Біздің келесі президентті Путин таңдай ма?
Жағдайымыз мәз емес. Мойындайық. Жаралы аю орнынан тұрды. Бір-ақ қарпып Украинаның қоңды жерін жұлып алды. Тоя қоймас. Араны енді ашылады. Енді ол жемтігім дегеннің бәрін жұлмалайды. Өлсе, алысып қансырап өлмек. Өлмесе... е-е, онда әлемдік бөліс қайта жасалады. Бүкіл әлем орысқа қарсы деген ертегіні айтпай тұра тұрайық. Әлемдік саясаттан ойып тұрып орын алатын Қытай мен Иран оны қолдап отыр. Бәрі бірігіп әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған еврейлердің супердержавасы АҚШ-қа қарсы тұрмақшы. Әлемге «әділ бөліс» жасамақшы. Бірақ бұлар АҚШ пен жау екен ғой, бізге қастығы болмас деп емексіп қалмаңыз. Олар сол біз үшін тартысып жатыр. Бізге таласуда. Әрқайсысы менікі дейді. Ех, дүниенің кеңдігінен пайда болмай тұр ғой.
Ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген жерді одан әрі көздің қарашығындай сақтап, егемен ел болып тұра аламыз ба? Ертең Ресей бізге бөтен ниетпен келе қалса қарсы қояр неміз бар? Рас, бізде қару жоқ. Мылтықтың өзін орыстан сатып аламыз. Халқымыздың санына сай әскеріміз Ресей армиясынан ондаған есе аз. Күні бүгінге дейін тыныштығымызды мұнаймен сатып алып отырған елміз. Ғылым-біліммен де өзгеден озып кетуіміз екі талай. Сонда не қалды? Кімге және неге сенеміз деп тығырыққа тірелеміз.
Өйтейік те, бүйтейік, билікті төңкеріп тастап, орыстарға қарсы шығайық, қытайды жолатпайық, АҚШ-тың алқымынан алайық деп өтірік алаөкпе болып қайтеміз. Ит те тамақтан өтпейтін сүйекті жұтпайды. Шамамызға қарап шалқиық та.
Рас, Ресей алып мемлекет. Қай жағынан алып қарасақ та бұл елмен бірден атқұйрығын кесісіп кете алмаймыз. Бірақ, Ресей қанша ашкөз болса да дәл бүгін бізге ашық басып кіре алмайды. Жалғыз Ресей емес, өзге елдер де. Тек басып кіретін жалғыз жолы бар – егер елімізде тұрақсыздық орнап, көршілеріміздің «әскери көмегі керек» болса ғана. Яғни, қазақтар бір бірімізбен жауығып, атысып-шабысып, көшеге шығып бүлік жасап жатсақ онда Ресей бір-ақ күнде басып ала салады.
Енді ең ауыр сөз. Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды. Елбасы Н.Назарбаевтың мұрагерлікке таңдаған адамдарын Путин қолдамай отыр деген әңгіме бос сөз емес. Н.Назарбаев елді сақтау үшін қалай болғанда да өз орнына бұрынғыдай көпвекторлы саясат жүргізетін адамды қалдырғысы келеді. Ал Путин ресейшіл адамды қалайды. Ал Ресейдің таңдауы кімге түсері әзір белгісіз. Бір сатқынның табылары анық. Ондай сатқын табылып, ол таққа отырса Янукович секілді елімізді орыстың табанына салып бере салады. Тағы қайталап айтамын, ондай адам таққа келетін жалғыз жол бар – ол бүлік арқылы билікті қолға алады. Сондықтан елінің ертеңінен үміті бар әр қазақ тыныштықты бірінші орынға қоюы керек. Ешбір бүлікке қатыспа, үйіңде отыр. Бүлікке өз мемлекетін, билігін жау санайтындар ғана шығады. Бұл Исламның да талабы. Бізге керегі бірлік. Жауға керегі бөлінгеніміз.
Бізге ойланатын, оянатын кез жетті ғой. Есі дұрыс адам орыстай аюдың, қытайдай айдаһардың ауызынан тек бірлігіміз болса ғана Аллахтың ғана қалауымен аман қалатынымызды білсе керек-тін. Жасыратын не бар – алпауыт елдердің Украинадан кейін көз тігіп отырғаны мемлекеті біздің еліміз болып табылады. Бұл туралы соңғы кезде ашық та айтыла бастады. Жириновский бастаған ұлтшылдардың ұрандатуы, Қарағандыдағы сүлдерін сүйреткен жаман орыстардың СССР-ді аңсап шеру өткізуі үлкен бүліктің басы болуы мүмкін. Айғайға сүрең қоссақ ұтыламыз.
Елбасы еліне сеніп отыр. Тыныштық бәрімізге қымбат. Тәуелсіздік асыл қазынамыз. Қазақ бірлікке дәл бүгінгідей мұқтаж болған емес. Егер жұдырықтай жұмылсақ бір қазақ он орысқа, жүз қытайға төтеп бере алары сөзсіз.
Ал өз ішіміздегі ең үлкен кемшілік, бүкіл әлеуметтік проблемалардың бастауы – сыбайлас-жемқорлыққа төңкеріспен тиым салынбайды. Ол үші елдің иманы күшеюі тиіс, иманды елден иманды шенеунік шығады. Сондықтан билік андай-мындай деп өз арамызға өзіміз сына қақпай ертеңнен үміт етейік.