0 дауыс
431 көрілді

Менің қояйын деген сұрағым, егер мемлекеттік емес мекемеде, кәсіпорында мемлекеттік оқу курсы ұйымдастырылған, бірақ ол тек қағаз жүзінде болып отыр. Сабаққа тыңдаушылар мүлдем келмейді. Кәсіпорын басшыларынан тыңдаушылардың сабаққа қатысуын қамтамасыз етуін сұрап өтініш жасасам, олардың берген жауабы: мемлекеттік тілді оқу ешқандай заңда, бағдарламаларда міндетті деп көрсетілмеген. Әр адам өз қалауы болса ғана оқиды деп жауап қайтарады. Сонда кәсіпорында несін оқытушы ұстап отырғандарын түсінбеймін. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс. Менің кәсіпорын қызметкерлерін мәжбүрлегенім дұрыс па, әлде басшылардың заңмен көрсетілмеген деп сылтау айтып қызметкерлерге босаңсу көрсеткені дұрыс па? Сосын мемлекеттік емес кәсіпорындар қашан мемлекеттік тілде іс қағаздар жүргізуге өту керек. "Жалғыздың үні шықпаспен" мемлекеттік тілді міндетті түрде оқу керек деп талап қоюдан әбден шаршадым. Егер міндетті емес деп, жағалары жайлауда әлі де жүре берсе, онда біздің мемлекеттік тіл өз мәртебесіне, өз тұғырына қашан мінеді?

2 жауап

0 дауыс

Сіздің көтеріп отырған мәселеңіз орынды. Тіл комитеті өз құзыреті шегінде орталық және жергілікті атқарушы органдарда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі -Заң) орындалуына тұрақты түрде тексеру жүргізеді.
Заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы», — деп анық көрсетілген.
Заңның 24- бабында: «Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi мемлекеттiк органдардың бірінші басшылары не жауапты хатшылары немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адамдары, кез келген меншiк нысанындағы ұйымдардың бiрiншi басшылары, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады»,- делінген.
Сондықтан, Заңның аталған баптарын негізге ала отырып, кәсіпорын басшысы оқу курсының нәтижелі болуы үшін барлық жағдай жасауына міндетті.
Оқу курсын ұйымдастыру, оны сапалы жүзеге асыруды реттеу туралы мекеме басшысының қолымен бекітілген арнайы бұйрық болуы және ол нормативтік құжат ретінде өз дәрежесінде орындалуы тиіс.
Сонымен қатар, Сіз дәріс беретін кәсіпорындағы тыңдаушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру мақсатында өз тәжірибеңізбен бөлісіп, біліктілігіңізді ұдайы арттырып отыру қажет.
Осы орайда, Тіл комитеті тарапынан оқытушылардың тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылатын түрлі шараларына қатысуға шақырамыз (Байланыс нөмірлері: 74-05-09,74-04-56).

0 дауыс
Ойбай,мемлекеттік емес ұйымдарда неңіз бар,мемлекетіміздің өзі орысша шүлдірлеп отырғанда.Қазақта "Балық басынан шіриді"- деген жақсы сөз бар,үкімет басында отырғандар,ел билігін қолына алған адамдардың өздері,жиын-отырыстарды орысша жүргізеді емес пе.Солар солай істегесін басқасы қазақ тілін не қылсын.
...