Балпаң-балпаң басады,
Адамнан қатты сасады.
Саусақтары салалы,
Қыста жылыға қашады.
/Қаз/.
Айдаһар аузын ашса, арс етеді,
Гауһары жерге түссе, жарқ етеді.
/Найзағай/.
Жылт-жылт еткен,
Жырадан өткен.
/Су/.
Маң-маң басып келеді,
Тапырақтап желеді.
Мойны ұзын, үсті тау,
Ертеден елге бел еді.
/Түйе/.
Қара бием қалт етті,
Қабырғасы жалт етті.
/Шалғы/
Беті үлкен тым-ақ өзге денесінен,
Бұлаңдап түсіп шығар кемесінен,
Ішіне қарын-қарын суды құйып,
Шығады сүңгіп-сүңгіп денесімен.
/Ожау/.
Бас аяғы теп-тегіс боп біткен,
Селкілдесе денесі дір-дір еткен.
Өзіне қандай жуан кез келсе де,
Күшімен қақ айырып бөліп кеткен.
/Темір ара/.
Былқ-былқ ,былқ семіз,
Қабырғасы жоқ семіз.
/Қамыр/.
Сулы жерді мекендеп,
Құрлықта да секеңдеп,
Шыбын-шіркей аңдиды,
Жемге қашан жетем деп.
/Бақа/
Топтанып келе жатыр қара қабан,
Ойлаған жерлеріне тынбай барған.
Аузынан қара көбік бұрқ-бұрқ шығып,
Болдырып шаршамайтын сондай айуан.
/Паровоз/.
Елу тентек тып-тыныш,
Бір сарайда жатады.
Тысқа шықса біреуі,
Жарқ етіп от шашады.
/Сіріңке/.