0 дауыс
511 көрілді

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 2014 жылдың алғашқы алты айындағы қаржылық нәтижелері

Астана, 6 тамыз 2014 ж. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ  («ҚМГ БӨ», «Компания») 2014 жылдың 30 маусымында аяқталған алты айдағы қысқартылған аралық қаржылық есебін жариялайды.

Таза пайда былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі 38,8 млрд. теңгемен (257 млн. АҚШ доллары)  салыстырғанда, 2014 жылдың алғашқы алты айында 210,3 млрд. теңге (1 193 млн. АҚШ долларын)[1] құрады. Бұл өсім 2014 жылдың ақпан айында болған теңге девальвациясы кезіндегі бағам айырмашылығынан түскен салықты алып тастағанға дейінгі пайданың есебінен болып отыр.
2014 жылдың алғашқы алты айындағы түсім 464,4 млрд теңгені (2 635 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2013 жылдың сәйкесінше кезеңіндегіден 21% жоғары, бұл негізінен 2014 жылдың ақпан айында болған девальвацияның нәтижесінде теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамының өсуіне байланысты. Брент маркалы мұнайдың орташа бағасы 2014 жылдың бірінші жарты жылдығында 2013 жылдың осы кезеңіндегі 107,5 АҚШ долларымен салыстырғанда 1% артып, барреліне 108,9 АҚШ долларын құрады.
Өндірістік шығындар 2014 жылдың алғашқы алты айында 88,5 млрд. теңгені (502 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7% артық. Мұның себебі өндірістік құрылымдардағы қызметкерлерге сыйақы төлеу шығындарының артуымен  түсіндіріледі.

Өндірістік көрсеткіштер

ҚМГ БӨ 2014 жылдың алғашқы алты айында «Қазгермұнай» БК» ЖШС ( ҚГМ), CCEL («Қаражанбасмұнай» АҚ) және «ПетроҚазақстан Инк.» (ПҚИ) компанияларындағы үлестерін есептегенде, 6 106 мың тонна (тәулігіне 250 мың баррель) мұнай өндірді, бұл 2013 жылдың осындай кезеңімен шамалас.

«Өзенмұнайгаз» АҚ («ӨМГ») 2 627 мың тонна (тәулігіне 107 мың баррель) өндірді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 88 мың тоннаға (тәулігіне 3,6 мың баррель) немесе 3%  көп. «Ембімұнайгаз» АҚ ( «ЕМГ») 1 391 мың тонна (тәулігіне 57 мың баррель) өндірді, бұл 2013 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1% кем және бұл көрсеткіш бекітілген өндіру жоспарына сәйкес келеді. Нәтижесінде ӨМГ мен ЕМГ жалпы өндіру көлемі 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2%  артып, 4 018 мың тоннаны (тәулігіне 164 мың баррель) құрады.

ҚМГ БӨ-дің CCEL, ҚГМ және ПҚИ компанияларының өндіруіндегі үлесі 2014 жылдың алғашқы алты айында 2 088 мың тоннаны (тәулігіне 86 мың баррель) құрады, бұл 2013 жылдың осындай кезеңіндегімен салыстырғанда 3 пайызға кем және бұл көрсеткіш бекітілген өндіру жоспарына сәйкес келеді.

Мұнай мен мұнай өнімдерін сату

2014 жылдың алғашқы алты айында ӨМГ және ЕМГ мұнай сатылымының экспорттық көлемі 2 938 мың тоннаны (тәулігіне 117 мың баррель) құрады, ал ішкі нарыққа 1 042 мың тонна (тәулігіне 42 мың баррель) мұнай жөнелтілді.

ҚМГ БӨ компаниясының CCEL, ҚГМ және ПҚИ компанияларының мұнай сатылымындағы үлесі компаниялардың жалпы сату көлемінің 52% құрайтын экспортқа шығарылған 1 084 мың тоннаны (тәулігіне 44 мың баррель) қоса есептегенде, 2 086 мың тоннаны (тәулігіне 86 мың баррель) құрады.

Кезеңдегі таза пайда

2014 жылдың алғашқы алты айында таза пайда 2013 жылдың осындай кезеңіндегі 38,8 млрд. теңгемен (257 млн. АҚШ доллары) салыстырғанда 210,3 млрд. теңгені (1 193 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл ақша бағамының айырмашылығынан түскен пайдаға және экспортқа шығарылатын мұнай бағасының өсуіне, әрі құнсыздану шығындарының азаюына байланысты. 2014 жылдың бірінші тоқсанында Компания 2014 жылдың ақпан айында болған девальвация нәтижесінде ақша бағамынан түскен 108 млрд. теңге (637 млн. АҚШ доллары) пайданы мойындады. 2014 жылдың алғашқы алты айында ҚМГ БӨ «Өзенмұнайгаз» АҚ негізгі қаражатының 2013 жылдың бірінші жарты жылдығындағы 58 млрд. теңгемен (388 млн. АҚШ доллары) салыстырғанда 27 млрд. теңге (156 млн. АҚШ доллары) көлеміндегі құнсыздануды мойындады.

Ақша түсімі

2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2014 жылдың алғашқы алты айында ақша түсімі 21% артып, 464,4 млрд. теңгені (2 635 млн. АҚШ доллары) құрады. Теңгедегі түсімнің артуы 2014 жылдың ақпан айында болған девальвация барысында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 17% артуына, және ішкі нарыққа жөнелтілетін мұнайдың орташа бағасының 2013 жылдың бірінші жарты жылдығындағы 40 000 теңгеден 48 000 теңгеге дейін көтерілуіне байланысты.

Кіріс салығынан басқа салықтар

Кіріс салығынан басқа салықтар 2014 жылдың алғашқы алты айында 178,2 млрд. теңгені (1 011 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артық. Салықтың көбеюі 2013 жылдың сәуір айынан бастап экспорттық кедендік баждың 40 АҚШ  долларынан 60 долларға дейін, ал 2014 жылдың сәуірінен 60 АҚШ долларынан 80 долларға дейін өсуіне, сонымен қатар 2014 жылдың ақпан айында болған девальвацияның салдарынан теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы 17% өсуіне байланысты.

Өндірістік шығындар

Өндірістік шығындар 2014 жылдың алғашқы айында 88,5 млрд. теңге (502 млн. АҚШ долларын) құрады, бұл  2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7% артық, бұл негізінен өндірістік құрылымдардағы қызметкерлерге сыйақы төлеу шығындарының артуымен түсіндіріледі.

Қызметкерлерге сыйақы төлеу шығындары 2014 жылдың алғашқы алты айында 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20% артты. Бұл көрсеткіш негізінен 2014 жылдың қаңтарынан бастап өндірістік жұмыскерлердің айлық жалақысын 7% индексациялауға және 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап өндірістік қызметкерлерге қатысты Еңбекақы төлеудің  бірыңғай жүйесін енгізуге, сонымен қатар, девальвацияға байланысты 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап жалақының 10% көтерілуіне байланысты.

Сату шығындары және әкімшілік шығындар

2014 жылдың алғашқы алты айында сату шығындары және әкімшілік шығындар 49,4 млрд. теңгені (280 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық. Бұл көлік шығындарының артуына, қызметкерлерге сыйақы төлеу шығындарының көбеюіне байланысты, шығындар айыппұлдар мен өсімпұлдардың азаюымен ішінара өтелді. Көлік шығындары ішкі нарық пен экспортқа жөнелтуде «ҚазТрансОйл» АҚ («ҚТО») тарифтерінің 16% қымбаттауына, сатылатын мұнай көлемінің көбеюіне байланысты Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) бағыты бойынша шығындардың көбеюіне, сонымен қатар теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының өсуіне байланысты. КҚК бағыты бойынша тасымалдау тарифі долларда деноминацияланған. Ішкі нарыққа тасымалдауда ҚТО тарифтері 2014 жылдың қаңтар айынан 50%-ға, ал экспорт  бойынша 2014 жылдың сәуір айынан20% өсті.

Активтің құнсыздануы

Бұған дейін хабарланғандай, 2014 жылдың бірінші тоқсанында Компания басшылығы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның өтеу құнын бағалап, 27 млрд. теңге (156 млн. АҚШ доллары) көлеміндегі құнсыздануды мойындады. Құнсыздану шығындары негізінен сыйақы шығындарының көбеюіне және 2014 жылдың сәуірінен бастап бір тонна мұнайға экспорттық кедендік баж салығының 60 АҚШ долларынан 80 АҚШ долларына дейін өсуіне байланысты.

Бағам айырмашылығынан түскен кіріс

Бұған дейін хабарлағандай, 2014 жылдың ақпан айында болған девальвацияның салдарынан биылғы жылдың бірінші тоқсанында ақша бағамының айырмашылығынан түскен таза кіріс 108 млрд. теңгені (637 млн. АҚШ долларын) құрады.

2014 жылдың 11 ақпанында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі (ҚР ҰБ) теңге бағамын бұрынғы деңгейде ұстап тұрудан бас тартып, теңге бағамының қалыптасуына араласуды қысқартып, валюталық интервенция көлемін төмендету туралы шешім қабылдады. Ел экономикасы мен қаржы нарығының тұрақсыздануына жол бермеу үшін ҚР ҰБ теңгенің долларға қатысты бағамын 185 теңге плюс/ минус 3 теңге деген жаңа деңгейде бекітті және айырбас бағамынның қысқа мерзімді ауытқуын және күрт өзгерістерді болдырмау саясатын жалғастырады.

Операциялық қызметтен ақша ағымдары

2014 жылдың алғашқы алты айында операциялық қызметтен ақша ағымдары 2013 жылдың сәйкес кезеңіндегі 32,5 млрд. теңгемен (216 млн. АҚШ доллары) салыстырғанда, 148,8 млрд. теңгені (844 млн. АҚШ доллары) құрады. Бұл көрсеткіш негізінен 2014 жылдың бірінші тоқсанында мойындалған бағам айырмашылығынан түскен кіріс пен экспортқа шығарылатын мұнайдың орташа бағасының артуына байланысты.

Күрделі салымдар

2014 жылдың алғашқы алты айында күрделі салымдар[2] 58 млрд. теңгені (392 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2013 жылдың осындай кезеңіндегіден 12 %-ға көп, бұл негізінен ӨМГ-де эксплуатациялық бұрғылаудың артуына байланысты.

Ақша қаражаттары және займдар

2014 жылдың  30 маусымында ақша қаражаттары мен олардың баламаларының сомасы 2013 жылдың 31 желтоқсанындағы 119 млрд. теңгемен (0,8 млрд. АҚШ доллары) салыстырғанда, 156 млрд. теңге (0,8 млрд. АҚШ доллары) құрады.

2014 жылдың 30 маусымындағы басқа да қаржы активтерінің сомасы 2013 жылдың 31 желтоқсанындағы 504 млрд. теңгемен (3,3 млрд. АҚШ доллары) салыстырғанда, 497 млрд. теңге (2,7 млрд. АҚШ доллары) құрады.

2014 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша ақша қаражаттары мен қаржы активтерінің 89 %-ы АҚШ долларында, ал 11%-ы теңгеде қайта номинацияланды. Ақша қаражаттары мен қаржы активтері бойынша есептелген қаржылық кіріс 2014 жылдың алғашқы алты айында 11,2 млрд. теңгені (63 млн. АҚШ доллары) құрады.

2014 жылдың 30 маусымы күнгі Компания займдарының сомасы 2013 жылдың 31 желтоқсаны күнгі жағдай бойынша 6,8 млрд. теңгемен (44 млн. АҚШ доллары) салыстырғанда 7,7 млрд. теңгені (42 млн. АҚШ доллары) құрады.

Таза ақша қаражаттарының сомасы[3] 2013 жылдың 31 желтоқсанындағы 616 млрд. теңгеге (4,0 млрд. АҚШ доллары) қарағанда, 2014 жылдың 30 маусымында 645 млрд. теңгені (3,5 млрд. АҚШ доллары) құрады.

Стратегиялық сатып алулардан түскен кіріс

2014 жылдың алғашқы алты айында қауымдасқан компаниялардағы және бірлесіп бақыланатын кәсіпорындардағы үлестерден түскен кіріс 2013 жылдың сәйкес кезеңінде алынған 29 млрд. теңгеге (193 млн. АҚШ доллары) қарағанда, 38 млрд. теңгені (218 млн. АҚШ долларын) құрады.

Қазгермұнай

2014 жылдың алғашқы алты айында ҚМГ БӨ Қазгермұнай компаниясындағы үлесінен 23,5 млрд. теңге (133 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі кірісті есебіне енгізді. Аталған сома Қазгермұнайдың таза пайдасындағы Компанияның 25,3 млрд. теңге (144 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі 50% үлесін көрсетеді және 1,8 млрд. теңге (10 млн. АҚШ доллары) көлеміндегі лицензиялардың әділ құны амортизациясының ықпалы мен кейінге шегерілген табыс салығын алып тастағанда шығады. 

2014 жылдың алғашқы алты айында ҚГМ таза пайдасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1% артты. Экспортқа шығарылатын мұнай көлемінің ішкі нарыққа қайта бөлінуі мен 2013 жылдың сәуір айынан экспорттық кедендік баж салығының 40 АҚШ долларынан 60 долларға, ал 2014 жылдың сәуір айынан 60 АҚШ долларынан 80 долларға өсуіне байланысты болған таза пайданың кемуін айыппұлдар мен өсімпұлдар шығынының азаюы және 2014 жылдың ақпан айында болған девальвация нәтижесінде бағам айырмашылығынан түскен кірістің артуы теңгерді.

2014 жылдың шілде айында ҚГМ серіктестері 100 млн. АҚШ долларын 2014 жылдың 1 тоқсанының нәтижелері бойынша дивиденд ретінде үлестіру туралы шешім қабылдады. 2014 жылдың 14 шілдесінде Компания өз үлесіне сәйкес 50 млн. АҚШ долларын ҚГМ-нен дивиденд ретінде алды.

ПетроҚазақстан Инк.

2014 жылдың алғашқы алты айында ҚМГ БӨ ПҚИ компаниясындағы өзінің үлесінен 17,6 млрд. теңге (100 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі кірісті таныды. Аталған сома ПҚИ-дің таза пайдасындағы Компанияның 20,3 млрд. теңге (115 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі 33% үлесінен 2,7 млрд. теңге (16 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі активтердің баланстық құнының сатып алу бағасының артуына амортизация тиімділігі сомасын алып тастағанда шығады.

2014 жылдың алғашқы алты айында ПҚИ компаниясының АҚШ долларындағы таза пайдасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6% артты. Таза пайданың көбеюі айыппұлдар мен өсімпұлдар шығынының және 2014 жылдың бірінші жарты жылдығындағы тозу мен амортизация шығындарының азаюына байланысты. Бұл өсім экспортқа шығарылатын мұнай көлемінің ішкі нарыққа қайта бөлінуі мен 2013 жылдың сәуір айынан экспорттық кедендік баж салығының 40 АҚШ долларынан 60 долларға, ал 2014 жылдың сәуір айынан 60 АҚШ долларынан 80 долларға өсуіне байланысты болған пайданың кемуін теңгерді.

CCEL

Компания 2014 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша өзінің балансында 19,8 млрд. теңгені (108 млн. АҚШ долларын) қытайлық CITIC Group компаниясымен бірлесіп бақылайтын кәсіпорын ССEL компаниясынан алынатын шот ретінде көрсетті. 2014 жылдың алғашқы алты айында ҚМГ БӨ 26,87 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі ССЕL компаниясынан алынатын жылдық басымдықты кірістің бір бөлігін білдіретін 1,6 млрд. теңге (9 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі пайыздық кірісті есептеді.

Салықтық және экологиялық тексерулер

2014 жылдың 31 маусымындағы жағдай бойынша салықтық және экологиялық тексерулер нәтижесінде Компанияға қойылған бірнеше талап болды. Нақты ақпарат 2014 жылдың 31 маусымында аяқталған мерзімнің топтастырылған қаржы  есебінде көрсетілген.

2006-2008 ж.ж. Салық аудиті. 2013-2014 жылдары Компания салық органдары талап еткен төлемдерді 16,9 млрд. теңгеден (92 млн. АҚШ  доллары) 12,2 млрд. теңгеге (66 млн. АҚШ доллары) дейін төмендетуге қол жеткізді. Нәтижесінде салық бойынша қолданыстағы резерв 2014 жылдың 31 маусымындағы жағдай бойынша 12,2 млрд. теңгені (65 млн. АҚШ доллары) құрады.

2012-2013 ж.ж.  «Өзенмұнайгаз» АҚ экологиялық тексеру. 2014 жылдың маусым айында Маңғыстау облыстық соты кассациялық сот коллегиясының қаулысымен 327,9 млрд. теңге (1 787 млн АҚШ доллары) көлеміндегі қоршаған ортаға зиян тигізді деген айыппен талап етілген айыппұл бойынша бұған дейін ӨМГ пайдасына шешілген үкім өзгеріссіз қалдырылды. Алайда Экология департаменті Жоғарғы Сотқа шағымдануы мүмкін. 2014 жылдың 31 маусымындағы жағдай бойынша жасалған топтастырылған қаржы есебінде бұл мәселе бойынша резерв төлеу есептелінбеген.

«Ембімұнайгаз» АҚ газды жағуы. Атырау облыстық Экология департаменті табиғатты ластады деген айыппен талап еткен айыппұл бойынша ҚР Бас прокуратурасы мен Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық сотына шағымданудың нәтижесінде талап етілген айыппұл сомасы 37,2 млрд. теңгеден (202 млн. АҚШ доллары) 2,0 млрд. теңгеге дейін (11 млн. АҚШ доллары) азайтылды. 2014 жылдың маусым айында аталған сома төленді.

ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз (ПҚҚР) салық аудиті. ПҚҚР-де (ПҚИ-дің 100% еншілес компаниясы) өткен 2009-2012 жылдар үшін салық тексерісінің нәтижесінде салық органдары 10,0 млрд. теңге (54 млн. АҚШ доллары) көлемінде қосымша салық салған.  ПҚҚР тексеріс қорытындысымен келіспейді, және Қаржы министрлігінің Салық Комитетіне аппеляцияға берді. 2014 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша қаржы есебіне бұл мәселе бойынша резервтерді есептеу енгізілмеген.

ПҚҚР қоршаған ортаға зиян келтірді деген айыппен қойылған 19,4 млрд. теңге (106 млн. АҚШ доллары) көлеміндегі талапты (айыппұлдар мен өсімпұлдарды қосқанда) даулауды жалғастырып жатыр. Қызылорда қалалық Мамандандырылған Ауданаралық Экономикалық соты ПҚҚР талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарған соң, ПҚҚР Қызылорда облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі аппеляциялық коллегиясына шағымданды. Аппеляциялық коллегия бұл шағымды қанағаттандырудан бас тартып шешім шығарды. Осылайша, бірінші инстанциядағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды. ПҚИ бұл талаптың күшіне енуі ықтимал деген болжаммен 19,4 млрд. теңге (106 млн. АҚШ доллары) көлеміндегі қаражатты ( ҚМГ БӨ  33% үлесі 6,4 млрд. (35 млн. АҚШ доллары) 2013 жылдың топтастырылған қаржы есебінде шығын ретінде көрсетті.

[1] Сомалар АҚШ долларына тек оқырмандарға ыңғайлы болуы ескеріліп, жиынтық есептер мен ақша қаражатының қозғалысы туралы жиынтық есептер үшін тиісті кезеңдегі орташа айырбас бағамы (2013 және 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында арташа бағам тиісінше 150,90 және 148,16 теңге/ АҚШ долл., 2012 жылдың 30 маусымы мен 2012 жылдың 31 желтоқсаны кезең бойынша орташа бағам тиісінше 151,65 және 150,74 теңге/АҚШ долл.).

[2] Компания күрделі салымдарды есептеу тәсілін өзгертті. 2013 жылдың 4 тоқсанынан бастап күрделі салымдар негізгі қаражат қоры мен материалдық емес активтердің  түсуі болып көрсетілген. Бұған дейін олар ақша қозғалысы туралы есепке сәйкес негізгі қаражат пен материалдық емес актиктер ретінде көрсетілген болатын.

[3] Есеп беріліп отырған мерзімнің соңындағы займ сомаларын алып тастағандағы ақша қаражаттары мен олардың баламалары және басқа да қаржылық активтер сомасы ретінде есептеледі

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...