+1 дауыс
5.0k көрілді

SZH.KZ сайтында елімізге танымал тұлғаларымен интернет-конференциялар сериясын ұйымдастыруды бастаймыз. Бұл айдарымыздың қонақтарына көкейіңіздегі сұрақтарды қойып, оған ресми тұлғалардан жауап алуыңызға болады. Сонымен, интернет-конференциямыздың алғашқы қонағы – Мұрат Әбенов мырза.

Мұрат Әбенов, Мурат абенов

Ғылымдағы мемлекеттік тілдің жағдайын айтып жіберіңізші.

Қазақстан Республикасында қазақ тілінде ғылым саласын дамыту – еліміздегі тіл саясатының ғана емес, республика ғылымының маңызды әрі түйінді тұсы болып саналады. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Қазақ тіліндегі ғылыми шығармашылықты одан әрі дамыту талап етіледі» деп атап көрсетілген. Бұл игі бастама жеміссіз де емес. Қазақ тілінде көп жанрлы ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиет, публицистика пайда болды. Тілдің ғылыми қарым-қатынас аясындағы қызметі арта түсуде. Қоғамдық ғылым салаларын айтпағанның өзінде жаратылыстану, техникалық әдебиеттерді ана тілінде жазу дәстүрі кең өріс алды. Ғылыми саладағы осындай қомақты арнаулы әдебиеттің жарық көруі, жариялануы – ғылыми тілдің (стильдің) әдеби тілге жан-жақты әсер етуші, ықпалы зор стильдердің біріне айналып, ұлттық тілдің осы салада жұмсауға қажетті, қабілетті дейтін тілдік құрылымдарының жасалуына қызмет етіп отыр.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 1997 жылғы 11 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңы қабылданғаннан бері  Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып – Қазақ тілі белгіленеді. Осы Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілеп ғана қоймай, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз еткен болатын. 

Қазтест жобасына деген көзқарасыңыз қандай?

Тіл мәселесін айтқанда, «қазтест» деген жаңа сөз қосарлана жүретін болды, ол немене өзі? Қазтест - қазақ тілін бағалаудың ғылыми жолға қойылған Қазақстандағы бірден бір тетігі. Бұл - ешқандай адамдық факторды араластырмай, әлемдік ғылыми қисынға негізделіп жасалған қазақ тілін білу деңгейін сынайтын бірден бір бағдарлама. Қазтест жүйесі қазақ тілін білу деңгейін халықаралық тәжірибе мен талапқа сүйене отырып, төрт қырлы сынақтан өткізеді. Олар: тыңдалым, лексика-грамматикалық бөлік, оқылым, жазылым.

2011 жылдың 29 маусымында бекітілген Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ, Үкіметтің осы бағдарламаны іске асыру жөніндегі жоспарының 3-тармақшасында көрсетілген «Қазақ тілін білу деңгейін бағалау бойынша ҚАЗТЕСТ жүйесін қолдану жұмысы» бойынша толық ақпарат беру, тілдік бақылау сынақтарына дайындық құралдарының бағыты мен ерекшеліктері бойынша тренинг жүргізу арқылы тілдік білімді бағалаудың халықаралық талаптарға сәйкес қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесін іске асырудың басты мақсаты болды.
Жүйе үш ғылыми-әдістемелік зертханалық құрылымнан тұрады: тест тапсырмаларын қалыптастыру, тестілеуді ұйымдастыру және ақпараттық-технологиялық сүйемелдеу. Бұл құрылым өзін өзі ақтап, қазір елу мың тест тапсырмасы сараптамадан, сынақтан өтіп, қолдануға әзір тұр, оған қоса, үш тілде бірдей қолданыста www.kazakhtest.kz сайты және мұнда әлгі үш тілдің бірін білетін кез келген адам өз бетімен қазақ тілі бойынша білігін тестілеп, ресми тестілеуге дайындала алады. Қысқасы, қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын бұдан басқа ғылыми, ресми және ыңғайлы құрал бүгінде елде жоқ!

Еліміздегі тілдік ортаны қалыптастырудағы ой пікіріңіз қандай?

Тілдік орта – тілдің тірлік алаңы. Тілдің тірлігі оның қолдану ортасының бар екендігіне тікелей қатысты. Қатынас ортасы жойылған тіл өзінен өзі өшкен тілге айналады. 2000 жылдай өліге саналған лингвистикалық иврит жүйесі қалай қалпына келтірілді? Бар болғаны - оның тілдік ортасы қайтадан жандандырылды! Осылайша кез келген тілді өлтіруге де, тірілтуге де болады. Тілдік орта - тілдің қолданым аясы; қолданымы жойылған тіл өшкен болып есептеледі. Тілдік ортаның тұтынушылары: жазарман, оқырман, көрермен, тыңдарман, айтарман. Ал, ортаға тілдегі бүкіл жазба ресурс, кітапхана, электрондық кеңіс; оларды қолданушылар,телевидение, радио, алуан түрлі дәрісхана, аурухана, көше, қоғамдық орындар, ойын алаңы, мектеп, балабақша, жанұя, ұжым, мәдениет орындары, базар т.т.жатқызуға болады.
Бүгінгі мемлекеттік шекара бұрынғыша географиялық қоршаудан гөрі тілдік ортамен шектелетіні жасырын емес. Бүгінде әр мемлекеттің тілдік ортасы – соның аумағын білдіретін факторға айналды.   Егер де мемлекетке тән тілдік орта болса, оның ықпалы саяси шекарадан гөрі мол болатыны сөзсіз. Біз сол шекараны сезіне алмай отырмыз.
Тілдік орта – тілдің қызмет ету аясы мен мүмкіндігіне жол ашатын, адамдардың ақпарат алу мен беру, қарым-қатынас жасаудағы әмбебап жанды алаң.Оған дамуына көңіл бөлмеу арқылы тілдің аясын тарылтып, оның өшуіне жағдай жасайды. Бізде тілді туындататын да, өлтіретін де, үйрететін де орта екені ескерілмей отыр. Елде тілдік пәндер арқылы ғана тіл үйрету міндеті қойылған біржақты ұғым қалыптасқан. Пән ешқашан ортаны алмастыра алмайды, ол бар болғаны тіл туралы түсінік пен сауат қалыптастыруы мүмкін,тілдік жүйені таныстырып,игертуі ықтимал, бірақ тілді меңгерте алмайды!
Тілдік ортаның қаншалықты дамығандығы тіл қауқарын көрсететін басты фактор, ол оның кеңдігі мен тереңдігі арқылы өлшенеді және тілдің дамығандығы да сол өлшемдерге тікелей қатысты. Былай айтқанда, ортаның кеңдігі - тіл қолданымының саны да, ал тереңдігі – тіл қолданымының сапасы.

Үш тұғырлы тіл саясаты бойынша ұстанымыңызды білдірсеңіз.

«Үш тұғырлы тiл» саясаты заманның зәрулiгiнен туындаған қажеттiлiк деп есептеп, оны игеруден қорықпауымыз керек. Әрине, ағылшын тiлiн бiлген өте жақсы. Осы күнi ағылшын тiлiн бiлген әлемнiң тiлiн бiлгенге есеп. Мектеп бағдарламасына ағылшын тiлiн енгiзу, әсiресе iргелi ғылымға бастайтын пәндердi ағылшын тiлiн¬де оқыту - ұлтты қандай бәсекеде болсын ұтысқа жетелейтiн ұтымды нұсқа деп ойлаймын. 
Бiлiм мен ғылымның, экономиканың, бизнестiң, саясаттың, жалпы бәсекелестiктiң қарыштап дамып отырған бүгiнгiдей жақандану кезеңiнде үш тiлдi бiлу қажет. Әсiресе, өскелең ұрпақтың жастар алдында бiрнеше тiл бiлу мiндетi тұр. Олай болса, бүгiнгi Қазақстан азаматтарының парызы - «өзге тiлдiң бәрiн меңгерiп, мемлекеттiк тiлдi құрметтеу» деп бiлемiн.

Сіздің ойыңызша, Ресейдегі георгий лентасы сияқты бізде де қазақстандықтардың бәрін бір тудың астына біріктіретін жалпы ұлттық символ бола алатын белгі бар ма?

«Георгий лентасы» Украинадағы сепаратисттердің символы ретінде соңғы кезде көп танылып кетті. Кейбіреулер Екінші Дүниежүзілік соғыстын кезінде пайдалаған «Гвардия лентасымен» шатастыстырып жүр.  Екеуі екі түрлі мағына береді. Оларды ажырата білүіміз керек.

Ал бізге Қазақ хандығының құрылуына қатысты символдар керек. Келесі жылдың мерейлі шаралардың қарсаңында.  

Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі қандай деп ойлайсыз? Әлеуметтік мәселелерді шешу мен қоғамдық бақылауды арттыру сияқты бағыттарда олар мемлекетке және оның азаматтарына қолдау көрсете көрсете ала ма? 

Заманауи Қазақстанда    қоғамдық ұйымдардың қоғамдағы ролі зор, бірақ та олардың әлеуеті толық ашылмаған.  ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйым) игі іс шараларды өткізуге, оның ішінде әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларына және мүгедек жандарға (әсіресе, ауылдық жердегі адамдарға) білім беру, оларды дәрігерге қарату сияқты қолдау көрсетумен айналысады.
Бұл мемлекетке деген үлкен көмек, ҮЕҰ бұрын мемлекет айналысатын көптеген жұмыстарды жүзеге асырады. ҮЕҰ-ның негізгі бағыттарының бірі, құқықты қорғау қызметі, тұтынушылардың құқығын қорғау және т.б. 
Сондай-ақ, маған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс істейтін  белсенді ұйымның бірі «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестік таныс.

Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы АҚШ және Ұлыбритания елдеріндегідей қоғам үшін ашық әрі түсінікті, әр жыл сайын өз квалификациясын растап отыратын, өз жұмысы, қызметкерлері мен қаржыландыруы туралы барлық мәліметті ашық жариялайтындай деңгейге жете алады деп ойлайсыз ба?

ҮЕҰ-ның жұмысының ашықтығы және тиімділігі Қазақстанда көптеген жылдар бойы қоғам тарапынан талқыға алынып жүрген тақырыптардың бірі болып саналады.  Бірақ та, бұл жерде Ұлыбритания және Құрама штаттың тәжірибелерін мінсіз үлгі ретінде алуға болмайды. Біріншіден, бізде де оларда да мүлдем өзгеше қоғамдық ұйымдар құрылған, жұмыс барысы да әртүрлі, мысалы тәжірибесі мол  PADOR еуропалық жүйені айтуға болады.  Екіншіден, бізде ҮЕҰ әлеуметтік мәселелер спекторының барлық жағын қарастыратын болса, ал Англия және АҚШ-да бұл сұрақтармен арнайы шектелген ұйымдар айналысады.

Айта кету керек, ҮЕҰ жобаларында бірнеше жылдар аясында, Мемлекет тарапынан жүргізілетін жобаларда мониторинг және жыл сайын олардың алдына қойылатын  міндеттер күрделене түсуде.   
Қазіргі таңда, «ҮЕҰ Мемлекеттік қолдау туралы» жаңа Заң бойынша жұмыс жүргізуде, анықтау механизмі ең мықты еуропалық стандарт бойынша есеп беріледі.   Аталмыш шаралар, менің ойымша ҮЕҰ-ның кәсіби өсуіне және олардың жұмыстарының ашықтығын көсетуге мүмкіндік берер деген ойдамын.  

Біздің еліміз тұтынушы елден толық технологиялық елге айналуы мүмкін бе?

Бұл сұрақтың жауабы уақыт еншісінде деп ойлаймын.Әрине біз жуық арада технологиялық елге айнала алмаймыз, себебі тұрғындар санының аздығы. Еліміздің халық саны шамамен 25-30 миллионга жеткен кезде және қарқынды дамыған, шағын  бірнеше қалаларымыз болған кезде ерікті түрде технологиялық елге айналамыз деп ойлаймыз.

Көпшілік жастармен жұмыс жасап жүрген азамат ретінде қазіргі таңдағы қазақ жастарының белсенділігіне берер бағаңыз қандай?

Қазақстан жастары өте белсенді. Барлық қоғамдық маңызды ұсыныстар мен жарқын жобалар мен оқиғалар жастармен байланысты. Жастар еліміздегі экономикалық тұрақтылықтың- тірегі. Біздің жастарымыздың белсенділігі тек бұл тұрғыда ғана емес,  шет мемлекеттеріміздің жастарына қарағанда атап айтсам ТМД бойынша көршілеріміз және Европа елдері арасында  болу керек.

«Серпін-2050» бағдарламасына биыл қанша грант бөлінді, 2015 жылы қанша бөлінеді?

Биылғы жылы 2050 грант бөлінген. Оның 1050 жоғары оқу орындарына, 1000 орта арнаулы оқу орындарына бөлінген.
Ал, келесі жылға әлі грант бөлу қарастырлуда.

Салауатты өмір салтын ұстанатыңызды әлеуметтік желілердегі парақшаларыңыздан оқып жүрміз. Жастарды осыған барынша баулудың қандай жолдары бар деп ойлайсыз?

Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау үшін әртүрлі профилактикалық іс-шаралар негізінде жастар арасында ашық орталықтар ашу туралы  бағдарлама әзірлеу қажет:  
-жастарды салауатты өмір салтына уағыздап, оларға көмек беру және қолдау;  
-жастарды зиянды әрекеттерге тәуелді болмауға байланысты жоғары деңгейде алдын-ала ақпарттандыру жұмыстарын жүргізу;   
-жастар арасында салауатты өмір салты принципін уағыздау.  
Сонымен қатар, міндетті түрде спортпен шұғылдануға байланысты түрлі акциялар, әлеуметтік-психологиялық және дене шынықтыруды дамыту, қоршаған ортаға деген дұрыс пікір ұялатып, салауатты өмір салты арқылы жастарды дұрыс жолға қойып, өмірде өз жолдарын табуға ат салысу қажет.  

Құрметті Мұрат Абдуламитұлы! Өрлеу АҚ ұлттық орталығы ашылып педагогтардың білімін жетілдіру бағытында үлкен жұмыстар атқаруда. Барлық облыстарда Өрлеу АҚ курстарында оқып білім алу ұстаздардың өміріне өзгерістер әкелуде. Мектептегі білім сапасы артып, оқушыларымыздың жетістіктері де күнде қуандыруда. Осы жетістіктерге жетуге Сіздің де үлесіңіз бар деп есептейміз. Ұстаздар атынан Сізге зор алғыс білдіреміз. Өрлеу АҚ Ақтөбе филиалының ұжымын, Ақтөбе облыстық білім бөлімі, қалалық білім бөлімі ұжымдарының да еңбектеріне табыс тілеп, шығармашылық жетістіктерге жетуіне тілектеспіз. Ұстаздардың еңбегін баспасөзде жариялауда бізге 45minut.kz Республикалық басылымын үлгі ретінде көрсетіп, көптеген еңбектеріміз сайт бетінде жарияланды. 2015 оқу жылынан бастап Өрлеу АҚ Ақтөбе филиалы арқылы 45minut.kz басылымына еңбектерімізді жариялап жатырмыз. Осындай мүмкіндік жасап отырған редакция ұжымына да алғыс білдіреміз. Ақтөбе облысы ұстаздары.

Ізгі тілектеріңізге рахмет! 

Құрметті Мұрат Әбенов.
Сайтымызда Қаржы сауаттылы, Қаражат, Ақшаны басқару т.б. секілді сауалдар келіп түсіп жатады. Сол сұрақтың бір мысалы ретінде:
Мектепте биржа, ақша табу, қалай жұмсау, валюта, актив-пассив үйретпейді?
Қазіргі кезде Несиені төлей алмау, қажатты игеру т.б. проблемалары бар екені мәлім. Осы олқылықты шешудің бір жолы мектепте қаржы сауаттылығын артырып, балаларғақаржы білімін беру деп білеміз. Мектепте қары сауаттылығын артыру үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр.
Рахмет.

Мектептерімізде экономика пәні бар болғанымен қаржылық сауаттылықтың үстіртін ғана үйретеді. 2007-2011 жылдар аралығында елімізде қаржылық сауаттылық пен инвестициялық мәдениетімізді көтеру бағдарламалары ұсынылып, жүзеге асырылды. Қәзіргі таңда бизнес қауымдастықтарынан осы тақырып бойынша бірқатар ұсыныстар түсуде. Атап айтсам Қазақстан тұрғындарының арасында жүргізілген Каспий банкі жүргізген Қаржы сауаттылығына арналған жоба конкурсын айтсам болады.Экономика өзінің ережелерін жүргізеді, болашақта қаржы сауаттылығының маңызыдылығы мектеп қабырғаларынан басталса деп ойлаймын.

Биыл еліміздегі білім беру мекемелерінде PISA өткізіледі екен. Бұл қандай бағдарлама? Қазақстанда неліктен өткізілмек? Оған қай сынып оқушылары қатысады? Сұрақтары әзірленді ме?Қандай санаттағы сұрақтар болады? Уикипедиядағы бұл бағдарлама туралы мақалада "оқушының алған білімін өмірде пайдалана білуге үйретуге арналған" деп жазылыпты. Осы тұрғыдан PISA-ның қандай артықшылықтары бар?

PISA- халықаралық зерттеу бағдарламасы.  Бұл зерттеу 3 бағытта жүргізіледі. 1. Математикалық сауаттылық; 2. Ғылыми-жаратылыстану сауаттылық; 3. Оқу сауаттылығы. 
Аталмыш бағдарлама халықаралық деңгейде өткізілуде. Бағдарламаға 8-9 сынып оқушылары қатысады. Қазіргі күнде типтік сұрақтар әзірленуде. Ал басқа сұрақтар жүйесін осы бағдарлама бойынша сабақ жүргізетін ұстаздар дайындауда. Негізінен ойлау арқылы шешілетін тестер болады (яғни, дайын сұрақтар, бірақ жауап жоқ). Тестілерге берген жауаптарыңызды бір жылдан кейін ғана нәтижесін көруге мүмкіндік болады. Тестің нәтижесін экономика – ынтымақтастық және даму ұйымы жариялайды. PISA- халықаралық зерттеу бағдарламасының басқа бағдарламалардан артықшылығы: оқушылардың функционалды сауаттылықтарын арттыру, яғни сауаттылықты тексеру мақсатында жүргізілетін зерттеулер. 

1. Колледж басшысының техникалық біліміне қоса педагогикалық білімі болуы міндетті болса?
2. Директордың орынбасарларын қызметке тағайындау кезінде оның техникалық біліміне қоса педагогикалық білімі, жоғары немесе бірінші санатты біліктілік санаты талап етілсе? Негізі заңда осылай, бірақ, шынайы өмірде олай тағайындалып жүрген жоқ.
3. Мектептер мен колледждердегі зейнет жасындағы педагогтар атағына, санатына қарамастан зейнетке шығарылса, өйткені олар көп жылғы еңбек өтілімен, біліктілік санатымен 80 -100 мың жалақы алатын болса, дәл жас маман сол қызметті атқарса 40-50 мың теңге алады екен. Сонда 60-70 мың теңге зейнетақы алатын зейнеткер педагог 80 -100 мың жалақыны тағы алатын болса, жұмыссыздар саны қайдан азаяды?
4. Мұғалімдер өзінің төл газет – журналдарына жазылуға мүмкіндік туса, елімізде таралатын саяси газет-журналдың көптігі, оған мұғалімдердің келісімінсіз жазылдыру, мұғалімнің өзінің төл басылымына жазылуына қаржылық жағынан қиындық туғызуда.

Сұрақтарыңызға рахмет! Өкінішке орай, бұл сауалдарыңызға мен жауап бере алмаймын. Аталмыш сұрақты ҚР Білім ғылым министрлігінің сайты жазып,  орынды жауап алғаныңыз жөн болар деп ойлаймын.

Аса қадырлы Мұрат Абдулламитұлы, ең алдымен «Өрлеу» Ұлттық орталығы» АҚ-ның Директорлар Кеңесі Төрағасы болуыңызбен құттықтаймын, әрі осындай мұғалім біліктілігін арттыруға арналған орталыққа өзіңіздей жаңа медианың нағыз маманы келгеніне өте қуаныштымын.       
Өзіңізге белгілі, білім берудің басым бағыттарының бірі электронды оқытуға көшу, бұл өз кезегінде ұстаздарға жаңа талаптар жүктейді, турасын айтқанда компьютердің тілін жеттік білуге міндеттейді Білім беру әдістемесіндегі жаңа технологиялар күн сайын өзгере түсуде, өз кезегінде бұл процес ұстаз қауымына тынбай ізденуді, өзара тәжірибе алмасуды міндеттейді. Интернеттің атқарар рөлі қарқын алып тұрған мына заманда, өзара тәжірибе  алмасу, ұстаздарға арналған белгілі бір сайт арқылы жүзеге асып жатса тіптен тамаша болар еді, тікесін айтқанда интернетте тек Қазақстандық ұстаздарға арналған әлеуметтік желі болса деген ойым бар.  
Бұл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс,  Мысалға алатын болсақ:
Американдық   http://betterlesson.com/  сайты
Оңтүстік кореялық http://www.classting.com/ сайты
Ресейлік   http://nsportal.ru/   http://dnevnik.ru/   порталдарын айтуға болады.
Менің осы ойда жүргеніме көп уақыт болды және бұл ойымды іске асыруға біраз талпыныстар жасадым, яғыни "Ұстаздарға арналған әлеуметтік желі" деп аталатын сайтты өзім жасап іске қостым, сайт адресі:  www.ped.kz   
Сайт ашылғаннан қазірге дейінгі 5 ай уақыттың ішінде 600 ге жақын ұстаз тіркеліп, 1000 ға жуық жазба жариялап үлгерді, бұл дегеніміз осындай әлеуметтік сипаттағы, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін сайттардың қажеттілігі ерекше екендігін білдіреді, дегенмен сайттың барлық ұстаздардың қажетін қанағаттандырарлықтай дәрежеге жетіп,  жоғары деңгейде жұмыс істеуі үшін бір адамның мүмкіндігі әрине жетіліксіз, егер осындай сайттарды жасауға министрлік  деңгейінде, тіпті болмаса, департамент, ұлттық орталық деңгейінде  көңіл бөлініп қаражат бөлінсе, немесе осындай әлеуметтік желіні қандай да бір үкіметтік ұйым өзі жасап іске қосса,  сайттың ұстаз қауымына берері тіптен мол болар еді. 
Ал енді сізден сұрайын дегенім;
Осындай сайттарға қолдау көрсетуге немесе осындай сайтты ұлттық орталықтың өздері жасап іске қосуға мүмкіндігі бар ма?   Осы жайлы ойыңызды білсем деп едім.
Жұмысыңызға сәттілік тілей отырып, құрметпен: Қасен Сержан

Құрметті Қасен Сержан!
Сіздің ұсынып отырған ұстаздарға арналған әлеуметтік желі жайлы ұсынысыңыз, мен үшін өте қызықты және оны біргелесіп жүзеге асыруға ұсынамын. Байланыс үшін [email protected]

Мемлекеттік бағдарлама Серпін-2050 келесі 2015 жылы да өз жалғасын табады ма? Бұл бағдарламаның басты мақсаты неде?

«Серпін-2050» бағдарламасының мақсаты мен міндеттері ең алдымен бәсекеге қабілетті мықты мамандар даярлау, ауылдағы жастарға қол жетімді сапалы білім беру. Қазіргі таңда демографиялық жағдайға қарасақ Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында  бала туу деңгейі жоғары, көшіп келушілер көп. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін тудырады. Жұмыс күштері жеткіліксіз. Ал кейбір аймақтарымызда керісінше өнеркәсіп орындары көп болғанымен мықты кадрлар жеткіліксіз. Осы мәселелерді тиімді шешу мақсатында жастарға арнап мемлекетіміздің қолдауымен «Серпін-2050» бағдарламасын жүзеге асырудамыз.  Биыл ең алғашқы жобамыз жақсы қарқынмен басталды. Барлық 2050 грант иегерлері оқу орындарына жеткізіліп, жатақханаларына жайғастырылды.Студенттердің жағдайы бақылауымызда. Бітірген түлектерімізді жұмыспен қамтимыз. Келесі жылы грант және мамандық сандарын көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз. 

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...