+2 дауыс
94.6k көрілді
Махамбет өлеңдеріндегі Исатай бейнесі туралы шығарма керек еді

3 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Махамбет өлеңдері өзінің жанр жағынан да зерттеушілердің айрықша көңілін аударуға тиіс. Оның кейбір өлеңдерін лиро-эпикалық түрге жатқызуға болады. Ол өлеңдерінде ақын өмір құбылыстарын Исатай бастаған шаруалар көтерілісімен байланысты тарихи шындық, өз қалпында суреттелсе, сонымен қатар оған өзінің көзқарасын, қатысын, ол жағдайды өзінің қалай сезінуін де көрсетеді.

Лирикалық сезінуге бөлене отырып оқиғаны баяндау лиро-эпикалық жырларға тән нәрсе екендігі кімге де болса мәлім.
Бұлай баяндау сарыны (мотив) Махамбеттің "Соғыс", "Мінкен ер", "Баймағамбет сұлтанға айтқаны", "Исатай сөзі" деген өлеңдерінде айқын сезіледі.
"Соғыс" деген өлеңінде Махамбет көтерілістің әрбір кезеңдерін тарихи оқиғаның ізіне сәйкес етіп суреттейді. Кейбір көріністері баяндау, суреттеулері тарихи фактылармен тығыз байланысты болып отырады. Бір қарағанда осы "Соғыс" пен өрістес біркелкі өлеңдерді тіпті тарихи жар өлеңдер тобына жатқызуға да болатын тәрізді. Бірақ бұл өз алдына жеке тексеруді керек ететін мәселе. Өйткені, ауыз әдебиетіндегі белгілі бір түр саналатын тарихи өлеңдер (лиро-эпикалық жыр емес, қысқа өлеңдер) бізде әлі зерттелген емес. Махамбеттің бұл тектес өлеңдерінің ауыз әдебиетіндегі қысқа тарихи өлеңдерімен байланысы барлығы айқын. Бірақ айырмасы қайсы деген сұрақ - әуелі ауыз әдебиетіндегі ескіден келе жатқан қысқа өлеңдердің өзін жеке мәселе етіп талдауды керек етеді. Сондықтан, оны басы <!--filter:ашық-->ашық<!--/filter--> қалдырамыз.
Ал біздің бұл жерде айтпағымыз, ақынның тарихи уақиғаларды тамаша шындықпен бұлжытпай көрсете алуы. Осы жағынан алғанда оның өлеңдерінің тарихи шындықтың салмағы басымдығы және Махамбет өлеңдерінің тарихи мәні үлкен екендігі аңғарылады.
Қырғыз халқының (сонымен қатар қазақтың да) ертегілері мен аңыз, өлеңдерінің тарихи мәні туралы Шоқан Уәлиханов былай деп жазады: "Егер жұрттың айтуымен Гередот жинаған Гомердің көркем ертегілері мен аңыздарының аз да болса, тарихи мәні бар десек, егер де өзгеріліп,, мысал тәрізді болып кеткен аңыздардың негізінде оқиға шындыққа жататын болса, қырғыздың аталарының өмір тұрмысын, әдет - ғұрпын әр жағынан қамтып, белгілі бір жүйеде суреттеген, сол елдің өткен кездегі өмірінің сәулесі болған аңыздарын алып, ол халықтың осы күнгі мінез-құлықтарымен және олар жөніндегі тарихи сілтеулермен салыстырсақ, ол аңыздардың тарихи мәні болуы мүмкіндігіне күдіктенбеуіміз керек". Шоқан Уәлихановтың эпостық ертегі-аңыздардың тарихи мәні бар деген бұл пікірін негізді десек, тарихи мәліметпен мидай араласып жатқан тарихи уақиғалардың нақтылы сәулесі болған Махамбет поэзиясының тарихи мәні зор, ол тарихи документ екендігіне шек келтіруге болмайтыны <!--filter:ашық-->ашық<!--/filter-->, талассыз.
Біз жоғарыда Махамбеттің біркелкі өлеңдері лиро-эпикалық түрге жатады дедік. Бірақ бұл сөзден олардың ішінде лирика жоқ деген ұғым тумауы керек. Лиро-эпикалық деген сөздің өзінде сол түсінік бар. Өзі мен Исатайдың алға қойған тілек - мақсаттарын өздерінің хан - сұлтандарға қарым - қатынастарын жай баяндау түрінде айта келіп, кей жерлерінде, не лирикалық шегініс ретінде, не ішкі күйінішін сыртқа шығару мақсатымен айтылған лирикалық шумақтарда аз кездеспейді. Екінші сөзбен айтқанда, Махамбеттің бірқатар өлеңдернде эпостық баяндау сарыны жалынды лирикамен аралас келеді:
Кешегі Исатайдың барында,
Алақандай Нарынды
Басушы едік құлаштай!
Жәбір беріп, жапа етсең,
Былғанған басым ласқа-ай!
Мен бір шарға ұстаған қара балта едім,
Шабуын таппай кетілдім.
Қайраса, тағы жетілдім…
Көрмес, келмес деп едім,
Өз еркіммен бетіңді-ай!.
Жалпы алғанда Махамбетке тән нәрсе лирика. Махамбет өлеңдерінің негізгі көпшілігі лирикалық өлеңдерге жатады. Сонымен қатар, Махамбет лирикасы өзіне шейінгі қазақ әдебиетіндегі болып келген лирикалық өлеңдерден анағұрлым айырмасы, өзіне тән ерекшелігі де бар. Махамбет өлеңдері өз басынан кешірген ауыр халдерді сезіне отырып, терең толғап суреттеумен қатар, ол өз кезіндегі тарихи уақиғалармен байланысты туған қалың бұқараның көңіл күйін де көрсете білді. Оның өлеңдерінде өзінің көңіл күйі мен ел күйі ұштасып жатты.. Сондықтан, оның лирикасын - әлеуметтік сарындағы, саяси үгіттік лирика деп атауға тура келеді. Қоғамның тапқа бөлінуінің негізінде таптық күрес туады да, сол таптық күрес саяси-таптық жырларды туғызады. Бірақ бұл жаңа мотивтегі поэзия, көркем лирикаларға өзінен бұрынғы поэзияның әсері болуы да мүмкін. Әйтсе де олардың өзіне тән ерекшеліктерін де байқау қиын емес. Қоғамның тапқа бөлінуі және сол тапқа бөлінудің негізінде туған тап күресі қазақтың фольклорінде де айқын көрінеді. Соған қарағанда саяси лириканың бастамасы ауыз әдебиетінде жатыр деуге болады. Демек Махамбеттің саяси лирикалары ауыз әдебиетінде бір тамыры фольклор дәстүрімен байланысты. Жалпы саяси лириканың өзіне тән ерекшелігі - үгіт насихат істерді көпшілікке үндеу, белгілі бір топтың, не таптың алдында тұрған тілек, мүддесін көркем сөз арқылы көпшіліктің сана - сезіміне жеткізу, үгіт арқылы оларға әсер ету болса, Махамбет поэзиясында бұл бағыт қатты сақталады.

Біз жоғарыда да Махамбеттің өмірімен байланысты ішкі Бөкей ордасының шаруашылық жағдайы әлеумет өмірінде тап тартысын күшейтті, сол қайшылықтармен байланысты шаруалар көтерілісі туды дедік. Ол көтеріліс өзінің қолбасы батырымен қатар, жалынды үгітшісін де туғызды. Бұл тәрізді тарихи жүкті мойнына артқан адамның бірі - Махамбет. Сондықтан да Махамбет поэзиясының басты қасиеттерінің бірі саяси үгіт болуы заңды. Бірақ саяси үгіт поэзиясын жасаушы тарихта жалғыз Махамбет емес, басқалар да болды. Әйтсе де, солармен салыстырғанда да, Махамбеттің тағы өз ерекшелігі бар. Бізше, Махамбеттің негізгі ерекшелігі оның бір сырлы, сегіз қырлылығында. Махамбет өлеңдері тек жалаң құрғақ үгіт емес, оның өлеңдерінде жалынды, саяси өткірлік пен терең ой, нәзік сезім әрдайым ұштасып, біте қайнасып жатады. Махамбет өлеңдерінде бұл үшеуінің жігін ашып, бөліп алуға болмайды. Осы қасиеті Махамбетті көтеріліс туын көтерген әрі жалынды үгітшісі, әрі ардақты ақыны етті. Бұл мазмұн Махамбет өлеңдерінің құрылысы мен түріне де әсер етті. Түр - мазмұнның түрі болуы қажет деген шартқа Махамбет поэзиясы толық жауап бере алады. Оның: "Ереулі атқа ер салмай", "Мұңайма", "Айныман" деген өлеңдері , мазмұнына түрі сай, жалынды үндеу сөздер. Махамбеттің досын мақтап, дұшпанын даттап шығарған өлеңдерінің мазмұны күрес идеясын жыр ету болса, құрылысы шешендікке толы үгітке арналған отты сөздер болып келеді де, сөйлемдері қаратпалы, сұраулы сөйлемдер болып келеді, не жарлай арнау, не сұрай арнау, немесе риторикалық сұрау болып отырады. Мысал үшін "Мұңайма" деген өлеңін алайық:
Ханның ісі қатайды,
Азамат ерден мал тайды.
Қанды көбік киініп,
Бір аллаға сыйынып,
Ұрандап жауға тигенде,
Кім жеңері талай - ды,
Жолдастарым,мұңайма!…-
дейді ақын.
Мұндағы "азамат, жолдастарым" деп, достарына қайрыла сөйлеу, сөйлемін риторикалық сұрау түрінде құру, өзінің айтайын деген пікіріне дәл, күреске үндеу тілегіне сай.
Махамбет өлеңдерінде бұл тәрізді үгіт өлеңдермен қатар, лириканың басқа да түрлері бар. Ақынның бірқатар өлеңдері үлгісінде құрылады.
Қазақ фольклорінде дүние салған адамның тіршіліктегі іс-әрекеттерін әр жағынан алып, толық баяндап жырлайтын жоқтаулар, естіртулер көп. Махамбет өлеңдерінің кейбіреулері фольклорда кездесетін жоқтау өлеңдердің қысқа түріне жақындайды. ("Тарланым", "Тайманның ұлы Исатай"). Исатайдың өліміне арналған "Тарланым" деген өлеңін алсақ, жалпы жоқтаулардың әдісімен, батырдың өміріндегі әралуан іс, амал, қасиет мінездерін санап көрсетеді. Бірақ, мұнда да Махамбеттің өзіне тән кейбір ерекшеліктері бар. Махамбет өлеңдерінде Исатайдың өмірін жалпы алмайды, оның өмірінің әлеуметтік-таптық жақтарын алып, батырдың езілуші халық, қара шаруа, еңбекшілердің мүддесін қорғап феодал, ақсүйектерге қарсы шыққан, шын мәніндегі халық қамқоры болған жақтарын айрықша көрсетеді. Шернияз сықылды басқа жағына ақын тоқталмайды.
Махамбеттің жоқтау тобына жақын келеді деген өлеңдері, оның басқа өлеңдеріне қарағанда фольклормен тығызырақ байланыста деуге болады. Өйткені эпитет, метафора теңеулерін алсақ, көбіне фольклордан алынған поэтикалық тілдер.
Ал Махамбеттің кейбір өлеңдері философиялық бағытқа негізделген өлеңдер болып келеді.
Қоғалы көлдер, құм сулар,
Кімдерге қоныс болмаған?
Саздауға біткен құба тал,
Кімдерге сайғақ болмаған?
Басына жібек байлаған,
Арулар кімнен қалмаған?
Таңдап мінген тұлпарлар,
Иесін қайда жауға салмаған?
Құландар ішпес бұршақ қақ,
Кімдерге шербет болмаған?
Садағына сары шіркей ұялап,
Жау іздеген ерлердің,
Қайда басы қалмаған?
Ішелік те желік,
Мінелік те түселік,
Ойналық та күлелік,
Абайласаң, жігіттер,
Мынау жалған сұм дүние,
Кімдерден кейін қалмаған?-
деп, риторикалық сұрай арнау түрінде айта келіп, өмірге өзінше қорытынды жасайды. "Толғау" деген өлеңінде де осы тәрізді өмірді шолып келіп, өзінің одан түйгендерін баяндауға негізделеді. Бірінші шумағында ақын термелеп, тыңдаушыларының назарын ақыл кеңесіне аударады да, онан кейінгі шумақта ақындық шабыттың шарықтауы, ойдың серпінінен туған терең пікірлер айтылады, үшінші шумақта, хан-төренің тағдыры халықпен байланысты, былайша айтқанда, оларды жоқ ету халықтың қолында деп, халықтың зор күш екенін еске салады. Ең соңғы жолдарда ақын былай деп өзінше қорытынды жасайды:
Батыр болмақ ойдан-ды:
Айқайласып жауға ти,
Тәңірім білер, жігіттер,
Ажалымыз қайдан-ды?
Махамбеттің бақыт пен тағдырдың айнымалы екендігін философиялық түрмен қорытқаным мына өлеңінен де көруге болады:

Бұл дүниенің жүзінде,
Айдан көркем нәрсе жоқ.
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен көркем нәрсе жоқ,
Күндіз бар да, түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, дінде жоқ.
Көшпелі дәулет кімде жоқ,
Бірде бар да, бірде жоқ.
Азамат ерлер кімде жоқ,
Еріккен күні қолда жоқ.
Заманым менің тар болды,
Тура әділдік биде жоқ,
Бәрін айт та, бірін айт.
Қаумалаған қарындас.
Қазақта бар да, менде жоқ.
Бұл тәрізді эпифоралық ұйқас, синтаксистік параллелизмге құрып, образдарына философиялық мән беру, ақынды бұл дәуірде дұрыстық, әділдік жоқ деген қорытындыға әкеп тірейді де, сондықтан ақын жалғыздық көріп, қасіретке шомады.
Мұнан кейін Махамбеттің кейбір өлеңдерін, әсіресе оның өмірінің соңғы кезіндегі шығармаларын - элегиялық өлең деуге болады. "Абайламай айрылдым", "Нарын " және басқа сол сияқты өлеңдер өткенді еске түсіруге арналған, жан қасіретін көрсететін, ақынның жалғыздық қайғысын, тарыққан көңілін білдіретін элегиялық мотивті өлеңдер, мұнда оның басында бір зұлым тағдырдың қара бұлты төніп тұрған сияқты.
Мен тауда ойнаған қарт марал,
Табаным тасқа тиер деп,
Сақсынып шыққан қиядан,
Қайыңның басын жел соқса,
Қаршыға қуыс қайғырар:
Балапаным суға кетер деп,
Мамығын төккен ұядан,
О дағы біздей болған сорлы екен, -
дейді ол.
Махамбеттің элегиялық өлеңдері аса суретті, тамаша көркем. Бұлар ақынның тек жалаң өз қайғыруының сәулесі емес, ол басқа түскен сол кездегі ауыр халдердің айнасы болды.
Кейбір өлеңдерінде ақын туған елі бүгінгі Қазақстан жерінің табиғат байлығының әдемі көріністерін, ен даланың, асқар тау, шыңырау қиялардың айбатты пішінін суреттейді. Өлеңнің көп жерлерінде ақын көшпелі, мал баққан, ит жүгіртіп, құс салған аңшылық, өз елінің өмірінде орыны бар жан-жануар, аң, құстардың образын көрсетуге көбірек көңіл аударады. Бірақ, бұл ел, табиғат байлығын, жан-жануарлардың әлемін суреттегенде, олардың тек көркемдік сипатын ғана көрсету немесе тек сұлулық үшін ғана суреттелмейді. Мұнда да ақын ел тағдырымен байланысты, өз басынан кешірген қиын-қыстау кезеңдердегі ой сезімін оқушылары толық сезінгендей етіп ашығырақ көрсетуге құрал есебінде қолданады. Бұған мына төмендегі үзінді толық дәлел:
Назары қайтқан күн болған
Жібектен бауы көнеріп
Ақ сұңқар ұшқан күн болған.
Бағаналы боз орда
Еңкейіңкі күн болған.
Телегей-теңіз шалқыған
Қоғалы көлдер суалып,
Тізеге жетер-жетпес күн болған,
Жапанға біткен бәйтерек,
Жапырағынан айрылып.
Қу түбір болған күн болған.
Алқалаған жер болса,
Азамат басы құралса,
Мәшурат кеңес сұралса
Мәшурат берер едік;
Исатайдан айрылып
Алқалай келген кеңесте
Дем құрыған күн болған.
Бұл тәрізді элегиялық өлеңдердегі көркем образдардың қайсысын алсақ та, ақынның айтайын деген негізгі идеясына бағыныңқы. Исатай өлгеннен кейін, күрес арқылы жетеміз деген мақсат орындалмай, көтеріліс жеңілгесін, хан, сұлтан, феодалдар халықты бұрынғыдан бетер езіп, ел басына ауырмалықты күшейте түсті. Бұл жағдай ақынның поэзиясынан орын алмауы мүмкін емес еді. Ақынның бірқатар өлеңдеріндегі қайғының элементі жоғарғы халмен байланысты болды десек, Махамбеттегі элегиялық өлеңдердің негізгі сол жағдайлар деуге болады. Бірақ бұл сарындағы ақын өлеңдерінде, жауына деген өшпенділік бар, сөнбес кек бар, жолдас-жорасына дем беріп, өмірден түңілмеуге шақырып болашаққа сенушіліктер бар. Міне осылардың жиынтығы келіп, Махамбет өлеңдерін сары уайымнан аулақ етеді.
Мазмұнына түрі сай түрін отты жырларды суырып салып шығаруда да ақынның шеберлігі тым жоғары, оның мәдени-тарихи тамыры тереңде екенінде дау жоқ.

0 дауыс

Махамбет жырлары дәуір шындығы, көтеріліс айнасы

Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы , филология  магистрі

Ел билеген хандар мен билерді, қолына қару алып елін қорғаған батырларды еліне білім мен ғылымның нәрін себуде ерекше еңбек сіңірген ойшылдарды, атап айтқанда, Махамбет, Исатай, Жәңгір Ханның тарихтағы орны, еңбектері біржақты бұрмаланып бағаланды.
Тек ғана соңғы жылдары тарихқа жаңа көзқарас тұрғысынан егемендігіміздің нәтижесінде Махамбет сынды алыптарымыздың еңбектерін жаңаша зерделеуге мүмкіншілік туды. Бабамыздың мұрасы көп жылдар ескерусіз келді.Махамбет өлеңдерінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәрбиенің сан-алуан салалары атап айтқанда, адамгершілік-имандылық, сұлулық, ел жандылық, экологиялық тәрбие туралы жан-жақты сөз болады. Махамбет шығармаларының жастардың бойында жағымды адами қасиеттер мен құндылықтарды қалыптастыруда алатын орны ерекше.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырлармен халықты күреске шақырып үндеген Махамбеттің ақындық дарыны ерекше.
Көтеріліс кезінде Исатай бастаған қолдың алдында тұрып, оларды Жеңіске жетелеп, ұран көтеріп, өлеңмен жігер берген Махамбет ақынның басты құралы - өршіл жырлары болды.Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да, ол өз рухын жоғалтпады. Халықты көтеріліске қайта шақырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш салады. Амал не, қараңғы халық ойын түсінбеді, оның өлеңінің құдіретіне бас исе де, ақын соңына ермеді. Патша әскерінің қаруынан сескенген халық ақынның өлеңмен шақырған үндеуіне құлақ аспады. Жалғыздықтан күйінген ақын, өз сырын өлеңмен айта берді. Ақын өлеңінің тәрбиелік мәні ерекше халық санасын оята түседі.
Ақын өлеңдерінің тәлімдік-тағылымдық негіздері тереңде жатыр. 
Махамбеттің өлеңдерінің бастан аяғына дейін жырлаған негізгі өзекті тақырыбы – жастарды елін, туып өскен жерін қорғау үшін «жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды тоқтатып» есі үшін құрбан болған елдің арманы жоқ, туған халқы, елі үшін кездескен қиыншылықты жеңе білуге жас ұрпақты үгіттеді[1]. Махамбет шығармалары - бұқара өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға шақырды. «Мұнар күн» жырында ол ел басына түскен ауыртпалықты ашына айтты. «Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» жырларында ақын алдағы күндеріне үмітпен, зор сеніммен қарады. «Біртіндеп садақ асынбай», «Арғымақ, сені сақтадым», «Арғымақтың баласы», «Азамат ердің баласы», «Қара нар керек біздің бұл іске», «Еменнің түбі - сары бал», «Жалған дүние», «Еріскедей ер болса», т.б. шығармаларында ұлт-азаттық қозғалыс рухы, ел тағдыры мен арман-мүддесі терең әрі шынайы суреттелген. «Халық қозғалса, хан тұрмайды тағында» дейді ол отты жырларында. Ақын өлеңдерінің басты қаһарманы Исатай батыр. «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», «Соғыс», т.б. өлеңдерінде Исатай батырдың көркем тұлғасы, адамгершілік, қайсарлық, тапқырлық қасиеттері жан-жақты сипатталды. Оның «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» арнаған 106 өлеңдері патшаның жергілікті билеуші өкілдері - хан-сұлтандарға қарсы жазылған, олардың бет пердесін ашатын жырлар болды. Ақын өлеңдерін дәстүрлі үлгіге негіздей отырып, түр, мазмұн жағынан байыта, жетілдіре түсті. Махамбеттің лирикалық өлеңдері, көбіне, толғау, жыр,терме үлгісінде жазылды. Исатайға арнаған өлеңдерінде жоқтау сарыны басым. Махамбет шығармашылығы қазақ поэзиясы жанрларының қалыптасуына (сатира, элегия, монолог, арнау, т.б.), стилінің дараланып, поэтикалық тіл құралдарының артуына,философиялық тереңдіктің орнығуына үлес қосты[2,27]. Халық нақылына құрылған философиялық толғаулары мен жігерге толы ерлік жырлары, жауынгер рухты биік өлеңдері ақын шығармашылығын жоғары деңгейге көтерді. Махамбет жырлары дәуір шындығын бейнелеп, көтеріліс айнасы болып қана қойған жоқ, асқақ рух пен болашаққа деген сенімнің ерекше үлгісін көрсетті («Мұңайма»,«Желп-желп еткен ала ту», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Ұл туса», «Толарсақтан саз кешіп»). Махамбет үшiн көшпелiлердiң дәстүрлi мәдениетi, өнерi, талғам-танымы өмiр сүрудiң тәсiлi едi. Ол әбден орныға шыңдалған далалық демократияны жан-тәнiмен қорғап, сол жолдан ауытқымай дүниеден өттi. Мұның өзi түптеп келгенде, халықтың бiртұтас тағдыры үшiн, ұлттың бiртұтас арман-аңсары үшiн күрес болатын. Отаршылдық ұлттың тұтастығына iрiткi салып, таптық жiктiң ұрығын септi. Бұл дегенiмiз, мүлде жат өмiр салттың, бөтен системаның бел ала бастауы едi. Махамбет iрiлiгi осынау системалық өктемдiкке қасқайып қарсы тұруында. Мұның бұлтартпас айғақтары Махамбет жырларының өнбойында тұнып тұр. 
Махамбет жырларының  құдiреттiлiгi арман-аңсарының заманалық кесектiгiнде[3]. Махамбет халық басындағы бақ пен сордың жалқылық мысалына жұбанбайды, заман дүмпуi тудырған iрi ағымдардың аққарасын саралап толғанады. Бұл ретте, оның санасы сергек, танымы терең, мақсаты айқын. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтiк теңдiгiн  Махамбеттен терең жырлаған, Махамбеттей жеткiзе жырлаған ақын қазақ топырағында некен-саяқ. Дәстүрлi талғамымызда хас өнердiң бойына сұлулық пен шындық тең бiтiп, қоржынын аудармауы керек. Махамбетте мұның екеуi де кәмiл. Ол сонысымен көшпелiлер мәдениетiнiң аса тегеурiндi соңғы тұяғы ретiнде мойын бұрғызады. Махамбет өзiнiң рухы асқақ жырларын жыршылығы тасып шығармаған. Оның бойындағы буырқанған аста-төк өнер күрес жолындағы ең оңтай қаруы болған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Қадыр Жүсіп. Махамбеттану мәселелері. Алматы. Асем-систем.

2.  Майтанов Б. Махамбеттің автопортреті //Қазақ әдебиеті.-2003.-12.09.

3. Елеукенов Ш.Замандас парасаты.  Алматы.

0 дауыс

Жер асты қозғалыстарының әлдебір сиқыр құдіретімен ғайыптан пайда болып, кейін байтақ әлемнің төрінде мәңгі-бақи орнап қалатын ақар-шақар асқар шыңдар сияқты, адамзат алдындағы қадір-қасиеті тек бір ғана ғұмырдың ауқымымен өлшенбейтін елден ерек ерекше тұлғалар пенделер арасынан арагідік ұшырасып жатады. Солардың бірі – дауылпаз ақын, қазақ халқы үшін отқа да, суға да түскен есіл ер, даңқты батыр, көтеріліс сардары Махамбет Өтемісұлы.

М. Өтемісұлы – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің мәртебесін биіктетіп, абыройын асқақтатқан аса талантты тұлға. Ол ұлы даланың өр мінезді перзенті, батырлық пен ақындықты, қайсар рух пен зорлыққа қарсы үн көтеріп, азаттық, бостандық, теңдік туын желбіретті, әділетсіздікке қарсы өліспей беріспеу идеясының нағыз жаршысы ретінде бағаланды.

Табиғат бір Махамбеттің басына батырлықты да, ақындықты да аямай бере салған. Есіл ер қарсыласқан жауымен сарт та сұрт айқасып қалғанда найзасымен іліп түскен, тілімен тіліп түскен, семсерімен ойып жіберген, сөзімен сойып жіберген. Махамбет өзгеде жоқ та, өзінде ғана бар осы құдіретті қасиетімен батырлар тарихында да, ақындар тарихында да жарық жұлдыздай жарқырап жеке тұратын теңдесі жоқ дара да дана тұлға!

Махамбет поэзиясы ерлік, батырлық поэзиямыздың заңды жалғасы, барынша мықты дамыған түрі деуіміз керек. Махамбет ақындығы – жорық үстінде, ат жалында, күрес, майдан сахнасында өскен, шыныққан, күшейген ақындық.

Анықтап қарасақ, Махамбет жетіскеннен ақын болайын демеген секілді. «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» қолына қалам немесе домбыра алмай, найза мен қылыш ұстап, «мұздай темір құрсанып», «Қу толағай жастанып», «Садағына сары шіркей үймелеп», «түн қатып жүріп түс қашқан» жағдайда іштегі ызасы мен кегін, өксігі мен арманын айту үшін амалсыз ақын болған секілді көрінеді.  Ол өлеңді «бес қарудың бірі» – деп ұғады.

Махамбет жырлары түгелдей Исатай Тайманов бастаған халық көтерілісі (1836-1837) тарихымен тығыз байланысты екені мәлім. Сырт қарағанда, Жәңгір ханның үстемдігіне қарсы ұйымдастырылған сияқты көрінгенімен, бұл көтеріліс, түптеп келгенде, патшаның отарлаушылық саясатына қарсы бағытталған болатын. Оны кезінде Халел Досмұханбетов ашық айтқан: «Қазақтың хандығы ресми түрде ХІХ ғасырдың ортасына дейін созылса да, шынында Әбілхайырдан бастап қазақ хандары патша үкіметінің қолында ойыншық болды. Сондықтан  1731 жылдан бергі Кіші жүздің ханға болсын, сұлтандарға болсын, орысқа болсын көтерілістерінің бәрін патша үкіметіне қарсы көтерілістер деп атау керек» деп жазған ол.

Махамбет жырлары – осы көтерілістің үні, ұраны. Ол – сөзсіз қазақ әдебиетіндегі отаршылдыққа қарсы күрес жырларының ең жарқын беттері.     Махамбет трагедиясы – дәл сол замандағы қазақ трагедиясы, бодандық, бағынышты қайрансыздық, елдің бақытсыздық поэзиясы.

Мұнда көтерілістің мақсат-мұраты, оған араласатын ерлердің қандай болуы керектігі, соғыс суреттері, Исатайдың батырлығы оны жоқтауға арналған жырлар, ақынның өз жайы, көңіл-күйіне байланысты өлеңдер жалғасып, көтеріліс тарихын тұтас күйінде көркем бейнелейді. Махамбет ақын ғана емес, көтерілісті бірге ұйымдастырысқан, жорықта ірі қайрат көрсеткен Исатайдың серігі, атақты батыр. Ол – ат үстінде туған жауынгер жырларымен күрескерлерге рух берген, тыңдаушысын қыздырып, еліктіріп алып кете алатын өнер иесі.

Махамбет ой толғап, ақылгөйсіп отыратын мезгілдің өтіп кеткенін, ендігі іске күрес адамы, нағыз ер керектігін жария етті. Ондай ерлердің «ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай…, тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей» ісі бітпейтінін айтады. Исатай екеуі бастаған көтерілістің ауырлығын түсінген ол жұртты тік көтеріп, «біздің бүйткен бұл іске», «толарсақтан саз кешіп, тоқтамай тартып шығатын, Қас үлектен туған қатепті қара нар керек, қабырғасын қаусатып, бір-біріндеп сөксе де, қабағын шытпас ер керек» деп ұрандады. Заман мен адам арасындағы қайшылықты тек күреспен шешуге болады деп пайымдады. Елге теңдік әперу, азаттыққа, еркіндікке қол жеткізу – оның арманы болды. «Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім, Жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім» деген жолдар оның күрескерлік мұратын танытады. Ол халыққа қызмет ету өлшемін осы жолдан іздеді.

Хан билігі, қанаушы топ – Махамбеттің өш типі. Оларға Махамбет халық мүддесін сатқандығы үшін өшігеді.

«Алтын тақты хандардың

Хандығынан не пайда?

Қаріп пенен қасірге

Туралық ісі болмаса»,-

дейді.

Махамбеттің басқа ақындарда кездеспейтін тек өз басына ғана тән ерекше бір қасиеті мынада: басқа ақындар хан-сұлтандарды мінегенде, халыққа істеген қиянатын айтқанда, бетіне тура келіп айта алмаған, көбі сырттай мінеп-сынаған. Махамбет хан-сұлтандарды өз сарайының, өз үйінің төрінде қаймықпастан айтқан.

«Хан емессің, қасқырсың,

Қас албасты басқырсың.

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын.

Хан емессің ылаңсың,

Қара шұбар жылансың.

Хан емессің аярсың,

Айыр құйрық шаянсың!»-

деп тура Жәңгірдің өзіне уытты өлеңді төгіп тастайды.

Ел мен жердің тәуелсіздігі Махамбет жырларының негізгі сарыны есебінде бүгін де көптің ой-арманын қозғап отыр. Бұл екеуі – егіз құбылыс. Елсіз жер, жерсіз ел тәуелсіз бола алмайды. Исатай-Махамбет көтерілісі де алдымен патша шенеуніктері мен Жәңгір ханның, оның жақындарының жерді меншіктеп алуынан, халықты Нарынның құмына айдап тастауынан туған.

«Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық,

Тептер үшін тебістік,

Теңдікті, малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік»,-

деген жолдарда ел мен жер үшін жүргізген қазақтың ұзақ ғасырлар бойғы күресінің үні жатыр.

Махамбет жырларындағы Адам – ірі, кесек мінездің көрінісі. Жақсы мен жаманды көп көрген адам есебінде ақын ер мен езді қарама-қарсы қоя, салыстыра суреттер жасайды.

«Арғымақтың баласы

Аз оттар да көп жусар –

Талаудан татқан дәні бар.

Азамат ердің баласы,

Аз ұйықтар да көп жортар,

Дұшпанға кеткен ары мен

Барымтаға түскен малы бар».

Бұл өлең – күрес үстінде, дамылсыз ат үстінде өткізген күндердің сабағы. Осындай өмір мен өлім таласында ерлік пен ездік, адалдық пен пасықтық, уәдеге беріктік пен опасыздық айқын бой көрсетеніні анық. Ақын осыны тұжырымдап, түйіндей білді. Оның «Арғымақтан туған қазанат» өлеңі осындай ерлер мен ездерге берілген сын десе де болады.

«Арғымақтан туған қазанат,

Шабуыл салса, нанғысыз.

Қазанаттан туған қаз мойын

Күніне көз көрім жер шалғысыз.

Айырдан туған жампоз бар,

Нарға жүгін салғысыз.

Аруанадан туған мая бар,

Асылын айуан десе нанғысыз.

Жаманнан туған жақсы бар,

Атасын айтса, нанғысыз.

Жақсыдан туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,

Жарамды бір теріге алғысыз».

Махамбеттің осы тектес өлеңдері өмір шындығынан үлкен сабақ түйген, терең ой, парасатты философияға негізделген даналыққа толы келеді. Күрескер ақын сол арқылы тыңдаушысын жақсылыққа үйретеді, жамандықтан жирендіреді.Жігерге жігер қосады.

«Асыл ердің баласы

Жауды көрсе, шыдамай

Көзін салар қияға.

Ермін деген жігітті

Кеңшілікте сынама»,- дейді.

«Махамбет» деп сөз бастағанда ойдың төрі мен тілдің ұшында тұрар бірден-бір балама – «батыр» ұғымы. Осындайда дауылпаз ақын, көзсіз батыр Махамбеттің қол-аяғы кісендеулі тұрып, Орынбор генерал-губернаторы Перовскийге айтқан мына сөзі есімізге түседі: «Генерал-губернатор мырза, егер қолыма бостандық пен билік берсеңіз, жер-суымды, байтағымды, атамекенімді келімсектерден тазартар едім…» Мұны естіген Перовский Махамбетке аң-таң қалады. «Басын кессе де тайынбайтын нағыз көкшуланның өзі екен, рухы неткен биік еді патшағардың, мұнымен тәжікелесіп, абырой таппаспын, бүтін бір елді өзіме қарсы қойып алармын»  деп, Махамбетті абақтыдан босатып жібереді.

Махамбет «Туған ұлдан не пайда, қолына найза алмаса?Атаның жолын қумаса» дейді. Бұл жерде қазақ біткеннің бәрін қару асынсын, сарбаз болсын деп отырмағаны белгілі. Найза дегені – намыс дегені. Әлпештеп өсіріп, дүниенің барлық ілімі мен біліміне қанықтырып, ел көрсетіп, жер көрсетіп, көзін ашып, көкірегін байытып үміт еткен ұлың алғанын қайтармаса, оны Алаштың жақсылығына жұмсамаса не болғаны? Оның бүкіл өлеңдері тек осындай батырлық идеяға негізделген.

Махамбет өлеңдерінің негізгі кейіпкерлері – Исатай мен өзі. Махамбет жан қиысқан қанды көйлек досы Исатай Тайманұлының батырлық, азаматтық тұлғасын, өлеңдік портретін ғажап жасап шыққан. Ерлерді сипаттау ертедегі жырлардан келе жатқан дәстүр, алайда Махамбет солардан алған үлгіні одан әрі күшейтіп, өзіне дейінгі сипаттамалардан әлдеқайда асып түседі және батырға деген өз сезімі, аса берілгендік сенімі бұрын-соңды болмаған дәрежеде айтылады.

«Құландай ащы дауыстым,

Құлжадай айбар мүйіздім

Кер миығым, кербезім

Керіскедей шандозым!..», –

деген ғажайып суреттерді бірінен соң бірін тоғытқанда, Исатай бейнесі керемет өсіп, биіктеп, қиялыңды арбайды.

Батырдың өлімін халық басына түскенең ауыр күн есебінде бейнелейді. «Мұнар күн» өлеңін Исатай өлімі туралы «ғажайып қазанама» деп Зейнолла Қабдолов әдемі айтқан. Бұл өлеңінде ақын халық қайғысын терең тебірене сезіну арқылы өмірде болмайтын құбылыстарды болдыға балап, суреттейді. «Бұлттан шыққан шұбар күн», «буыршын мұзға тайған күн», «сағағы болат қылыштың балдағынан сынған күн» тәрізді образдар – халық арманының күйреуін күңірене жырлаудың белгісі. Исатай ерлігі мен өлімі арқылы Махамбет өзінің халықтық арман-мұңын жырлады.

Махамбет өлеңдеріндегі ақынның өз бейнесі де көңіл аударарлық. Ол Исатайдың жан серігі, бас батыры, ақыны, досы болып көрінеді. «Исатай – басшы, мен – қосшы» дейді.

«Дұшпанына келгенде,

Тартынбай сөйлер асылмын.

Құла бір сұлу ат мінген,

Құйрық, жалын шарт  түйген…

Ту түбінен ту алған

Жауды көрсе қуанған

Мен Өтемістің баласы

Махамбет атты батырмын»,- дейді ол. «Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, шамырқансам, шатынап сынар болатпын», «кескекті ердің сойымын», «тартынбай сөйлер асылмын», «бойың жетпес биікпін» деген сияқты жолдар да Махамбеттің қайсар, өткір мінезінен хабар береді. Өмірі қуғында өтіп, сақтыққа үйренген ақынның «Мен – тауда ойнаған қарт марал, табаным тасқа тиер деп, сақсынып шыққан қиядан» дегені де тапқырлықпен айтылған.

М. Әуезов «Әдебиет тарихында» Махамбетті де зар заман ақындарына қосқан. Алайда, Махамбет жырлары Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты шын зар заман ақындарынан өзгеше.  Махамбетте егілу, өмірден күдер үзіп, сарнау, зарлау сарыны жоқ. Отаршылдық тәртібі бұғау болып басқа киілгенімен, одан құтылып шығудың реті жоғын көрсе де, Махамбет егілмейді. Бағынуға көнгісі келмей, бұлқынады. «Жалаулы найза қолға алып, жау тоқтатар күнді аңсайды».

Махамбетте екі арман кетті. Біріншісі – елдік, екіншісі – ерлік. Елдік арманы сол – тар қапаста тап болған халқын еркіндікке жеткізе алмады. Ерлік арманы сол – ата жаумен қан майданда айқасып, қаруын қапысыз сілтеп, қан кешіп жүріп, мерт болмады, бұғып келген қарақшының қолынан қапыда кетті.

Осы орайда дарынды ақын Сағат Әбдуғалиевтің мына бір шумақтары есімізге оралады:

«Аяулы анаң – ақиқат та, атаң – кек,

Төрелердің тәтті қанын татам деп,

Бөрілермен бөрілерше белдескен,

Сен менен де бақыттысың, Махамбет!»

Бүгінгі буының арасында Махамбет өлеңдерін оқымағаны жоқ. Талдадық та, жаттадық та. Ақын шығармалары мектеп бағдарламасы негізінде оқулықтарға еніп, сабақ ретінде санамызға сіңді. Махамбет әлеміне енген адам шиыршық атпай тұра алмайды. Оның жырлары құлақтан кіріп қана қоймайды, бүкіл тамырыңды иітіп, санаға сәулелі жарық түсіреді. Оның өлең ағыны – өмірдің өзіндей тоқтаусыз, мәңгілік тірі ағын. Қазақ өлеңінің құпия құдіретін ұрпақтан-ұрпаққа дәлелдеп кеткен ерекше құбылыс.

Сөйтіп, Махамбет жырлары ой санасы сергек, танымы терең ақынның өз мақсатын халқына дәлдікпен жеткізген, қоғам өмірінің әлеуметтік сырын ұғынуға тырысқан мұратын, көзқарасын әйгілеген жырлар болып табылады.

Жылдар, ғасырлар алмаса келе талай оқиға көмескі тартары заңдылық. Ал Махамбеттің ісі мен жырына ондай қауіп төнген емес, төнбейді де. Олай болатыны, оның батырлығы – бір жекпе-жектегі қайраты емес, жалпы адам бойындағы қайсарлық пен ерліктің символы. Жыр-толғауы бір кезеңнің баяны емес, күллі адамзатқа тән азаттық пен теңдіктің өшпейтін ұраны.

Махамбет сонысымен мәңгілік!

...