«Человек - игрушка бога.
Этому - то и надо следовать.
Надо жить играя.»
ПЛАТОН
Бүгін ол ерекше көңілді жүр.
Мұрын астынан ешкімге белгісіз әнді ыңылдап айтып, пәтірінің ескі алдындағы мектеп ауласына қараған терезесін айқара ашып тастағаны; бөлмеге еркелей енген самалға мойнын, көкірегін аймалатып, қаншама күнгі мұңнан серпіліп, арқасына қанат біткендей қолын көкке созып керілгені; төсегін жинап жатқанда көрпе-жастығындағы алқызыл раушан гүлдердің қанық бояуын алғаш көргендей қолымен қайта-қайта сипай бергені; театрдан келетін әріптестеріне сақтап жүрген тәттілермен шәй ішкені, ерекше ықтиярлықпен ыдыстарды жуып, қолайнаға қарағандай әр тәрелкеден өз бейнесін іздегені — актрисаның жүрегінде тосыннан оянған өмірге деген құлшыныс сәулесін аңғартқандай; қалай болғанда да бүгінгі көңіл-күй терезеден төгілген күн шуағы сынды екі бөлмелі пәтерді нұрландырып жіберген.
Бірақ үңірейген қос бөлме көрер көзге соншалықты әдемі емес те еді. Бір-екі орындық, жұпыны стол, еңсеңді езетін ақшыл-қоңыр түсті қабырғалар, жалқы терезе. Төрде ілініп тұрған сағат шеті жоқ дәлізде аяғын сылтып басқан адамның жүрісі сынды «тық-тұқ» еткен дыбыс шығарып, жалғыз басты әйелдің жүрек соғысын есептеп тұрғандай. Актриса ұйқысыз түндерінде сағаттың осы үнін сәт санап жақындап келе жатқан өлім қадамдары ма деп ойлайтын, кейде өздігінен жиілеп, шауып келе жатқан ат тұяғының дүбіріне ұласып, көз алдына ажал елесін әкелуші еді. Сағаттың оң жағында актрисаның былайғы өмірін жіті қадағалап тұрған марқұм ата-анасының ескі суреті ілінген. Олар демін ішіне тартып, бір нүктеден көз алмастан жымияды.
Бұның бәрі жалғыздықтың азабын шегіп жүрген актрисаны зеріктірген декорация болғанмен, бүгін ол осыншалықты сұрықсыз пәтердің әдемілігін енді тапқандай кеудесін шаттық кернеп, көңілі көтеріңкі жүр.
Актриса шай құйылған кружкасының құлағын сүйріктей саусағымен қысып, ашық терезенің алдына келді. Көктемнің келгеніне мадақ айтқан құстар дамылсыз сайрауда. Ол жанын жадыратқан қоңыр леппен тыныстап, шәйіне ерінін тигізе мектеп жаққа көз салды. Мектеп ауласында асыр салып жүрген оқушылар да бүгінгі ерекше күнге өз үлесін қосқысы келгендей шат-шадыман. Бір кезде қоңырау соғылып, жаңбыр дабылын естіп, илеуге асыққан құмырсқалардай барлығы мектептің ішіне еніп кетті. Үлкен алаңда қолына қуыршағын ұстап, алаңсыз әткеншек тепкен кішкентай қыздың шашымен ойнаған жалғыздық желі ғана қалған. Неге екені белгісіз, осынау сан-алуан бояуы тамылжыған әлемнің ортасында белгісіз әнді ыңылдап, қуыршағын тербеткен бүлдіршін қыз актрисаның көзіне әрсіз, түссіз болып көрінді. «Таныс көрініс, қайдан көріп едім?» деген сұрақ көңіл көкжиегіне алай-дүлей дауыл шақырғандай, - «таныс көрініс...».
Ол қолындағы ыдысты терезе алдына қоя салды да, сең соққандай басы мең-зең боп, төсегіне келіп отырды. Жастықтың үстінде отырған қуыршағы «есіңе түспеді ме?» деп басын изегендей. Балалығының кішкене бөлшегі, осы күнге дейінгі өмірінің куәгері болған жансыз досының жанарынан «мен сияқты болған жақсы ма екен?» деген мысқыл сезіледі. Көңілсіз түске бояла бастаған бөлме ішінде актрисаға ғана көрінетін өткен өмір көріністері тізбектелуде. Әр кезеңнен бір естелік, қалғанын ұмытып қалған, уақыт өзеніне шайып жіберген. Әйтеуір балалық шағы көз алдында...
Осы пәтер...
Осы сағат...
Тық-тұқ.
* * *
Актрисаның бүлдіршін күнінде үлке-е-ен арманы болатын. Мүмкін ол үйдегі еркек пен әйелдің бірі — ана, бірі — әке рөлін ойнайтынын біліп қойып, ешкімге керек емес екендігін түсінген сәтте туған арман болар? Мүмкін әке-кейіпкердің кезекті үйге қонбаған әрекетіне ерегіскен анасының көрші еркекті пәтерге шақырып алғанын түсінбегеннен туған арман шығар? Есінде қалғаны бүлдіршін-актриса өзіне тиесілі бала кейіпкерін ойнауды тез үйреніп алғаны. «Менің әкем және анам» деп еркелегені, екеуінің алдында асыр-салып ойнағаны, сурет дәптеріне «Біздің отбасы» деп үшеуінің суретін салғаны, кешкісін бетінен сүйгізіп, өтірік ұйықтап қалатыны – жалған, жасанды, баланың қарапайым қиялы, кейбірі теледидардан көрген әрекеттерді қайталау ғана-тын.
Бір күні бүлдіршін актрисаға әкесі қуыршақ сыйлады. Сондай үлкен, сондай сүйкімді. Жатқызсаң көзін жұмады, тік тұрғызсаң оянады. Сөйлемейтіні болмаса, кәдімгі бала сияқты. Бірақ сөйлемегені жақсы, әйтпесе қуыршақ та жасандылыққа ұрынар еді. Қуыршақ ақымақтарға лайықты жауап үнсіздік екенін бек түсінетін, сондықтан ол актриса үшін бойжеткен шағында ата-анасы тыңдамайтын, айтқызуға мүмкіндік бермейтін сырлардың, құлыпта тұрған құпиялардың сандығы бола білді.
Иә, қуыршақ — құпия сақтай алатындығымен бағалы...
Көбіне үйде жалғыз қалатын, жан баласымен жарытып сөйлеспейтін кішкентай қыздың сахна әлеміне осылай қуыршақ енді. Сол күннен бастап бақытсыздық ұя салған мына пәтердің табиғаты бала қиялы арқылы жаңаша сипаттағы көрінісін бастаған еді. Алғашқы таныстық сәті қандай қызық?! Қуыршақтың алғашқы спектакілі.
- Сенің атың — Белла! Анам өткенде «Белла деген қуыршағыңмен бірге құрып кеткір!..» деп әкеме ұрысты, сол Белла сенсің ғой, иә?
- ... - қуыршақ үнсіз басын изегендей еді.
Сәби өзімен-өзі сөйлесу мүмкіндігіне ие бола тұра, шешім қабылдайтын кездері рұқсат алу үшін қуыршақтан артық көмекші таппайтыны рас.
- Мына жер екеуміздің үйіміз. Ойыншықтарды осы жерге жинаған дұрыс па?
- ...
- Мен де солай ойлаймын. Мына жер жатын бөлмесі болсын, бұл ас ішетін жағымыз, айтпақшы тамақ жейсің бе? Қарның ашты ма? Кел дастарханға отыр.
- ...
- Мынау шәй болады. Бұл – торт. Тойдың ба?
- ...
- Тойдық иа?! Жүр мен саған ертегі айтып беремін.
Түрлі-түсті бояуы аз, аса баяу қозғалатын бөлшектерден құралған әлсіз әлем. Төрде ілінген пәтердің жүрегі сынды дүрсілдеген сағаттан өзге дыбыс жоқ мылқау әлем. Бұл – қуыршақтар әлемі.
- Мен де сен сияқты қуыршақ болайыншы?
- ...
- Рахмет!
- ...
- Кеше анам сыртқы шығып кетті ғой, сонда терезеден көрдім, басқа ағаймен сүйісті. Оның мұрты бар. Хи-хи-хи!
- ...
- Қуыршақпыз, қуыршақпыз, ля-ля-ля!
- ...
Ол қуыршақтың өміріне қатты қызықты: ата-анасы жоқ, бар жұмысы жатқызса көзін жұму, тік тұрғызса көзін ашу. Белгілі бір рөлді ойнау, демалу, тамақ ішу деген қажеттіліктерден ада, құласаң ауырмайды, сөйлеп әуре болмайсың, ұстағанның қолында, тастағанның жолында, уайым-қайғың жоқ деп ойлайтын. Анаң ойыншықтарыңды жина деп ұрыспайды, қайдан ұрыссын, өзің ойыншық емессің бе? (Қыз сықылықтап күліп жіберді). Қуыршақ болған қандай рахат!..
- Кел, екеуміз өмірімізді айырбастайық!..
* * *
Иә, содан бері олардың жұптары ажыраған жоқ...
* * *
Мектепті тәмамдаған жылы танысқан жігіт те санасында сақталып қалыпты. Құрбысы таныстырғанда көңіл аудармаған жігіт кездесейік деген батыл ұсынысқа актриса бірден келіскен. Әрине, есінде... Сол күні әдемі көйлегін киіп, махаббат иісі аңқыған саябаққа келгенде, әбіден күте-күте терісіне симай тұрған Еркебұланның «жақсы көремін!» деп айқайлап, ашуланғаны, бір кезде құшақтап алып, мойнынан, бетінен иіскегені бойжеткен актрисаға ерекше ұнаған еді. Жанары ұшқын атқан жігіттің «еркем, еркешім» деп келіп, ернінен сүйгісі келгені де, сүйгізбей теріс айналып кеткен қылыққа бұлқан-талқан боп, ессіздікке салынғаны да, қандай керемет! Актриса кеудесінде лүпілдеп, жан-дүниесін қыдықтаған ынтызарлық күйдің құрбанына айналып бара жатқанын, көлеңкеде өскен гүл-көңілі Еркебұланның мейірім нұрына шалқып-тасып, ернеуінен төгіле қуанышқа бөленгенін қарсы көрмеді. Әсіресе, оған от пен суға қарамай, жалқы сөзі үшін жанын жалдап, өмірін қиюға дайын жігіттің бүкіл тағдырын қолына ұстаған құзыреттілікті сезіну ерекше ұнаған-ды.
Бірақ бұның бәрі Қуыршаққа ұнамады...
Махаббатты театрға айналдыру – жасандылық, ал театрды махаббатқа айналдыру – өмір. Актриса сол кезде Еркебұланға шынымен ғашық болған, болмағанын ойлап көрді, білмейді екен. Мүмкін жанының жыртығы жамалып, кеудесінің бос тұрған кеңістігі толғанға қуанып жүре берді ме? Екінші кездесуде оңаша қалуға келісімін бергені де себепсіз еді. Бәлкім Еркебұланның өмір сахнасындағы қатып қалған заңдылықтарға бағынып, сызылған шеңбердің ішінде ғана ойын көрсететін кейіпкер еместігінен шығар? Ол қандай да бір шешімді асығыс қабылдай салады, және оның соңы қайда апарып соқтырарын көп ойланбайды. Бұл актрисаның ойынша шынайлықтың айқын белгісі саналатын, сол үшін де Еркебұланды жақсы көрді, сондықтан да келісімін берді ме?
Еркебұланмен қалай араздасып, не үшін кездеспей кеткенін ұмытып қалыпты. Әйтеуір, өмір таудан аққан өзендей арқырап, көз ілестірмей кетті емес пе?
Бойжеткен актриса төртінші курста оқыған кезінде, иә, ол кезде өмір сахнасы сары шымылдығын ашқан күз мезгіл еді, жұмысқа қабылдау конкурсында облыстық театрдың төрағасы Әмір ағайдың көзіне түсу үшін барын салған еді. Ол кемпірқосақты көруді армандасаң алдымен нөсер жаңбырды өткеру керек екендігін білетін. Өз заманының беделді азаматы Әмір Әшімбаевтің «жақсы ұсынысым бар, кешкілік кездесіп талқылайық» деп шақырған ас мәзіріне қарсылық білдірмеді, білдіргісі де келмеді.
Құрбысы: «сен қандай бақыттысың!» деп еді...
Актриса айна алдында бетіне опа-далабын жағып жатты да, қуыршағына қарап:
- Сен қалай ойлайсың, Әмір Әшімбаевтің ұсынысын қабылдаған дұрыс па? Әлде қате ме? – деді.
- ...
- Мен де солай ойлаймын! Бұндай мүмкіндік құдайдың құтты күні келе бермейді.
- ...
- Иә, «бармақ басып, көз қысамын» да, ел шулап жүрген үлкен примераның басты рөлін иеленіп алам! Ха-ха-ха!
- ...
- Мен де сені сүйемін, жаным сол, ал мен кеттім! Сәттілік тіле!
- ...
Үлкен сахнаға шығудың қысқа жолы төсекті көпір қылу арқылы шешілгені қалыпты жағдай. Актриса шығуы оңай таудан, түсу де оңай екенін білмеді емес, білді. Бірақ та бүгінгі күнмен өмір сүретін адамдардың нақты осы сәттегі жеңісін бірінші орынға қойып, «ертеңгі күн – жоқ күн, оны уақыты келгенде көреміз» деп есептейтінін ескерсек, актриса үшін басқа жол іздеп, бас қатырудың керегі де жоқ еді. Міне, тағы бір примерадағы бас кейіпкерді сомдайтын ханшайымның рөлін ойнаудың орайы табылды. Кезекті кейіпкерді сомдау актриса үшін қиынға түскен жоқ. Өмірдің түрлі кедергілерінен, сындарынан өтіп мұратына жеткен Беллара атты ханшайым ролін асқан шеберлікпен, жан-жақты ашқан еді. Гастрольдік сапармен түрлі қалаларды аралап, көрермен көңілінен шыққан актриса иелігіндегі кейіпкерінің өмірдегі бейнесі, тірі мысалы ретінде өзін көрсетін. «Қазіргі сомдап жүрген кейіпкерім – менің шынайы бейнем...» атты сұхбат республикалық журнал беттерінде бірнеше рет басылып шықты. Актриса алғашқы махаббаты, балалық шағы туралы сұрақтарды жеңіл-желпі сипап өтіп, нағыз өмірінің театрда басталғанын қашан да алға тартатын.
« - Адамның басы Алланың добы ғой – деп жазыпты, республикалық «Сүйкімді» журналына сұхбат бергенде, - мен өмірдегі рөліммен сахнада кездескенде таңданып, сене алмай жүрдім. Бірақ кейін бұл кездейсоқтық емес – тағдыр екенін түсінгенім примераның шырқау шегіндегі оқиғаны (әрине өмірде басымнан өткеріп, өзім сезінгеннен кейін) өте жақсы сомдап шығуыма бірден-бір себеп болды.
- Сіздің театрға дейінгі өміріңіз оқырмандарға аса қызықты, бірақ сіз ол әлемді әлі де құлыпта ұстап келесіз. Мүмкін бүгін айтып берерсіз?
- Адамның мейлінше жұмбақ, құпиялы болғаны жақсы ғой. Барлық есіктерді ашып тастасам менің әлемім сізге мұншалықты қызықты болмас еді. Өткен өмірімнің жемісі, нәтижесі — бүгінгі сіздер танып отырған қалпым. Мені осылай қабылдаған дұрыс».
* * *
Өткен күн – көрген түстей-ақ екен. Актрисаның театр теңізінде саяхаттаған кезеңі біреудің ойлап тапқан шығармасы, өз иелігіндегі өмір сахнасынан тыс құбылыс сияқты жылыстап, жадынан өшіпті. Тек ұлы дүние іздеген жастар «бізге де жол беріңдер!» деп жалынымен шарпып, дүниені дүбірлетіп, актрисаны күні-түні алаңдатқаны ғана есінде қалған. Күндіз-түні алған бағыты қате, бірақ артқа қайтар жол жоқ деген ой теңіздегі ұйықтай айналып, қараңғылыққа қарай тартатын еді. Ондай кездері қуыршағын құшағына қысып:
- Өмір сүру қандай қиын еді. Ескегімді суға лақтырып, ағысқа қарсы жүзбей, тағдыр дауылы адастырған қайықта көзіңді тарс жұмып жата бергің-ақ келеді, қуаршақ... Түсінемісің?.. – деуші еді мұңайып. Сосын қиялға ерік беріп, естілер-естілмес күбірлейтін: - «одан да қуыршақ болып жүре бергенім, әлдеқайда жақсы еді...»
- ...
Актрисаның сан мыңдаған толқыны тулап, шексіздіктей көрінген өнер теңізінің шетіне шығып қаламын деген қорқынышы көкжиектен найзағайы жарқылдап жетіп келген дауылдай болды. Жас иіс жаңа примераның басты рөлін алып, енді ханшайымның ешкімге керегі жоқ боп қалған сәті есінде... Иә, кешегі атақ-абыройы, биігі бір-ақ сәтте тарих қойнауындағы көп мысалдардың біріне айналып, нәтижесіз талпыныстары мен шарасыз әрекеті үшін Әмір Әшімбаевтің бұйрығымен жұмыстан шығып қалған күнін қалай ұмытсын?!
Қуыршақтың да есінде...
Актриса күрсінді. Бір сәт көрермендердің қол шапалақтаған сәтін жадынан іздеп, жаңғыртқысы келіп еді, бос кеңістікте қалқып, ештеңе таба алмады. Енді Еркебұланды қабылдаған түнде айтылған әңгімелерді, қиялдар мен армандарды ойлап көріп еді, ол да жоқ. Не үшін өмір сүрді? Не үшін таң атып, күн батып жатыр? Қайда келе жатырмын мен, қайда барамын? Осы күнге дейін сөйлеген сөздерім, армандарым, саналы-санасыз әрекеттерім қайда кетті? Сонда мен өмір экранына қарап, қозғалыссыз отырған көрермен болғаным ба? Әлде әлдекімнің ойлап тапқан көрінісін көрсету үшін бәзбіреудің саусақтары арқылы қозғалып тұрған, аяқ-қолына жіп байланған қуыршақпын ба?
Актриса дағдысы бойынша қуыршағын қолына ұстап тербетіліп отырды. Сырттан қараған адамға кім кімді тербетіп отырғанын айыру аса қиын еді.
- Бақыт деген не өзі? Бақытсыздық деген не?
- ...
- Пенде біткен соған жетеміз деп өмір сүріп жүр дейсің бе?! Жо-жоқ, олай емес, олар өліп қалмау үшін, иә, өлімнен қорыққандары үшін жүр. Тамақ ішпесе өледі, ендеше ақша тауып, тамақ сатып алу керек, себебі өлмеу керек. Сөйтіп жүріп өмір деген керемет дейді. Бұндай өмір маған ұнамайды, қуыршақ...
- ...
* * *
Шексіз мәңгіліктен үзіліп жатқан сағат тықылы актрисаның жанын жегідей жеді. Енді қайта айналып келмейтін күндер бөлменің әр тұсынан бір жарқ етіп, өзінің өзгертілмес суретін салып жатыр (Театрдағы күнде қайталанатын спектакль сынды). Актриса көріністерден көзін алмастан, қалай жылау, қалай күлу керек екенін ұмытып қалғандай құр отыра берді. Өткен өмірін өзгенікіндей сезіну бойын тұмшалап, тұңғиық ойға батырып барады.
«Жоқ, бұл өмірді сүрген менмін! Нақты Мен! Әйтпесе ештеңе есімде қалмас еді ғой!..»
Міне, сана түкпірінде жылт етіп, ат шаптырым сахнадан алақандай пәтерге қайтып келген сәті есіне түсіп, көрініс бере бастады. Бәсе, ол күндерді қалай ұмытсын? Бірінші күні өзімен-өзі шаттанып:
- Ендігі өмірінің көріністері осы екі бөлмелі пәтерге байланған. Қандай керемет сахна! Тақырыпқа сай декорация, көрерменім сенсің, құмарың қанғанша ойнайтын болдым! – деп ішкі дауылын басқысы келгендіктен, қуыршағына сыр ақтарған еді. - Әлі-ақ артымнан жалынып-жалпайып өздері-ақ келеді. Ең соңынан кімнің күлгенін сонда көреміз...
Ол тіпті Әмір Әшімбаев келгенде не дейтінін, не істейтінін нүкте-үтіріне дейін алдын-ала ойластырып, жоспарлап қойды. Қанша рет дайындық та жасады. Кейін актерлік шеберлігін шаң баспас үшін пәтер-сахнасында өзі ойлап тапқан «Екі бөлмелі пәтердегі жалғызбасты әйел», «Қуыршақпен тілдесу», «Жалғыздықпен бірге» атты моноспектаклдерді ойнауды әдетке айналдырып алды. Ол тіпті аталмыш примераларын жарнамалап қала көшелеріне афиша ілсем бе екен деп те ойлаған. «Сосын үйіме қаланың элитасы келіп, менің талантыма тәнті болады. Иә, оларды осы жерге отырғызу керек, жоқ, бұл жер ыңғайсыз, мына жерге, немесе мында. Билеттің қанша қылсам екен? Театрдан әріптестерім де келетін шығар... Әмір Әшімбаев те келеді, сосын... Тек олар бұл әрекетімді бәсекелестік деп, тіпті одан сорлысы шарасыздық, аштан өлмеу қамы деп ойлап қалмаса екен...
Басты рөл өзінде, қосалқы актерлерді көз алдына елестетіп ойнаймын. Өз өнерімді елге көрсетудің өзгеше үлгісі емес пе?»
Егер ол драматург болса жақсы туындыларымен ел аузына ілігер еді.
Қабырғадағы ескі сағат – «менің жүрек соғысымды тыңдау – жалғыздығыңды сезіну» дегендей тырқ-тырқ күледі. Қуыршақ оны түсініп қойды. Бүгін ерекше көңілді еді, қайдағы жоқ есіне түсіп...
- Неге менен көзіңді алмайсың сен! – деп актриса қуыршаққа ашулана бастады.
- ...
- Мен — сенің сахнаңда емес, сен — менің сахнамдасың!
- Ал сен — менің кейіпкерімсің!!! – деді қуыршақ, бұдан әрі шыдай алмай.
- Түсінбедім?..
- Қалай, мен сияқты болған жақсы ма екен? – деді енді мысқылдап.
- ...
- Кім қуыршақ сонда, мен бе, сен бе?
- ... – енді үндемей жауап қайтарудың кезегі ауысқан. Сөз таба алмай қиналғандықтан қуыршақты қолына жатқызып еді, ол көзін жұмбай, тік қарап, сазарып, қырсықты. Езуінде үйірілген күлкісі актрисаның жан-дүниесін астан-кестен еткен. Актриса ызаға булығып қуыршақты шашынан ұстап, балконнан лақтырып жіберді...
ЖАЗУШЫ ЖАЗБАСЫ
Оның тақ-тұқ етіп жүрген дыбысы бірінші қабаттардан басталып, үшінші қабаттағы мен жалға алып отырған қоңыр есікті пәтердің алдына дейін келеді де, әлсіз жаңғырығып алып жоқ болады. Сосын бірер сәт тың тындағандай демін ішіне тартып, қимылсыз тұрған әрекетімен іштей арбасасың. Сәлден соң, саусағының ұшымен батылсыздана есікті тықылдатқаны естіледі. Қоңыр есікті көп кешіктірмей ашамын. Ол маған назарын аудармастан өз үйіне келгендей рұқсатсыз еніп, жазу үстелімдегі шимай-шатпақтың кейбірін құлықсыз алды-артын аудара қарап, оқыған болады да, күндегі әдеті бойынша төсекке келіп жайғасады. Мен есікті кілттеймін де, жазу үстелімнен бір мүштік темекі алып, терезеге жақындаймын. Осы кезде ол күндегі әдеті бойынша:
- Сен неге менің тағдырымды ойыншық қыласың?! – деп өзінен-өзі ұрыс бастайды. Күнде қайталайтын бұл әрекетіне таңдануға болмайды, себебі, әу баста солай жазылып қойған.
Алғашында бұл сұраққа әр күні әртүрлі жауап айтып, көңіліндегі түйінді шешкім келген, кейін бұным бос әурешілік екенін түсіндім. Сондықтан ең дұрысы – жауапсыз қалдыру. Ол бейқамдық суреті салынған бет-әлпетіме қарап тіпті ашуланып, жылай бастайды, бұл да дағдыға айналған әрекет. Бастысы көңіл аудармау керек. «Сен біздің маңдайымызға тағдыр жазатындай кімсің?» - дейді ол, өксікке тұншығып, - «Менің өмірім — маған тиесілі!» Кей-кездері жылағаны күлгенге ұқсап кетеді, ондай сәттерде ол өз тағдырына ішек-сілесі қатып, күліп жатқандай болады.
«Сен өзіңді кіммін деп ойлап жүрсің?»
Жылайды, шыңғырады, күледі, қайта жылайды. Күнде қайталанатын оқиға. Иә, осылай өзім жазғам. Басқалай болуы мүмкін емес. Рахат емес пе?! Мен бұдан ләззат аламын. Құрсағындағы төрт-бес айлық нәрестесін ұрғылып, мені қарғайды-ай кеп. Шарасынан шығып кетердей алақтаған жанарына қан құйылып, жаныма жетіп келеді де: «Сұмырай!» «Қатігез!» «Өлтір мені!» деп айқайлайды. Иә... Мен ләззат алатынмын. Қандай сәттер еді?!
...Енді қолжазбаның барлығын өртеу керек.
* * *
Бұл оқиға жаздың бас кезінде санамда ысылған оқиғалар желісімен соры сопақ астаудай бес-алты беттік әңгіме жазбақ болған сәтте басталды. Әңгімедегі кейіпкерлерім шынайы болу үшін оларға ұқсайтын адамдарды маңайымнан іздейтін жаман әдетім бар еді. Шыны керек жігітті іздемеген жерім жоқ: вокзалды торуылдадым; базар аралап, дүкендерді кездім; автобусқа мініп әрлі-берлі шарладым; бір жігітті ептеп ұқсатқан едім, бірақ мінезі келмеді. «Қарлығаш» аялдамасында тұр едім, жанына нәзік жанды аруын ертіп, алдымнан өтіп барады, алғашқыда таптым-ау деп қуанып, тұлғасын қызықтап, сыртынан бақыладым. Сосын мінезін байқайын деп жанына бардым да, әдейі иығыммен қағып өттім. Ол болса жағама жармасқаны. Жоқ, Данияр (менің кейіпкерім) дәл мынадай қылыққа бармас еді.
Екі күннен соң саябақта басқа жігітті кездестірдім, қызының қолшатырын іздеп жүр екен. Түр-тұлғасы келеді. Дегенмен, дауысы тым нәзік, сенімділік жетіспейді. Төбелеске шақырып, тарпа бас салып ем, кешірім сұрады да, көзімен жер сүзген қалпы қолшатырын сылтауратып, жедел кетіп қалды. Қорқақтық – қатігездіктің анасы емес пе! Сірә, қатігез шығар. Менің санамдағы кейіпкерім қатігез емес, ол – сабырлы және кешірімді болу керек.
Жігіт таппай табаным тозған соң, кейіпкер қызды іздеуге көштім. Заман талғамды ма, әлде менің талғамдылығым жоғары ма, әйтеуір, бұл әрекетімнен де түк шықпады. Әңгіме кейіпкеріне ұқсайтын адамды табу, тапқан күннің өзінде оның кейбір мінездерін игеру бірақ уақытты қажет етеді. Ал алқымыма тығылып, түсім түгілі өңімді иеленіп алған оқиға желісі маза берер емес. Еріксіз жедел жазуға отыруға мәжбүр болдым. Бұлай жүре берсем науқастанып қалатыным бар.
Жалға пәтер алдым. Жалғыз бөлме. Диван, жұпыны үстел, төр жақта жалқы төсек, циклоптың жанарындай жалғыз терезе, алдында аулаға қарап екі-үш гүл тұр. Пердені жууға алып кеткен екен. Бұрыштағы істен шыққан теледидардың қарашығынан өзімнің сопайған кескінім сығалайды. Және жылт етіп бір бейне көрінді. Жан-жағыма қарадым, ешкім жоқ сияқты. Қабырғада қонжықтарымен ойнаған аюдың суреті ілінген.
Пәтер үшінші қабатта. Қаланың бұл маңы аса тыныш екен. Оны үй иесі, жер ортасы жасқа келген кемпір айтты. Ананы-мынаны шұқылап жүріп пәтерді жалға алғысы келген әлдекімдер телефон соққанын, жазушылығыма қызыққандықтан ғана маған рұқсат беріп отырғандығын, көрші маңай жайын, сосын тұтас ықшам ауданның мәселелерін әңгіме қылды. Мұнысы пәтерін мақтағаны болар деп сөзін бөлмедім.
- Жазушы болу дегеніміз – жазықсыздардың жанын жалдау емес пе? Жазғандарыңды маған оқытуға тастап кет, жарайма, балам? – деді кететін кезде.
Тез құтылғым келгендіктен, шыбындаған аттай басымды шұлғып:
- Жақсы, жақсы – дей салдым. Жазылған дүниенің ыстығы басылмай ешкімге де көрсетуге болмайтын «шығармашылық заңдылықты» түсіндіріп жататын уақыт жоқ.
* * *
Жалғыздықтың даналыққа апаратыны күмәнді. Жалғыздық деген – қалың ой, өзіңмен арпалысу, өзіңе көз салу, жаныңды қопару. Кейде сол жалғыздықтан қорқасың. Себебі, ол бет-бейнеңді көз алдыңа әкелетін айна іспетті. Айнаның қай жағы ақиқат екенін шатыстырып алуың мүмкін. Ондай кездері өзіңмен өзің сөйлескің келеді. Сұрақ қоясың, жауабын өзің айтасың. Ойла келе ол жауапқа қарсы уәж де табылады. Қарсы сұрақ қою керек. Осы сәтте неге дәл бұл сұрақты қояйын деп тұрмын деген ой келеді. Өз жаныңның мәселесін аңғару дегеніміз – осы. Бұл – өмір мәнін жоғалтудың алғышарты.
* * *
Әңгімемді тыныштықта жазу үшін үй жалдап алуды баяғыдан бергі әдетім. Үй иесі кетісімен киімімді ауыстырдым да, іске кірістім. Алдымен бөлменің жиһаздарын жазуыма мейлінше бөгет болмайтындай ыңғайластырып алу керек. Көп ойланбастан шеткері тұрған сүйегі ауыр ағаш үстелді кәкір-шүкірінен босатып, дарылдата сүйреп, төбеден салбырап тұрған солғын шамның астына, бөлменің ортасына қарай, терезеге қарама-қарсы орналастырдым да, үстіне қағаздарымды, күлсалғыш, екі-үш қаламды ұқыптап жинап қойдым. Қараусыз қалған ескі бұйым кәдімгі жазу үстеліне айналып шыға келді. Сосын осы бір көрініске қызыға көз тастап, диванға жайғастымда, үлкен ойға шомдым. Бұл шығармашылық демалысты ұйымдастыру үшін бірнеше күн дамыл таппай, әбіден шаршап қалған екем, сәлден соң жапқышты жамыла сап, ұйықтап кетіппін.
Түн ортасында қыздың жылаған дауысынан ояндым. Басымды көтерсем ол терезе жақтағы төсекте басын төмен салып, тізесін құшақтап отыр екен. Ұйпа-тұйпа шашы бетін жасырып, тізесіне төгіліп жатыр. Ескі көйлегінің кей жері жыртық. Оқыстан басын көтеріп, жанарымен жаншып тастайтындай. Көзі қандай екен? Қорқынышты фильмдегідей тұтас қап-қара болса ше? Қойныма жылан салып жібергендей денем мұздап барады. Ең дұрысы тыныш жата беру; өтірік ұйқысырағандай болып қозғалақтап, диванның арқалығына қарап жатып алдым. Көзімді тарс жұмып, енді келуін күтіп ем, келмеді. Құлағымның түбіне демалып, қан ұйып қалған көздерін таңдана жұмып-ашып, шашымды иіскеп, мен қозғалған сәтте бұрышқа дыбыссыз жетіп барып, отыра қалатын шығар деп ойлап жатқанда қайта ұйықтап кетіппін. Сол түні үйде жалғыз еместігімді түсіндім.
Таңертең оянып алып, түндегі оқиғаның не өңім, не түсім екен айыра алмай ойым онға бөлініп, санам сарсаңға түсті. Пәтердің теріскейге қараған терезесі көңілсіздік көлеңкесімен күресе алмай, бөлмені еңсеңді езетін мұң көмкеріп тұрды. Бұндай кездері қозғалмай жата бергің келді. Жоғарғы жақтағы төсекте түндегі қыз әлі отырған сияқты. Мен ояндым дегендей тамағымды кернеп алдым да, басымды жайлап көтеріп, төсек жаққа қарадым. Ешкім жоқ екен. Жүрегім орнына түсті.
Бұдан кейін ол қызды тағы екі рет анық көрдім. Бірақ қателесуім де мүмкін. Екінші байқағаным былай болды: шатаспасам жазуға отырған алғашқы аптаның соңғы күндері. Таңертең әдеттегідей тамақтануға шыққанда әңгіменің ауанынан арыла алмай жүріп, есік кілттеуді ұмытып кетіппін. Есіме түсіп қайта бардым. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда аңғардым, кілт салатын тесіктен қап-қара көз жылтылдап қарап тұрды. Мен алғашында орнымда бөгеліп қалып, сосын түк байқамағансып бардым да, есікті кілттедім, сосын жедел баспалдақтарға қарай ұмтылған едім. Содан бастап пәтерге көтеріліп келе жатқанда кілт салатын тесікке қарамайтын болдым. Мүмкін ол қарап тұрған шығар...
Соңғы рет өрттің ішінен көргем.
* * *
Жазайын деп жүрген әңгімемнің желісі Нұргүл деген қыз жайлы еді. Мүмкін хикаят та боп қалар. Оны енді жазылу барысында көремін. Негізгі қаңқасы жасаулы тұр. Түс пен өңнің арасындағы адасу туралы болмақ. Нұргүл — он жетінші көктемінде ауылға қыдырып келген қалалық жігітке алданып, ересек өмірге енді аяқ басқан бойжеткен. Болашағына деген қорқыныштан арыла алмай жүрген кезі. Бір күні ол түс көреді. Түсінде көрші үйдің иттері қуып келе жатыр екен. Қан көпіріктері ағып, арсылдап кеп, енді қабайын деп жатқанда, сол маңнан өтіп бара жатқан сыныптасы Данияр оны құтқарып алады-мыс. Ауылдың қойын бағатын, қара торы, қашан көрсең жұпыны киініп жүретін Даниярды ауыл қыздары менсінбейтін. Бұл оқиғадан соң Нұргүл «құтқарушы» сыныптасымен ауыл шетіндегі өзен жағасында серуендеп, кірпік астымен зерттей бастайды. Және қарапайым қойшы баласының көздерінен керемет тұнықтықты, жылылықты, есін білгелі әкесінен көрмеген мейірімділікті сезініп, сергелдеңге түседі. Енді қараса екеуі аппақ гүлге оранған қырда аспанға қарап, армандап жатыр. Данияр бала кезден бері сақтаған сырын ашып, Нұргүлды сүйетінін айтады. Екеуі бір-бірін жаңа көргендей қауышып, рауандап атып келе жатқан таң шапағына шомылып аймаласады екен дейді. Содан түсінде Нұргүл ес-түссіз Даниярға ғашық болады. Асау аттай тулаған жүрегі кеудесіне сыймай, ғашығын құшып: «Данияр, алыстан іздеген бақытым мұншалық жақында жүргенін көрмеген соқыр екенмін, мен сені ...» деп, ағынан жарылар сәтінде анасы оятып жібереді. Ұйқы құшағынан жүрегі дүрсілдеп оянған Нұргүл бұның бәрі түс екенін түсініп, ешнәрсені көңіліне алмастан, әдеттегідей оқу құралдарын жинастырады да, мектепке шығады. Дәл осы кезде түс пен өңнің арасында келе жатқан Нұргүлге көрші үйдің иттері тап бермесі бар ма? Жаңа ғана көрген түстегідей. Жанұшыра қашқан қызды, иттер одан сайын өршелене қуа жөнеледі. Ішіндегі ала төбет екі секіріп, Нұргүлды жығып алады да кеудесін екі аяғымен басып, бетіне төніп, ырылдап, енді қабатын сәтте «қанқ» етеді де, оң жаққа қарай құлайды. Жанарын жас жуып, өзінің өкісігіне өзі тұншыққан Нұргүл тек көз алдының бұлдырап бара жатқанын сезеді-мыс. Есін жиса Даниярдың құшағында, ағыл-тегіл жылап жатыр. Данияр болса «жаным-ау, жыламашы енді, жаным, жыламашы...» - деп жұбатып әлек. Нұргүл болса, жігіттің құшағына одан сайын ене түсіп, одан сайын өксиді. Ол өзін соншалықты қорғансыз сезініп, сол қорғансыздығының дауасын Даниярдың құшағынан тапқандай болады. Сосын жастарын сүртіп, құтқарушысынан көз алмай: «Данияр, мені қорғашы, мен сені түсімде көрдім, мен саған ғашықпын!» - деп айтуға оқталып жатқанда анасы ұйқысынан тағы оятып жібереді. «Жын қақты ма ей, жылап жатқаны несі? Бар сабағыңа!» деп зекіп жатыр екен. Түсі ме, өңі ме?
Осы кезде оқырман санасына психологиялық таластар мен миға шабуыл әдісін қолданамын. Керемет әңгіме болады.
Қыз қорқып үйден шығады. Жо-о-оқ, көрші үйдің иттері кездеспейді. Аман-сау сабағына барады. Тек әлдене өзгерген, Даниярдан жанарын жасырып, өзімен-өзі арпалысып жүр. Бір жағынан тағы оянып кетіп, жүрегіндегі қауыз жарып келе жатқан сезімі түсінің ішіндегі түс болып шығар ма екен деген күдік, күдік емес – қорқыныш; екінші жағынан, түндегі тәтті сәттерді аңсаған көңілін жегідей жеген жалғыздық. Оның Даниярға деген көңілі түбегейлі өзгерген. Бүгінгі түс – махаббатты зұлымдық ретінде қабылдап, сезімнен жерініп қалған тәнді жібітіп, Нұргүлді өмірге қайта әкелгендей болды. Оның көз алдынан Даниярмен аймаласқан сәттер кетпей қойды. Ешкім көңіл аудармайтын тұйық қойшының ұлында ең асыл, ең қадірлі мінез қырлары бар екен. Шындығында іздеген бақыты алыста емес, көрші партада отырғанын түсінеді.
Сабақтан шыққан соң ауыл шетіндегі өзенді жағалап, жалғыз өзі серуендеп келген Нұргүл үйге кіре сап кешкі би алаңына баруға дайындалады. Би кешінде өзі алғашқы қадам жасап, ғашығын биге шақырады. Нұргүл өзіне ғана таныс, түсінде сезінген тәтті сезімнің өн бойын баурап, өмірі түрлі-түсті бояуларға өзгеріп бара жатқанын сезеді. Ішінен қайта-қайта «бұл менің түсім емес, бұл менің тағдырым» деп қайталай бергені де сондықтан. Сосын ғашығынан қараңғыдан қорқатынын, үйге дейін шығарып салуын өтінеді. Сол түні Данияр да бар сырын айтады-мыс. Айтқанда қандай, бала кезінен том-том романдар оқып, кітаптар әлемінде өмір сүрген ол Нұргүлді таңқалдырды. Екеуі табысып, аспанда жаңа жұлдыз пайда болған сынды — жаңа кішігірім әлем дүниеге келді. Түнде ыстық құшақтар, таң ата қимас қоштасулар.
Олар мектепті тәмәмдап бірі жұмыс істеу үшін, бірі оқуға түсу үшін Қарағандыға келеді...
Осы жерге дейін жазып келдім де, тосын жағдайға тап болдым.
Алғаш екеуінің кездесуін жазып жатқанда ашық тұрған тереземнің сыртынан жігіт пен қыздың әңгімелескен дауыстары еміс-еміс естіліп тұрды. Жазуымды тоқтатып, тың тыңдап ем, ерегіскендей ауыздарын ашпай қойды емес пе? Жаза бастасам қайта сөйлейді. Сыбыр-сыбыр, күбір-күбір.
Ертеңінде Нұргүл мен Даниярдың балалығы ұстап, бірін-бірі қуып, ойнап жүрген сәттерін жазып жатсам, кешегі екеу тағы тереземнің алдына келіп, теңгенің сыңғырындай күлкісін шашып, асыр салып ойнасын кеп.
Үшінші күні қалалық алдап кеткен жігіт Нұргүлге кеп, Данияр екеуі ұрысып қалуын жаздым. Қызығы, әлгі белгісіз екеу тура менің тереземнің алдына келіп ұрыспасы бар ма?!
Бәрін түсіне қойдым. Бұлар — менің әңгімемдегі кейіпкерлер. Не істесем екен?! Қалай болғанда да эксперимент керек. Осы оймен әлгі қалалық жігітті Даниярмен кездестірмек болдым. Өз кейіпкеріңмен ойнау деген аса қорқынышты. Себебі әңгіменің ішінде өзің де жүресің. Яғни, бұл оқиғалар мені де айналып өтпейді. Олардың әсері өзіме де тиеді. Аса сақ болу керек.
Мен әңгімемемді былай жалғастырдым:
«...Жұмыстан келген Данияр пәтерінің есігі алдында жатқан хатты алып, асығыс көз жүгіртіп шықты. Сосын жалғыз парақтан тағдырын оқып шыққандай, есеңгіреп, қалтасынан кілтін алып, сұрықсыз тартқан пәтеріне енген. Әп-сәтте кеудесін мұң қауып, жанарын енді қайттым деген шарасыздық сұрағы тұмшалады. Хатты қайталап оқымады да. Данияр әлдекім ұйымдастырған ойынға тап болғанын іштей сезді, бірақ оның нақты кім екенін ойлағысы келмеді. Себебі барлық жолдар «тағдыр» атты сөзге келіп тұйықталады... Данияр өзімен-өзі күбірлеп, «...егер барлығы мен күдіктенгендей болса, бұл ойымның өзі бір жерде қағазға түсіп жатыр. Яғни, ол — менің ойым емес...» -деді.»
Бұдан артық жаза алмадым.
Енді не істер екен?
Ертеңінде Даниярды күттім, ол кеш қарайғанда әңгімемде жазылған жерге, тереземнен алақандай боп көрінетін алаңға келді. Таң ата әлгі қалалық жігіт достарымен келіп, қатты соққыға жығып, бағана шамының астында өліммен қауышты.
Ал Нұргүл мен ойлағаннан да мықты боп шықты. Ол Даниярға жазған хатымды тауып алып, жарты айдан астам сол алаңқайдан шықпай қойды. Таң атқанша табылжымайды өзі. Бір күні бөлмеме кіріп келмесі бар ма?
- Отырыңыз... – дедім.
- Неге сіз мені түнімен аңдисыз?
- Мен жазушымын. Бір әңгімені жазып бастап ем... Аңдып жүр деп ойлайсыз ба? - ақталуға сөз таба алмай қалдым. Бөлмеде үшінші адамның болғаны қандай жақсы деген ой келді.
- Біздің тағдырымызды жазып жатырсыз ба?
- Тағдырларыңыз лауһуль мағфуз тақтасына жазылып қойылған, менікі қайталау шығар... Қайта жазуға болады деп ойлайсыз ба? – қарсы сұрақ қою қарым-қатынасты тым күрделендіретіні белгілі ғой. Осы сұрақты қоймай-ақ қою керек еді.
- Оны аман алып қалуға болар еді ғой?!
- Өлім мәңгіліктің дүниеге келуі емес пе? – дедім күмілжіп.
- Сен Даниярды өлтірдің... Солай ма?
- Данияр өмірде болған ба, жоқ па? Әлде түс пе бәрі, барлығының жауабы осында жатыр. Түс пе, өң бе? – бұл сұрақты өзіме де қойдым, жауабым жоқ. Нұргүл керемет әдемі екен, жазғанымнан да сүйкімді, ойлағанымнан да керім. Мен оның мұншалықты көркем екендігін жеткізе алмаған екем ғой!.. Сонда ойлап тапқан кейіпкерім менің қиялымның ғана жемісі емес болғаны ғой?! Оның дүниеге келуіне басқа кімнің әсері болуы мүмкін? Мүмкін мен де біреудің кейіпкері шығармын. Жазып жатқан бұл әңгіме де соның идеалары. Тіпті осы ойларымның өзі бір жерде қағаз түсіп жатқаны ғой.
- ...
- Иә, мен сізді аңдығаным рас – дедім, өз ойымнан арыла алмай, алғашқы сұраққа қайта оралып, - бұлай болады деп жоспарламаған едім. Мен сізді өзім жасап алғам, сіз мені қайдан тауып алдыңыз?
- Біздің тағдырымызды қайта жазуға, түзетуге болады ғой сонда...
- Даниярды аман алып қалу мүмкін емес еді, оның таңдауы өз қолында болды. Менің де қолымда емес.
- Сіз бізді жазып жатырсыз? Қалай қолымда емес дейсіз?
- Мен сіздің бұл үйге кіріп келетініңізді жазған жоқпын... Мен сізді өлтіре де алмайтын болғаным ғой...
- Өлім жайын сіз айтпаңызшы...
- Ал Даниярды мен өлтірдім...
- Бұның бәрі түс деңізші! Оятыңызшы мені!
- Маған өлтіртті...
Ол шыдамай булығып жылап, есікті тарс еткізіп шығып кетті. Мен қағаз бен қаламнан басымды көтермей отыра бердім.
Содан күнде келетін болды. Айқай-шу, ұрыс. Мен жазу үстелімнен қозғалмаймын.
Жаз бойы өңдіріп ештеңе жаза алмадым.
Бір күні әдеттегідей сырттан кешкі тамағымды ішіп, асықпай баспалдақпен пәтеріме көтерілсем, есік ашық тұр. Жазбаларымды ойлап, ішке жүгіріп ендім. Бөлменің астан-кестені шыққан. Қауырсындай шашылған парақтар, құлаған кітап, көрпе жастығыммен қоса төңкеріліп жатқан төсек. Жазу үстелімде әңгімемнің күнде-күнде өшіріп, қайта жазатын парағы ғана қалыпты, бетінде: «Ұйқыдан оян...» деген жазу тұр. Нұргүл өзі жаза алмайды. Себебі ол — кейіпкер. Кім жазды сонда? Бұл кімнің әрекеті?!
Әттеген-ай, жылағанынан, шашын жұлып шыңғырғанынан ләззат алушы едім, рахаттанушы едім.
Көрпе-жастық, үстел, жазбалардың бәрін бөлме ортасына үйдім де, астынан от тұтатып, шығып кеттім. Баспалдақтан түсіп бара жатқанда есіктен әлгі қыздың қарап тұрғаны сезілді. Бірақ артыма бұрылған жоқпын.
Өртеніп жатқан үшінші қабаттағы пәтерге аялдама жақтан қарап тұрғанда, терезеден далаға ұмтылған жалыннан қыздың толық бейнесі көрінді. Ол аласұрып, айқайлап, аузынан от бүркіп жатты.
Алмаз Әмірбекұлы МЫРЗАХМЕТ
Қарағанды қаласы, Қарқаралы ауданы, Қарынши ауылында дүниеге келген. Республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының жауапты хатшы қызметкері. «Ханшайым» кітабының авторы.