Автор: Мақсұт Неталиев
Су жылтырап бүрін ашқан жас талдан,
Бу бұрқырап қатып қалған тастардан.
Күн күркіреп, жасын ойнап аспаннан,
Бар тіршілік Наурыздан басталған!
Ел де тыныш!
Жер де тыныш – бұл күні,
Көреміз тек қуаныш пен күлкіні.
Табысқан жұрт таныс тауып жатады,
Жамалғандай жүректердің жыртығы!
Саф тыйылып Сарыарқаның бораны,
Күн өрлейді күмбезінен жоғары.
Наурыздың жиырма екісі толғанда,
Тоғысады тоғыз жолдың торабы...
Жылғалардан су аққанда сырғанап,
Шаң-тозаңнан тазарады нұрлы алап.
Толтырады шаңырақтың шаттығын –
Наурызбай, Ұлысжандар – іңгәлап?!
Жалғасады жақсылықтар – «Иә, сәт!»
Қарлығаштар үй сыртына ұя сап –
Жүрсе,Бақыт қонатынын хабарлап,
Бұлт көшеді ақ жаңбырын құя сап!
Жат боп бұрын бастары ешбір қосылмай,
Жүрген жандар таныс тапса – досындай.
Ол – осынау Наурыздың арқасы! –
«Ұлыс күннің» шапағаты осындай!
Шәкәрім Құдайбердіұлы
*
Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап.
Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап.
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап.
Бозбала шығар бұрқырап,
Ақбөкендей сырқырап.
Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан.
Кетік ыдыс, шөміштің,
Түтіні шығар бұрқырап.
Бейімбет Майлин
Наурыз
Біреуім екеу болды — мал қосылды,
Қораға бұзау, лақ, қозы толды.
Ызғарлы суық қыстың кәрі кеміп,
Аспаннан күн күлімдеп, шырай оңды.
Ұзамай қар да кетер, жаз да болар,
Сай-сала гүрілдесіп суға толар.
Бөленіп жер жібекке, мың құлпырып,
Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.
Жаз иісі бүгін келді, жан жайланды,
Кешегі көрген бейнет артта қалды.
Өмірге жаңа жолдар ашатұғын,
Жаңа жыл — бүгінгі күн, жаздың алды.
Мұзафар Әлімбаев
*
Сен ортақ дастарқансың бәрімізге,
Татырған сары уыздың нәрін бізге.
Наурыз, сен — көктемдегі үмітіміз,
Жарылқар берекеміз сары күзде.
Наурыз — ол емес әсте дырду-думан,
Киік емес қиқулап бір күн туған.
Ол — қыздың кісілікпен көшеленіп,
Рухани есеюі ұлдың туған.
Наурыз –— ол ұсақтықтан арылуың,
Халықтың бірлігінің мығымдығы.
Күдіктің безбеніне тартылмайтын,
Қазақи Ата дәстүр Ұлылығы.
Жанна Елеусіз
Наурыз туралы баллада
Жыл басында жүз құбылған жұрнақ бар,
желден жетер жеті түрлі ән жырлап тал,
Жар басында жалғыз ауыл. Жем бойы.
Жер қарайса — жыңғыл түбін жым қаптар.
Есімде әлі наурыз айы. Қырбақ қар.
Есіл жүрек, есте барды жырлап қал,
Ен даланың елігіндей ерке қыз,
Есеюде ел білмейтін жұмбақ бар.
Жиырма келмей желігіңе жел берер,
жеті жұрттың желісіндей жеңгелер,
Жетпіс жерден жеті түрлі дәм татып,
желпінісіп қалушы еді Жемдегі ел.
Жұмыр басты пенде біткен жаны — құс,
жан-дүниеңде жасалардай жарылыс,
жылымықта жылылық бар жыл бойғы,
Сары Күнде — сөз жетпейтін Сағыныш!
Жауқазындар жағаға өскен жау — Қызға,
Жаутаң көздер, жаңбырыңды жауғызба!
Жатырқауды білмейтұғын жұрт қой бұл –—
жауына да жая берер Наурызда!
Шырық бұзар шіркіні жоқ шет асып,
шағын елдің шалғайы кең, беті ашық,
шамасынша шәй қайнатып, шал сыйлап,
шақырысып жатушы еді «шеке асып».
Көше бойлап қытқылдақтар көң сүйген,
көні кепкен көрісетін көл шимен,
Күнұзаққа күндерім-ай үй көрмей,
көже тасып, көйлек киген көрші үйден.
Жарағаның қуаныш-ау сепке бір,
кеше жүрген көшеде көп «жетпегір»,
Көктем исін ала келер құшақтап,
күн ертемен қой кезекке кеткен ұл…
Бүгін думан, ертесіне бәрі — аңыз.
Қыз кеткен той, келін түскен — барамыз,
Қақпа алдына қырық шығып күтетін
Қара жерге еніп кетті қара қыз,
Ақшам түсе алдына сап жаймасын,
Ақсақалдар намаз оқыр жайғасып…
Апам айта беретұғын, апырмай,
Аңғал, аңқау балалығым, қайдасың?
Жерден бетер
жібиді кеп шал қыршаң,
тау кеседен, біреу… екеу алдырсаң!
Сол көжедей жарар еді-ау артыма,
Дәмі кетпес бір-ақ Өлең қалдырсам!..
Күләш Ахметова
Шақыру
Наурызгүлдер, алыңдар жаңа тыныс,
Наурызкөк құс оралды қанаты ырыс.
Нәзік еді не деген, жарықтық-ай,
жан мейірімін оятқан жаратылыс.
Ериді екен көкпеңбек тастар тәні,
Еркебұлан көктем ән бастар тағы…
Бірнеше елдің жеріне жетер еді —
Қосып жайса, қазақтың дастарқаны!
Аңсаттырған асыл күй, лағыл шақтар,
Ата жолын ақылды қауым сақтар…
Балалардың қолында —
уыс-уыс —
үлпілдеген сап-сары бауырсақтар.
Дастарқанға қоямыз барымызды,
Көршілерге көршілер баруы — ізгі.
Жент сақтаған жеңешем ұсынады
Тостағанмен
Ырым қып сары уызды.
Шайылғандай мұң-кірбің, тозаңдар да,
Жабықпайсың жаныңда наз, ән барда.
Нағыз әжей ойлайды нағыз салтты,
Наурыз көже қайнайды қазандарда.
Шапағатын аямай бұл шақта аспан,
Жадырайды әр адам мұң шақпастан.
Оу, ағайын!
Келіңдер!
Бүгін бізде —
Наурыз көже құрт қатып, бұршақ қосқан.
Келгендерге алғысын жауғызды әже,
Ырыс басы — ол үшін жалғыз меже.
Мол астық пен тоқшылық тілекшісі —
Жеті түрлі дән қосқан наурыз көже.
Ән салыңдар,
Би билеп, шаттаныңдар,
Ұлы күнін ұлыстың атқарыңдар.
Туындасын бұл күні бүкіл өнер,
Жығылмасын бәйгеге шапқан ұлдар.
Наурыз қайтып оралды аты да аңыз.
Сұрамаймыз алғыс та, ақы да біз.
Үй — дастарқан,
Даламыз — сахнамыз,
Ұлы мейрам — Наурызға шақырамыз
Ербол Бейілхан
Көктем
Түсімде ылғи қауышам көшкен жұртпен,
Алтай, саған жетем бе, көшкен бұлтпен!?
Шырайындай қалқаның ұят тамып,
Сарыарқаға сағынтып көктем жеткен.
Күлім көз күн, қарайды кірпік ілмей,
Жер исініп, қар жылар күлкі білмей.
Бәйшешек-қыз құлпырып бойын түзеп,
Көңіл өсер қайыңның бүртігіндей!
Мейірлі күн, жер сәби құндағындай,
Төл дауысы оятқан қырларымды-ай!
Шартарапқа шапқылап көңіл дөнен,
Шаранама сыя алмай тұрғанымды-ай!
Жасыл-көйлек, Көктем-қыз, көркем едің,
Жаңартатын жандарды ертегі едің!
Мейіріміңді сағындым дәл әжемдей,
Менің саған келіп тұр еркелегім!..
Ұлысым оң, Наурызда Әз болады,
Көкпар тартып, қыз қуып мәз болады.
Сары күзде сарғайтып ұшып кеткен,
Аққу ұшып, көліме қаз қонады.
Бел, бетеге, қырат, қыр бусанулы,
Мұрын жарған сағындым жусаныңды.
Бесті асаудай дес бермес қатал қысың,
Шеше салды күрмеулі құрсауыңды.
Құстар үні жағып тұр құлағыма,
Күміс күлкі жарасар бұлағыма.
Көктен жеткен бақыттың нышаны ма,
Ұя сапты қарлығаш тымағыма…
Көктем келді!
Марфуға Бектемірова
*
Қырға көшіп келеді елім менің,
Малын жайып, салатын төріне егін.
Наурыз туып, жан бітті дүниеге,
Жасыл нұрға малынып төңірегім.
Түйе өткен жұп-жұмсақ жерді басам,
Бақыт құсым, кеудеме қондың қашан?
Сүйіп тұрып Наурыздың атқан таңын,
Қуаныштан көңілім болды масаң.
Ән айтамын ақырын тұнық таңда,
Қазақ қызы ән-жырын ұмытқан ба?
Көңіл шіркін қарлығаш ұшып шыққан,
Жатқандай бір қапаста, құлыптауда.
Елең қылмай, сап-салқын түн ызғарын,
Тыңдап тұрмын құстардың сыбызғы әнін.
Ерте көктем жұтқызар жұпар ауа,
Таңдайыма әкелді қымыз дәмін.
Кеш оралған көктемнің ерке құсы,
Осы екен ғой көктемнің еркелісі.
Осы екен ғой атамның аманаты,
Осы екен ғой әжемнің ертегісі.
Шолпы тақты алтын күн қайыңға әсем,
Ән айтады бұлақтар, уайым бәсең.
Тек асығып барасың, алтын айым,
Не айтасың ақын қыз жайында сен?
Мақсұт Неталиев
*
Су жылтырап бүрін ашқан жас талдан,
Бу бұрқырап қатып қалған тастардан.
Күн күркіреп, жасын ойнап аспаннан,
Бар тіршілік Наурыздан басталған!
Ел де тыныш!
Жер де тыныш – бұл күні,
Көреміз тек қуаныш пен күлкіні.
Табысқан жұрт таныс тауып жатады,
Жамалғандай жүректердің жыртығы!
Саф тыйылып Сарыарқаның бораны,
Күн өрлейді күмбезінен жоғары.
Наурыздың жиырма екісі толғанда,
Тоғысады тоғыз жолдың торабы…
Жылғалардан су аққанда сырғанап,
Шаң-тозаңнан тазарады нұрлы алап.
Толтырады шаңырақтың шаттығын —
Наурызбай, Ұлысжандар іңгәлап?!
Жалғасады жақсылықтар – «Иә, сәт!»
Қарлығаштар үй сыртына ұя сап
Жүрсе —
Бақыт қонатынын хабарлап,
Бұлт көшеді ақ жаңбырын құя сап!
Жат боп бұрын бастары ешбір қосылмай,
Жүрген жандар таныс тапса — досындай.
Ол – осынау Наурыздың арқасы! –
«Ұлы күннің» шапағаты осындай!