Рас, қазір жастар құлақтарынан «наушник» тастамайды. Кейбіреу паралон салынған үлкендеу «наушник» тағады да, қысы бойы құлағынан тастамай, осылай жылы жүреді деп санайды. Бірақ бұл үлкен қателік. Қазіргідей ауа температурасының салқындаған кезінде мүмкін болса бас киім киіп жүрген жөн дейді маман. Өйткені құлақ ауруы бірден бастала қоймайды екен, білінбей дами беруі мүмкін деседі. Ал суық өткенде шыңылдап ауырған құлаққа жылы не ыстық нәрсе басуға болмайды. Өйткен жағдайда өте нәзік әрі сезімтал жүйке талшықтары бүлініп, невралгия дертіне шалдығуы мүмкін. Сондықтан отоларинголог дәрігер жаңбырлы-қарлы маусымда құлақты жылы ұстайды деп «наушникке» арқа сүйеуге болмайтынын айтады. Тіпті басқа кездерде де «наушникті» күніне 3 сағаттан артық құлаққа асып жүру зиян. Ол құлақтың есту қабілетіне зақым келтіреді. Үнемі жабық кеңістікте жүріп, музыка мен сыртқы дауысты қатар тыңдаудан артық салмақ түсетін жүйке талшықтары тез тозатынын да ұмытпаған жөн. Ал бұл кеңестерге құлақ аспаған жағдайда білдірмей, біртіндеп басталатын дерттің жазылуы да қиынға соқпақ. Мамандар қазір дәрігерге қаралуға келген науқастардың 30-40 пайызында түрлі дәрежедегі құлақ аурулары барын ескертеді. Сондықтан «наушникпен» емес, бас киіммен дос болған жөн-ау.