+5 дауыс
704 көрілді

        Заман қалай аунаса да замананың соқпағы зар илейтіні хақ. Айтылған ащы ақиқат пен бүкпесіз шындық ғана адам баласын тура жолмен жетелейді. Елімізге құт боп енді деген жылқы жылы тіршілікті бусандырғанымен, ҚАЗАҚФИЛЬМ босанған бала жаға ұстатты. Наурыз айында Баян Есентаева бас продюсерлік етіп, халыққа жаңа көркем туындысын «Абайлаңыз, Сиыр»( Осторожно корова) деген атпен ұсынған еді. Бірақ батпандай бағымыздың басына қара бұлт үйірілетінін кім біліпті?

Жаңа қазақ киносының алғашқы бөлігінің кадрлары қылаң ете бастаған тұста сценарийдің қалай өрбитінін білгендей болдым. Қалада білім қуып жүрген қара көз ұл-қыздарымыз таласып шайтанның зәрін ішіп, кейіннен көк түтінді будақтата бастады. Бірін-бірі көздерімен атып, ұятты қадам жасауға сыңай танытты...

     

Арада 20 жылды өткізе сап, басты рөлдегі семіз қыз қыпша белді ханшаға айналып шыға келді. Жүрегі кең, ақжарқын жан иесі – ібілістің есегіне артылған тәкапарлық пен менсінбеушілік деген қасиетті бойына сіңіріп үлгеріпті. Сәті түскен сұхбаттың бірінде бикешсымағымыз бұрыңғы достарымен қайта кездеседі. Алғашында бәрі де сиырдың қалай аққуға айналғанына таңданыспен қарайды...

    Иә, өткенді еске түсіріп, қызыл буға шомылған нарларымыз бен қызғалдақтарымыз арсыл-гүрсіл күле бастайды. Бұл әдет тәрбиесіздік пен имансыздықтың белгісі. Ал ондай тексіздік қазақтың қанында болмауы тиіс.

Сонымен, Айгүл өзін депутаттыққа ұсыну үшін көмекшісімен бірге ауылға қарай бет алады. Тілі шүлдірлеген, қазақ тіліне шорқақ қыз жарытып басшы бола қаймас. Осы тұста тағы келеңсіз оқиғаның орын алатыны етенеден белгілі еді. Өйткені, атасындай адамды құлаққаппен алдап, өзі арбаға мініп алады. Жылқыны жетектеген ақсақалдың кеудесінде төсбелгілер төгіліп тұрғанын байқадық. Демек ардагерлерді ардақтағанымыз осы болғаны ма?! Ендеше, ессіздерің жетіскен екен!

 

Әкім мырза болашақ депутатты ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында білімнің қара шаңырағы мектепке апарады. Бейтаныс адамның қаладан келгенін білген бір оқушы «Бізге сыйлық әкелдіңіз бе?» дейді. Ал, кейіпкеріміз қалтасынан 500 теңге шығарып береді. Сол сәтте жапа тармағай бәріде «Маған беріңізші» деп оқтай атылады. Көңіл күйді құм қылған кадр күллі қазақты тәрбиесіз ретінде танытты. Қайнаған тірлікке ұласқан ауылдағы қазақ баласының қонақтан қол жайып, қайыр тілеуі миға кіріп-шықпайтын дүние. Мұндайды қайдан көрдіңіздер?

Әр ұлтты әлемге танытатын өнері мен ұлттық құндылығы ғана. Бұл екеуінсіз бүтін ел боп етек жаюың екіталай. Фильм барысында ауыл әкімі іш киімнің сыртынан шапан киіп жүреді. Осы кадрды көрген Жириновский секілді жебірлер саусағын шошайтып, күлер еді. Әттең, өзімізді-өзіміз әжуа қып жүргенімізді білмейміз ғой!

Депутат ханымның ауыл әйелдерінің басын қосып, еркектермен дәрежеміз тең болсын деп үгіт жариялайтыны бар. Бұл айтылған ұсынысқа ақжаулықты аналарымыз бірден келіседі. Осымен ғана шектелмей Құдай қосқан қосақтарына есе жібермеу үшін қарсы тәсілдерді үйрене бастайды.

Қазақтың әйелдері басынбаған,

Берекесін үйінің қашырмаған.

Жарымен жаға жыртып, тістелеспей,

Мерейін күйеуінен асырмаған!

 

Түйін: 2 сағатқа жуық уақыт бойы жалғасқан «Абайлыңыз, сиыр» абыройды қос елі түсіргені бар. Соңында алар ой мен берер мағынасы жоқ сапасыз кинолардың қатарынан орын алатыны сөзсіз. Ал оның шалалығын ескеретін болсақ далаға төгілген қарапайым қоқыстан ешқандай айырмашылығы жоқ. Қазақ менталитетіне өте жат фильм! Бір мәрте көргеннен соң қайтадан көру аса ешкімді қызықтыра қоймайды. 

Қортынды: XXI ғасырдың ең озық деген қазақ фильмдері XX ғасырдың сәтсіз түсірілген қайбір көркем туындысының тырнағына да татымайды. Әрбір режиссер мына бір қағиданы өмірлік ұстанымы етіп алулары қажет. Фильм – ұлттың айнасы! Әлемге қазақ халқын таныту үшін сапалы да мәнді көркем фильмдер түсіргендері дұрыс.

Бірер ой: Барлығына талдау жасалып қортынды айтылды." "Абайлаңыз, сиыр" "Керемет!", "Өте тамаша!", "Теңдесі жоқ үздік фильм!" деп айтатындар, санасы тар адамдар!!!

Киноның қателерінің бірі, ол - балалық кезде, жарайд,бірін бірі кемсіту,мазақтау(Сиыр деп)болсын делік,енді 20 жыл өткеннен кейін ешқайсысының ақыл-есі кірмеген бе.20 жылда адамдар ер жетіп,үлкен азамат болып, кездесуде балалық кездегі шалалықтарын айтып,еске алып,арқа -жарқа болып отырушы еді,бұлар сол баяғы қалпы.Осы жері ақылға сыймайды енді.

9 жауап

+1 дауыс
Жарайсың дұрыс айтасың.Онсызда ол филмьді қараған емеспін орысшша болғасын маған түрінен түкте ұнаған жоқ
+1 дауыс
Жақсы жазыпсың, жарайсың. Бірақ, қатесіз жазуды үйрен.
Қай жері қате?
Әріп қатесі ғой: қаһ, бксандырғанымен, басанған, тәкәпарлық, бұрыңғы.. Іздесең тағы да табасың. Сен де Айдархан сияқты көшірген жоқсың ба?
Асығып тұрғасын тексермей кетіп едім. Айдархан нені көшіріпті?
+2 дауыс

Мен фильмнің алғашқы 20 минутының өзін әрең шыдап көрдім. Сосын сөндіріп тастадым. ТҮККЕ ТҰРҒЫСЫЗ ФИЛЬМ!!! Баян сұлу одан да "Тракторшының махаббаты" сияқты тәуір сериал түсіргені дұрыс болар еді.

Иә. Есентаеваның осы тракторшысы ғана басқаларына қарағанда тәуірлеу.
0 дауыс
Дұрыс айтасың! Жарайсың! Елімізде сендей жастардың болғанына қуанамын! Нағыз патриот екенсің!
+1 дауыс
Ризашылығымызды айтамын. Өте дұрыс айтасың тек ол емес, одан да басқа дені дұрыс телесериялдар өте көп мысалы мыналар: Құрдастар, Айналайын Осы телехикаялар туралы мынандай пікір жазылыпты.

Қазірде еліміздегі көрермені көп қазақ тілді телеарналардың бірі – «Қазақстан» ұлттық арнасы. Әсіресе, көк жәшікке телмірген ауыл адамдарына қазақ тілінде хабар таратып, ел жаңалықтарынан да ана тілімізде құлағдар ететін бірден-бір арна осы – «Қазақстан».

Мұнда «Сөз мерген», «Сегіз қырлы», «Көршілер», «Сөнбес сәуле» және кішкене бүлдіршіндер асыға күтетін «Еркетай» сынды бағдарламалар да көпшіліктің көзайымына айналды. Бұдан да басқа «Сен сұлу», «Халық таңдауы», «Меншікті мекен» сияқты хабарларды көргенде көңілің толады. Сондай-ақ өткен жылдың соңына таяу осылардың қатары «Кеш жарық», «Пай-пай шоу» секілді концерттік бағдарламалармен толықты. Оның үстіне, ұлттық арнадан түріктер мен кәріс ағайындардың ұзақ сонар, көп сериялы шым-шытырық телехикаялары да арасы үзілмей, бірінің ізін бірі басып, біршама уақыттан бері көрсетіліп келеді. Қазақ көрерменін көгілдір экранға телмірткен осы телехикаялар басқа арналарға қарағанда сауатты да сәтті аударылған. Яғни аудармашылар қандас бауыр түріктер мен түрлері ұқсас кәрістерді қазақша жақсы сөйлете білген. Мүмкін соданда ма екен, бүгінде «Дон И» мен «Денизге» арбалған ауылдағы ағайындар алдындағы асын ішпеуге бар. Намазы қаза болса болар, бірақ бұл сериялдардың бірін де қаза жібермейді. Кәрі, жасымыз сағат санап теледидар алдында тапжылмай отырып, асыға күтетініміз де жасырын емес.

Жә, айтпағым бұл емес. Өткен жылдың соңына таяу осы арнадан бүгінгі ауыл өмірін суреттейтін «Айналайын» атты көп сериялы комедиялық телехикая көрсетілгенін білемін. Елімізге аттары мәшһүр танымал артистер ойнағасын алғашқы серияларына көз салып, көңіл аударғанмын. Оқиға желісі ауыл өмірінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында өрбиді. Алайда, көп өтпей-ақ жалыға бастадым. Себебі түсінбедім. Тек Шәкен қарттың қаладан келген орыс тілді немересінің ауылға келіп қазақша үйренгені ғана қазіргі өзге тілде бұлбұлша сайрап, өз ана тіліне келгенде сақауланып қалатын шала қазақтарға аз да болса үлгі боларлықтай екен. «Айналайын» аяғына жеткенде ізін ала «Құрдастар» атты тағы бір комедиялық телехикая басталды. «Бір қызым бар, одан да сорақы» дегендей, бұл телехикая тіптен түсініксіз. Менің түсінігімше, бұл фильмнің айтпағы бала күндерді бірге өткізген құрдастардың бір-біріне адалдығы, достығы жайында. Бірақ фильм барысында оның жұрнағын да көрмейсіз.

Артистердің актерлік қабілетінің төмендігі көзге ұрып тұр. Шынайылық жоқ. Хикаяны өмірден алынған деуге мүлдем келмейді. Оқиға желісі түсініксіз. Көз алдыңда мән-мағынасыз көріністер. Дарақы, арзан күлкі, жанұядағы белең алған бейберекеттік, зіңгіттей жігіттердің оңай жолмен ақша табуға ұмтылғаны, біресе маймылға айналып, біресе жартылай жалаңаш әйел кейпіне еніп, қазақ болмысын әжуа қылғаны күлкі шақыра ма? Жоқ, қайта шамыңа тиіп, намысыңды келтірмей ме?! Титтей де болса берер тәлімі жоқ, аз да болса тұщынатын дәмі жоқ құр қойыртпаққа қор болған қайран «Армандастар» әнін айтсаңызшы. «Құрдастар» басталғаннан жұбайым тұрмақ, балаларымның өзі түрлерін тыржитып, теледидар тетігін басып, басқа арнаға ауыстырып жібереді. Қысқасы, бұл телехикаяға отбасымызбен қос қолымызды көтеріп қарсы шығып, наразылық білдірдік. Онсызда балаларымыздың тілі шұбарланып болды. Компьютерден теріс бағытта тәрбиелейтін түрлі атыс-шабыс фильмдер мен ойындарға шектеу жоқ. Осылардың өзі ұрпақ санасын улауға жеткілікті емес пе?! Ал көгілдір экраннан жарты сағат бойы аузыбасын қисаңдатып, қазақтығымызға тән емес, ұлттығымызға жат ерсі қылықтар жасайтын «Құрдастарға» не айтуға болады? Жарайды, қоюшы-режиссерлер бүгінгі күннің шындығын мысқылмен жеткізгісі келген болар. Бірақ сәтті шықпаған. Бұл – менің жеке пікірім. Мүмкін «Құрдастардың» да өз көрермендері бар шығар. Менің пікіріме қайшы да келер. Әйтсе де, «Айналайын» мұның жанында айналайын екен.

Ілгеріректе осы арнадан «Атажұрт», «Алтыбақан», «Алтын сақа», «Көкпар», «Аламан айтыс» секілді танымдық тағылымы мол, берері көп, ел сүйсініп көрер бағдарламалар болып еді. Бірақ кейін, өкінішке қарай, көрермен олардан көз жазып қалды. Сол бағдарламалар қалың жұртшылықпен эфир арқылы қайта қауышып, көрерменін көзайым етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бәлкім, соларды көріп, «Құрдастар да» өздерінің келеңсіз қылықтарына ұялар ма еді?!

Қуат ӘДИСҰЛЫ,
Қызылорда облысы,
Жалағаш ауданы.
+1 дауыс
Бұл, осы сайттың "Үздік кино сыншысы" байқауына жазғаның болса, мен бірінші орынды саған берер едім,жарайсың!
0 дауыс
Иа, ауылды, ондағы адамдарды кемсітіп мазақтағаны дұрыс болмаған. Кемсітпей-ақ та қызықты комедия жасауға да болар ма еді.
0 дауыс
Менде бұл киноны шақ қарадым , сынап мінеп, айналдырып әйтеуір бітірдім ғой , шын айтсам трейлері жақсы болғанымен кинолары үнемі түкке тұрғысыз болады ғой ,
0 дауыс

Қазақтар! Сендердің кинодағы жұлдызды сәттерің 20-шы ғасырда өтіп кеткен.Кино түсіруді өзбектерден үйреніңдер !

Сонда сен қырғызсың ба не? Бізге қазақтар деп бөлініп, нұқитындай...
саған +1
...