0 дауыс
5.4k көрілді

18 ғасырдағы негізі қаланған қазақ қалалары туралы материалдары және олардың шығу тарихы туралы мәлімет керек. Тауып беріңіздерші?

1 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

Орал — Солтүстік-Батыс Қазақстандағы ескі қалалардың бірі. Оның негізі ХVІІ ғасырдың бас кезінде қаланды. Қала патшалық Ресейді көшпелі қазақтардың шабуылынан қорғау міндетін атқарды. Ол 1775 жылға дейін Жайық қалашығы деп аталып келді. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі басылғаннан кейін Орал қаласы деп аталды. Қала халқының басым көпшілігін казактар құрады. Орал еркін казактардың астанасына және дәстүрлі әдет-ғұрыптардың басым сақталған орталығына айналды. 1868 жылдан бастап Орал облысының орталығы. XX ғасырдың бас кезінде қала халқының саны 50 мың адамға жетті.

Гурьевтің негізі XVI ғасырда қаланды. Қала Жайық өзенінің оң жағалауында салынды. 1868 жылы Гурьев Орал облысының уездік қаласына айналды. Қала халқының едәуір бөлігін мещандар, әр түрлі топ өкілдері және казактар құрады. Қалада балық өнеркәсібі дамыды. Қала көпестері теңіз арқылы Астраханмен сауда-саттық қатынасын орнатты. Мәселен, 1897 жылы Астрахан мен Гурьевтің арасында 117 кеме қатынап тұрды. Қала тұрғындары негізінен бау-бақша өсірумен айналысты. Олар жүзім, алма, алмұрт, шабдалы, шие және өрік өсірді. XX ғасырдың бас кезінде қала халқының саны 10 мың адамнан тұрды.

XVIII ғасырда салынған қалалар

Павлодар қаласы 1720 жылы Коряков бекінісінің атымен Керегежар деген жерде салына бастады. Ол Ертістің оң жағалауында орналасты.

1861 жылы Павлодар штаттан тыс қалаға, ал 1868 жылы Семей облысының уездік қаласына айналды. Қала Ертіс өзеніндегі пароход тоқтайтын маңызды айлақтардың бірі болды. Оның үстіне, ол Солтүстік-Шығыс Қазақстандағы ірі сауда орталығы да еді. Онда мал өнімдері мен фабрик- зауыттар шығаратын өнім түрлері мол мөлшерде шоғырланды. Қаладағы аса бай көпестердің бірі дуанбасы әрі көпес А.И. Деров болды. Онын есімі өз замандастарының арасында ұмытылмай есте қалды. Ол қолы ашық, жомарт адам болды, қайырымдылық шараларын өткізіп тұрды. Павлодар қаласы мыс және көмір кеніштеріне, сондай-ақ тұз өндіретін кәсіпшіліктерге жақын орналасты.

XX ғасырдың бас кезінде қала халқының саны 31 мың адамға жетті, оның тоғыз мыңы мұсылман халықтарының өкілдері болатын. Қала халқының тез әрі қарқынды өсуіне қоныс аударушы шаруалар тасқыны да себеп болды. Қаланың белгілі тұрғыны, әйгілі әнші Майра Шамсутдинованың (1890—1927) есімі бүкіл қазаққа таныс еді.

Семей қаласы да Ертістің оң жағалауына орналасты. Оның негізі 1718 жылы әскери бекініс ретінде қаланды. Бекіністің Семей атану себебі оған таяу жерде ежелгі жеті ғимараттың қиранды қалдығы бар еді. Бекініс 1782 жылы Колыванский әскери аймағынын уездік қаласына айналды. 1797 жылы қала Тобыл губерниясының қарамағына өтті. 1822 жылы Омбы облысының округтық қаласына, 1854 жылдан бастап жаңа құрылған Семей облысының орталық қаласына, ал 1868 жылдан бастап Семей уезінің және Семей облысының орталығына айналды. Семей Қазақстандағы аса ірі қалалардың бірі саналды. Қала көшелеріне керосин шамдары жарық беріп тұрды. Қалада қоғамдық кітапхана ашылды. 1902 жылы Императорлық Орыс Географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесі құрылып, жұмыс істей бастады. Осы бөлімшенің жанынан Қазақстандағы өзіндік бірегей мұражай ашылды.

Каланың негізгі халқы қазақтар мен мещандар болды. Олар Томск губерниясының Змеиногорск уезіндегі Белағаш даласында егіншілікпен айналысты. Бұл құнарлы жасыл алқап Семей қаласының солтүстік жағында орналасқан еді.

Семей аймақтағы өнеркәсібі дамыған ірі қала болып қана қойған жоқ, ол сонымен қатар Ресейді Қытаймен және Орта Азиямен байланыстыратын ірі сауда орталығына айналды. Қалада бу машиналары, арақ-шарап қайнататын, жүн жуатын, май шайқайтын, сабын қайнататын, кірпіш шығаратын, ашытқы дайындайтын зауыттар жұмыс істеді.

Өскемен қаласы Ертістің оң жақ бетінде оған Үлбі өзені келіп құятын жерде орналасқан. Қаланың негізі 1720 жылы бекініс ретінде қаланған. 1765 жылы бекіністің жанынан айырбас сарайы ашылады. Онда көшпелі және отырықшы халықтар өзара тауар айырбасын жасайтын. Қазақтар өздерінің малын, мал өнімдерін және аң терілерін үй ішіне қажетті тауарларға, астыққа, кездеме маталар мен металл бұйымдарға айырбастады. 1804 жылы бекініс қала атанды. 1868 жылы Өскемен Семей облысындағы уездік қала мәртебесіне ие болды. 1900 жылы кала халқының саны 10 мың адамға жетті. Халықтың басым көпшілігін казактар мен мещандар құрады. Олар егіншілікпен, омарта шаруашылығымен және мал өсірумен айналысты.

Петропавл қаласы 1752 жылы Есілдің бойындағы Қызылжар деген жерде Сібірдің оңтүстік шебін көшпелі халықтың шабуылынан қорғау мақсатымен салынды. Ол 1807 жылы қала мәртебесіне ие болды. Петропавл 1822 жылы Омбы облысының округтық қаласына айналды. Қала осы аймақтағы ірі сауда орталығы дәрежесіне жетті. Бұл жерден Жетісумен, Оңтүстік Қазақстанмен және Орта Азиямен сауда-саттық жүзеге асырылды. Мұнда қазақ даласынан мал және мал өнімдері жеткізілді. Орта Азия қалаларынан мақта-мата және жібек кездемелер, кілемдер, кептірілген жеміс-жидектер әкелінді. Ал Петропавлдан қазақ даласына және Орта Азияға металл бұйымдары, Ресейдің еуропалық бөлігінде тоқылған шұға кездемелері жіберілетін. Қала бүкіл Солтүстік Қазақстанның аймағын фабрик-зауыт өнімдерімен қамтамасыз ететін ірі қойма саналды. 1900 жылы калада 446 сауда орны болды, олардағы жылдық сауда айналымының мөлшері 4 миллион сомға жетті. Петропавл сонымен қатар ірі өнеркәсіп орталығына да айналды. Қалада май шайқайтын, тері илейтін, жүн жуатын және қой терісінен киім тігетін кәсіпорындар жұмыс істеді. 1897 жылы қала халқының саны 20 мың адамға жуықтады.

...