«Аңсарымыз ауған нәрселер үшін ақша әрдайым табылады. Біз тек қажетті және пайдалы үшін ғана сараңбыз». Оноре де Бальзак
Менің екі танысым бар. Екеуі бір мекемеде жұмыс істейді, жалақыларының көлемі де бірдей. Бірақ біріншісінің тұрмысы жақсы. Жақсы киініп, тамақтанады, жиі көлік ауыстырады, түрлі үйірмелерге жазылуға ақша табады, жалпы алғанда өміріне қанағаттанады. Екіншісі - айдың екінші жартысында, әсіресе соңына қарай қара су мен қара нанға өмір сүретіндей жағдайға жетеді. Келесі айда жалақысын ала салысымен қажеттілігіне жаратып, қарыздарын төлеп, айлық табысын апта ішінде жұмсап жібереді. Содан соң сценарий бойынша қара нан мен қара су қайта келеді.
- Неге үнемі осылай? - дейтін ол қамыға. - Мен тек болмайтын ұсақ-түйекке ғана шығындаламын, барлық ақша қайда кетеді?
Расында, ол гауһар тас алған жоқ, қымбат техника мен жиһазға да жоламады. Оның барлық бюджетін қалайша ұсақ-түйектер «жеп» қоюы мүмкін? Оның шығындарын сәл тереңірек қарастырғым келіп, қасында бір күн жүріп, бюджетіндегі «қылмыскерлердың» кім екендігін анықтап, зерттеп көрдім.
Анықтағаным, басты шығындарының бірі - ұялы байланыс. Біздің кейіпкеріміз көрші кабинетіндегі құрбысына ұялы телефонмен хабарласып, түске дейін кемінде 30, түстен кейін 30 минутын әр нәрсені әңгіме етуге жұмсаған. Астанада қызмет ететін құрбысына шалынған қоңырау да 1 немесе 1,5 сағатқа созылады екен. Әрі ең қымбат тарифке қосылған. Оны өзі де білмейтін болып шықты. Маған бірліктері тез бітетінін айтып шағымданды. Бірліктерді кеңсе алдындағы терминалдан салады екен. Әр салған сайын 40 теңге комиссия төлейді. Дәл сол телефонмен қанша уақыт ғаламтор кеңістігінде отыратындығына да назар аудардық. Телефонының қуаты біткенше интернет қосулы тұрады екен. WhatsApp, Viber сынды мессенджерлер үнемі қосулы. Кейіпкеріміз оларды тек достарымен әңгімелесу үшін ғана пайдаланады. Жұмысында Wi-Fi бар екендігі оның ойына да кіріп-шықпаған. Нәтижесінде әжептеуір сомадағы ақша телефондағы ермегінің құрбаны болды. Әрі қымбат смартфон несиеге алынған екен. Ай сайын оның несиесін төлеу қажет. Есептеп көрдік, кейіпкеріміз ұялы телефонға бірлік салуға, интернет топтама алуға, ай сайынғы телефонның несиесіне 30 000 – 35 000 теңге аралығындағы соманы жұмсайды екен. Өзі телефон шығындарын ешқашан есепке алып көрмепті. Қызметінің тым қарбалас емес екендігін ескерсек, соншалықты қымбат телефон мен қоңыраулар мен интернетке соншалықты қаражат құртудың қажеті шамалы еді.
Шығындарының екінші бір бөлігін үйіне барып, түбіртектерді зерттеп көргенде білдік. Кинотеатрға жиі баратынын, қажет видеосын интернеттен көретінін, теледидарды мүлдем қарамайтындығын ескерместен ол өте қымбат кабельдің пакетіне қосылған. Бұл не үшін деген сұраққа, бәлкім қажет болып қалар деген ғана жауап алдық. Әрі ай сайынғы төлемдерді уақытылы төлемегендіктен өсімақымен, кейде телефонды ажыратып тастайтындықтан қайта қостыру үшін қосымша шығындармен төлейтін болып шықты. «Түбіртек» шығындарына ай сайынғы міндетті төлемнен бөлек, 10 000 теңгеге дейін артық шашылады екен.
Үшінші «жаңалық» бізді ас үйді күтіп тұрды. Біздің көзімізше кранда ағып тұрған суды ұмытқан күйі, ол жарты сағатын телефонмен сөйлесуге арнады. Әрине, суды өшірдік, осы арқылы оның ресурстарын үнемдемейтін зиянды әдетінен хабардар болдық. Біз пәтерге келгенде жарық та барлық бөлмеде жанып тұрады. «Өшіруді жиі ұмытып кетемін» деген жауап алдық. Әрі тоқ көзіне сұғылатынның көпшілігі қосулы тұрды. Есептеп көргенде осы айға 18 500 теңге су мен жарыққа төлеуі тиіс болды. Бір ғана адам тұратын пәтерде әрі жаз кезінде мұнша сома төлеу шынымен де салақтық. Үнемдесе 5000 теңгеден асырмауға болады. Домофон, подьезді тазалу т.б шығындарды алып тастағанда біз 10 000 теңгені артық шығын деп есептедік.
Бюджеттің тез «жоғалуына» себепші болған тағы бір обьекті - зиянды әдеттер, темекі және алкоголь. Танысым бұларды жиі тұтынады әрі тура үйінің жанындағы дүкеннен алады екен. Ақыры құмарсың ба, онда көтерме сатып алып қойып тұтын. Біздің есептеуіміз бойынша, егер мұның барлығын көтерме түрінде сатып алса кемінде 20 000 тг. үнемдеуге болады. Танысымның алкоголь мен темекіге жұмсайтын ай сайынғы шығыны 15 000 теңге болды. Бұларды мүлдем қойса, ай сайын осынша сома қалтасында қалатын еді.
Бесінші пункт. Оны кез-келген қазақстандық тұрғын «бюджет қылмыскері» ретінде қарастырмауы да мүмкін. Комиссиялар... Ұялы телефон үшін, коммуналды қызмет үшін, әр қадам басқан сайын комиссия. Біз бұлардан қалай құтылуға болатындығын анықтап көрдік. Танысым төлемдерді банкке барып немесе көшедегі терминалдардан төлейді екен. Комиссиясыз төлем жасау мүмкіндік беретін қызметтер туралы білмейтін болып шықты. Кейіпкеріміз осы айда 11 рет ұялы телефон, 2 рет коммуналдық қызмет үшін, 1 рет айыппұл төлегендіктен 3000 теңге комиссия төлепті.
Коммуналды және басқа да түрлі қызмет көрсету түрлерін комиссиясыз орындауға болатын пайдалы ұсыныстар болғанымен, көп адамдар бұл мүмкіндікті пайдалана бермейді. Нәтижесінде жалпы Қазақстан халқы комиссия төлеу үшін ЖЫЛЫНА 20 МЛРД ТЕҢГЕ жұмсайды. Мұның қаншалықты үлкен сома екендігін ойланып көріңізші. Егер сіз комиссиясыз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін сервистерді пайдаланғанда, ақшаңыз қалтаңызда қалар еді. Комиссиясыз төлем жасауға мүмкіндік беретін сервистерді іздеп көріңіз.
Бюджет «қылмыскерлерінің» 7 пункті- азық-түліктер. Кейіпкеріміз азық-түлікті де қалаған уақытында үйдің жанындағы дүкеннен алады. Апталық азық-түлік тізімі дегенді көрмедік. Сауда орындарынан, супермаркет пен жәрмеңкелерден 2 есе үнемдеп, аптасына бір рет сатып алуға болатын болса, күн сайын қымбат және сапасы жағынан сенімсіз өнімдерді алудың қандай қажеті бар? Барлығын түсінген кейіпкеріміз жәрмеңкеге барып, себетін толтырып қана қоймай, 1-2 күнге жұмсағанын қалай бір аптаға жеткізуге болатындығына таңғалып қайтты. Ай сайынғы артық шығыны 16 000 теңге.
Бюджеттің ғана емес, сымбаттың да зиянкесі болған жетінші пункт-фаст-фуд. Біздің кейіпкеріміздің түскі тамағы фаст-фуд болып шықты. Мұның қымбат әрі зиянды тағам екенін түсіндіруге тырыстық. Әрі естептеп көрдік. Осы айда 9000 теңгесі фаст-фудқа жұмсалған.
Бюджеттің келесі зиянкесі айыппұлдар. Танысым көбіне жол ережесін сақтамайды. Салдарынан ай сайын кемінде 1 айыппұл алады. Осы айда 9000 теңге айыппұл төлепті. Артық шығындарды есептеп, танысымның осы айда 102 000 теңгені желге шашқанына куә болдық. Жалақысынан 58000 теңге ғана келесі айға қалтасында қалды. Мұндай жағдайда келесі айға дейін қарызданбауға амал жоқ. Танысым артық шығындарын есептеп, басын ұстап ойланып қалды. Бірден үйінің ішіне «Суды өшір», «Жарықты үнемде», «Коммуналдық қызметтер үшін уақытылы төле» ескертулерді іле бастады. Сосын бірден интернет арқылы тегін төлем асайтын сервистерді іздей бастады. Ал, ұялы телефонын сауда-саттық сайттарының біріне сатуға қойды. Арзанырағын алып, несиесін жауып, әрі артық сөйлесулерді қысқартпақ. Өзі артық шығынның болуы көп нәрсені ойланбастан істеу мен салақтықтан деп қорытынды жасады. Шынымен де әр нәрсеге ұқыпты қарау, уақтылы орындау артық шығыннан сақтайды.
Алдын-ала айтып қоялық. Үнемдеуді қажет етпейтін заттар да болады. Бұл тізімге спортты, денсаулық пен білімді жатқыздық. Бұлардан үнемдеудің қажеті жоқ. Танысым, шығындарын қысқартып, қаражатының бір бөлігін осыларға жұмсай бастауды шешті. Қазірше біздің кейіпкеріміз өзі тудырған қаржылық дағдарыстан құтылғалы бері өміріне қанағаттанумен келеді. Сіз де тырысып көріңіз.
Автор: Ербол Азанбек
Ақпарат көзі: http://forbes.kz/process/byudjett_tonaushyilar