Хан көтеру, хан сайлау — хандықты басқаратын адамды хан сайлау рәсімі. Түркі-моңғол халықтарындағы ұлысты билеушіні таққа отырғызу, яғни хан көтеру ерте орта ғасырдан бастау алады. Хан көтеру рәсімі Плано Карпини, Рашид әд-Дин, Жуайни, И.Шильтбергер, т.б ортағасырлық авторлардың еңбектерінде жан-жақты баяндалған. Көне моңғол мемлекетінде хан көтеру құрылтайда атқарылғанымен, таққа кімнің отыратындығын ханзадалар алдын-ала шешіп алған. Құрылтайды басқарып отырған рудың ең жасы үлкені немесе мемлекетте уақытша билік жүргізіп отырған ханзада шақырылды. Оның уақыты алдын-ала жаушылар арқылы ұлыстарға хабарланды. Айтылған мерзімде, көрсетілген жерге елдің түкпір-түкпірлерінен ханзадалар, жақын туыстар, нойандар мен әмірлер, мемлекетке тәуелді патшалар мен билеушілер өз қызметшілерімен келіп орналасады. Бірнеше аптаға созылған құрылтайда хан көтеру рәсімі арнайы шатырда атқарылды. Жұлдызшылар белгілеген қолайлы күні құрылтайға қатысушылар хан көтеру рәсімін жүргізген. Қатысушылар дәстүр бойынша бас киімдерін, белбеуін шешкен. Белбеулерін иықтарына салып тұрған. Хан әулетінің ең үлкен екі мүшесі үміткерді қолынан ұстап таққа отырғызған. Одан кейін жаңадан сайланған ханға ханзадалар ант берген. Ол біткеннен кейін ақ киізге отырғызылған. Шильтбергер Жошы ұлысындағы Хан көтеруді былай деп баяндайды: “Ақ киізге отырғызады да, үш рет көтереді. Содан кейін оны шатырды айналдыра алып жүреді де, қолына алтын қылыш береді, осыдан кейін ол дәстүр бойынша ант беруі тиіс”. Рашид әд-Диннің айтуы бойынша қатысушылардың барлығы тоғыз рет (Жуайни жазбасында үш рет) тізелерін бүгіп жаңа ханның есімін атаған. Бұдан кейін олар ханға ант беріп, шатырдан шығарда күнге қарап үш рет тағзым еткен. Хан көтеру аяқталғаннан кейін бірнеше күн той болған. Хан көтеру дәстүрі қазақ халқында 20 ғасырдың бас кезіне дейін сақталған. А.И. Левшин қазақтардағы хан көтеруді өз еңбегінде былай дейді: “Таққа үміткер сұлтандар мен ақсүйектердің көпшілігінің келісімін алған соң, хандықтағы ең беделді сұлтандар мен билер оны жұқа ақ киізге отырғызған, киіз шетінен ұстап үш рет көтеріп, бірнеше рет “Хан! Хан! Хан!” деп айқайлаған”. Ақ киіз дала шөбіне тиер-тиместе көпшілік оны аспанға қайта-қайта көтеріп түсірген. Содан кейін жиналған жұртшылық хан отырған тақ есебіндегі киізді “хан талапай” жасап осы тарихи оқиғаға қатысуының куәсі әрі тәбәрік ретінде бөліп-бөліп алған. Кейін той басталып, ол бірнеше күнге жалғасқан. Хан көтеруге келген көпшілік мұнда бірнеше күн тыныққан, сондай-ақ беделді қайраткерлер мемлекеттiк маңызды істерді ақылдасқан. Жаңа ханға ел ішіндегі жайттарды мәлімдеген. Қазақ сахарасы Ресейге өткеннен кейін патша үкіметі хан көтеруді тоқтатып, хандық жүйені жойды. Бұл дәстүрлі қазақ қоғамындағы билік жүйесіне нұқсан келтірді, отарлық езгіні күшейтіп, ұлт-азаттық көтерілістердің тууына себепші болды. Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы.