Ең алдымен қазақтың «КинЭС» рекордтар кітабына кіргелі отырған surak-zhauap.kz қазақ тілді ашық қоғамы жайлы ақпарат беріп өтсем. Бұл сайтта 20 мыңнан аса қолданушы бір-бірімен еркін сұрақ-жауап алыса алады. Қазіргі уақытта бұл сайттың қоржынында 50 мыңға жуық сұрақтар мен 125 мыңға жуық жауаптар бар. Бір күннің ішінде бұл сайтты 38 мың адам пайдаланады екен. Сайт ішінде егер сұрақ қойсаңыз, жауап берсеңіз, жақсы жауап алсаңыз, сізге ұпайлар беріліп, алтын, күміс асықтармен бағаланады. Ең көп ұпай жинаған сайын сіздің сайттағы дәрежеңіз жоғарылап, сайтта еркін әрекет ету күшіне ие боласыз. Негізінен пайдалы сайттар деп – көбіне білім жағынан қарастырамыз. Ал, осы аталған сурақ-жауап сайтының негізгі бетінде ұлттық нақышымыз бен құндылықтарымызды дәріптейтін Батырлар жекпе-жегі – «Жекпе-жек», «Жамбы ату», «тоғызқұмалақ» математикалық ойыны, IQ doda зияткерлік ойындары орналастырылған.