+1 дауыс
3.6k көрілді
Марат Қабанбаев жайлы мәлімет керек және оның "Бауырлар" әңгімесін қайдан тауып оқыса болады?

1 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап
Бауыр
Авторы: Марат Қабанбаев
Бауыр
(Әңгіме)
Манап «Директор» Деген алтын жазулы кабинетті тез тауып алды. Рұқсат сұрап, сыпайы кірген мұны басынан аяғына дейін шапшаң шолып шыққан жасамыс, ақ сары әйел орнынан тұрып, нақ алдындағы орындықты нұсқады. Бұл кабинеттің табалдырығын аттаған жан ең әуелі ашық қабақ пен жылы сөзді аңсап келетінін жақсы біле ме, директор саулығын, жол машақатын тәптіштеп сұрады. Ақыры директорлық мінезге аумай көшті, «Бұйымтайыңыз?» - деген сұрақты көлденең тартты. Манап шаруасын айтты. Дипломатының тістей қатқан кере қарыс аузын ашып, неше күн бұрын қаттап-бүктеп, шекесін темірмен қыстырып қойған қағаздарын шығарды. Директор кұжаттарды алдына жайып салып, қадағалап оқыды. Сонан соң бірнеше сұрақ қойды. Университетте оқиды, неше жылдан бері іздеу үстіне іздеу салып, Қалидың бұл күндегі мекен-тұрағын мына балалар үйін әрең тауыпты, анау жылдардан бері інісін көрген емес - Манаптың рет-ретімен қайтарған жауабы осы төңіректен щықты. Әр қайырма сайын басын бірде шайқап, кейде изеп, жігітті жылы шырайда тыңдаған директор саусақтарының буынын сыртылдатып үзіп отырды да, сөзге көшті...
Кібіртіктеп бастаған директордың тұягы қыза келе жерге тимеді. Директор болғанына, міне, биыл табаны күректей он бес жыл. Одан бұрын оқу ісін басқарған. Былайша айтқанда, балалар үйі көз алдында қаз тұрды. Бірнеше жатақхана, спорт залы, әр қилы мамандыққа баулитын өндіріс шеберханалары, ну орманның ортасын ойған тынығу лагері - бәрі-бәрі балалар үйінің қазынасы. Ансамбль, драма, би, тағы басқа үйірмелер бар. Мереке сайын балалар өз күшімен концерт қойып, спектакль көрсетеді. Балалар үйінің тарихы да көл-көсір.
Ертерек есейіп, қанат қағып ұшқан түлектердің арасынан бұл күнде Еңбек Ері, академик, бірнеше докторлар шығып отыр. Әйгілі жазушы да осы тізбекте. Және де олар өскен ортасын ешқашан ұмытқан емес. Жылына кем дегенде бір рет балалар үйіне соғып, әңгіме, кездесулер өткізіп тұрады. Балалар үйі кімді болсын үлкен өмір жолына аттандырып салғасын естен екі елі шығармайды. Хат жазысып, хабарласып тұрады. Келімді-кетімді хат-хабардың көптігі сонша - соларды сұрыптап жауап жазатын арнаулы топ құруға тура келді.
Лекіп сөйлеген директор жол ортада бөгеліп, інісін іздеп келген жігітке қараса, стол бетіне үңіліп, жылтыр тақтайды жанарымен сүртіп отыр екен. «Орынсыз мылжыңдап, түн қатып, түсі қашып келген қонағымды шаршатып алдым ба?» - деп ойлады ма, болмашы қызарып, күлімсіреді. Төмен қарап, көзімен жер сүзу Манаптың, қала берді Төрекелді тұқымының маңдайына жазылған қасиет екенін бір көрген директор қайдан білсін?!
- Жә, оның бәрін бүгін-ертең көзбен көріп, қолмен ұстай жатарсыз. Жатақхана есебінен бөлінген шағын, шағын да болса жайлы қонақжай бөлмелер бар. Ініңізді қасыңызға алып жатыңыз да, шер тарқатып, емін-еркін әңгімелесіңіз, ағалық ақылыңызды аямаңыз. Болашақ философпын дедіңіз, оны да бір сынап көріңіз. -Директор оң қолының астындағы қызыл түймені төбесінен басып қалды. - Эльжбета Сергеевнаны шақыра қойшы, Лидочка. Күн сәулелі бауырлас республикадан қонақ келгенін қадап айт, - деген шғғыл тапсырманы тәй-тәй басып кірген жас қыздың мойнына іліп жіберді.
Стол, орындықтардан басқа түгі жоқ кабинетте қонағы зерігіп қалмасын деді ме, директор батыс қабырғаны жалпағынан алып, төгіліп төрған сарғылт шымылдықты ысырып қалып еді, ар жағында еденнен төбеге дейін ыбыр-жыбыр карта ілулі төр екен.
- Бері таясаңыз...
Жақын келсе, карта емес, кішкене қалашықтың сызба жоспары.
- Ертеңіміз осы. Бәйге жариялап ек, облыс архитекторлары тез арада жасап берді. Қаланың бас архитекторы біздің жеткіншегіміз еді, сол кісінің себі тиді. Тамырды қай-қайда жайып жатқанымызды сезген шығарсыз. Балалар үйі дегеннен гөрі балалар қалашығы деген дөрыс емес пе, ә?
Тура кәрі Ертістің жағасына төндіріп саламыз. Алып жататын алаңымыз елу гектар. Кең де биік спорт залы, жатақхана, клуб дейсіз бе, қайсыбірін айтайын.
... - Виктория Ивановна, мені шақырдыңыз ба?
Есік көзінен отыздың жуан ортасындағы әдемі келіншек күлімсірейді. Қырым артық еті жоқ денесі ауада қалқып тұр. «Етек-жеңінде желбіршектері мол әрі ұзын етек жібек көйлек киіп, жел өтіне шыға қалса, Икар құсап дөңгеленіп айналып, аспанға ұшып кетер еді-ау» деп ойлады Манап.
- Құзырыңызға құлдықпын... - Манап басын әнтек изеді. Іле бір аяулы сырын байқаусызда сыртқа шығарып, шашып алғандай-ақ беті ду етті. «Құзырыңызға құлдықпын», - деп күлдірлеп, шыбындаған арғымақ аттай кекілін желпігенше, жай ғана: «Өте қуаныштымын!» дей салу керек еді. Қарапайым, дәл, қысқа...
- Ініңіздің аты-жөні кім? Есіме түсіріп жіберсеңіз. Ойға шомған Манап басын көтерді.
- Төрекелдиев... Төрекелдиев Қали!
- А, Турекелдиев Гали! Айып етпессіз... Элочка, бір минут кідірме, бұл кісіні Галиға бастап апара ғой. Тек байқа, Манап ... е-е...
- Манап Сымбатович...
- Рақмет. Иә, Манап Симбатович секілді ағам бар деген ой, әрине, Галидың үш ұйықтаса түсіне кірген емес. Өзіңіз де білесіз, балалар үйіне құртақандай кезінде, бар-жоғы төрт жасында қабылданыпты. Осыны ескерсеңіз, - деді де, жігітке «Оқасы жоқ, абыржымаңыз, бәрі орын-орнына келеді» деген райда қарап қойды. Содан соң аға тәрбиешіге бұрылды. - Өсіп кеткен сойталдай бозбаланы Манап Симбатович те салған беттен тани қоймас. Осы екі арада қолайсыз жағдайлар туып кетіп жүрмесін. Манап Симбатович ренжімесе, сыртта қалдыра тұр да, Галиға өзің кіріп, бақай-шағына дейін алдын ала жақсылап түсіндір. Адам жаны - мөлдір әйнек, шытынатып алсақ, қайта жамай алмаймыз.
Жалығыңқырап қалды ма, қабақ астына көлеңке үйірген Эльжбета Сергеевна директордың алдын кесіп, лыпылдай жөнелді.
- Еш қам жемеңіз, Виктория Ивановна. Күнде көріп жүрген үйреншікті жағдай. Алайда, Турегелдиев Гали деген фамилия қанша ойлансам да есіме түспей тұр. Сегізінші сыныпта Туркелдиев Гали деген спортсмен бала бар. Оны өзіңіз де білесіз. Ал Торекелдиев, Турекелдиев... білсем бұйырмасын.
- Балаларды сұрыптаған кезде ондай-ондай қателіктердің кекесі кетеді ғой, Эльжбета Сергеевна. Апаш-қапашта бір-екі әріп дұрыс-бұрыс жазылды ма деп кім шүқшиьш жатсын. Қалай естісе, солай жаза салады. Турекелдиев осылай Туркелдиевке айналды. -Өзін сүріндірген Гани, Қали мәселесін орай шапты. - Мұндай қате, әсіресе Турекелдиев сияқты ұзын фамилияларда жиі кездеседі. Ал ініңізбен қуанышпен қауышыңыз! Бір бөлме кетер-кеткенше құзырыңызда. Қанша күн аунап-қунасаңыз да өз еркіңіз. Ашыла сырласып, бір-біріңізге ет үйретесіздер. Ертең қайтасыз ба? Қап, қап! Ендеше, сапар алдында ініңізді ертіп, маған кіріп шығыңыз. Көріскенше күн жақсы, Манап Симбатович!
Эльжбета Сергеевна баспалдақтарды шеки басып, төмен түсіп келе жатып:
- Өзі балалар үйі болса, шұрқыраган жеткіншектері қайда деп келесіз, ә? - деді бұрыла қарап. - Жазғы демалыс әлі аяқталған жоқ. Төменгі сыныптар лагерьде, жоғарғы сыныптың оқушылары қала іргесіндегі жеміс совхозында қияр, қызанақ теріп жүр. Қали секілді спортпен шұғылданатын балаларды алып қалғанбыз. Мереке қарсаңында қала мектептері спорттың әр түрінен дәстүрлі жарысқа шығады. Күні-түні аласұрып, соған ақ тер, қара тер дайындалып жатыр. Былтыр бірінші орын алғанбыз. Биыл да ешкімге бермейміз деген талабымыз таудай.
Екеуі ағаштардың ұзын көлеңкелері сұлап-сұлап жатқан аллеяны қуалай келіп, бір қабатты қыш үйге маңдай тіреді.
- Ойнайтын да, қайнайтын да спорт залымыз осы. Балалар қазір жаттығып жатыр. Орындыққа тізе бүгіп, тоса тұрыңыз. Мен Қалиды ертіп шығайын. Кешіксек кешірерсіз. Спортшылардың жаттығудан соң жуынып, тер басатынын өзіңіз де білесіз.
* * *
Тығыз қара шашы ұсақ-ұсақ бұйра, қол-аяғы таралып қалған, кең иықты болмаса да ешкімнен қарызға жауырын сұрай қоймайтын кішірек көзді ақ сұр бала, дұрысы бозбала сыртқа серпіндей басып шыға келгенде, Манап орнынан ұшып тұрды. Сол, соның нақ өзі. Төрекелді тұяғының сынығы. Қол созып, мына баланың қай жерін ұстаңыз, әкесі Сымбаттың өзімен бірге жер астына ала кеткен нышан белгілері. Жайшылықта қой аузынан шөп алмайтын жуас, момын, ал жиын-тойда шетінен түйе палуан атанған, додаға түссе, көкпардан көкпарды қақшып қоймайтын Төрекелдиевтер тұқымы... Кешегі қанды соғыста Сымбаттан өзгесі баудай түсіп, Манап пен мына қара құлақ Қали баладан басқа тігерге тұяқ қалмаған Төрекелдиевтер үйірінің кенже құлыншағы. Адамның кенет не дұрысқа, не бұрысқа көнбейтін өліара сәт қой, екі қолын қайда қоярын білмей, абыржып қалмасы бар ма. Ақыры арқасына айқастырып салды да, бұтағын шауып, сыпырып алған сырғауылдай сидия қалды.
Бозбала Манапқа самарқау, бей-жай көз салды да, аға тәрбиешіге бұрылды.
- Түу, Эльжбета Сергеевна, терді жаңа ғана үгіп, тырыс-бырысты жаза бастағанымыз сол еді. Басқа қолайлы уақыт табылмады ма? - деді қалыптасып қалған қоңыр үнмен. Алақанына қыстыра шыққан тарағын дымқыл шашына көміп жіберіп, артқа қарай көтеріп-көтеріп тастады. «Маңдайына көлкітіп жіберсе ғой, тым жарасып кетер еді. Ересек адамша артқа қайырғанын қарашы. Тез ержете алмай, онбес жастың тар қауызына сыя алмай қыстығып жүрген қарағым-ай!» Манаптың ішінде оттай ыстық бірдеңе шыжылдамай да, көңірсімей де жайлап еріп барады.
- Сөзіңе болайын, Гали. Жаттығу ағаңнан қымбат болып па? Алыстағы ағаң жыл он екі айда бір рет келеді. Жаттығу қайда қашады, ертең-ақ сүмек боп терлеп, кеткен ақыңды артығымен қайтарып аласың, - деді жымиған қалпын мысқал бұзбаған Эльжбета Сергеевна.
«Алыстағы ағаң...» дегенде Қали бетін бермен бұрды. Бұл жолы зер салып қарады. Бағзы жылдарда біреуді біреу біліп болмайтын қан базардың қақ ортасында кездейсоқ ұшырасып қалған көлденең көк аттыны қазір түстеп тани алмай тұрғандай жүзінде толқу бар. Баяғыда бүйірі түскен қара чемоданын арқалап, астанаға оқу іздеп аттанғанда Манапты ешкім шығарып салмаған, оқуына түсіп, қуанышы қойнына сыймай қайтқанда жан адам қарсы алмаған. Сол себепті ме, Манабың мұндай сын сәтте қайту керектігін білмейді екен, құшағын жайып жіберіп, «ой, бауырымдап!» ентелей жүгірудің орнына қаққан қазықтай қыдиып тұра берді. Жымиыс табын ерін ұшынан тез-тез жиып алған Эльжбета Сергеевна Қалидың құлағына сыбырлап қалды: бойшаң бозбала сонда ғана теңселіп кетті, баспалдақтарды санап басып, төмен түсіп, бері беттеді.
Бұл кезде өзін-өзі қамшылап үлгерген Манап та қорғасын аяғын әрең алып, қарсы жүрген. Бой жағынан қарайлас бозбала төніп қалғанда:
- Бар екенсің, бауырым! - деп, алға созған екі қолын айқара ашып, ыстық құшаққа айналдыра беріп еді, Қали:
- Здравствуйте, дяденька! Как живете? - демесі бар ма! Созған қолы сынғандай сылқ түсті...
Жер шетінде жатқан балалар үйіндегілердің орысша оқып, орысша сөйлейтінін неге білмесін. Білу бар да, көзбен көріп, қолмен ұстау бөлек екен. Соңғысы алдыңғыдан он есе ауыр ма деді. Сырт көзге Манап сабырлы, салмақты көрінгенмен жетім өскен адамның мінезі бұған да жұққан; ешкімге сыр бермесе де іштей қиналып, іштей желінетін. Аға төрбиешіні дер кезінде есіне түсірді де, бойын жинады. Қалидың амандасу үшін солаңдатып ұсынған қолын ұстай алды да, сілкіп өзіне тартып, төсіне төс тигізді, маңдайынан иіскеді. Тіп-тік бозбала иілмеді, ағаштан шабылған жансыз мүсінді құшақтағандай болды. Шашынан шыққан арзан қол сабынның иісі кеңсірігін жарды. Эльжбета Сергеевнадан қысылды ма, Қали бетін алып қашып, құшағынан сытылып шыға берді.
- Да ну...
Абырой болғанда, аға тәрбиеші қызық шыжыққа айнала бастағанын аңғарып қалды.
- Мен кетейін... Іздей қалсаңыз, Виктория Ивановнаның қасынан табыламын.
Кібіртік басып, ұзай берді. Он-он бес қадам былай шыққасын ғана Эльжбета Сергеевна екені есіне түсті ме, бойын кілт түзеп, қозы жауырынын жазып, дік-дік басып кете барды. Келіншекті көзімен ұзатып салған Манап осы бір ашық-жарқын, қылықты келіншекті ұнатып қалды. Бұ дүниенің кереметін қара, келіншек бойынан қылықты Элочканы емес, мейірімді ана бейнесін іздейтін тәрізді. Қырыққа іліне бастаған әйелдерді көрсе болды, өз шешесі есіне түседі. Анасы осы жаста қайтыс болып еді. Омбыда кездескен Эльжбета Сергеевна көзіне тағы жылы ұшырап кетті. Өле-өлгенше бұл дүниеден шешесін мың бейнеден іздесе де мәңгі бақи таба алмай, арманда өтетін шығар...
Қали аяғына сұққан ала таспалы кроссовканың тұмсығымен көлденең жатқан қиқым шөпті қуалай түрткілеп, бей-жай сылбыр түр.
- Кел, отырайық! - деді Манап ағаш орындықтың шетіне құйрық басып.
Отырды.
- Халің қалай, Қали?
Төрекелдиевтерге заман шекесінен қараған жылы балалар үйіне өтіп кеткен төрт жасар баладан бұл күнде сойталдай бозбалаға айнала салған Қалиға: «Халің қалай, інім?» деуге аузы бармады. Десе, Қали мұның аға екеніне сенбей қоятындай, құлағына ілмейтіндей жүрексінді.
- Спасибо. Так себе... - Қалидың көзі батып бара жатқан күннің қалың жапырақ арасынан суырылып түскен алып қашты сәулесіне шарпысып отыр.
«Қайтсін, кіндігі бір болса да, өскен ортасы басқа. Адам жаңа қалпақ екеш қалпақты да байқап-байқап киеді. Жер астынан шыққан желім батырдай жабыса кеткен жаңа ағасын жатсынып отыр ғой. Өзіме де обал жоқ. Әуелі хат жазып, тіл алысып, ағайын, аға жайын құлағына жайлап сіңіріп алған жөн еді. Жиырманың төртеуіне келген, мен бүйтіп берекем қашып, күлім шашылғанда, бесіктен белі шықпай жатып, туған жерден шығандап кеткен бүған не жорық!» - деп ойлады, Қалидың дөңес мұрын, кесек пішінді бетіне іші езіле елжірей қарап қалыпты.
- Оқуың қалай? Биылғы сыныбың сегізде ме?
- Сегіз... А... Иә... - Қали басын әнтек изеді.
- Жатар орын, киер киім, ішер ас... таршылық көріп жүрген жоқсың ба?
Қали: «Осы не деп отыр?» - дегендей бар денесімен бұрылып, жігітке тесіле қарады. Орынсыз сұрақ қойғанын кеш білген Манаптың бетінен оты шықты. Аға болу қиын шаруа екен. Қалиды қайдам, ініге аға болып, еміренуден Манап қалыпты. Ойлап отырса, он бір жыл бұрын Қалиды балалар үйіне тапсырып тұрып, сорасы ағып, үнсіз жылағанда ғана аға болыпты. Қазір ол ағалық сезім ұмыт. Сүт пісірім бұрын Қалиды көргенде ғана кеудесіне нұр құйылды. Осы минутта оның орнына у құйылғандай. Әр нәрсенің басын бір шолып, уақыт молшылықта не жұмысы бар? Қали алда-жалда шамданып қалып: «Таршылық көретінімді білсеңдер он жыл бұрын балалар үйіне қолдарыңнан берер ме едіңдер?» - десе, не бетін айтады? Әйтпесе: «Бөліп беретініңіз бар ма?» - деп төтеден салса ше... Қали айтса орынды, көтеріп аласың. Сымдай тартылып серіппедей атылғалы отырған Қалидың, мемлекет қамқорлығындағы Қалидың халі өз халінен, жалаң аяқ студент жағдайынан көш ілгері. Оң-солын танып қалған бала оны білмейді дейсің бе?
Жалпы іштей қорқып отыр. Алматыдан аттанғалы іштей дайындап, неше қайтара пысықтап келген басты сауалын қабырғадан қойып, сөзді ашыққа шығарудан тайқақсиды. Әйтпесе: «Халің қалай, жатар орын, киер киім, ішер ас...» - деп күмілжу - он бір жыл кормеген ініге қояр сұрақ па? Кеше келіп, бүгін кетіп, күнде төс тигізіп жүрген жанның сөзі ғой бұл, әншейін. Өз-өзін әуелі осылайша іштей сөгіп, сонсоң қайрап алды да, бір деммен:
- Ауыл есіңде ме? Көкем, мен... Қалғұты... тау, қалың орман есіңде шығар? - деп салды.
Кроссовканың тұмсығымен тротуарды оңды-солды сызбалаған Қали басын немкетті изеді. Сасып қалған Манап жөткірінді. Ұмыт, тас ұмыт, ұмытып қалыпты... Әйтпесе екі қолын орындық арқалы ғына созып жіберіп, шалқалаған мына қалпын титтей болсын өзгертер еді. «Япыр-ау, мынау сол Манап па? Бауыры жабысып, бірге туған ағам ба?» - деп, басын көтеріп, бетіне көз салмас па?
Шын туыс кешірімшіл. Қатты ренжісе де інісін жамандыққа қимады, дереу ақтап алатын дәлел іздеді. Қалидың мінез-қүлқы өсе келе үстінен көш өтіп бара жатса, былқ етпейтін көкесіне тартуы кәдік... Солай, солай-ақ болар. Іске келгенде жаудай тиіп, апырып-жапырып жіберетін; ал сөз дегенде аузына маржан салып, томаға тұйық тымпиып отырып алатын «ішімдегіні тап» қыңыр тұқым-ай!
Шай қайнатымдай толғанып, ойын әбден пісіріп алды да, оқыс кимелеп, үсті-үстіне төкпектете жөнелді.
- Өскемендегі балалар үйіне сені бұлыңғыр күзде апарып тапсырдық. Өзге амал да қалмаған. Шешені қылтамақ алып кетті. Жерге қарап әкеміз күрт шөккен. Соғыстан контузия алған адамнан не сұрайсың? Төсек жаңғыртып, бізге өгей де болса ана тауып бере ме десек, қаны қайта-қайта көтеріліп, ауруханадан шықпауға айналды. Мен мектеп-интернатта оқимын. Сонда деймін де: «Қалмаймын десе қалмаймын!» - деп зар илеп жылағаның күні бүгін көз алдымда. Ұстап, жібермеген тәрбиешінің білегін қыршып алдың. Біз де көз жасымызды сығымдап түрып: «Дорба-дорба кәмпит теңдеп, екі-үш күннен кейін келеміз, қорықпа, алып кетеміз қайтадан», - деп алдарқаттық. Теріс бұрылып, тұғжыңдай берген көкеме көп қарайламай, маған қол созып, пора-пора жылай бердің: «Мака - Манапқа тілің келмей, Мака дейтінсің - кәмпитті сен әкел, сен алып кет!» - деп... Содан итіңдеп ауылға жеткенше... біреуді жерлеп келе жатқандай ... тіс жарғамыз жоқ. Бір апта бойы басыма жастанған күпәйкем таңертең дымқыл тартып жүрді... Тәтемнен айырылғасын сені көкем бақты. Жазғы демалысқа келгенде жаялығыңды өзім жуып жүрдім. Мені өлердей жақсы көретінсің. Бір бидайды бөліп жедік. Қайда барсам сонда, томпаңдап, ізімнен екі елі қалмаушы ең.
Манап көзімен тротуар сүзіп, отырып қалды. Қара жер қойнына өзіммен бірге ала кетермін-ау деп талай жыл тұмшалап сақтаған сырының тиегін ағытса да, аяғына шыққанша асық болды. Туған інімен құрғақ қурайды қырт-қырт жегендей сөйлесермін деп ойламап еді.
Қали ше? Төмен салған кірпігі көзін көлегейлепті. Не ойлап отырғаны белгісіз. Қолдарын айқастырып салған күйі бауырына тығып, іші ауырғандай еңкейіп отыр.
Манап демін жұтып, ақырын күрсінді. Еңкейіп, жерде тігінен тұрған дипломатын іліп алды да, алдына еңгеріп салып, аузын сырт ашты. Жаздық жеңіл костюмнің қаттауын жазып, бірер сілкіді де, орындық үстіне жалпағынан салды, саусағының ұшымен Қалиға сырғытты.
- Биыл құрылыс отрядына барып ем... Табыс тәуір болды. Қырық алтыншы... Дәл шығар. - «Киіп, өлшеп көрсеңші», - деуге таңдайына жабысқан тұтқыр тілі күрмеуге келмеді.
Қали костюмге көз қиығын немқүрайды тастады да, миығынан күлімсіреді. Сол мезет үстіңгі ернінің сол жақ құйрығы дір етіп шапши қалды. Манаптың қолқасы суырылып кеткендей болды. Жан дүниесі әлем-тапырық. Жасаурай қалған жанарын Қалидан аударып, күн сәулесіне шағылысқан терезелері жапырақтардың арасынан жылт-жылт сығалап тұрған оқу корпусына бағыттады. Аумай тартпағыр, тура көкесі! Өкесі күлмей ғұмыр кешті, қиратқанда күлімсірейтін, сонда ернінің сол жақ құйрығы өстіп жоғары шапшып қалушы еді.
- Киім жағы бар... Жыл сайын жаңалап тұрады. Қырық сегіз болмаса, қырық алты маған тар.
Жайбарақат үн құлағына жеткенде желіп келе жатып, жарқабақ шетіне ойқастап шыға келген аттай желкесі тартып, иегі көтеріле беріп, кегжиді де қалды. «Айдан-айға хабар-ошарсыз, ізсіз кеткен, жылдан-жылға құйрығын ұстатпаған, әрең табылған інісі - осы Қали ма?» дегенді сағызша созып, бөліп-бөліп ойлады.
Сыдыртып самал соғып еді, жасыл жапырақтардан екі-үш сары ала теңге саудырап түсті де, біреуі қалбалақтап кеп, Қалиға, тар костюмінің өңіріне сырғи қонды.
Жалқы жапырақтан көзін алмай:
- Бұрнағы жылы көкемнің басына тас жинап, қорған көтердім. Саман кірпішін өз қолыммен құйдым. Көрші ауданнан екі атадан қосылатын туыстар табылған, олар да аянбады. - Сөл бөгеліп сөзін жалғады. - Бүгінде елдің жағдайы жақсы. Тамақ тоқ, көйлек көк.
Жоқ-жітік жылда елден кеткен бала: «Жетім ағатайым тағы да жүдеп-жадап келіп қалды ма?» деп ойламасын деген сыңайда ұзын есеппен айтты мұны. Алыстан орағытып: «Жетім болсақ та, құйрық-жалсыз емеспіз; қала берді ел, жер бар, есіңді жи, қамық-па!» дегенге сайған сиқы.
Қали еңсесін салып, бері бұрылды. Өңінде таңданыс па, қобалжу ма, қалай айтса да өзгеріс ізі сайрап жатыр. Кішкене көзі жылтырай қалыпты. Тізе бүккелі алғаш рет Манаптың аузына қарады. Ағасы да іштей Қалиға қарай итініп, жылжи түсті.
Бозбала:
- Тас жинау... О немене? - дегенде жылжып кеткен жерінде омайып отырды да қалды. Алақаны костюм матасын уыстап мыжғылай берді. Не деп кетті мына бала? Басы мыңғыдыңғы. Іле: «Қасыңда інің отыр, көзіңді ашып қара... інің!» - деп, түрткілеген есек дәме көңіл тағы жібіді. Кіндік кесіп, кір жуған жерден алыста өскен саяқ бала өз халқының әдет-ғұрып, салт-санасын білмесе, жазықты ма? Өлсе - Манаптың әкесі өлді. Ал, бүл күнге дейін Қали әке-шешем жоқ, иесіз, сұраусыз жетіммін деп келді. «Жетім қозы - тас бауыр» бала қайтыс болған адамның басына қазақтардың тас жиып, зират көтеретінін аспаннан оқып біле ме? Көрсе қаланың темір шарбақты крест, жұлдызша, тас мүсінді қалың моласын көріп жүр. Онда да көрсе...
- Қалай десем... Қазақтар дүние салған адамға арада жыл өткізбей басына зират көтереді. Бір жағы қабірді ит-құс, тұяқты мал таптап, обал болмасын десе, екіншіден - «Орныңды жоқтатпайтын, түтініңді сөндірмейтін аяулы адамдарың бар, ізің өшкен жоқ, топырағың торқа болсын!» деген ыңғайда, өлген адамға көрсетілген ізет. Қолы жеткені қызыл қыштан күмбез көтереді. Қалғандары таудың тасын сандықтап қалап, саман кірпіштен қорған орнатады...
Төмен қарап, ойланып қалды. Иә, сол тасты қалап біткенше таңның атысы, күннің батысы арпалысып шықты. Қорған қалқайып, ақыл-тақыл тұрғанда ғана әке алдындағы соңғы парызынан құтылып: «Уһ!» деді. Зілмауыр жетімдігін тас астына қоса бастырып көміп, жарық дүниеге қайтып шықпастай қорғанмен қоршап, екі иығын кере дем алған.
Көзінің құйрығымен Қалиды бақса, бей-жай, салғырт, самарқау. «Сөйлесең - ауыз өзіңдікі, сөйлемесең өзің біл, айттың сендім, рақмет!» кейіп. Астыңғы ерні жиналмай жатыр. Келесі сәтте тарағын қалың, қайратты шашына көміп жіберіп, тысыр-тысыр тарады. Қомпайған ұртына ауа жинап алды да, жүзін тәптіштеп тұрып үрледі.
Манап ішін тартты - Қали көкесі қашан, қалай қайтыс болды, қаузап сұрамақ түгіл, тіс жармады. Ағасы Манап қалай күнелтті, қай институтқа түсті, оқуы, болашағы не, ләм-мим жоқ. Жарайды, Манапты қойшы, фамилиясына жазылған әке хақында тырнақтай бір ой, тебіреніс қайда?
Көзден кеткесін көңілден бұлбұл ұшқаны да.
Аш ішектей шұбатылған ұзын аллеяға көзі түскесін саябырлап, сабасына түсті. «Қарағым!» - деп қанатының астына алмағасын, маңдайынан иіскеп, тер иісі аңқыған қойнына алып жатпағасын әке бейнесі көмескі тартып, жыл артынан жыл өткен сайын өшіп кете барғаны да.
Кімге кінә қоярсың? Ошақтың күлін аспанға шығарған соғысқа ма? Ол айып-айбанаң кімге дәрі? Кілең қам көңіл. Сөз тізбегі көмейіне лықып келіп еді, Қалиға кенеттен тіл бітті. Аша берген аузын жаба қойды. «Сөйлесінші, іштегі шерін сыртқа шығарып, емін-еркін есіліп ағылсын бір, туған жердің алақандай қолатын алыстан арқалап жеткен аға алдынан бауыры жазыла өтсінші» деген ой ауыздан қақты.
- Мереке қарсаңында жасөспірім боксшылардың қалалық біріншілігі өтеді. Соған жатпай-тұрмай дайындалып жатырмыз. Былтыр финалда ұтылып қалғанмын. Биыл қайтсе де есе қайтару керек. Жасөспірімдер тобы бойынша бірінші разрядым бар.
Бөсіңкіреп кеткенін кеш аңғарған бала бетін бұрып ала қойды.
Манап сергіді. Аз-мұз мақтаныш аралас лебізді естігенде барып жанында кәдімгі алаңғасар бала отырғанына сенді. Жора-жолдастарының үйіне барғанда ойыншықтарын жинап, қайта шашып, ойынға алданып жүретін көп қара домалаққа қара да, мына Қалиға қара, бәрібір. Дегенше және сезікті ой сумаң қағып, маңдайы суып берді. Бауыры жабысып бірге туған дос-жарандарының інісіне теңеп, өзінен алыстата түсіп, құйрығын сыртқа салып отыр екен. Өз інім, қандас Қали інім дегенді санасына қалай сіңіргісі келсе де болатын емес. Жанбай жатып өшкен бұл неткен көңіл?
Қалған көңіл де...
Қалың ой Манапты әбден меңдетіп, тұралатып тастады. «Боксынан бөтен ермегі бар ма өзі!» деген ойына ілесе:
- Басқа немен айналысасың, Қали? - деді. «Інім» деген жалғыз да жылы сөз аузына тағы түспеді.
Қалидың қабағы жазылып, жадырап жүре берді. Орындықтың көлденең ағашына алақан тіреп, көтеріліп-көтеріліп қойды. Өр сөзі қуаңқы, жігерлі.
- О-о, табиғатты жақсы көремін! Әсіресе жан-жануар, жәндіктерді! Біздегі тірі табиғат мүйісі менің қарауымда. Жылан, бақа, шаян, қоңыз, құс - бәрі табылады. Түгел өзіміз бағып-қағамыз. Үйірмеге отызға жуық оқушылар мүше. Кеше қала іргесіндегі орманға серуен құра шығып ек, сапарымыз сәтті болды. Аузының салымы бар екен, Коля Жеребцов Патрикеевнаның кішкене үйшігінің үстінен шықпасы бар ма...
- Патрикеевна?
- Түлкі дегенім де. Күшік алпыс айлалы мыстан екен. Қашқанынан қашып, жуан еменнің қуысына кіріп кетті. Жеңімді түріп, қолымды сұғып жіберіп ем, бармағымды тістеп алды. Міне, ізі! -деп, ұшы сызылған сұқ саусағын шошайтты. - Жеребцовтың құрметіне «Коля» деп ат қойғанбыз. Коля үйренбей ме, жатырқай ма деп қорқып ек. Бүгін таңертең алдына қақпанға түскен тышқан тастап ек, қайда жатырқаған, екі қылғып, бір жұта салды. «Тағы нелерің бар, әкеле беріңдер», - дегендей, «Коля» шіркін жалақ-жұлақ етеді. - Күліп қойды. - Патрикеевна десе Патрикеевна! - «Бұл тамашаға енді нені қосып айтсам» дегендей аз-кем ойланды. - Өткен жылы қала мектептері бойынша мүйісіміз бірінші орын алды. Аң-қүс, жәндіктің түр-түріне бай екен деп аяғымызды жерге тигізбей мақтады. Жуырда Эльжбета Сергеевнаның ағылшын иттері күшіктепті Біреуін тегін берем деп отыр. Сондай жақсы адам өзі! - дегенде өңі құбылып кетті. - Қазақстанда ақбөкен жыртылып айырылады деп оқыдық. Соның сүпсүйкімді бір лағын қолға түсіріп алсақ, облыстан да алдымызға жан салмас едік. - Әлденені дәметкен пішінде Манапқа көз астымен қарап қойды.
«Сол сүйкімді лақты сіз тауып беруге қалайсыз?» - деген ымды Манап та түсінді. Қали балаға деген өкпе-ренішті бұл кезде таза жиып қойған. Шыжымдаған сөзге тартуды да доғарды. Және де манадан томсарған Қалидың сөз ұшығын ұстай алмай, амалы құрығанын, бек қиналып отырғанын және ұқты. Іздегенге сұраған дегендей, мына бір қитығы жоқ бейбіт әңгіме басталып кеткені жақсы болды. Он бес жастағы баладан не сұрайсың?! Көрген-білген бар қызығы табиғат мүйісі, ойлағаны бірінші орын, бокс болса, байғұс бала, расында да басқа несін айтсын.
Түсінген адам кешіре де біледі.
Басын салбыратып отырып-отырып:
- Болашақта кім боласың? - дей салды ерін ұшымен. Қали іркілмеді:
- Ұшқыш... Әскери ұшқыш боламын. Балалар үйінен түлеген ұшқыш ағалар баршылық.
Манап мырс етті. Аға деген сөз көп күттіріп барып, аузынан ақыр соңында шықты-ау. Өз ойымен өзі әуре Қали оны елемеді.
- Әнеугүні соның бірі келіп кетті. Клубта кездесу өткіздік, Сидоров Александр Павлович. Ордені бар. Полковник. Соғыста каза тапқан әкесі де ұшқыш болыпты. Екінші күні жатпай-тұрмай аңдып жүріп, жатақхананың шыға берісінен ұстай алдым да, жеке сөйлестім. «Әскери ұшқыш боламын десең, денсаулығыңды осы бастан мықта. Спортыңды тастама!» - деді. Қазір Саша ағаймен хат жазысып тұрамыз. Сондай бір жаны жайсаң жақсы аға!
Қали қысыңқырап алған көзін қарсы алдындағы биік теректің ұшар басына тігіп отыр. Көк зеңгірдің төсін тіліп, аспанда ұшып жүрген өзін ойша елестеткендей ме, қалай? Пысық бала ғой, бойын тез жинап алды. Манаптың жиырылған жеңінен сойдиып шығып тұрған білегіне қадалды.
- Уақытыңыз қанша?
- Бес минутсыз бес.
- О! - Қали атып түрды. - Отырып қалыппын. Уақыттан ұтылсам, жарыстан ұтылғаным. Бес жарымда жаттығу бітеді. Тым болмаса, қалғанына қатысайын. Жаз бойы салмақ қосып, бұлшық етім босап кетіпті. Қош бол... - дей берді де, тілін тістеді. - Сіз... қонасыз ба?
Манап төмен қараған күйі:
- Жоқ, кетемін. Кешкі алтыда поезд бар, - деді.
- А-а... Сапарыңыз сәтті болсын! - Серпіндей басып, спорт залына қарай жөнеле берді.
Орындық үстінде қырық алтыншы костюм көлбеп жатыр.
- Бері кел, Қали! Бұрылды. Жақындады.
- Кешіріңіз ... маған сыймайды. Артық та емес. Қатар жатқан Эльдар Ғизатулинге құйып қойғандай екен. Бірге оқимыз. Бойы тәштік. Соған сіздің атыңыздан сыйлайын. Ренжімейсіз бе?
- Түк ренжімеймін.
- Рақмет! - Костюмді қолтығына қысып, жаңағы жолына түсті.
- Хат жазамын. Келер жылы жазда келемін... Келетін шығармын, - деді Манап ізінше.
Естіді ме, Қали кете барды. Баспалдаққа екі-ақ ырғып шығып, кілт бұрылды да, қолын бұлғады. Күлімсіреп еді, үстіңгі ернінің сол жақ қүйрығы шапши қалды. Орындық қасында түрған Манаптың тұла бойы дір етті. Көзін мұнар алды.
Алға қарай емпеңдеп жөней бергені есінде. «Қалқам-ай! Қанатым-ай!» - деген сыбыр құлағында көшіп жүр. Есік сарт жабылғанда барып есін жиды. Биік баспалдақ бос екен.
* * *
Қалың будың арасынан қалқып шыққан «Волгаға» қол көтергенін, шофердің кідіріссіз есік ашқанын, жұмсақ орындыққа аузы буылған қапшықтай сылқ етіп отыра кеткенін, «вокзал», - деген сөзді әрең айтқанын біледі. Орындық арқалығын желкесіне жастап, басын артқа тастап жіберді де көзін жұмды,
Марат Қабанбаев 1948 жылы 22 наурызда Зайсан ауданындағы Қараүңгір ауылында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін құрылыста бір жылдай жұмыс істеп, содан соң аудандық газетке жұмысқа орналасқан.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін "Лениншіл жас" газетінде, "Жалын" баспасында, Қазақ ССР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте қызмет істеді.

Әр жылдары балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде жүлделі орындарды жеңіп алған.

Жазушы Марат Қабанбаев бірнеше кітаптың авторы. Солардың ішінде сәтті шыққан туындыларының бірі - "Айшылық алыс жол" атты романы. Роман тақырыбы жетпісінші-сексенінші жылдар аралығын қамтиды. Суреттелген оқиғалардың бәрі дерлік күнделікті өзіміз көріп, басымыздан кешіріп жүрген жайлар. Туған ортасынан ертеректе қол үзіп кеткен жетім бала - Ертай ауылға келіп, еңбек адамдарымен араласып, нағыз өмірдің тер сіңген күпәйкесін кигенде ғана қала мен ауыл арасындағы қайшылықты мықтап сезінеді, ауылдағы халықтың рухани дамуындағы кенжелікті аңғарады. Бұл күнде нағыз өмір сүруге ынтық ақ қағаздай жандар бар да, өмірде актер болып ойнаушылар бар. Мысалы, басқаның қолымен от көсейтін Қали-рабкооп, қайда салсаң содан шығып майлы қасықтай жылпылдап ұстатпайды. Қарапайым еңбек адамы Елтайдың жүріп өткен айшылық алыс жолында бұғып жатқан "Бекежандар" бұлар. Роман сондай-ақ қыз бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді қозғайды. "Тұр", "Жат", "Оқы" деген бұйрықпен күн кешкен мектеп-интернаттағы қыз балалар күні ертең ошақ иесі, ана болғанда, тұрмысқа қажетті дағды, әдеттерді қайдан үйренбек ? Қыз баланың шешенің аялы алақанында дәстүрге тән тәрбие алып, бойжетуі табиғи заңдылық деген тұжырымға келеді. Жалпы роман бүгінгі таңдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді қамтыған.

Мараттың өзінің талантты, қалыптасқан қаламгер екенін дәлелдеген шығармасы "Пысық болдым, мінеки" повесі. Бұл бүгінгі балалар өмірін бейнелеген повесть. Басты кейіпкері - Досан деген ойлы оқушы, зерделі жеткіншек. Әсіресе оның туған жердің әр түйір топырағынан қасиет іздеп, әр тал шөбіне үңіле жүруін, Аққұм суының шипалық қасиетін ашуын азаматтық десек де жарасады. Повесть балалар өмірін, балалар арасындағы қақтығыстарды суреттесе де, мұндағы негізгі өзекті мәселе - туған жерге деген махаббат. Негізгі тақырыбы - Досанның жеріне, еліне деген ыстық сезімі. Повесть аяқталғанда аппақ топырағы бар, шаңды, шөлді, шипалы суы бар Аққұм ауылын қимайсың. Жігіттерді жігерлі, қыздарды қызыл шырайлы еткен туған жердің қадірін біле түсесің.

Жалпы Марат, дүниеге бала көзімен қарай білетін, сезіне білетін жазушы. Оның балаларға арналған шығармалары "Бақбақ басы толған күн", "Арыстан, мен, виолончель және қасапхана" повестері. "Бақбақ басы толған күн" повесінің бас кейіпкері - оқушы Заманбек. Өзі ақын, өзі өлең жазады. Мінезі де қызық, ойлағаны да күлкілі. Мұны повестегі он үш жасар баланың қызық қылығы мен қиял қуа жасаған іс-әрекетінен, көреміз. Мысалы, әкесінің томырық мінезін ұнатпауы жайында : "Жуықта Пионер газетіне "Мектебім" атты өлеңім жарияланғанда бетіме ежірейіп қарап отырып, "Ой-ит!"-деген. Басымнан да сипамады. Көкем сондай адам. Тентектік жасасам бишікпен тартып жіберуден тайынбайды, өлеңім шықса мәнерлеп тұрып ит дейді. Бала әкесі Сауытбекті мейірімнен тысқары, суық жан деп есептейді. Оның пікірі әділетті ме, мұны шығарманы оқи отырып оқырман өзі саралайды.

М.Қабанбаевтың бұл шығармалары "Философиялық ойларымен" ерекшеленеді, сонымен қымбат та. Өзгеге ұқсамауға тырысушылық, өмір шындығын өзінше бейнелеуге, соны соқпақ салуға құштарлық Маратқа, оның творчествосына ғана тән қасиет.
...