*Асқазан аурулары — өңеш пен 12 елі ішек аралығына орналасқан ас қорыту органының қалыпты қызметінің бұзылуы. А. а-ның ішінде: асқазанның қабынуы, асқазан жарасы, асқазан рагы жиі кездеседі. Асқазан қабынуының жедел және созылмалы түрі белгілі. Жедел қабыну кейбір дәрілерден, арақ-шараптан, шәй, кофені қою ішуден, тамақты өте ыстық немесе суық жеуден және бұзылған тағамды жеп уланудан пайда болады. Науқастың жоғарғы құрсақ тұсы жайсызданады, жүректің айнуы, құсу және іш өту байқалады. Созылмалы қабыну жедел қабынудың жазылмай қайталануынан туындайды. Ол 12 елі ішек сөлінің кері ағуынан, ұзақ уақыт ішімдікті, дәрілерді пайдаланудан, бактериялық қабынудан т.б. болады. Науқаста кекіру, ащы запыран келу, жүрек айну, құсу, арықтау және қан аздық белгілері байқалады. Ауруды гастродуоденофиброскоппен анықтайды. Ауру адам тағам, демалыс режимдерін сақтап, асқазан сөлін тежейтін дәрі-дәрмектер ішуі керек. Асқазанның ойық жарасы маусымға байланысты өршіп отырады. Аурудың ұшығуына көңіл күйзелісі, асқазан сөлінің жоғары қышқылдығы, тамақтану режимінің бұзылуы, темекі тарту, кейбір дәрінің кері әсері мен организмнің қорғаныс факторларының (иммунитеттің) әлсіреуі жатады. Көбінесе тамақтанғаннан кейін 1/2-1 сағ. ішінде науқастың жоғарғы құрсақ тұсы ауырады. Емдеу үшін тұз қышқылын бейтараптайтын атропин, циметидин т.б. дәрілер қолданылады.*