Ақылды құмырсқалар (мазмұндама)
Сүлеймен пайғамбардың құмырсқамен сөйлескені туралы хикаяны естігенде ақжүрек адамдар: «Несі бар Алла сөйлетем десе құмырсқаны да сөйлете береді» деп күмәнсіз құлшылығын жасап жүре береді. «Құмырсқа сөйлеуші ме еді?» деп әрі-сәрі күйге түсіп, күмәннің кесірінен кеудесі тарылатын пенделер – дінге жеңіл қарайтын немесе дүние ғылы-мына есі кете ғашық болған жаңа қазақтар.
Ақыл деген – денеге егілулі дән,
Суғарылса, кіреді оған да жан.
Ақылдың өсіп-өніп, зораймағы
Көрген-білген нәрседен ғибрат алған.
ШӘКӘРІМ
«Орыс оқудың» әсері өтіп кеткендер Құран хикаяларын күліп отырып тыңдайды. Сондықтан да көңілі соқыр адамдар құмырсқаның тілін түсініп, онымен сөйлеспек тұрмақ, оның саналы тіршілігін де түсіне алмай жынды болады. Шындығында Ұлық Алладан тікелей хабар алып, Тәңірінің нұсқауымен жүріп тұратын жәндіктерге «орыс оқудың» қажеті шамалы. Сенбесеңіз, қазіргі заманның ғалымдары жылдар бойы зерттеп, ерінбей тапқан аз-маз шындықты әңгімелеп көрелік.
Ғалымдар құмырсқалардың ұйымдасып жұмыс жасау құпиясын түсіне алмай діңкелейді. Өте күрделі жұмыс атқаратын жәндіктер бойына туа біткен инстинкті реакциямен тіршілік кешеді дегенге бұл күні біз түгілі олардың өздері де сенгісі келмейді. Ғалымдар олардың жұмылып жұмыс жасау барысында аса қажетті ақпаратты қайдан алып, қалай оны бір-біріне тілсіз таратып отыратынын таба алмайды. Ашылмай тұрған ең үлкен құпия – ғылыммен жасалатын жұмыстарды іске асырғанда ақыл-ой, интеллектіні қайдан алады? Ақпарат қоймасы құмырсқаның қай жерінде сақталады? Cебебі оның жүйке талшықтары тым жіңішке һәм өте нәзік.
Құмырсқалар қауымы жалпыға бірдей қатаң тәртіпке түгелдей бағынышты. Қауымдағы әр бір мүшенің өзіне тиесілі міндеті бар. Аса жауапты міндеттермен ұйымдасқан жәндіктер кез-келген көңіл-күйді сезініп, жұмыс барысында аянбай еңбек етуден ешқашан қашпайды. Жай ғана жыбырлап жүріп, не болса соны кеміріп жеп, басы ауған жаққа қаңғып жүре беретін көп жәндіктің бірі болса құмырсқа тіршілігіне ешкім де қызықпас еді. Гәп сонда – бұл жәндік алдына мақсат қойып, жоспармен жұмыс жасағанда алдына жан салмайды. Мысалы, құмырсқаның адам секілді қолға үйретілген «жуас үй жануарлары» болады. Оларды «құмырсқа сиыры» деп атайды. Орыстар «тлей» дейді. Асыранды «мини сиырлардың» денесінен тәп-тәтті шырын бөлінеді. Сол шырынды құмырсқалар негізгі ас-сусын ретінде ішіп, рақаттанып, мас болып жүреді. Сиырларды асырау үшін адам секілді олар да бақташы жасақтайды. Олар сиырды уақытымен тойдырып, сауып, бөпелерін тап-таза ас-ауқатпен асырайды. Сиырлардың емін-еркін жайылуына, өсіп-өнуіне кепілдік беретін құмырсқалар ішінен күзетшілер, қорғаушылар тобы іріктеледі. Жайылып жүрген тлейлерге тентек жәндік тиісетін болса, қарауыл құмырсқалар қырғын төбелесті бастап кеп жіберуге әмәнда дайын. Бақташылар міндеті тлейлерге құнарлы «жайылым жер» тауып беріп, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонуын қамтамасыз етеді. Шаңқай түс болып, күн ысығанда оларға шөп-шаламнан қалқа құрастырып, көлеңке жасайды. Қар түсіп, күн суытса, ұрғашы сиырларды жып-жылы, құп-құрғақ мекен-жайға жайғастырады. Құмырсқалардың дені сау болып, ұрпағы жақсы дамуы үшін сиырдың баппен күтілімі ауадай қажет. «Сиыры» семіз болса, құмырсқа да күйлі. Сондықтан өз бетінше өсіп-өнетін «сиырға» қарағанда құмырсқалардың қарауында өскен тлей өте тез, әрі аман-сау көбейеді. Сондықтан тлей құмырсқадан қожайын тапса, бала-шағасына дейін шаттанысып, қуанады.
Құмырсқалар шашылып қалған шөп-шалам мен дәнді дақылдың бәрін ұқыппен жинап, ұясындағы құрғақ қоймаға әкеліп сақтайды. Қоймадағы қызметшілер даладан жиылған әр алуан дәнек, шопақты тазалап, сұрыптайды. Жиналған астықты жемес бұрын қауызынан аршып, тазартып, ұн қылып ұнтақтайды. Біздіңше айтқанда диірменге тарттырады. Дастарханға жауапты аспазшы құмырсқалар ұнтақ ұнды сілекей суларына араластырып, қамыр илеп, быламық жасап, құндақта жатқан «бөпелердің» ауызына апарып салады. Сондықтан тіршілік кепілі болған дәнді ұзақ мерзімге дұрыс сақтау үшін жанкешті еңбек етеді. Нөсер жауыннан соң «ас-ауқаттары» дымқыл тартып қалса дереу оларды далаға шығарып, кептіріп, құрғатып, ішке қайта тасиды.
Амазонкадағы құмырсқалар жемтік іздеп, «аңға» шыққанда алғашқы қауымдағы жабайы адам-дардың дәу мамонтты жарға жығып, жабылып жәукемдегенін еске салады. Бұл жәндіктер дене тұрқы өздерінен екі-үш есе үлкен жәндікті қулыққа құрылған айла-тәсілімен оп-оңай қолға түсіреді. Үлкен-үлкен өсімдік жапырағының талшықтарын қиып алып, олардан іші қуыс кішкене үйшік жасайды. Үйшікті құрастырып болған соң ішіне көп жауынгер жасырынып жатып алады. Бірнеше ұсақ құмырсқа басын ғана қылтитып, жемтігін шақырады. Әлгі жердегі өсімдіктің шырынына жиналған ара, шегіртке немесе қоңыз ол үйшікті өсімдіктің жапырағы немесе сабағы деп ойлайды. Олжасын күтіп отырған құмырсқалар ұйымдасқан түрде қорегіне күтпеген жерден тарпа бас салады. Мұндай шапшаң шабуыл күтпеген қоңыз, шегіртке, дәуіт не болғанын түсінбей, тапырақтап қалады. Сол сәтті күтіп жатқан жауынгерлер жан-жақтан лап береді. Біреуі тобықтан, біреуі бақайдан, енді біреуі кеудеден келіп қайшы тісті шақырлатып салғанда, дөңкиіп тұрған қоңыз, шегірткең шатқалақтап қалады. Көзі қарауытып, есеңгіреп қалған бейшара жәндік денесін ұйытып, дызылдатып бара жатқан құмырсқа уына шыдай алмай, ақыры «гүрс» етіп құлайды. Көзді ашып-жұмғанша жүздеген «мини жыртқыш» дөңкиіп жатқан «бақытсыз» жәндікті жіліктеп, турап, осып, қидалап, боршалап, әп-сәтте түгін қалдырмай тасып әкетеді. Жоғарыда баяндалған жәндікке арналған әдіс сізге бір кездері Троя шаһарының түбіне жететін Пасейдонға арналған үлкен ағаш ат секілді елестеуі мүмкін. Бірақ құмырсқаның адамнан ақыл сұрамайтыны анық. Олай болса құмырсқаға бұл тәсілді үйреткен бір Құдіреттің барына таңғалмасқа шараң жоқ.
Тағы бір таңғаларлық жайт, амазон-калық құмырсқалардың басқа бір түрі. Амазонка ормандарында әр жерде жеке дара сойдиып тұрған биік бәйтерек кездеседі. Бірақ амазонканың жабайы тайпалары бұндай ағаштарды «шайтанның бау-бақшасы» деп атаған. Себебі бұл ағаштың маңайында орманның жын-перілері мекендейді деп ойлайды. Зайырлы елдің биолог, ботаниктері амазонка ормандарын зерттеп жүріп, әншейінде ит тұмсығы батпайтын ну орманда жеке-дара жайқалып тұрған дарақты көріп, таң қалады. Зерттеп көрсе, мұның құпиясы құмырсқада екен. Жалғыз ағаштың діңінде өмір сүретін құмырсқалар империясы айналасында қылтиып шығып келе жатқан басқа ағаштың көшеттерін у шашып, жөргегінде «буындырып өлтіреді». Ғалымдар бұл кереметті зерттемек үшін «шайтан ағашының» жанына әртүрлі талдың дәнін шашып, егіп шығады. Бар-жоғы бір тәуліктің ішінде құмырсқалар әскері тиген жерін күйдіріп, ойып түсетін өткір қышқылдарымен төбесі қылтиып, көгере бастаған балғын көшеттерді тып-тыйпыл жойып жіберді. Басқа алқапқа егілген көшеттер еш кедергісіз өсіп-өніп, жайқалып кете берді. Мұның себебін ғалымдар былай түсіндіреді. «Құмырсқалар өздері мекен етіп отырған ағашқа өзге дарақтар бақта-лас болмас үшін бөтен көшеттерді әлсіз кезінде аяусыз құртып отырады». Жунглидегі ең ежелгі, ең кәрі «шайтан ағашының» жасы сегіз жүз жылдан асып кеткен. Жыл сайын жаңарып отыратын құмырсқалар қауымы мың жыл бұрын ата қоныстарына айналған берекелі бәйтеректі жекеменшігіне айналдырып алған десе де болады.
Енді егінші құмырсқалар қауы-мының қызығына қанығалық. «Агро-ном» құмырсқалар құрамында калориясы өте жоғары белогы бар саңырауқұлақтың тұтас бір план-тациясын ұстайды. Бұл егінді өсіру үшін құмырсақалар ең бірінші талдың жапырағын турап, кесіп, бөлшектеп үйлеріне тасып алады. Бірақ жапырақты жемейді. Олардың асқазаны саңырауқұлақ жегенде ғана жұбанады. Сондықтан жер асты мекендерінде саңырауқұлақ плантациялары міндетті түрде жайқалып тұруы керек. Құдай сақтасын, алда-жалда жер астында жұт болып, егін шықпай қалса, барлық қауым үрім-бұтақ, зәузәт-жұрағатымен аштан қатады. Саңырауқұлақ өсетін құнарлы топырақты қолға түсіру оңай емес. Оның құнары мен құрамын реттеу үшін талдың төбесіне шығып, бұтақ, сабақтың арасында жүгіріп жүріп, жасыл жапырақты қырқып, төменге тасып алады. Жұмысшылар жағы талғанша жапырақ қидалап, турап, шайнап, майдалаған соң оларды өздерінің қи-нәжісіне араластырып илейді. Тыңайтқыштың иі қанған соң оған егін еге беруге болады. Әдетте бір жерге бидай, күріш, қауын, қарбыз қайта-қайта егіле берсе, топырақ эрозияға ұшырап, құнары құриды. Мұнда да дәл солай. Сол үшін жасыл плантацияны үнемі жаңартып отыруға тура келеді. Жаңа мекендегі плантацияның топырағы әбден дайын болғанда күллі қауымды басқарып отырған аналық құмырсқа саңырауқұлақтың тұқымын ұртына салып алып, шалқар көшті бастап, жер үстіне шығады. Көш көлікті болып, діттеген жерге келген соң, жаңа үйдегі жас плантацияға жас тұқым себіледі. Осылайша егіннің жаңа маусымы басталады. Бірақ мұнымен шаруа бітпейді. Еккен егінді зиянкестерден сақтап, қорғау керек. Әдетте кезкелген қолда өсетін егіннің өнімі оның даладағы жабайы түрінің өніміне қарағанда әлдеқайда көп болады. Есесіне жабайы егіннің жаулары аз болады да, керісінше қолда өсетін егінге құрт-құмырсқа, зиянкес, бактерия үйір болады. Адамдар өздерін бес мың жылдық өркениет тарихында егінін зиянкестен сақтау үшін неше түрлі айла-тәсіл ойлап тапты. Қазір де егінге арнайы дәрі шашып, күтіп отырмасаң күз келгенде банкрот болып, топырақтан картошка емес, қоңыз теріп кетуің демде. Ендеше арнайы егін егіп қана күн көретін құмырсқа зиянкестен қалай сақтанады? Таң қалатын түгі де жоқ. Олар егінін адамнан артық қориды. Әдетте саңырауқұлақтың қас жауы – аскомицетті паразиттер. Бұлар жайқалып тұрған плантацияға түсетін болса, аз ғана уақыт ішінде ас-ауқатты көгертіп, шірітіп, бұзып, айнытып жібереді. Бірақ құмырсқа да қарап жатпайды. Олар егіс алқабын ары-бері кезіп, жалқауланбай жіті бақылап, жүгіріп жүреді. Жылт еткен паразит тұқымын байқай қалса, сол арада шапшаң шара қолданып, «оңбағанның» тұқымын тұздай құртады. Американдық ғалымдар ерен еңбекпен осы құмырсқалардың зиянды паразитке қарсы қолданатын дәрісін зерттеп тапты. Жер астындағы супер агрономдар асқан ұқыптылықпен жасалған өте күшті антибиотикті пайдаланады. Ең қызығы, бұл дәрі зиянды паразитті ғана өлтіреді, ал саңырауқұлақ көшетіне еш залалы жоқ. Аналық құмырсқа плантация ауыстырып көшкен кезде дәрінің бактерияларын ауызға салып, тастамай алып жүретін болды. Әлбетте көптеген паразит улы дәріге үйреніп алған соң оған екінші мәрте уланып өлмейтін өнер ойлап табады. Бірақ құмырсқа да дәрісін жаңалап, жетілдіріп, құрамын ауыстырып, ата жауына сайланып дайын отырады. Әрбір қауым пайдалы бактерияның бірнеше түрін дайындап, қорда ұстайды. Зиянды паразит бірінші дәріге өлмей қалып, ары қарай егінді қиратып бара жатса, екінші түрін дереу қарсы қолдана қояды.