0 дауыс
36.1k көрілді

Біздің ауыл дегенге әңгіме эссе керек еді?

оййй кешириндер мен кателесип кетиппин маган осы такырыпта Молшер устеуі бар  эссе керек

3 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Адам баласы дүние есігін ашып, жарыққа шыққан соң үйі мен бауырларын, түгел айналаны ақырындап тани бастайды.
Оның таңда атқан күні мен батқан түніне дейін еске сақтап, жүрегінің ең сенімді жеріне сақтайды. Өсе келе оның тұнық ауасын аңсайтын күйге жетеді. 
Міне, осындай жанға жылы, жүрекке жақын тұрған жерді әр адам баласы өзінің туған жері , атамекені, алтын бесігім деп біледі. 
Менің де өз алтын бесігім, туған жерім өзіме ыстық. Ауылым туралы әңгіме басталса-ақ болды. Жүрегім елжіреп, балалық шағым түгел есіме түседі. Еріксіз көзіме жас келіп, сол шақтарды аңсап кететін болыппын. 
"Акқу көлін аңсайды, Адам туған жерін аңсайды" демекші, ауылдың бүгінде орны қалғаны болмаса, адамдары әлдеқашан көшіп кеткен.
Менің алтын бесігім "Бекбике" деп аталған еді.
Сонау ерте заманда адай руының батыры Тәңірбергеннің ақбиенің сүтіне шомылдырып алған сүйікті Бекбике сұлудың атымен аталатын ауылдың бүгінде орны сақталғанына да тәубе деп қоямыз.
Мен тағы да ауылға асыға жеттім. Көңілім су сепкендей басылып қалды. Енді мұнда бұрынғыдай абыр-сабыр, мәре-сәре болып жататын ауыл адамдары жоқ. 
Анау алыстан көрінген қара тал да бір түрлі көрер көзге оғашсынып, қартайып, қурап қалғандай. Жоқ, мүлдем қураған жоқ. Жасыл жапырағы жайқалып, ебедейсіз өскен бұтақтары шашыраңқы, сылбыр. Көңілі жабырқап, жаны жүдеген-ау адамдарды сағынып деп қойдым іштей. Менің бала кезімнің өзінде осы ағашты үлкендер жағы: "Тамыры суға жетті. Енді өзі-ақ тоқтамай шыға береді" десетін. Соған кәдімгідей иланып қалатынбыз. Мақаттың ағаштары олай емес, оларды үлкендері де, кішілері де: "тұзға жеткен соң бәрібір шықпай қалады" десіп жатады.
Сол қаратал түбінде көлеңкелеген сиырлар мен ешкі-қойларды қызықтап, көзін жұмып, күйіс қайрағанына қарап: "Мынау ұйықтап кетті. Түсінде не көріп жатыр екен? " деп мазақ қылғансып, қарап отырушы едік. 
Кеш түсе барша бала жиналып, ауыл шетіндегі шағылға барушы едік. Шағыл дегеніміз-кәдімгі жел үрлеп, желдің ыңғайына орын ауыстырып көшіп отыратын бұйра құм. Жел көтерілген кезде оның үстіңгі бөлігі бірнеше сантиметр биіктікке көшіп отырады. Жел басылған соң су бетіндегі толқын секілді әдемі із тастап тып-тыныш жатады. Кешкілік күні бойы бойына жинаған күннің қызуын баса алмай, жып-жылы болып жатады. Оның үстіне отыра қалсаңыз да, жұп-жұмсақ, біртүрлі жанға жайлы күй кешесіз. Ойын балалары тыныш отыра ала ма? Бір-бірімен жарысып, шағылдың төменгі етегіне қарай суда жүзген балықтай, сырғи жөнеледі. Ойынқұмар кішкенелер болса, шағылдың басынан аяғына қарай домалап, айналаны қызыққа бөлей жөнелетін. Қазір бұл шағыл да айналасына жайылып кеткен екен. Шет жағын тікенекке толы жантақ шөбі жауып кетіпті. 
Анау қырдың басына шықсам, не көрінер екен? Әрине, кішкене сай көрінеді. Ол жерде ауыл балалары түс ауа бере жинала қалатын. Сайдың ауа райы өзгеше. Оның қанша метр тереңдікте орналасқанын білмеймін. Бірақ, оның ішіндегі ауа жоғарыдағы ауадан гөрі сәл төмендеу болатын. Сондықтан да болар, ойын қызығына түсіп кеткен кездері тіпті тоңыңқырап қалушы едік. Ондайда ойынды да қимаймыз. Денеміз тоңып қалатыны өз алдына, "сайда түнде шайтандар жүреді" деген үлкендердің жалған сөзіне сеніп, қараңғылыққа дейін жетпей, үйге жетуге асығушы едік. 
Мынау төмпешіктің арты сәл ойыстау. Ол -үш үйдің нақ ортасында орналасқан. Осы жерде көршінің баласы ала добын ала шығып, өзгелері оны күтіп сарылып отырушы едік. Оның қияс мінезі бар. Біреуімізді жақтырмай қалса: "доптарыңды басқа жерден іздеңдер" деп бәлсінетін. Онысын жақтырмаған үлкендер жағы допсыз да ойындар жететіндігін айтып, бермесе, оны ойынға қоспай қоямыз деп есесін беретін. Амалсыздан топтан қалсын ба, "тек тездетіңдер" деп теуіп кеп жіберетін. Сосын кеп "Тоғыз қаңылтырымыз бар", "Чертасы" бар, торсыз волейболымыз бар, әйтеуір ойын таусылған ба, жалықпай ойнаушы едік. Кешкілік үйдегі үлкендер "Қарбыз жейміз", "шұбат ішеміз" деп әр жерден айқайлап шақырған дауыс шыққан кезде ғана үйді-үйімізге тараймыз. 
Әжеміз күні бойы темір цистернада ысып, бабына келіп тұрған жып-жылы суға бір-бірлеп бәрімізді жуындырып алып: "күн сасып кеткен екенсіңдер" деп жатушы еді. Нанмен шұбатты басып-басып алып, көпке дейін дөңбекші ұйықтай алмай жүретін бізді әжеміз тағы да: "Бойларыңа шұбат сіңсе, ауырмайсыңдар. Аппақ болып жүресіңдер" дегеніне сеніп, басыңқырап жіберетінбіз. Шұбаттың қызуы біразға дейін ұйқы бермей, аула ішінде құрылған сәкі үстіндегі масахана тұрғындарын енді ән айтып, жұмбақ жасыруға дейін апаратын. Біресе, жыл бойы жаттаған өлеңдерімізді айтсақ, бірде қала атауын, бірде адам атын жасырып, кішкенелері сөйлеп жатып, ұйқыға кетсе, үлкендер жағы соңынан көрген киноларымызды әңгімелейміз. 
Ал, ауылдың таңы ше? Салқын, тап-таза ауа айналаны тегіс жайлап алады. Бір жерде әтеш шақырып, ит үре бастайды. Бірақ, етіміз әбден үйренгендіктен бе, оған селт етер біздер жоқ. Рахаттанып ұйықтап жатқан бізді әкеміз бен шешеміз сиыр сауа тұрып бара жатып тексеріп, түйе жүн көрпемізді қымтай кетеді. Кішкенеден соң сеператордың ызыңы естіледі. Мотоциклын қыздырған әкеммен жағаласып, анамыз да: "Балдар біз жұмысқа кетіп барамыз. Шайларыңды ішіңдер, төсектеріңді үйге тасыңдар, бұзауды өріске жіберіп, сиырды қарап қойыңдар, бұзау жамырап кетпесін, ботаға шөбін салып, үйдің айналасын таза ұстаңдар. Түскі тамаққа жұмысшыларды ертіп келсек, тамақтарың әзір тұрсын" тағысын тағы жұмыстарды үйіп-төгіп жатады. Шала ояу біздер бірін ұғып, бірін ұқпай жатамыз. Бірақ, күнде айтылар жұмыстар болған соң ба, бәрін де әке-шешеміз жұмыстан келгенше орындап қоюға тырысамыз. 
Балалық шақ таза дене еңбегін жасап, табиғи мал өнімдерімен азықтанумен өткеніне қазір мақтанып та қоямын. Сол шұбаттың дәмі, құрт қайнатқан қара қазан, өрмек тоқып, киіз басқан ауылдағы аналарымызды әсте жадымнан шығармай, ыстық ықыласпен еске алғанды соңғы кездері жиілетіп жүрмін. Неге екенін өзім де білмеймін. Мен көретін түстер де бұрынғы балалық шағым өткен Бекбике ауылы , ондағы саманнан соққан ескі үйімнің айналасынан шықпай-ақ қойды. 
Кеше түнде түсімде ескі үйдің жанындағы екі ағаш биік өсіп, әрбіреуінің бір-бір бұтақтары ғана жап-жасыл болыр тұр екен. Өзгелері қурап кетіпті. Қураса да, бойындағы жемістері әбден піскен екен. Мақаттан барған мен оларға су құйып әлек болып жүрмін. Ояна келсем, түсім. Сол түсімнің шырмауынан шыға алмаған ойым қағаз бетінде осы жазуларды түсіруге себеп болды.
"Ауылым-алтын бесігім" деген сәулелі, жылы сөздің мағынасы мен үшін одан да тереңдей түскендей. 
Гүлзада Есмырзақызы.

–1 дауыс

адресіңді айт. ауылың қай жерде  барып көріп  сосын жазып берем.cheeky

0 дауыс
ол күшті эссе екен
...