Үкілі Ыбырай Сандыбайүлы (шын аты — Ыбырай) (1860, Көкшетау облысы, Володарский ауданы — 1930) — қазақтың халық сазгері, белгілі әнші (тенор) әрі ақын-импровизатор, классикалық халық музыкасының ірі өкілдерінің бірі.
Өмірбаяны
Кедей шаруа отбасында туған.[1]Үкілі Ыбырай бала кезінде молдадан оқып, арабша сауатты болған. Жасынан әнге, өлеңге құмар Үкілі Ыбырай қазақтың атақты әнші-ақындарынан (Орынбай, Арыстанбай, Шөже, Біржан, Ақан,Балуан Шолақ, Тезекбай) үлгі-өнеге алып, олардың шығармашылық дәстүрін бойына сіңірді. Өз заманында әнші-сазгерлігімен аты шыққан Үкілі Ыбырайдың музыкалық мұрасында 40-қа жуық әндер бар.[2]
Шығармалары
Ел арасына кеңінен тараған "Гәкку" әні Ыбырай шығармашылығының шыңы болып табылады. Ыбырайдың әндері жастық шақтың жалын атқан нәзік, таза махаббат сезіміне, оптимистік әуенге, мелодиялық көркем сазға толы, терең ойлы болып келеді. Е.Г.Брусиловский "Гәкку" әнін "Қыз Жібек" операсында (Жібектің негізгі ариясы). "Арарай" әнін "Ер Тарғын" операсында (Ақжүністің ариясы) пайдаланды. Ыбырай өндерін алғаш нотаға түсірген А.В.Затаевич пен И.В. Коцык. Ыбырай ақындық өнерімен де әйгілі болды. Ыбырайдың өлеңдерін "Бостандық туы" газетіне жариялап, ақынның творчествосы туралы келелі пікір айтқан жазушы С.Мүқанов, сондай-ақ әдеби мұрасын байсалды зерттеген әдебиет сыншысы Е.Ысмайылов болды. Драматург Ш.Хүсайынов Ыбырай туралы "Қайран Гәкку" пьесасын жазды. Ыбырай поэзиясы тақырыбы жағынан алуан түрлі. Оның бір саласы жастық шақтың қызығын жырлауға арналған. "Қарақат көз", "Тойда бір нүрың балқиды", "Қаралдым" т. б. өлеңдері жастықтың нәзік сезімін шертеді. "Бір қызық ит жүгіртіп аң ауласа" өлеңі аңшылық, саятшылықты бейнелейді. Революцияга дейінгі өмірді көзімен көрген ақын советтік жаңа заманды, теңдік алган кедейлердің қуанышын ("Октябрьдің жеңісі", "Отарба") паш етті. Импровизатор Ыбырайдың тыңнан суырып салып айтқан өлеңдері де (Доскей, Есімбет, Қожақмет ақындармен айтыстары) көп.[3]
"Гәкку" (4 түрі),
"Қарақат көз",
"Арарай",
"Кідік-ай",
"Бір қызық ит жүгіріп аң ауласа",
"Дүние",
"Шалқыма",
"Көкше",
"Сүйгенім кете барды қасыма еріп",
"Қалқа бел",
"Қалдырған",
"Желдірме" т. б.