25 Мамыр 2014, 16:42 Елордада асық атудан республикалық ашық турнир өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Асық атудан республикалық ашық турнир басталды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің спорт кешенінде өтіп жатқан жарысқа еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы қаласының ойыншыылар келіп қатысуда, деп хабарлайды BAQ.KZ. Сондай-ақ, жарыста елімізге танымал тұлғалар Қайрат Нұртас, Досымжан Таңатаров, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, сонымен бірге «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, жазушы Қойшығара Салғарин да өнер көрсетеді. «Біз осы ұлттық ойынымызды дамытып, телеарна мен телефонға телмірген балаларымызды ашық аспан астында ойнауға алып шықсақ дейміз. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Сондай-ақ, асық ату көздің көру қуатын арттырады. Біз асық ойынын қазақстандықтар арасында ғана емес, әлем қазақтары арасында дәріптеуді де ойлап отырмыз. Жақында Берлинде өтетін Еуропа қазақтарының құрылтайына да осы асықтарымызды алып барып, турнир ұйымдастырамыз. Сол арқылы шетте жүрген қандастарымызды да ұлттық ойынымызды дамытуға шақырмақпыз»,-дейді Асық ату федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржанов.
ақпарат: http://www.kazinform.kz/kaz/article/2661564 http://tv7.kz/kz/news/show/9268