+1 дауыс
1.4k көрілді
Айгөлек журналы туралы және оның бас редакторы-Қымбат Әбілдақызы туралы мәлімет тауып бересіздер ме? Қ.Әбілдақызының өмірбаянын еш таба алмадым..

1 жауап

0 дауыс

1986 жылдың желтоқсаны журналист Қымбат Әбілдақызының көзімен

1986 жыл деген бүгінгідей Тәуелсіздіктің рухы ар-намысымызда шынайы көрініс табатын уақыт емес еді. Біз өте саналы түрде жоғарыға бағынышты екендігімізді білетінбіз. Ол жоғары деген қазақтың тәуелсіздігіне, өзінің ұлтын сүю сезіміне қолдау көрсетпейтіндігі, қайта қысып ұстайтындығы ап-анық мәселе болатын. Сырттан сондай бір қысым болғандықтан елді сүю, туған Отаныңды сүю, халқыңның құндылықтарын құрметтеу, соған жан ашу сезімінің барлығы бір ұлтшылдық болып көрінетін.

Кезінде бізге атеизмді оқытты, құдайдан қорықпайтын болдық, ішкі иманымыз бекем болған жоқ. Ол кезде «Мен қазақпын», «Менің ұлтым» деген дүниелерді біз бүгінгідей сезіммен айта алмайтынбыз. Сондықтан сол бір ішкі қыспақ адамның еркіндігіне, рух еркіндігіне қысым болған кезде сенің одан сайын елге деген сүйіспеншілігің арта түседі: «Шіркін-ай, орыстардың анасы да ұлы, мынасы да ұлы. Ал өзіміздің ұлтымызға жаны ашыған қаншама ұлыларымыз, алаштың ардақтылары, алаштың көсемдерінің еңбектері жарыққа шыққан соң оларды түсініп, түйсігіңде сілкініс пайда болады, оның барлығы, сөз жоқ, іште булығып-булығып жүрді де желтоқсан көтерілісінде жарылатын кезеңге жетті.

Желтоқсан желі

Желтоқсан - біріншіден, оқиға емес. Оқиға деген сөз ойда-жоқта бола салатын дүние ғой. Ал мен ешқашан желтоқсанды ойда-жоқта бұзақылардың ба, не азын-аулақ ұлтшылдардың бір оқиғасы деп айта алмаймын. Ол іштегі қанның 62 тамырына сыймай, шын мәнісінде бір елдік рухтың тасыған үлкен бір ғажап сезімі деп ұғамын. Сондықтан желтоқсан - көтеріліс. Еркіндікті аңсаған, бостандықты аңсаған, тәуелсіздікті аңсаған бір азат сананың көтерілісі деп ұғамын.

Ең ғажабы, сол санамызда өзіміздің бодандықта жүрген мемлекет екендігімізді, әсіресе мына көзі ашық алаштың ақтандақтарын енді қолына алып, ұлтты сүю сезімі, ұлтты қорғау сезімі, солардан енді-енді үйрене бастаған ұрпақтың 86-жылы лап етіп көтеріліске шығуы - осы уақытқа дейін өз елімізді басқаратын бір ұл тумаған ба, неге бізге сырттан қазақтың жағдайын, қазақтың мінез-құлқын, пейілін, тұрмыс-тіршілігін білмейтін, жалпы қазақ деген халықпен бір қазанда қайнамаған, сырттан келіп осындай үлкен Тәңір жерінің үстін, астын кең-қазынаға, байлыққа толтырып, несібемізді молынан берген мемлекетті өзімізден туған бір ұлдың басқара алмауы қалай? Бұл да енді бодандықтың, бізді езіп-таптап қорлаудың үлкен түрі шығар деп, ішіміздегі сілкініс бірден атой салды.

Намыс

Мен ол кезде Қазақстандағы жалғыз телевизия Қазақстан телерадио корпорациясы телеарнасының әдебиет редакциясында жұмыс істейтінмін. Сол кезде оқуымды бітіріп, арнайы шақырумен келіп жұмыс істеп жатқан болатынмын. Ол кезде телевизияға орналасу өте қиын еді. Студент кезімде телеарнада ғажап хабарлар болатын: «Ой-көкпар» деген білім жарысы, «Әдептен озбайық» деген эстетикалық хабар, «Қызықты кездесулер» атты ғалымдар мен өнер адамдарымен сондай-ақ ауыл шаруашылық мамандары мен еңбеккерлермен адамның жан дүниесін ашатын, дала мен қаланың арасындағы байланыс, далаңда да, қалаңда да бар қазақ бірін-бірі толықтырып тұру керек дегенді үйрететін бір сұмдық жақсы хабарлар болатын. Ал қазір біз тек қаланың адамдарын ғана телеарнадан жылтыңдатып, Тәуелсіздік алған 21 жылда қаланың өмірінен басқа ауылдың өмірі жоқтай болып кеттік. Мен бұған қарсымын. Ауылдың өмірі бізден ұмыт қалды.

Біз ауылдың үдіре қалаға көшіп бейшара болып, құл болып, көрінгеннің босағасында, есігінде жүруіне біздің мына жүргізіп жатқан саясатымыз, үгіт-насихатымыздың дұрыс еместігі де деп білемін. Ал ол кезде қанша жерден біз бодан болып жүрсек те, ауыл еңбеккерлеріне деген құрметте шек болмайтын. Бүкіл өнер адамдары оларға арнайы барып концертін қойып, қызметін көрсететін. Ауыл дегеніңіз шын мәнінде қаланың асыраушысы, қазақтың тамыры-тын. Ал сонда жастарда ауылды сүю сезімі, ауыл адамын бағалау сезімі жоғары болатын. Оларды біз кәдімгідей қазақтың асыраушысы , қазақтың тамыры деп ұғатынбыз. Қалада жүргендер соның жай ғана жапырағы, бұтағы деп сезінетінбіз. Түптің-түбі біз ауылға  жанашыр болатынбыз. Өйткені ауыл дегеніңіз қазақтықтың бұзылмаған қаймағы болатын.

Міне, көрдіңіз бе, сонда көтеріліске ауыл балалары шығып тұр. Әрине, мен ол алаңға шыққандардың, көтеріліске қатысқандардың барлығының бойында патриоттық сезім бұрқырап тұрды деп айта алмаймын. Бірақ оларда ұлтқа, халыққа, мемлекетке деген адалдық болды. Олардың намысы мықты болды. Сол сезіммен біздің Отанымыз Қазақстанды Колбиннің қолына беріп қоя алмадық. Көтеріліске шыққан жастар өздерінің жастық жігерін, санасын, намысын бәрін құрбандыққа шалды, неше түрлі зорлық-зомбылыққа төзіп, саналы түрде тепкінің астында қалды.

«Менің Қазақстаным»

Мен университетте өте белсенді болдым, сол кездегі комсомолдың жетекшісі, студенттер жатақханасының басшысы, Лениндік стипендиямен оқыдым. Беделім әжептәуір болатын. Сол ұйымдастырушылығымды телевизия басшылары танып, арнайы шақыртып жұмысқа алды. Менің бұл Алматыда сүйенішім жоқ, жатақхана алғанша вокзалда түнейтін, шабаданымды вокзалдың сақтау камерасына қойып қоятын қыз болғанмын. Осыдан жұмыс орнымды сақтап қалудың қымбат екендігін менің ішім білетін. Ол орынға тіпті өз ішімізде алакөздердің жүргенін, орнымның өте қажет екендігін менің жаным сезетін.

Содан 16-күні таңертең жұмысқа келдік. Алғаш жаңа ғимаратқа көшкен кездеріміз. Телевизияның үлкен шыны терезесінен қарап тұрсақ лек-легімен Темирязев көшесінен, Желтоқсанның Абайынан бір бөлек, Фурмановтан бір бөлек бұрқыраған жастар келе жатыр.  Оларға қарап жүрегіміз ұшып кетті. Содан басшыларымыз қолымызға кезекшілік белгісін байлап, «Жастарды тоқтатыңдар, мына істеп жатқан ісінің қате екендігін түсіндіріңдер» деп бізді шығарды. Қазір көзі тірі Серік Байқонов, Темірхан Момбекұлы, марқұм Әділбек Тауасаров, Өмірсерік Жұманов, Бейбіт Құсанбек сынды бірталай адамдар редакциядан шықтық. Ол кезде басшымыз Жүрсін Ерман болатын. Шықтық... Анау келе жатқан сұсты, ағыл тегіл лекті біз сияқтылардың «Тоқтаңдар!», «Қойыңдар!» дегенге тоқтай салмайтындығы олардың сұсынан көрініп тұрды. Ол мүмкін емес нәрсе еді. Сосын өзіңнің ішінде де басшылыққа, сырттан келген шүрегейліге бағынатын халқыңның хәлін сезіну деген бар, оларға «шықпаңдар» деп айтқымыз келіп тұрған жоқ. Ана жігіттер тұрып қалды, содан мен далаға шығып 5-10 минуттай бақылаған кезде жастар лап қойып, тура біздің ғимараттың сол жақ бүйірінен келіп тоқтады. Олар түнеріп алып, «Қайдасыңдар достарымды» айтып келе жатты. «...Достар, достар, жүрсің қайда...» үндерінде мұң бар, өкініш бар, зар бар. Сосын мен: «Жігіттер, қыздар, сендер не достарыңды жоқтап келе жатырсыңдар ма? Шынымен де елдікті жоқтап, намысты жоқтап келе жатсаңдар «Менің елім, менің жерім...» деп әндете бастадым. Менің дауысым жоқ, бірақ жүрек «Менің елім, менің жерім...» дегенде көзден ыстық жас шығып, қолымдағы белгімді телевизия жаққа лақтырып тастадым да, тура жастардың алдына секіріп түсіп, соларға қосылып кеттім. Содан бәріміз «Менің Қазақстанымды» айтып кеттік. Соны айтып тура алаңға жақындаған кезде ана жақтан, мына жақтан келгендердің бәрі «Менің Қазақстанымды» тіпті әуелетіп, аспандата түсті.

Алаңда

Солай алаңның алдына мінбеге жету, ойыңды айту мүмкін емес. Үлкен қалақтай-қалақтай микрофонға «Армандарың не?», «Жастар қойыңдар!» деп, біраз басшылар шығып тоқтау айтып трибунаға көтерілді. Біз оларға: «Намыс жоқ сіздерде!», «Сіздерге бәрібір, айлықтарың болса, қызметтерің болса, партия қызметкері болсаңдар бітті, намыс жоқ!» деп сулы қарды домалақтап-домалақтап алып: «Сөйлемеңдер, бізді тоқтатпаңдар!» деп жастардың тіпті қаны көтеріліп кетті. Содан микрофонға жете алмаймыз, бәрі бір-бірін «Сен сөйле! Сен сөйле!» деп итереді. Содан «Өз елімізді басқаратын басшы бар Қазақстанда, өз басшымыз келсін! Кетсін Колбин! Кетсін Колбин!» дейміз.

Қалай кештің болғанын білмейміз, шашы басымыздың бәрі дода-дода. Бір уақытта 16-сының кешінен бастап машинамен кәдімгідей жәшік-жәшік арақ сатыла бастады. Содан жүгіріп-жүгіріп келген солдат сияқты беті бар, бірақ жүрегінде, көзінде ешқандай мейірімі жоқ жансыздар пайда бола бастады. Олар «Қайтыңдар!», «Кетіңдер!» деп бізді тепкілей бастады. Қыздарды «Қазақты туғызбаймыз, қазақты туатын осы» деп, оларды қолдың дүбімен маңдайдан сарт еткізіп ұрғанда аяғы тайып, қыз шалқасынан түседі, сонда олар керзі етігімен қыздардың астынан тепкенін көзіммен көрдім. Қыздардың шыңғырғандағы құлын даусы құраққа кеткенде жігіттер аналарды ұрып, сүйреп масқара болып жатты. Мен солардың біріне осылай істегеніне мәңгілік ескерткіш болсын деп бетін бес саусағыммен салып келіп қалдым. Сол-ақ екен, біреу менің шашымнан жұлып сүйреп алып кетті. Ұлдар оның үстіне құлап, тепкілеп жатты. Содан олар ессіз, қансырап жатқан мені зорға дегенде алып кеткен екен.

Одан кейін 17-күні менің шығуға мұршам болған жоқ. Мына бас деген, ми деген солқылдап... Содан маған «Телевидениеге аспирантураға кетейін деп тұрған жеріңнен зорға дегенде алып қалып едік... Жалғыз соңғы көмегіміз - ана кадрдың ішінен сен жүрген жердің бәрін алып тастаймыз. Оншақты күн бұрынғы датамен жұмыстан кеттім деген өтініш жазып алып келесің. Әйтпесе сотталып кететін болдың. Соңғы көмегіміз осы» деген хабар келді. Бірақ мен одан қорыққан жоқпын, басым тепкіге ұшыраған, шаш жұлынған, содан мына көк желке деген көтертпей, соңғы күндеріне қатыса алмадым.

Бүгінгі Желтоқсан

Бұл желтоқсан көтерілісі бодандыққа қарсы азаттықты аңсау, адалдық сезім. Мен қазір бір нәрсеге күрсінемін - желтоқсанды бұзақылық деп түсіндірмеу керек. Бұл күнді атаусыз қалдырмау керек. Бұл біздің бүгінгі Тәуелсіздігіміздің, Қазақстанды әлем таныған, әлем мойындаған осы күн үшін жас өмірін, жас ғұмырын құрбандыққа шалған кез. Ал ондай құрбандықты, ондай жастық жалынсыз, ондай батыл қадамсыз қоғамдағы сеңді бұзу, құлдық сананы бұзу тіпті мүмкін емес-тін.

«Бізге өз тәуелсіздігіміз керек еді» деп хат жазып, мәдениетті бола жүріп, қазақтың бойында намыс бар екенін, батырдың, ақынның ұрпағы екенін, көзі ашық қазақ деген ұлт бар екенін ол кезде әбден билікті уысынан шығарғысы келмейтін кеңестік жүйеге түсіндіру, бейбіт жолмен тәуелсіздікті алу, меніңше, тіпті мүмкін емес болатын. Ал өкінішім - бүгінгі күні сондай құдіретті бастаманы бастаған жастардың ерлігін ерлік деп бағаламауымыз. Кейінгі жастарға соны ерлік деп түсіндірмейтіндігіміз. Отан үшін сондайға бару керек дегенді түсіндірмеу мен үшін қорлық!

Тәуелсіздік

Тәуелсіздікті де біз керемет бағалап жатқан жоқпыз. Мереке сияқты өткіземіз. Жоқ, бұл күндер бүкіл ой-сананы тебірентетін, сілкінтетін, шын мәнінде кез келген қазақтың, тек қазақтың ғана емес, қазақтан жағдайы әлде қайда артық өзге ұлттарға тәуелсіздіктің не екенін ұқтыратын, шын мәніндегі байқаулар, тебіреністі жиындар, конференциялар, шығармашылық байқаудың түр-түрін өткізу қажет. Анау қолына енді қалам алып, қағазға үңіле бастаған балаларға Тәуелсіздік туралы шығарма жазғызудан сынып-сыныбымен, буын-буынымен байқаулар жүргізу керек.

Шенеуніктер, мемлекет қызметкерлері Тәуелсіздік туралы ғажап мақалдар, нақылдар айтып, сондағы ерліктерді жаңғыртып отыратын болса, Отанды сүю, Отанды бағалау, оның ішінде өзіңнің ұлттық идеяңды қалыптастырып отырса... «Тәуелсіздік алғандағы арманың не еді? Сол арманың орындалды ма?» деген сұрақ қою керек еді бізге қазір. Біздің ішіміздегі тот басып, бүркеніп жатқан бұлақтардың көзін ашатын уақыт әлде қашан жетті. «Тәуелсіздікке көңілің толады ма?» деген сұрақты кез келгенімізге ашық қоятын уақыт жетті.

Ел иесі, жер иесі қазақтың рухы басқаларға үлгі болуы тиіс. Олардың өмірі, олардың көңілі, олардың қызметі басқа ұлттарға үлгі болуы тиіс. Біз бас ұлт болуға тиіспіз. Желтоқсандықтардың өз басшысын аңсағандағы арманы осы еді. Біз желтоқсандықтар арманының алдында қарыздармыз.

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
2 жауап
0 дауыс
1 жауап
+1 дауыс
3 жауап
...