Жалпы харам жайлы
Хара́м (араб.: حرام, /ḥarām/ — тиым салынған) — Ислам дініндегі тиым салынған заттар мен әрекеттер.
Күнә болып есептелетін іс-әрекеттер. Кез келген іс-әрекет өз сипатына қарай үш түрге бөлінеді: а) батил — мүлдем тыйым салынған (бұған шариат заңдарын, діни жораларды сақтамау, міндеттемелік келісімшарттарды, сауда-саттық талаптарын бұзу, күш көрсету, озбырлық жасау, нахақ қан төгу, зинақорлық, діннен безу жатады); б) фасид — яғни ішінара арамдық араласқан, бірақ түзетуге болатын іс-әрекеттер; в) сахих —арамдық жоқ, бірақ моральдық тұрғыдан қолдап-қуаттауға жатпайтын іс-әрекеттер (мыс., қылмыскерлерге қару-жарақ сату, т.б.).
Отбасы қарым-қатынастарындағы тыйым салынған байланыстар (мыс., қазақтарда жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алу — арам), емшектес жандарға, өгей қызға үйлену, т.б. іс-әрекеттер А. болып табылады.
Тыйым салынған тағамдар мен ішімдіктер (Дәрі-дәрмек есебінде пайдаланса, А. емес).
Адамды бұзатын ойын-сауықтар мен құмар ойындары.
Қажылық кезіндегі тыйым салынған іс-әрекеттер (мыс., қару-жарақ асыну, күнделікті киімін кию, құн алу, соғысу, ұрысу, т.б.). А. іс-әрекетке барушылар күнәһар болады.
Харам ас — шошқаның еті, майы, мас қылатын ішімдіктер, қан, жыртқыш аңдардың еті, Алланың атымен сойылған еттен басқасы.
Харам деп тағы да үлкен күнәларды да атайды: зина, риба, құмар ойнау, адам өлтіру, жала жабу т.б. және т.б.
Ислам шариғатында "харам" деп белгіленген болса, оны «Ашық харам» (харам лизатихи) деп атаймыз. Мысалы: арақ, шошқаның еті, ұрылық, арам малдың етін сату т.б. Жалпылама харам - адамға тән бес негізгі байланысты меншікті қорғау мақсатымен тиым салынған. Бұл бесеуі: - жан - ақыл-ес - дін - тұқым (ұрпақ) - мал-мүлік болып саналады.
Түпкі айырмашылығынан емес, қосымша себептерден харам болған нәрселер «қосымша харам» (харам лиғойриһи) деп аталады. Мысалы: кезкелген халал мүлік ұрланған жағдайда харам болып есептеледі. Жұма намазында жұма намазын оқуға міндетті еркектердің сауда-саттық қылуы қосымша харамға жатады. (Жума сүресі 62, 9-аят) Бұл жердегі тиым адамды ең маңызды жамағаттық намаздан құр қалдыру зиянына байланысты қосымша себептерге байланысты харам.
Харамды жасамаса көп сауапқа ие болуы мүмкін. Харамнан сақтану адамды тақуалық мәртебеге жеткізеді. Харам жасалса, ауыр күнәға батып, жүректер қарайып, иман әлсірейді, адамның көңілі кірлеп, ибадаттардан ешқандай рахат ала алмайды. Қиямет күніне барғанда да ауыр азап тартады.
Ал енді Шариғатта айқын дәлелдермен анықталған бір харам нерсени «халал» деп есептесе, иманынан айрылады. Басқаша айтқанда, бір адам арақ ішсе ауыр күнәһар болады, егерде арақты «халал» десе, өмірінде ішімдік ішпесе де діннен шығады. Себебі бұл жерде Аллаһ Тағаланың көрсеткен һүкімін жоққа шығару мәселесі жатыр. Аллаһ Тағала Өзі сақтасын, бұл - «ол білмейді, мен білем» дегендей іс. Сондықтан харамды «халал» деген куфр (кәпірлік іс) болып саналады.
Мәлімет : http://kk.wikipedia.org/