0 дауыс
5.5k көрілді
Экологиялық таза тамақ өнімі өндірісінің экологиялық-экономикалық тиімділігі тақырыбындағы ғылыми жұмысқа пікір жазуға көмек керек.

                                                 КІРІСПЕ

 

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Сапалы тамақ өнімдерін өндіру – нарықтық шаруашылықтың кезек күттірмейтін элементі болып табылады. Ол шаруашылық салалары мен халықтың қажеттілігін қанағаттандырудағы экономикалық қатынастардың негізін құрайды. Сондықтан тамақ өнімдері мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін, тамақ өнімдерін тұтыну сұранысын қамтамасыз етеді.

Сапалы өнімдерді өндіру Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіру мүмкіндіктерін айқындайтын және әлемдік нарықтағы бәсекелік қабілетін арттыратын маңызды факторлардың бірі. Қазіргі кезде елімізде Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруге дайындық жұмыстары жүргізілуде, бұл орайда отандық өнімдердің сапасын арттыру алдыңғы кезектегі мәселеге айналды.

Қазақстан Республикасының 2007–2024 жылдарға арналған тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасында жаңа және экологиялық қауіпсіз технологияларды пайдалану арқылы – өмір сүру сапасының деңгейін арттыруға ерекше мән берілген. Атап айтқанда, ел экономикасына жоғары технологияларды белсенді енгізу нәтижесінде экономикалық жетістіктерге, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, экологиялық қауіпсіз технологияларды пайдалануға, сондай-ақ ұлтты сауықтыру үшін тамақ өнімдерін қатаң бақылауға, халықтың жан басына шаққандағы табиғи шырындар мен сүт өнімдерін ұлғайтуға, ішкі нарықтағы тамақ өнімдерінің сапасын бақылауды күшейтуге ерекше көңіл бөлу қажеттілігі айтылған.

Біз бұған өз экономикамыздың бәсекелік қабілеттілігін арттыратын экологиялық таза технологияны қолдану нәтижесінде алынатын экологиялық таза өнімдер арқылы халықтың орташа өмір сүру деңгейінің өсуіне, генетикалық ауытқулардың азаюына, иммунитеттің нығаюына, кәсіпорындардың қосымша пайда табуына, денсаулықты қалпына келтіру шығындарын азайтуға, соның нәтижесінде еңбекке қабілеттілікті арттыруға қол жеткізе аламыз.

Соңғы он жылдықта шет мемлекеттерде қазіргі жаңа технология бойынша минералды тыңайтқыштар қолданылмаған қоспасыз, табиғи шикізаттан алынатын, экологиялық таза аймақтарда өсірілетін экологиялық таза тамақ өнімдерді өндіретін саланы дамытуға баса назар аударуда.

Еуропада 2005 жылы экологиялық таза өнімдердің нарықтағы үлесі бұрынғы 5% - дан  10% дейін артты. Еуропа елдерінде жыл сайынғы сауда көлемінің өсуі келесідей: Германияда – 5–15%, Данияда, Швеция және Швецарияда – 30–40%. Келтірілген мәліметтерден көрінгендей, Батыс Еуропада экологиялық таза тамақ өнімдерін өндіру алдыңғы орында тұр. Мұнда экологиялық таза тамақ өнімін өндіретін кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау жүйесі жүзеге асырылады, сертификатталған экологиялық таза тамақ өнімдерін өткізудің ұтымды саясаты жүргізіледі.

ТМД мемлекеттерінде, оның ішінде Қазақстан Республикасында әзірге отандық кәсіпкерлік құрылым әлсіз дамыған: себебі мұнда қаражат, өндіріс қуаты жетіспейді және мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Дегенмен де елімізде шет елдердегі сияқты экологиялық таза тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпкерлік құрылымдар бар. Бірақ мұндағы экологиялық таза тамақ өнімге қызығушылық қосымша пайда табу нысанына айналды.

Экологиялық таза өнім өндіру мен тұтыну үлкен әлеуметтік-экономикалық мағынаға ие, ол – бір жағынан өндірістік – инновациялық кәсіпкерліктің арнайы түрін дамыту; екінші жағынан ұлт денсаулығы мен өмір сапасы деңгейін сипаттайтын көрсеткіштерге қол жеткізу.

Осы орайда экологиялық таза тамақ өнімдерінің өндіру мен тұтыну бойынша сараптаулар мен талдауларды, ұтымды және маңызды факторларды, экономикалық тетіктерді қолдануға қатысты ұсыныстар мен пайымдауларды ғылыми негіздеудің маңызы арта түседі. Бұл ерекшеліктер зерттеу тақырыбының өзектілігін айқындап, оның ғылыми – тәжірибелік құндылығын көрсетеді.

Мәселенің зерттелу дәрежесі. Табиғатты пайдалану экономикасы, экологиялық таза тамақ өндірісі, экологиялық таза технология, сапа және бәсекеге қабілеттілік мәселелерін зерттеуге көптеген отандық және шетелдік ғалым – ізденушілер үлес қосты. Олардың қатарында: В. Игнатов, А. Кокин, Л.Батурин, Н. Бурецева, В. Данилов-Данилян, В. Протасов, С. Тяглова,
А. Молчанов, Э. Арустамов, И. Левакова, Н. Баркалов Н.А. Киприянов,
Р.Қ. Ниязбекова, М.С. Тонкопий, Е.М. Үпішев, С. Мұқаұлы. Нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылық өндірісті экологизациялау, экологиялық таза ауыл шаруашылығы өндірісімен байланысты экологиялық-экономикалық мәселелер, сапалы тамақ өнім өндірісі мен бәсекеге қабілеттілік С.А. Бабаева, С.К. Диярова, Е. Исабеков, Е. Әмірбекұлының еңбектерінде қарастырылған.

Тамақ өнеркәсібі мен халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету, сапа және бәсекегеқабілеттілік туралы ғылыми еңбектер тамақ өндірісі өнеркәсібінің дамуына үлес қосты. Дегенмен экологиялық таза тамақ өнімдерін өндіру мен тұтынудың әлеуметтік-экологиялық-экономикалық қырлары толық зерттелінбеген: экологиялық таза өнімдерге шекті бағаны есептеу әдістемесі және өндірушіге қосымша пайда алуға мүмкіндік беретін бағалау әдістемесі қарастырылмаған. Сондықтан аталған мәселелерді теориялық және әдістемелік тұрғыдан зерттеу қажеттілігі ғылыми жұмыстың мақсаты мен міндеттерін анықтауға негіз болды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Ғылыми жұмыстың мақсаты – экологиялық таза тамақ өндірісінің тиімділігі мен бағалау жолдарының теориялық әдістемелік тәсілдерін зерттеу және экологиялық таза тамақ өндірісін дамыту туралы ұсыныстар енгізу. Осы мақсатқа сәйкес, зерттеу міндеттеріне келесілер жатады:

экологиялық таза өндіріс пен экологиялық таза өнімді өндіру ерекшеліктерінің ғылыми-теориялық негіздерін жүйелеу;
экологиялық таза өнім өндірудің экономикалық тиімділігін анықтауға мүмкіндік беретін баға шектерін анықтау;
экологиялық таза тамақ өнімі өндірісін дамыту стратегиялық бағыттарын анықтап, тұжырымдамасын жасау;
экологиялық таза өнім өндірісінің әлеуметтік-экологиялық-экономикалық тиімділігін анықтау;
экологиялық таза тамақ өнімі өндірісін басқарудың экономикалық механизмін ұсыну

Зерттеу тақырыбы – Қазақстанда нарықтық экономика жағдайындағы экологиялық таза тамақ өнімі өндірісімен байланысты ұйымдастыру –экономикалық-экологиялық мәселелер жиынтығы.

Зерттеу нысаны ретінде Қазақстан Республикасындағы табиғи шырын өндіруші мен жеміс-көкөніс өңдеуші кәсіпорындар, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы АҚ «ЭкоПродуктГруп» алынды.

Ғылыми жұмыстың теориялық және әдістемелік негіздерін табиғат пайдалану экономикасы, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық таза тамақ өнімі өндірісін ұйымдастыру мен басқару жөніндегі отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері құрайды. Мәселені зерттеу барысында жүйелік, логикалық, статистика – экономикалық, салыстырмалы талдау, топтастыру, сараптама әдістері қолданылды.

Зерттеудің нормативтік-құқықтық базасын Қазақстан Республикасында қабылданған табиғат қорғау заңдары, заңдық-нормативтік, құқықтық актілер жинағы, бюллетеньдер, ҚР Президенті мен Үкіметінің Жаршысы, «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы туралы», «Тұрғындардың санитарлы-эпидемологиялық игілігі құқықтарын қорғау туралы», «Экологиялық кодекс», «Стандарттау мен сертификаттау туралы», «Тауардың пайда болу орнының атауы мен қызмет көрсету белгілері, тауарлық белгілері туралы», «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңдары, мемлекеттік бағдарламалар мен халықаралық келісім құжаттары, Президенттің «Қазақстан – 2050» Қазақстан халқына жолдауы және «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру стратегиясы», «Қазақстан Республикасының 2007–2024 жылдарға арналған тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасы» құрайды.

Зерттеу жұмысының ақпараттық базасын Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі комитетінің статистикалық жинақтарының мәліметтері, «ЭкоПродуктГруп» акционерлік қоғамының материалдары, тұтынушылардан сауалнамалық сұрау нәтижесінде алынған ақпараттар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен семинарлардың материалдары, ғылыми журналдар мен мерзімдік басылымдарда жарияланған мәліметтер құрады.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Нарық жағдайында тамақ өнеркәсібінің ғылыми-теориялық әдістемелік тәсілдерін зерттеп, экологиялық таза тамақ өндірісінің әлеуметтік-экологиялық-экономикалық тиімділігін анықтап, дамыту жолдарын ұсыну.

Зерттеудің ғылыми-тәжірибелік маңызы. Ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері мен ұсыныстары, әдістемелік нұсқаулары келесі бағыттарда қолданылуы мүмкін:

тұрақты даму бағдарламасын іске асыру бағыттарында;
экологиялық таза өнім өндірумен айналысатын кәсіпорындардың іс-әрекеттерінде;
табиғатты пайдалану экономикасы, экология пәндері бойынша дәрістік және тәжірибелік оқу үрдісін дайындауда.

Ғылыми  жұмыстың құрылымы мен көлемі. Ғылыми жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...