+1 дауыс
599 көрілді

Егер де қазақ тіліндегі "-дар, -дер, -тар, -тер, -лар, -лер" деген көптік жалғаулардан тек қана "-лар, -лер" жалғауларын, қалдырып көрсек (мәселен: балалар, мектеплер, оқулықлар, қаламлар және т.с.с); содан кейін "-дық, -дік, -тық, -тік, -лық, -лік" жұрнақтарынан тек қана "-лық, -лік" жұрнақтарын қалдырып көрсек (мысалы: қалалық, ауыллық, оңтүслік, солтүслік және т.с.с); содан соң "-ды, -ді, -ты, -ті, -лы, -лі" жалғауларынан тек қана "-лы, -лі" жалғауларын қалдырып көрсек (мысал үшін: қайыңлы, ақыллы, байсаллы, жүреклі және т.с.с.) не болар екен деп ойлайсыз? Оның үстіне, болжалды келер шақтың "-ажақ, -ежек" формаларын қосып көрсек (мәселен: Он пойдет завтра домой - Ол ертең үйіне баражақ); етістіктің жекеше II-ші жақ бұйрық райының -"ғын, -гін, -қын, -кін, -ың -ің" қосымшаларын қосып көрсек (мысалы: Далаға шыққын, Теледидарды қосқын, Үйде отырың, Менімен сөйлесің) не болар екен деп ойлайсыз? Бұл қазақ тілінің реформасы ретінде қарастырыла алады ма әлде жай бір қиял ретінде қалады ма?

1 жауап

0 дауыс

Айман Жанабекова

Құрметті Бейбіт мырза! Жоғарыда қойып отырған сұрақтарыңыз қазіргі тіліміз үшін реформа жасау қажеттігін тудырмаса да, мәселе логикалық тұрғыдан дұрыс қойылып отыр деп ойлаймын. Қазақ тілі басқа түркі тілдеріне қарағанда қосымшалардың варинаттарының көптігімен ерекшеленеді. Сіз көрсеткендей, -лар/лер көптік жалғауы, мәселен, түрік тілінде осы бір ғана вариантта жалғанады. Осы тұрғыдан түрік тілін үйрену үшін қосымшалардың варианттарының аз болуы, әрине, тиімді болуы мүмкін. Алайда ғасырлар бойы этникалық топтардан бөлініп, жеке ұлт болып қалыптасқалы бері тіліміз басқа түркі тілдерінен осындай тілдік заңдылықтар бойынша ерекшеленіп, дамып, қалыптасты. Қазақ тілінде дыбыстардың үндестік заңы өте күшті дамыған. Қатаңнан кейін қатаң дауыссыздан басталатын қосымша, жуан буыннан кейін жуан буынды, жіңішке буыннан кейін жіңішке буынды қосымша жалғанады. Қатаң дыбысқа біткен сөзге дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанса, түбірдегі қатаң дауыссыз дыбыс ұяңға айналады. Мысалы, кітап кітабы, парақ парағы т.б. Бұл қазақ тілінің өзіндік дәстүрлі жүйесі, ғасырлар бойы қалыптасқан тілдік заңдылығы. Тіліміздің шұрайлылығы мен көркемдігі де осы әуезділігімен байланысты. Ал енді -ажақ, -ежек жұрнақтары - қазіргі әдеби тілімізде қолданылмағанмен, бұл тарихи ескерткіштерде қолданылған көне формалар. Олар қазірдің өзінде белгілі бір территориялық аймақтарда кездеседі, яғни диалектілік ерекшелік болып табылады. Сол сияқты бұйрық райдың екінші жақ тұлғалары (-ғын/гін, -қын/кін, -ың/ің) да көнеріп, қазірде кейбір аймақтарда әлі күнге дейін қолданылады. Алайда бұл формалар қазақ тілі грамматикаларын оқытқанда тарихи тұрғыдан көне тұлғалар ретінде аталғаны болмаса, тілдік жүйеде көрсетілмейді. Мұның өзі аталған тұлғалардың, шын мәнінде, қазіргі тіл қолданысынан шығып бара жатқандығын көрсетеді. Олар жергілікті тіл қолданыстары, қазақ тілінің белгілі бір тарихи кезеңіне тән ерекшелік ретінде сақталып қалады. Тілімізде мұндай көне тұлғалар ғана емес, кезінде актив қолданыста болып, біртіндеп пассив қабатқа өткен қаншама көнерген сөздеріміз бар. Олардың барлығы осы күні түсіндірме сөздіктерде, тарихи сөздіктерде беріліп, қазақ тілінің сөз байлығы ретінде танылады. Алайда олардың барлығын қазіргі тілімізге қайта алып келіп, қазіргі тілімізде қалыптасқан сөздерді көне нұсқасы бойынша алмастырып қолданып, реформалаудың қажеттілік тудырмайтындығын атап айтқымыз келеді.

http://www.mtdi.kz/audarmashyga-komek/suraq-jawap

...