Кітап, Әдебиет | 4.2k қаралды
Ахмет Байтұрсынов туралы шығарма қажет?

2 жауап

Белгісіз
Жоспар I.Кіріспе бөлім: 1. Тұтас буынның төлбасы -Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы. а) Жастық шақ , алғашқы қадам. II. Негізгі бөлім: 2. Ахмет Байтұрсыновтың педогогикалық көз қарасы мен үлесі. а) Қаламгердің көсемсөзі б) «Оқу құрал» еңбегінің тілдік және педогогикалық қырлары. III. Қорытынды бөлім: а) Ұрпақпенен жалғасып Тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы, ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды-ақын аудармашы Ахмет Байтұрсынов қазіргі Қостанай облысы, Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде, ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы 18-қаңтарда дүниеге келген.Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды туған баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп толқытады. Әділетсіз өмірдің улы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды. Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас қорлық зорлыққа шыдамай,1885 жылы 12-қазанда ояз начальнигі полковник Яковлевтің басын жарады. Мұның арты дүние- мүлікті тартып алу, түрме, абақты, Сібірге он бес жылға жер аударылумен тынады. Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары әуелі көзі қарақты адамдардан өз үиінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-1891 Торғай қаласындағы екі класты орысша қазақша училищеде,1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып білім алады.1895 жылдың 1- маусымынан бастап мұғалім болады. Ақтөбе, Қостанай,Қарқаралы, атырабында бала оқытады, өмір, тіршіліг күресіне араласады, әділет үшін күреседі, жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылық саясатын айыптайды. Ауылдық, болыстық, кейін екі класты мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жазады, аударма жасап, өлең - жыр шығарады, ауыз әдебиеті (фольклор) нұсқаларын жинайды.Оқыған, еркін мінезділігімен, батыл да ойшылдығымен ел ішінде бедел атағы өсе бастайды. Полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкийдің жарлығы бойынша Қарқаралы екі класты училищесінің меңгерушісі Ахмет 1909 жылы шілденің 1- і күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан-нақақ 8 ай бойы азап- қорлық көріп торығады, қинала жүріп ширайды, ақары күреске белді бекем буады. Бостандықты аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазады. Ақыры, Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан, 1910 жылы 21- ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынов өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезендер басталып кетеді. 1913-1918 жылдар арасында (қазақ) газетінде редактор болып, орасан зор әлеуметтік тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан алуан көкейкесті мәселелерін көтеред, елді прогреске, өнер білімге үндейді . Ұлы ғұламаның ғалымдық, ақындық, қайраткерлік істері өз заманында аса жоғары бағаланған.Қазақ ортасы түркі әлемі ғана емес орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың орны ерекше.Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнын, оның әлеуметтік қоғамдық істерін бағалап, өз кезінде дұрыс көрсеткен адамдардың бірі Сәкен Сейфуллин. «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген мақала жазған. Алаш қозғалысы түсында ( 1918-1919 жылдың басы) Ахмет Байтұрсынов та жаңа өткел, соңы өріс іздейді. Азапты толғаныс, өзгеру эволюциясынан өтіп барып,1919 жылдың наурыз айында бұрынғы ұлт ителлигенциясының көптеген өкілдерін өзіне ілестіріп, Кеңес өкіметі жағына өтеді. Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери Революциялық комитеттің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласады. Респблика халық ағарту комиссары, Бүкілодақтық Ортлық Атқару Комитетінің мүшесі, Қазақстан Академиялық Орталығының жетекшісі, Ташкент, Алматы жоғары оқу орындарында профессор болады. Әділет нормалары бұзылып, сталинизм қылышынан қан тамған кезеңде Ахмет Байтұрсынов әуелі 1929 жылы бір ұсталып, абақтыға қамалады да, лагерьде ұзақ азап көріп, одан1936 жылы қайтып келгенмен,1937 жылы тағы репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылады. Қаламгердің көсемсөзі. Ахмет Байтұрсынов бай педогогикалық мол мұра қалдырды. Ахмет Байтұрсынов өзінің ғылыми педогогика тәрбие процесінің ерекшеліктерін негізгі кезеңдерін басқа құбылыстармен байланыстырып қарастырады.Олардың заңдылықтарын анықтайды. Ғылыми философия құлықтық және эстетикалық тәрбиеге байланысты мәселелер зерттеуде педогогика этикамен, эстетикаға ал оқыту мен білім беру проблемаларын зерттеуде таным теориясына сүйенеді. Педогогика ғылымы философиялық білімді басшылыққа алып, тәрбиенің теориялық және практикалық мәселелерін шешуге үлесін қосады. Ахметтің жастарға ұсынған адамгершілік жолы адалдық және ғылымды игеру. Ол үшін жастарды адал еңбек етуге, өз мінін өзі көріп түзете білуге шақырады, бар білмнің түп төркіні ақыл деп қорытындылайды. Ахмет Байтұрсыновтың қазақша әліппе жасауы, араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін жұртымыздың образды ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып өз топырағымыздан тауып, оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс жүйесін «фонетика», қалыптастырып шығарған ұлы еңбегі педогогикаға қосқан үлесі екенін көруімізге болады. «Ахметтің Октябрь төңкерісіне шейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі сықылды орындарда оның еңбегі мол ... Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам - Ахмет. Ахметтің бұл тарихы еңбегі бағаланбай қалмақ емес. Бұны пролетариат та бағалайды»,- деп жазды Сәбит Мұқанов. Ғаббас Тоғжанов пікірі де осымен сабақтас: «Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілеріде қадірлей біледі, сөзін оқып сүйсінеді». 1929 жылы 5-мамырда Ахмет Байтұрсыновтың өз қолымен жасап берген «Газет және журналдарда жарияланғаннан басқа ғылыми, ғылыми -методикалық еңбектердің тізімі» деген құжат ҚазПУ архивінде сақталған.) «Тіл – жұмсар» деген еңбегінде оқушыларға практикалық граматиканы үйретеді.Сонымен қатар жастарға арналған «Әліппе», «Сауат ашқыш» (ересектер әліппесі), «Әліппе-астар»(әліппеге методикалық нұсқау),«Қырық мысал» (Крылов мысалдары аудармасының жинағы), «Маса» ( төлтума және аударма өлеңдер жинағы),«Оқу құрал» хрестоматия (нұсқалық)- Шонановпен бірлесіп жазылған. Бұлар ерекше мәні бар материалдар деп білеміз. Кезінде М. Әуезов ауызға алған, қазір кейбір зерттеушілер айтып жүрген «Мәдениет тарихы» деген дүние көрсетілмеген, яғни өкінішке орай, ондай жұмыс жарық көрмесе керек. Өз қолымен жазған «Өмірбаянында» ( 1929, 8-наурыз ) Ахмет Байтұрсынов былай дейді : «Орынборға келгеннен кейін, біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттеумен; екіншіден, қазақ алфавитін (шрифін емес ), орфографиясын жеңілдету және реттеу үшін реформа жасаумен; үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен; Ақыры, ен соңында, төртіншіден, проза ( іс қағаз, публицистика, ғылыми жазба тіл) тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздеріне термин жасау арқылы халықтың жанды тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған оқулықтар және өзім редакциялаған «Қазақ» газеті арқылы іске асты». Бұл жолдарда ғалымның өмір бойы жасаған істері тиянақты, жүйелі түрде айтылған. Ахмет Байтұрсыновтың тіл білімі саласындағы еңбектерін саралау, жүйелеу, оларға тарихи тұрғыдан баға беру тілші ғалымдардың еншісіндегі зор жауапкершілігі бар іс. Көп жылғы көзжұмбаудан, қиянаттан арылатын кез келді. Шолу түрінде көз жүгіртіп, атүсті қарағанның өзінде, толып жатқан мына шындық алдыңнан шығады. Бірер мысалдарға жүгінелік. «Тіл құрал» Дыбыс жүйесі мен түрлері.І-тіл танытқыш құрал» « Тіл адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниедегі адамдар тілінен айырылып,сөйлеуден қалса,қандай қиындық күйге түсер еді, осы күнгі адамдар жазудан айырылып,жаза алмайтын күйге ұшырыса,ондағы күйі де тілінен айырылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз –жазу заманы, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман...» Бұдан кейін жазуға үйрету, хат таныту мәселелері сөз болады.Қазақ мектептеріндегі оқыту жайын,олардың қиындықтарын тартып айта келіп, автор өзінің әдістерін ұсынады. Жалпы ғылыми мәні бар пікірлерді де айтап отырады. Мына тұжырымға көңіл бөліп,ой жүгіртіп көрелік: -Дүниедегі жұрттардын тілі үшке бөлінеді: 1. Түбіршек тіл. 2. Жалғамалы тіл. 3 Қопармалы тіл. 1 Түбіршек тіл - түбкі қалыбынан өзгерілмей жұмсалады,мәселен қытай , жапон тілдері. 2.Жалғамалы тіл- сөздің аяғына жалғау қосылып өзгертілетін тіл, мәселен түрік ,финн тілдері. 3 Қопармалы тіл - сөз түбірімен қопарылып, өзгертілетін тіл, мәселен орыс тілі, араб тілі. Ал « Біз де тіліміз бүлінбей сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан сон басқаша оқытуымыз тиіспіз.Қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерінде үйрету керек» деген пікірлер ешқашан өз маңызын жоймақ емес. « Сөздердің кейбіреуі нәрсенің өзін айтады мәселен, жер, тау, су,ағаш, шөп, жапырақ, күн, ай, жұлдыз, бұлт, қар, жаңбыр, жел, бу, сағым, кісі, мал, аң, құс, бақа, шаян, шыбын, біркей, құрт, құмырсқа, қала, ай, төсек -орын, аяқ- табақ, киім, қазан- ошақ, арба, шана, жеміс, бақан, сойыл, құрық, таяқ, табақ, асық, топай, доп, қобыз, домбыра, сыбызғы, ақша, киіз, қадақ, мылтық, найза, қылыш, қанжар, оқ, Осындай нәрсенің өзін айтатын сөздерді зат есім дейміз. Зат есім туралы «Кім?» «Не?» деп сұраймыз. «Кім?» деп адам туралы сураймыз. «Не?» деп басқа заттар туралы сураймыз» Осындай тілдік ұғымдар берілген анықтамалардың дәлдігі, ғылыми тереңдігі түрлі категорияларды сұрыптаған, жіктеген кезде, оларға қазақша термин, атау берген кездерде, тіпті айқын көрінеді. Қазіргі қазақ тілі ғылымының түп қазық ойлары тіпті әріде жатқанын, оларды бірінші болып Ахмет Байтұрсынов тұжырымдағанын көреміз. Табиғаттың санадан тыс тәуелсіз өмір сүруді өмір ақиқатын түйсік пен қабылдануын адамдар жаратылысының бірдей еместігін түсіндіреді. Қорытынды бөлім: Ұрпақпен жалғасып Кеңес дәуірінде Ахмет Байтұрсынов есімін атаудың өзі қылмыс саналса, еліміз тәуелсіздік туын тіккеннен кейін халқымыз өзінің ұлы перзентімен қайта табысып отыр.Тау сілеміндей мол мұра оқырман қолына тие бастады.Қазақстан Республикасының арнаулы қаулысы бойынша республикамыздың әр жерінде шаруашылықтарға, мектептерге, көшелерге және Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының Тіл білімі институтына Ахмет Байтұрсынов есімі берілді. Сөйтіп, тарихи әділет, шындық салтанат құрды; халқының бостандығы, тәуелсіздігі, еркіндігі үшін тар заманда жан аямай күрескен ұлы замат Ахмет Байтұрсынов ұлт күрескерлерінің сапына келіп қосылды.
Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Бұрынғы ескі-ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды.

Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді.

Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн,
Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін,
Тартады аққу көкке, шаян кейін
Жұлқиды суға қарай шортан шіркін.

Аудармада мін жоқ, мүдірмей, тұтықпай, есіліп-төгіліп тұр. Ендігі кезең оқырманына қатысты жаңа ой, соны пікір, толғаулы сөзді ақын өз жанынан қосады.

Жігіттер мұнан ғибрат алмай болмас.
Әуелі бірлік керек болса жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, —
деп елді тұтастық, ынтымақ жалауының астына шақырады.

Елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық, дәл айтылатын ойлар да бар:

Қасқырдың зорлық болды еткен ісі.
Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі
Нашарды талай адам талап жеп жүр
Бөріден артық дейміз оның ісін.

Алуан-алуан ойға жетелейтін “Қайырымды түлкі”, “Ала қойлар”, “Үлес”, “Қартайған арыстан”, “Өгіз бен бақа”, “Қайыршы мен қыдыр”, “Ат пен есек” мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алған. Аудармашы негізгі түпнұсқа тексіне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын - әуез қосып отырады. “Қартайған арыстан” мысалына:

Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да,
Келе алмас жаман батып маңайыңа.
Басыңның бақыт құсы ұшқан күні
Құл-құтан басынады, малайың да, —

деген жалғасты түйін жасайды. Бірнеше кісі тіл таба алмай, берекесі кетіп, өртке шалдығып, үлестен құр қалады. Осы “Үлес” өлеңінің түйінінде ақын өз позициясын ашық көрсетіп:

Ойласақ оқиға емес болмайтұғын,
Ел қайда өзін жаудан қорғайтұғын.
Қазіргі пайдасына бәрі жетік,
Адам аз алдын қарап болжайтұғын.

Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман
Байқасақ ел белгісі оңбайтұғын.
Бұл белгі табылып жүр біздің жұрттан
Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.

Алданып арқадағы дау-шарына
Кәтерден кәпері жоқ,
келер сырттан, —
деп терең маңызы бар әлеуметтік ой толғайды.

Мысал жанрының қазақ әдебиетіне бойлап ену құбылысы әлемдік көркемдік дәстүрлердің типологиялық ұқсастығын көрсетеді. “Дала уалаяты” газетінде 1894 жылы 14 тамызда И.Крыловтың “Инелік пен құмырсқа” (аударған А.Құрманбаев) мысалының жариялануы – қазақ әдебиеті үшін жаңа бір арнаның басы еді.

Крыловтан Абай – 14, Спандияр Көбеев – 37, Бекет Өтетілеуов – 12 мысал аударған. Бір мысалдың бірнеше рет аударылғаны да бар. Мәселен: “Аққу, шортан һәм шаян”, “Ат пен есек”, “Қасқыр мен тырна”, “Шал мен ажал (өлім)”, “Айна мен маймыл”, “Маймыл мен көзілдірік” мысалдарын Ахмет Байтұрсынов та, Спандияр Көбеев те аударған. “Ала қойлар”, “Есек пен қамыс (шілік)”, “Бақа мен өгіз” мысалдарының Абай нұсқасы да, Ахмет нұсқасы да бар.

Абай аудармалары Крылов түпнұсқасымен көбіне-көп дәлме-дәл келеді, Спандияр Көбеев 8 мысалды қарасөзбен баяндаған. Ал Ахмет Байтұрсынов аудармаларында сюжет сақталғанмен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жаңа идеялар, заман тынысын танытатын жаңа ойлар айтылады. Түп негізі Федрдан алынған Крыловтың он жолдық “Шымшық пен көгершін” мысалы Ахмет Байтұрсынов аудармасында отыз екі жолдан тұратын жаңа шығарма. “Өгіз бен бақа” орысшада – 17, қазақшада – 36 жол, “Қасқыр мен тырна” орысшада – 19, қазақшада – 76 жол, “Арыстан, киік һәм түлкі” орысшада – 35, қазақшада – 56 жол, “Қасқыр мен қозы” орысшада – 37, қазақшада – 68 жол, “Ағаш” орысшада – 31, қазақшада – 56 жол. Бұл фактілер қазақ ақыны дәстүрлі оқиға, қалыпты бейнелерді ала отырып, ойға ой, суретке сурет қосып, жаңа, ұлттық төл туынды жасағанын көрсетеді. Бұрын емеурін, ишара, мегзеу, астар, мысалмен берілген ойлар “Маса” кітабында ашық, анық, дәлді, нақты айтылады. Мұнда Ахметттің өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер, ауыр жолдар, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық, бірталай өлеңдерге арқау болады; ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы – басты сарын.

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам.
Алданып жегеніме оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі қарам, —

деген жолдардың нақты өмірлік материалы әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге айдалып, қуғын көруі, бала жүректің тілім-тілім жаралануы. Ал, “Жиған-терген” өлеңіндегі:

Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып –

деген сөздерді патша цензурасы кезінде жібермей тастаған. Ақын ашынып сөйлейді, тартыстар, қайшылықтарды көрсетеді.

Бұл бір сөз қасірет айтып хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет қазақ азған.
Байға мал, оқығанға шен мақсат боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам азған.

Күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу мақсаты бар тілектен жоғары қойылады:

Мен бұқтым, жаттым,
Сен бұқтың жаттың,
Кім істемек қызмет?
Ауызбен айтып,
Істерде қайтып,
Жоламасақ не міндет?
Тек жүрсе тоқ жүрмекті
Қиын деме білмекті.
Қазір әлем поэзиясындағы ділмар сөз – афоризм боп кеткен түрік ақыны Назым Хикметтің:

Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап
Аспан қалай ашылмақ, —

деген жолдарының Ахмет Байтұрсынов өлеңімен әуендестігі кісіні таң қалдырады.

“Маса” кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар- абыройын сатқан “жақсылығы өз басынан артылмаған”, “бос белбеу, босаң туған бозбала”, “бір тойғанын ар қылмаған шалдар”, “қайырсыз кеще сараң байлар”, “мәз болып құр түймеге жарқылдаған оқығандар” сыналады. “Туысыма”, “Досыма хат”, “Қазақ қалпы”, “Қазақ салты”, “Көк есектерге”, “Жұртыма”, “Қарқаралы қаласына” өлеңдерінде ұлы Абай сатирасын еске түсіретін сарындар, ойлар, образдар бар. “Анама хат”, “Жауға түскен жан сөзі” – қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар. “Масада” Пушкиннен аударылған “Қыздыр дейсің мәжілісті, жан дейсің”, “Ат”, “Данышпан Аликтің ажалы”, “Балықшы мен балық”, “Алтын әтеш”, Крыловтан аударылған “Сорлы болған мұжық”, “Қаздар” шығармалары да берілген.

Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, —

деген жолдарда өз уақытының сыры айтылса:

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін, —
деген уақытта ақын болашақпен сырласқандай, өлместігіне сенеді.

Екі жинақ – “Қырық мысал”, “Маса” – қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болады.

Әр түрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, құқықтану, жер мәселесіне, отарлауға, ғылым-білімге, педагогикаға арналған “Тағы да народный сот хақында” (1911), “Қазақ һәм ІҮ Дума” (1912), “Земство” (1913), “Жер жалдау жайынан” (1913), “Көшпелі һәм отырықшы норма” (1913), “Уақ қарыз” (1913), “Бұ заманның соғысы” (1914), “Жәрдем комитеті” (1915), “Закон жобасының баяндамасы” (1914) (осы мақала үшін Ахмет Байтұрсынов штраф-айып төлеген), “Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение” (1914), “Губернатор өзгертілуі” (1914), “Соғысушы патшалар” (1914), “Қазақ жерін алу турасындағы низам” (1913), “Қазаққа ашық хат” (1916), “Бастауыш мектеп” (1914), “Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек” (1923), “Партия һәм кеңес құрылысындағы рушылдық әсері” (1926) сияқты көптеген мақалалар публицист Ахмет Байтұрсыновтың көзқарасы эволюциясын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік қарымын көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар береді.

Ал ғалымның тілші, әдебиетші ретінде жазған еңбектері бірнеше том боларлық мол дүние, бұлардың ішінде 1913 жылы жазылған “Қазақтың бас ақыны” еңбегі – оқшау, дара тұр.

Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысымыздағы орны, көркемдік-эстетикалық сипаттар дұрыс көрсетіліп, терең талданып, алғаш рет қазақ оқырманының алдына тартылды. Өмірдің сан алуан көкейкесті мәселелерін арқау етіп жазған Ахмет Байтұрсынов мақалалары алдымен “Айқап” журналында, 1913-1918 жылдар арасында өзі редакторлық еткен “Қазақ” газетінде, кейін кеңес баспасөзінде жарияланған.

Мақалалар саны көп, олар мерзімді басылым бетінде шашылып жатыр, бұларды жинап, сұрыптап, ой елегінен өткізіп, жүйелеп бастырып шығару арқылы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тарихи зердеміздің қазір ойсырап, үңірейіп тұрған беттерін толтыратын боламыз. Қазіргі қолда бар материалдардың негізіне сүйенгенде қаламгер – оқу-ағарту, оқулықтар жасау, әліппе, емле, грамматика, жер иегері, кәсіп істеу, халықаралық қатынастар, тарих, құқықтану, заң, философия, қоғамдық күрестер, мәдениет, әдебиет, эстетика проблемаларын тереңнен қозғап, өз кезіндегі қоғамдық-әлеуметтік ойға мұрындық, ұйытқы болған пікірлер айтып, тұжырымдар жасаған. 1917-19 жылдар арасында әр қиянды шиырлаған кездерін автордың өзі де мойындаған.

Автордың “Қазақ өкпесі” мақаласында (“Айқап”, 1911, № 2) тарихи мәселелерге объективті, ғылыми тұрғыдан қарайтындығы көрінеді, қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Ресейге қосылудың негізгі жағдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады. “Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты”, дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін ғылым, өнер екенін айтып, оқуға, ағартушылыққа ден қояды.

Бұл бағытта жазылған, бірі-бірімен сабақтас мақалалар өте көп. “Оқу жайы” (“Қазақ”, 1913, № 11) мақаласында өз кезіндегі мектептер ісін тиянақтай отырып, сол тұстағы Қостанай уезіндегі сауаттылық мәселелерін қозғайды, әрбір жүз кісіден 6 еркек қазақша, әрбір мың кісіден 6 еркек орысша, әл әрбір үш жүз кісіден 1 әйел қазақша, төрт мың кісіден 1 әйел орысша хат таныды деген дерек келтіреді. “Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді. Тәртіппен оқытарлық мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жолы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық жоқ, оқытудың қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті ететін жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғалимун (педучилище) жоқ” деп күйзеледі. Мұның үстіне автор қазақша, орысша, екі тілде білім алу жүйесін ерекше қолдап, “жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын” деп дәл қазіргі күндегі тәуелсіздік шарттары алға міндет етіп қойып отырған терең білім беру принциптерімен үндес тұжырым жасайды.

Ал, революциядан бұрын жазған еңбектердің басым көпшілігінің негізгі идеясы ағартушылық, демократтық, прогрестік биік нысана, олар біздің азаматтық, рухани дамуымыздағы маңызды, мәнді кезеңдер шындығын ашады, бірқыдыру ойлар, пікірлер дәл қазіргі уақытқа қызмет ететінін көруге болады.
122,657 сұрақ
312,184 жауап
153,288 пікір
69,945 қолданушы