадан Сараны жеңемін деп Жетісуға келген Біржан сал ә дегеннен амандасу рәсімінің өзін бойында дос тұрмақ дұшпан кемітер бір міні жоқ сұлудың, шебер ақын, шешен қыздың бетін қайырып, жігерін жасытып алуға пайдаланбақ болады. Бірақ білімді де ақылды қыз Хауа анаға Адам атаның өзі келгенін “Хиссас-ул-Әнбиядан” оқып білгенін дәлел етіп ұсынады. Мұндай жауапты күтпеген Біржан қатты тосылса да, сөз кезегін әрі қарай жалғастыра береді. Қос жүйрік бұдан әрі жалпы ақындық өнер, адам бойындағы сан алуан қасиеттер, ел дәстүрі, байлық, салтанат, ел басшыларының іс-әрекеттері секілді мәселелерді сөздеріне арқау етеді. Айтыс алғашында рулық бағыт алса да, кейін дәстүрлі арнадан ауытқып, жүйелі өнер сайысына, көркем де кестелі сөз жарысына айналады, қазақ қоғамындағы әлеум. қарым-қатынастың адам өміріне әсері, тұрмыстың мән-мазмұны филос. ой-толғамдармен қосыла өріліп, өз нақышын тауып жатады. Айтыста халқымыздың әдептілік пен әсемдік туралы пікірлері, эстет. талғам-талаптары кең көрініс тапқан. Осының бәрі Б. мен С. а-ның 19 ғ-дағы қазақ халқының болмыс-тіршілігін жан-жақты суреттейтін көркем туынды екенін айқын аңғартады. Б. мен С. а. атақты екі ақынның арасындағы сөз айтысы ғана болмай, айтыс өнеріндегі көркемдік қуаты, тіл бейнелілігі жағынан ерекше эстет. талғам биігінен көрінген айтыстың үздік үлгісі ретінде қазақ ауыз әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады. Айтыс негізіндегі Қ.Жұмалиевтің либреттосы бойынша 1946 ж. М. Төлебаев “Біржан — Сара” операсын жазды.

М. Жармұхамедұлы

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том

...