Хижра сөзі араб тілінде «көшу», «қоныс аудару», «тастап кету» деген тәрізді мағыналарды білдіреді. Хижра жылының Ислам тарихында өзіндік ерекше орны бар. Бұлай дейтініміз мұның төркіні сонау пайғамбарымыздың дәуіріне барып тіреледі. Дәлірек айтқанда хижра жылы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) Мекке қаласынан Мәдинаға хижра жасағанынан яғни қоныс аударған күнінен бастау алады. Бұл кезең 622 жылды көрсетеді. Дегенмен Пайғамбарымыз (с.а.у.) неге өз ата жұртын тастап, басқа қалаға көшті? Өйткені, Меккелік мүшріктер Аллаһқа иман келтірген мұсылмандарға тыныштық бермеді, оларға қысым жасағандарын доғармады. Міне, осыдан барып пайғамбарымызға көшу керек болды. Бұл мұсылмандар үшін ерекше күн болды. Осының нәтижесінде хижра жылы қалыптасты. Мұның ресми түрде хатқа түсірілуі екінші халифа Әзіреті Омардың (Аллаһ оған разы болсын) еншісіне тиді. Яғни хижра жылының 16-шы жылында Мұхаррам айында ресми түрде енді. Қазіргі күннің өзінде «хижри» және «миләди» деп аталуы осының айғағы. Әсіресе, бұл жыл аттары мұсылман елдерінде жиі қолданылады. Тіпті кейбір арабша кітаптарда Ислам ғұламаларының туған жылдары мен қайтыс болған күндері тек хижри жылымен ғана көрсетілген. Бәлкім осы айтып отырғандарымыз кейбір кісілердің назарын аудартпауы мүмкін. Алайда бұл екі жыл атауының арасында өзіне тиісті біршама айырмашылықтар бар. Мәселен, хижри жылы миләди жылынан он бір күндей аз болып есептеледі. Сонымен қатар хижри айлар белгілі мезгілде тұрақты қалыптаспаған, олар жылдың төрт мезгілінде де келе береді. Мысалы, Рамазан айы, Құрбан айт мерекесі бірде қыс айларында келсе, кейде жаз айына да кезек беріп отырады. Егер бұларды есептесек, жыл бойы кезектесіп келетін айлар дәл бір уақытқа яғни дәл сол айға қайта айланып келуі үшін отыз үшжыл уақытты талап етеді екен. Хижри жылы да миләди жылы да он екі айдан тұратыны ежелден келе жатқан шындық. Бұған Құран Кәрім куә. Бұл жайында Құран Кәрімде былай делінген: «Расында Аллаһтың қасында көктер мен жерді жаратқалы Аллаһтың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың ішінде төртеуі харам айлар. Міне осы тура есеп». (Тәубе сүресі 36-аят) Осы тұста айта кету керек Құран Кәрімде жоғарыдағы аятта айтылғандай «Шәһрун» (ай) сөзі 12 рет кездессе, «әл-яум» (күн) сөзі де 365 рет, «әл-әйям» (күн сөзінің көпше түрі) яғни бір айда келетін күндердің саны 30 рет келтірілген. Мұның барлығы бір жылда қанша ай, қанша күн бар және әр ай қанша күннен тұрады, соның айғағы. Әрине, мұның сыры, даналығы Ұлы Жаратушыға Аллаһқа тән.
Дегенмен, Миләди жылы қашан пайда болды, ол қай дәуірден бері келе жатыр? деген сұраққа келсек, бұған әркім өздерінің күнтізбелерінің құрылған күндерін алға тартады. Мысалыға, римдіктер Рим империясының құрылған күнін милади жылы деп қабылдаса, христиандықтар оның – Иса (ғ.с.) пайғамбардың дүниеге келген күнімен бастау алатынына деректер келтіреді. Мұны Диенусион Ексигор деген христиан попы христиандардың рухани мәжілісінде талқыға салған көрінеді. Сөйтіп ол солай қабылданған. Кейіннен 1582 жылға дейін түрлі өзгертулер енгізілгендігі де айтылады. Нәтижеде 1582 жылы он үшінші Қазанда ХIII поп Грегорун «Жулян» күнтізбесі бойынша тізілген Қазан айының 5-ші жұма күнін 15-ші Қазанға ауыстырып, он күнге алға жылжытып өзінің есімінде «Грегорун» күнтізбесін қалыптастырады. Ал жаңа жыл ретінде 1-ші қаңтардың болуы 1806 жылдан бастау алады.