Ассалаумағалейкум СҰРАҚ-ЖАУАП сайтының қолданушылары! Ал енді сұраққа тоқталсақ.
Велосипед (фр. vélocipède, шығу тегі лат. velox — жылдам, жедел және pes — аяқ) — адам күшімен қозғалатын көлік түрі.
Көбінесе екі доңғалақты, кейбір кездерде үш доңғалақты түрлері де кездеседі. Бірінші велосипедтер Еуропада 19 ғасыр пайда болып, одан бері әлемге кең тарап, қазіргі дағдылы кейіпіне дейін дамып келген. Бүгінгі күні саны 1,000,000,000-тан асатын бұл көлік әлемнің кейбір аумақтарында серуендеуге, не спортта қолданылса, көп региондарда негізгі транспорт түрі болып табылады.
Велосипедтің жалпы бейнесі, рамасының конфигурациясы, доңғалақтары, педальдары, отырғышы және тұтқасы 1885 жылы алғашқы жасалған шынжырлы нұсқасынан аса көп өзгерген емес. Әрине сол уақыттан бері, әсіресе кейінгі кезде, жаңа материалдар қолданылып, компьютері орнатылған модельдері де дамытылып, велосипедтің дизайнына айтарлықтай өзгерістер жасалды
Велосипед – жедел жүруге арналған қарапайым көлік. Ол 16 ғасырдан бастап көптеген елдердің өнертапқыштары: Г.Гантшель (Германия, 1649), Р. Ла Рошелли (Франция, 1693), Леонтий Шамшуренков (Ресей, 1752), Овенден (Англия, 1761), тағыда басқа жасаған төрт доңғалақты арба негізінде шыққан. Алғашкы екі доңғалақты велосипед Ресейде жасалды. Ефим Артамонов жасаған велосипед 1801 жылы Мәскеуде көпшілікке көрсетілді. Оның алдыңғы үлкен доңғалағы педаль арқылы қозғалысқа келетін де, артқы кішкене доңғалағы сүйемелдеуіш қызметін атқаратын. Соңынан Батыс Еуропа елдерінде әр түрлі велосипедтер (Карл Драйс, Германия, 1815) пайда болды. 19 ғасырдың 50-жылдары неміс механигі Ф.М. Фишер велосипедтің алдыңғы доңғалағына педаль кигізілген шатун орнатуды ұсынды. 19 ғасырдың аяқ кезінен бастап велосипед көптеп шығарыла бастады. Бұл кезде оның құрылысына пневматикалық шина, шарикті ішпек (подшипник), болат түтіктен жасалған рама, шынжырлы беріліс, еркін жүріс механизмі, тағыда басқа енгізілді. Қазіргі велосипед үстіне ершік орнатылған рамадан, екі (кейде үш) доңғалақтан тұрады. Ол аяқ күшімен педальді беріліс арқылы қозғалысқа келтіріледі. Оның рульмен байланысқан алдыңғы доңғалағы бағыттаушы қызметін атқарады. Велосипед пайдалану мақсатына және құрылымдық ерекшеліктеріне қарай: көліктік велосипед, көліктік жеңіл велосипед, жасөспірімдер велосипеді, спорттық велосипед, балалар велосипеді және арнаулы велосипед болып ажыратылады. Көліктік велосипедтің рамасы берік, шинасы жалпақ, рулі биік орналасқан, салмағы 16 килограмм шамасында, пайдалануда барынша қарапайым болып келеді. Көліктік жеңіл велосипедтің салмағы жеңілдеу (14 килограмм) әрі шинасы жіңішкелеу, әдетте қол тежеуішпен жабдықталады. Жасөспірімдер велосипеді ересектерге арналған көліктік велосипедтің көшірмесі іспетті, құрылымы мейлінше қарапайым әрі бөлшектері үлкен велосипедтегіден гөрі кішірек келеді. Спорттық велосипедтердің тас жолға және трекке арналған түрлері бар. Олардың салмағы жеңіл (8 – 11 килограмм), камерасыз шиналары жіңішке болады; құралымдық жабдықтары легирленген болат және дюралюминий сияқты берік әрі барынша жеңіл материалдардан жасалады, рулі төмен орнатылып, қол тежеуішпен және жылдамдық ауыстырғышпен (сегіз – он сатылы) жабдықталады. Спорттық велосипедтің бір түрі – тандем. Ол екі кісіге лайықталып, қос доңғалақты және қос берілісті болып жасалады. Мұндай велосипедтің жылдамдығы сағатына 70 километрге дейін жетеді. Балалар велосипедінің екі және үш доңғалақты, сондай-ақ құрама түрлері (үш доңғалақты велосипедті екі доңғалақты велосипедке және керісінше өзгертуге болады) бар. Балалар велосипедінің шиналары тұтастай құйылып немесе үрлемелі резина күйінде шығарылады. Арнаулы велосипедтерге циркте ойнауға, жүк тасуға, қарт адамдардың жүріп-тұруына арналған бір – үш доңғалақты велосипедтер, велоарба, тағыда басқа жатады. Соңғы кезде жиналмалы велосипедтер көп тарады. Аспалы қозғалтқышпен жабдықталған велосипед мопед деп аталады.
Велосипедтің шығу тарихы мен ойлап шығарған адамы нақты белгілі емес. Ең ықтимал болжам ретінде неміс бароны Карл Дрездің есімі аталады. К. Дрез өз машинасын 1817жылы ойлап тауып, патентін алған. Бұл көлік адамның жерді аяғымен итеру арқылы қозғалған.
Велосипедтің тарихы терең. Кейбір деректерге қарағанда, 1863 жылы Парижде 20 жастағы франциялық өнертапқыш Пьер Лалман қазіргі велосипедке ұқсайтын ең алғаш көлік құралын жасап шығарған көрінеді. Тағы бір жылдан кейін франциялық инженер Пьер Мишо бұл көлікке «велосипед» деген атау берген екен. 1866 жылдың қараша айында Пьер Лалман Америкаға барып, өзі жасап шығарған велосипедке патент алды.
Сөйткен велосипед жылдар бойы техникалық жағынан жетіліп, бүгінгі күнге дейін адамзат кәдесіне жарап келеді. Бір қызығы, XX ғасырда велосипедке деген қызығушылық біресе артып, біресе төмендеп отырған. 1905 жылдан бастап АҚШ пен Германия сияқты дамыған елдерде автокөлік индустриясының дамуына байланысты велосипед сән болудан қалды. Жол полициясы велосипедшілерді автокөлік қозғалысына кедергі туындататындар деп санайтын. Алайда 1960 жылдың аяғына таман экологиялық мәселелерге алаңдаумен қатар, салауатты өмір салтын насихаттайтын дамыған елдерде велосипедке деген қызығушылық қайтадан артты.
Өткен ғасырдың аяғына таман Кеңес Одағында адамның жас шамасына қарай сұрыпталған «Дружок», «Школьник», «Орленок», «Салют», «Кама», «Урал», «Уралец», «Украина», «Аист» сияқты велосипедтер кеңінен тарағанын біздер жақсы білеміз.
Велосипедтің әлеуметтік рөлі зор болды. Еуропада бастау алған велосипед өндірісі автокөлік пен ұшақ құрастыру ісінің техникалық базасын құруға негіз беріпті. Велосипед қаңқасы мен басқа бөлшектерін жасауға бағытталған метал өңдеу технологиялары кейіннен көліктің өзге түрлерінде қолданыс тапты. «Ровер», «Шкода», «Пежо», «Опель» сияқты өткен ғасырдың басында құрылған автокөлік шығаратын көптеген компаниялар әуел баста велосипед зауытынан бастаған екен. Жүргізушінің жынысына қарамайтын велосипед гендерлік теңсіздікті жоюға да үлес қосты. Оның арқасында әйелдер еркін қимылдауға мұрша бермейтін тар корсетті тастап, велосипедтің арқасында сәнге айналған ықшам, әрі ыңғайлы шалбар кие бастады.
VІІІ ғасырдың аяғында велосипедтің арқасында ауыл тұрғындары көршілес ауыл мен қалаларға барып, түрлі елді мекендер өзара қыз алысып, қанның жаңаруынан халықтың генетикалық денсаулығы да жақсарғанын ғалымдар жоққа шығармайды. Велосипедтің арқасында халық бір қалада шоғырланбай, қала сыртында өмір сүріп, алыс жерлерде жұмыс істеу мүмкіндігін алған.
Мына жерден алынды ақпарат.