0 дауыс
12.9k көрілді
Тұрмыс салт жырларында ұлттық салт-дәстүрдің көрініс табуы шығарма жазу?

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Кез келген халықтың өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы болады. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрге байланысты туған шығармалар тұрмыс-салт жырлары деп аталған. Тұрмыс-салт жырлары мазмұны жағынан бірнеше түрге бөлінген. Олардың негізгілері:

1. Төрт түлік малға, еңбекке, аңшылық кәсіпке байланысты туған шығармалар. Наурыз жыры.

2. Баланың дүниеге келуіне, есейіп ержетуіне байланысты туған шығармалар.

3. Үйлену салтына байланысты туған өлең-жырлар.

4. Көңіл күйді білдіретін өлең-жырлар.

5. Бата-тілектер.

Тұрмыс-салт жырларының ең бай және кең тараған түрі – төрт түлік малға байланысты туған өлең-жырлар. Төрт түлік туралы өлең-жырлар ерте заманнан бері халықпен бірге жасасып келеді. Ерте кезде адамдарда әр түліктің иесі бар деген түсінік болған, оларға ат қойған, әрқайсысының жаратушы иесі бар деп түсініп, оларға жалбарынған. Мысалы; Қой атасы – Шопаната, Сиыр атасы – Зеңгібаба, Жылқы атасы – Қамбарата, Түйе атасы – Ойсылқара, Ешкі атасы – Шекшеката. Шопанатадан «Тегене құйрық қошқар бер, малды берсең, қойды бер», Қамбаратадан «Айғыр берсең үйірі толған байталды, өңкей мама бие бер», Зеңгібабадан «Сиыр берсең, өңкей сүттісін бер», Ойсылқарадан «Маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан, жүнді, сүтті, күшті түйе бер», – деп жалбарынады. Тұрмыс-тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысты болған қазақ халқы әр түліктің ерекшелігін де тани білген және оған байланысты көптеген өлеңдер туғызған. Соның бірі – «Малдың баласын сүюі» өлеңі.

Қой сүйеді баласын «қоңырым» деп,

«Ештеңені білмеген момыным» деп.

Сиыр сүйеді баласын «торпағым» деп,

«Қараңғыда баспаған қорқағым» деп.

Түйе сүйеді баласын «боташым» деп,

«Жаудыраған көзіңнен тоташым» деп.

Ешкі сүйеді баласын «лағым» деп,

«Тастан-тасқа секірген шұнағым» деп.

Жылқы сүйеді баласын «құлыным» деп,

«Тұлпар болар жүгірген жұрыным» деп.

Халық ауыз әдебиетінде аңшы-мергендермен қатар алғыр қыран құстар мен жүйрік тазылар да өлеңге қосылған. Өлеңдерде олардың адам баласына пайдасы, көмегі, атқарған қызметі баяндалған. Халық арасына кең тараған әннің бірі – «Көкжендет».

Көкжендет, тұғырың алтын, жібек баулы,

Бар ма екен Көкжендеттей қыран шәулі?!

Күніне отыз үйрек, қырық қаз іліп

Кеш болса отырушы ең тояттаулы, –

деген жолдарда Көкжендеттің алғырлығы, тигізген пайдасы туралы айтылған.

Ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жырларының бір түрі – Наурыз жыры. Қыстың ызғары кетіп, елдің ауыр еңбектен қолы босап, аққа аузы тиеді. Оны кәрі-жастың«құшақтасып көріскен, жаңа ағытқан қозыдай жамырасып өріскен Ұлыстың ұлы күні» дейді. Наурыз күні

Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алса,

Сонда олжалы жол болар..

Төрт түлік ақты болсын,

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын,

Қайда барсаң жол болсын!

Бәле-жала жерге енсін!..–

деген өлең жолдарымен үлкен-кіші, кәрі-жас бір-біріне игі тілек тілеген.

Тұрмыс-салт жырларының бір түрі – сәбидің дүниеге келуіне байланысты туған өлең-жырларға шілдехана жыры, бесік жыры, тұсаукесер жыры, атқамінер жыры жатады.

Шілдехана – жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық, той.Шілдеханаға жиналған көпшілік домбыра тартып, ән салып, айтысып, таң атқанша көңіл көтереді. Ән-жырмен жас анаға, өмірге келген сәбиге жақсы тілек тілейді.

Бесік жыры – ананың балаға деген ыстық мейірімі мен аналық махаббатын көрсететінтұрмыс-салт жырының бір түрі. Ана сәбиінің бесігін тербетіп отырып:

Әлди, бөпем, әлди-ай!

Айналайын, шырағым,

Көлге біткен құрағым,

Жағамдағы құндызым,

Аспандағы жұлдызым,

Әлди, бөпем, әлди-ай.!

Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Жаудан жылқы айырып,

Жігіт болар ма екенсің?–

деп, баласына деген аналық сезімін, одан күтер үмітін, артар сенімін өлең арқылы білдіреді.

Бала қаз тұрып жүре бастағанда, аяғын ала жіппен күрмеп, тұсауын кесу салтында айтылатын өлең-жыр – тұсаукесер жыры. Тұсау кесуші адам:

Қаз-қаз, балам, қаз, балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін.

Қаз-қаз, балам, жүре ғой,

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Құтты болсын қадамың

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер, –

деп өлеңдете отырып, баланың өмірге аттаған қадамына сәттілік тілейді.

Бала төрт-бес жасқа толғанда өзіне арнаған тай немесе құнанына мінгізіп, қуаныш қылған тойында тілек, бата түрінде айтылатын жыр – атқамінер жыры. Тойға жиналғандар:

Ақ тілек, ақ тілек,

Атқа тоқым сал, тілек.

Жасыңнан малды баға біл,

Атқа жақсы шаба біл.

Өнеге, өнер таба біл,

Аймағыңа жаға біл.

Мінеки, атқа міндің – ашылды жол, –

деп, балаға үлкен жауапкершілік артып, сана-сезімінің оянуына, тез есеюіне әсер еткен.

Тұрмыс-салт жырларының келесі түрі – үйлену салтына байланысты туған өлең-жырларғажар-жар, тойбастар, беташар, сыңсу, т. б. жатады.

Ұзатылатын қыздың тойында айтылатын тұрмыс-салт өлеңінің бірі – тойбастар.Тойбастар өлеңінде:

Құнан қойын шайлатып сойдырған үй,

Табақ-табақ ет тартып, тойдырған үй,

Сәтті күні сәрсенбі той қылыпсыз,

Құтты болсын тойыңыз, той қылған үй! –

деп той бастаушы той иесіне игі тілек білдіре өлеңмен той бастайды. Тойбастар өлеңінде той иесіне жақсы тілек, ұзатылған қызының тойына «құтты болсын» айтылады.

Ұзатылатын қыздың тойында айтылатын тұрмыс-салт өлеңінің тағы бір түрі – жар-жар. Жар-жарды қыздар жағы, жігіттер жағы немесе қыз алушы мен қыз ұзатушы құдалар жағы болып екіге бөлініп айтысады.

Жігіттер немесе қыз алушы жақ:

Алып келген базардан қара насар, жар-жар-ау,

Қара мақпал сәукеле бетің басар, жар-жар-ау,

Мұнда әкем қалды деп, қам жемеңіз, жар-жар-ау,

Жақсы болса, қайын атаң орнын басар, жар-жар-ау,–

десе, қыздар немесе қыз ұзатушы жақ:

Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар-ау,

Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, жар-жар-ау.

Қайын атасы бар дейді осы қазақ, жар-жар-ау,

Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар-ау, –

деп жауап береді.

Жар-жар осылайша екі жақтың ата-ана, аға-жеңге, апа-қарындас, аға-іні, т. б. туыстарын салыстыру арқылы бауырмалдықты, қайырымдылықты, мейірімділікті сипаттау үлгісімен жалғаса береді.

Жаңа түскен келінді жаңа жұртымен таныстыру мақсатында айтылатын тұрмыс-салтжырының бір түрі – беташар.

Келін, келін келіп тұр,

Иіліп сәлем беріп тұр, –

деп, жаңа түскен келінге ауылдың үлкендерін таныстырады.

Беташардың екінші бөлімі «Айт келін» деп басталып, жаңа түскен келінге тәрбие берумақсаты көзделеді. Онда отбасы мүшелерін сыйлау, құрметтеу, еңбекке бейімділік, үй шаруасына икемділік, т. б. тәлім-тәрбие, өнеге айтылады.

Ұзатылатын қыздың ағайын-туыс, ел-жұрт, әке-шешесімен қоштасып айтатын өте ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жырының бір түрі – сыңсу. Ұзатылып бара жатқан қыз:

Ата-анам еді – дәулетім,

Мен жұртыма жау ма едім.

Жатжұрттық болып кеткен соң,

Кетер-ау бастан сәулетім, –

деп, ел-жұрт, ағайын-туыс, құрбы-құрдасқа көңіл шерін толғайды.

Тұрмыс-салт жырларының бір түрі – көңіл күйді білдіретін өлең-жырлар қоштасу, естірту, жоқтау болып үшке бөлінеді.

Көңіл күйді білдіретін өлең-жырлардың бірі – қоштасу. Қоштасу жақын адамынан айырылғанда айтылатын көңіл күй жыры болып табылады. Қоштасу өлеңдерісонымен бірге кір жуып, кіндік кескен атамекенмен, туған жермен қоштасу түрінде де айтылған. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында Ай мен Таңсық туған жерімен:

Балталы, Бағаналы ел аман бол,

Бақалы, балдырғанды көл аман бол.

Теруші ем еріккенде ермек етіп,

Екпе жиде, алма ағаш, гүл аман бол, –

деген өлең арқылы қоштасқан. Қоштасу өлеңдерінде туған жерге, ғашық жарына, ата-анасына, туған-туысқанына деген қимастық сезім білдірілген.

Қазақ халқының ертеден келе жатқан көңіл күй өлеңінің бірі – естірту және көңіл айту. Естірту бір адамның немесе бүкіл елдің басына түскен ауыр халді, қайғылы қазаныөлеңмен, тұспал сөзбен не күймен жайлап естірткен. Мысалы:

Ақсұңқар ұшты ұядан,

Қол жетпейтін қиядан, –

деп, қазаны естіртуші адам айтайын деген ойын жұмбақтап, ишаратпен, тұспалмен бастап, әр түрлі салыстырулар арқылы тыңдаушыларды алдын ала даярлаған. Сондай-ақ,

Қанаты бүтін сұңқар жоқ,

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ

не болмаса «Жетпесті қума, келмеске жылама» деген сөздермен басу, жұбату айтқан. Мұндай өлең түрлері естірту деп аталған. Естірту өлең-жырмен де, қарасөзбен де, күймен де жеткізілген. Естіртудің қарасөз түріне «Жиренше шешенге Қарашаш сұлудың өлгенін естірту», «Шыңғыс төреге Шоқан өлімін естіру», «Қанжығалы қарт Бөгенбай өлімін естірту», т.б. жатады. Ауыз әдебиетінде естірту күй түрінде де кездеседі. Мысалы, Жошы ханның жалғыз ұлының өлімін күймен естірткен.

Көңіл күйге байланысты туған өлең-жырдың көне түрі – жоқтау біреудің жақын адамы, ел қамқоры болған батыр қайтыс болғанда айтылған. Халық үшін жаулармен шайқасып, қол бастаған, ел қорғаған Қанжығалы Бөгенбай батыр өлгенде Үмбетей ақын:

Уа, Алатаудай Ақшадан

Асып тудың, Бөгенбай,

Болмашыдай анадан

Болат тудың, Бөгенбай, –

деп жоқтаған.

Көңіл күйді білдіретін өлеңдерді ғалым, әдебиетші М.О. Әуезов «мұң-шер өлеңдері»деп те атаған.

Тұрмыс-салт жырларының бірі – бата-тілек. Бата – қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани қазынасы. Халық «Жаңбырмен жер көгереді, Батамен ер көгереді» деп бата сөздерге аса үлкен мән берген. Этнограф-фольклорист В.В. Васильев «Бата – қазақ поэзиясының ерекше түрі» деп аса жоғары бағалаған. Батаның көптеген түрлері бар.

1. Жол батасы.

Жолыңды Алла қолдасын,

Сапарыңды оңдасын.

Пырақ болып мінгенің

Жорытқанда жаныңда

Қызыр болсын жолдасың...

2. Дастарқан батасы:

Заман тыныш болсын,

Дастарқанға ырыс толсын.

Орындарың төр болсын,

Нәсіптерің мол болсын!

3. Тұсаукесер батасы:

Тұсауыңды кесейін,

Салып ата салтына

Жалтақтамай аяқ бас.

4. Шілдехана батасы:

Құтты болсын бесігің,

Аштың өмір есігін.

Батамды оңдап берейін,

Азамат бол мерейлі!

5. Көш батасы:

Көшің көлікті болсын,

Көлігің сенікті болсын!

Көшбасшың білікті болсын,

Сапарың сенікті болсын!

Конспект сұрақтар

 Төмендегі ауыз әдебиетінің үлгісі түліктің қай түріне арналғанын табыңыз.   Шібегелер шігесі, Қатпа келер шекесі, Сойса, саны қалақтай, Сауса, сүті бұлақтай.  
«Айт, келін» деп басталатын жыр ауыз әдебиетінің қай түрі екенін белгілеңіз.
«Бата – қазақ поэзиясының ерекше түрі...» деген пікірді айтқан фольклорист-ғалымды көрсетіңіз.
«Жетпесті қума, келмеске жылама»,   «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ»   деген сөздер ауыз әдебиетінің қай түрі екенін көрсетіңіз.
Аңшылық кәсібіне байланысты туған өлең-жырды көрсетіңіз.
Берілген үзінді ауыз әдебиетінің қай түріне жататынын көрсетіңіз.   ...Ақсұңқар ұшты ұядан,   Қол жетпейтін қиядан...
Берілген өлең жолдары тұрмыс-салт жырының қай түріне жататынын көрсетіңіз.   Жағамдағы құндызым,   Аспандағы жұлдызым.   Әлди, бөпем, әлди-ай!
Бос орынға мақал-мәтелге қажет сөздерді көрсетіңіз. «________жер көгерер, ________ер көгерер».
Бос орынға қажет сөзді көрсетіңіз.   Төрт түлік ақты болсын,   __________оң болсын!
Бос орынға қажетті сөздерді көрсетіңіз.   Түйе сүйеді баласын «___________» деп,   Жаудыраған көзіңнен «__________» деп.
Жігіт жағы, қыз жағы болып бөлініп айтaтын ауыз әдебиетінің түрін көрсетіңіз.
Жар-жар қандай жағдайда айтылады және кім айтатынын белгілеңіз
Жошы ханның баласының өлімін кім, не арқылы естірткенін көрсетіңіз.
Көңіл күйді білдіретін өлеңдерді «мұң-шер өлеңдері» деп атаған ғалымды көрсетіңіз.
Сәбидің дүниеге келуіне байланысты туған өлең-жыр түрін көрсетіңіз.
Туған жермен қоштасу өлеңі қай лиро-эпостық жырда кездесетінін көрсетіңіз.
Төрт түліктің бірі түйе атасы қалай аталатынын табыңыз.
Халық ауыз әдебиетіне жатпайтын қатарды көрсетіңіз.
Үзінді ауыз әдебиетінің қай түрі екенін көрсетіңіз.   Көшің көлікті болсын,   Көлігің сенікті болсын!
Үзінді ауыз әдебиетінің қай түріне жататынын белгілеңіз.   Уа, Алатаудай Ақшадан   Асып тудың Бөгенбай...
Үзінді ауыз әдебиетінің қай түріне жататынын көрсетіңіз.   Сәрсенбі сәтті күні той қылыпсыз,   Тойыңыз тойға ұлассын берекелі.
Үзінді ауыз әдебиетінің қай түріне жататынын көрсетіңіз.   ...Қаз-қаз, балам, қаз балам,   Тақымыңды жаз, балам   Қадамыңа қарайық,   Басқаныңды санайық...
Үзінді батаның қай түріне жататынын белгілеңіз.   Жолыңды Алла қолдасын,   Сапарыңды оңдасын.   Пырақ болып мінгенің   Қызыр болсын жолдасың...
Үйлену салтына байланысты туған өлең түрін белгілеңіз.
Ұзатылатын қыздың ағайын-туыс, ел-жұрт, әке-шешесімен қоштасып айтатын жыры қалай аталатынын көрсетіңіз.
...