Сочи-2014" Қысқы олимпиадасында Қазақстан кем дегенде екі медаль жеңіп алуға үмітті. Бұл туралы Мәжілістегі үкімет сағатында Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, шетелдік сараптамалық-бағалау агенттіктері Қазақстан бір медальдан артық нәтиже көрсете алмайды деген болжам жасаған.
Алайда бұл турасында агенттік төрағасы, "Біздің ұлттық құрамада Алексей Полторанин мен Николай Чеботько сияқты тәжірибелі шаңғышылар бар. Соларға сенім зор. Бүгінгі таңда олимпиадаға 22 лицензия алынды. Алдағы уақытта лицензия саны қырыққа дейін жетпек. Спортшылар үмітімізді ақтауы керек" деген пікірін айтты.
"Рейтингтік агенттіктер әртүрлі болжам жасайды. Кейбіреулері Қазақстан 5 медаль, не 3 медаль алады десе, басқалары тіпті бір-ақ медаль қиған. Алайда, оның бәріне сене берудің негізі жоқ. Олар тіпті, Ресейдің өзі бестікке кірмеуі мүмкін деген болжам жасаған. Бәрін уақыт көрсетеді. Сочи көрсетеді", - деді ол.
Сондай-ақ, агенттік төрағасы республикамыздағы ашық және жабық спорт алаңдары тапшылығын тілге тиек етті.
"Бүгінде бұл турасында орындалған жұмыс көрсеткіші тек 56 пайызды ғана құрайды. Салаға жүргізілген зерттеулер нәтижесінде, елде бұқаралық спортты дамытудағы негізгі қиындықтар қажетті инфрақұрылымның жетіспеуінен туындап отыр. Мәселен, 2011 жылы аула клубтарының саны 651 болса, өткен жылы тек 626 болған", - деді агенттік төрағасы.