Өмірлік шынайы дос - әрдайым сіздің жаныңызда табылатын, қандай жағдай болмасын қол ұшын беруден аянбайтын, өмірдің суығы мен аптап ыстығында қасыңыздан табылатын, жаныңызды түсініп қайғы мен мұңды, бақыт пен шаттықты теңдей бөлісетін, сіз жеткен табысқа өзі жеткендей қуанатын, жаныңызды өзіңіздей түсінетін, сырыңызды бөлісіп, жүрегіңізге ізгілікті тұрақты ететін адамдар қауымы. Тіршілігі қайнаған,дүбірге толы бұл ғаламда шын дос таба алмайтын адамдар саны кем де кем шығар. Халық даналығында "Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын" деп бекер айтылмаған. Алайда,қазіргі өмір жағдайында достың санына емес,оның адамгершілігіне қараймыз. Біздің қоғамдағы болып жатқан барлық оқиғалар БУМЕРАНГ секілді орын алып жатады. "Жақсылыққа жақсылық" деген сөз бар емес пе? Егер сіз біреуге шын, адал дос бола алсаңыз, міндетті түрде сізге де өзіңіз секілді шынайы, достыққа адал серік те табылады. Меніңше, адам баласы мына жалғанда өзіне, өзгелерге де жақсылық жасаудан ешқашан шаршамауы керек. Себебі, Қасиетті Құран Кәрімде "Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық жасаса соның қарымын алады" делінген. Қамшының сабындай мына қысқа өмірде тек жақсылық жасап өткенге не жетсін?! Ренішке мүлдем орын да болмауы керек деп есептеймін. Бірақ біздің бар қылығымызды, мінезімізді біле тұра бізге деген достығы адал болған жандарға қалай ренжи аламыз? Жоқ,ондайға жол бермеуіміз керек. Достың ешқашан сенімінен шықпауымыз қажет, оның адалдығын сақтап, достық жібін нығайта түсу керек. Себебі, дос деген сіздің өмірлік тірегіңіз, достық - баға жетпес, теңеу табылмас өмірлік құндылығыңыз. Дос жылатып,дұшпан күлдіріп айтады. Менің осындай өмірде ұмытылмас досым бар,тіпті бауыр да болып кеттік. Есімі Бақыт. Менің жүргем ортамда Бақыт жайлы айтпаған кезім тым сирек болған шығар. Себебі Ол жайлы айтсам сөзімді тауысып біте алмаймын. Бір мектепте 7 жыл оқып,бір сыныпта 2 жыл оқыдық. Ол ер бала,ал мен қыз баламын. Бір сыныпта оқыған алғашқы жылда Бақытпен сөйлесуге ұялып,тек математикадан есеп сұрайтынмын. Біздің сынып жаратылыстануға бағытталғандықтан көпшілік оқушылар есеп жағынан жүйрік болатын. Уақыт өтіп 11 сыныпқа өткенімізде ұялы телефон номерімізді сұрап дос бола бастадық. Үй телефонымызға ұл сыныптастарым қоңырау шалуға қысылатын.Сонда Бақыт "Фариза,біздің үй телефонды мазалап жіберші" деп смс жазатын.Мектеп кезі өте қызықты естен кетпес кезең болды.ҰБТ деген үлкен сынақ бәріміз үшін қорқыныш әрі уайым болатын.Сынақтардан 4 алып қалсам Бақыт "уайымдама, Алтыныңды аласың,сен тек 5 алуға лайықтысың" деп қолдау көрсететін.Білмеген сауалдарыма дұрыс жауапты іздеуге асығатын. Ешқашан қол ұшын беруден аянбайтын. Мектепті аяқтап еліміздің жан-жағына арман арқалап, білім алу мақсатында сапарға шықтық. Бақытпен бағытымыз бір қалаға түсті. Міне,4 жыл уақыт та өтіп студенттік өміріміз соңына таяп қалды. Біз әлі де доспыз. Кейде құрбыларым "Осы сендер доссыңдар ма,әлде..." деп қояды. Біз шынайы доспыз. Достық ғұмырымызда бір-бірімізге барлық жағдайда да көмек беруден қалған жоқпыз. Тіл-көз тасқа. 4 жыл бойы мені теміржол вокзалынан күтіп алудан яки шығарып салудан шаршаған емес,телефонда осы күнге билет алдым,сол баяғы дәстүрмен десем, поездың келетін уақытын, вагонын мен айтпай-ақ сұрап күтіп алуға дайын тұрады. Менің қиналған сәтімде әрдайым демеушім болды, бақытты сәтімде дәл мендей қуанып қолдау көрсете білді. Қателігім болса ақырын ғана түсіндіретін. Бір-бірімізге психолог та болдық))) Бақыттың асқақ армандары мықты.Техникалық мамандықты аяқтағалы жатса да, әдебиеттен, өнерден қол үзген емес. Өзі өлең жазып, оны ән етіп шырқайды. Маған ұсыныс тастап, бірге дуэт жаздыртқан да едік. Ол біз үшін әлі күнге дейін ХИТ әуен болып қалды. Жүрген ортасында халықпен тез араласып, ортақ әңгімелері жарасып та кетеді. Бақытқа кейде әзілмен айтып қоямын "Менің шаңырақ көтеру тойымда менің болашақ өмір жолдасыма күйеу жолдас боласың " деп,сонда Бақыт "Онда қыз жолдас Әлия (бұл оның болашақ жары,бұйыртса)" деп қояды. Мен жай ғана жымиып қоямын. Мен Бақыт досыма тек жақсылық тілеймін.Оның атына заты сай болып, бүкіл адамзат қауымына бақыт сыйлайтын, елімізге еңбегі сіңген азамат болуын тілеп қаламын.