0 дауыс
390 көрілді

Жалпы  командалық  орында  нешінші  орынға  тұрақтайды

4 жауап

0 дауыс

Қазір төрткүл дүниенің жай-күйі осындай. Себебі, қыр астында Сочи олимпиадасы. Иә, дүйім жұрт көз тіккен аталмыш доданың басталуына санаулы күндер қалды. Сондықтан жарысқа түсетін спортшылар соңғы жаттығуларын өткізіп, дайындықтарын пысықтауда.

Жалпы Олимпиадаға әр ел түрлі мақсатпен келеді. Бірі сан толтырып, сапқа қосылғанына риза болса, келесісі, қоржынға құрығанда қола медаль салуды көксейді. Яғни, жалқы жүлде үшін жан беріп, жан алысады. Ал, АҚШ, Ресей, Қытай, Германия сынды алпауыт елдердің көздегені басқа. Өйткені, саясатпен қатар спортта да салмағы басым мұндай елдердің күміс пен қолаға көңілі толмайды. Олардың қалауы – жалпы есепте топ жару.

Десек те, қысқы спорттың жөні бөлек. Қанша мықты болса да, шаңғы теуіп, шанамен сырғанауда Қытайдың өзге алпауыттармен күш сынасуға шамасы жетпейді. Сондықтан аталмыш сайыста аспанасты елінің алдыңғы орыннан көрінуі екіталай. Ал, АҚШ, Ресей және Германияның қарқынынан көпшілік қаймығады. Ақ Олимпиада алпауыттарының қатарында Норвегия мен Канаданың да бар екенін айта кетейік. Яғни, Сочидегі бейресми алтын үшін негізгі талас осы бес мемлекеттің арасында өтпек. Осы ретте, біз қысқы спорт түрлерінен соңғы жарыстарға көз жүгіртіп, кімнің бабы басым екенін бағамдап көрген едік.

Алдымен, қысқы Олимпиаданың тарихына аз-кем тоқталып өтейік. Тұңғыш рет 1924 жылы Францияның Шамони қаласында өткен ойындарға небәрі 16 елдің спортшылары қатысты. Спорттың 4 түрінен сынға түскен олар 14 алтын медальды сарапқа салды. Алғашында ақ Олимпиаданың өтуіне Скандинавия халқы қарсы болғанын айта кетейік. Себебі, қысқы спорт түрлерін олар өздерінің ұлттық ойындары санайтын. Дегенмен, олардың қарсылықтары ақ Олимпиаданың өміршең додаға айналуына кедергі болған жоқ. Соған сәйкес, Сочидегі аламан ХХІІ қысқы олимпиада болып тарихқа жазылуға мүмкіндік алды.

Айта кетер жайт, 1992 жылға дейін жазғы және қысқы Олимпиадалар бір жылда өтіп келді. Алайда, 1994 жылдан бастап әрбір екі жыл сайын Олимпиада ойындарын тамашалауға мүмкіндік туды. Яғни, Халықаралық олимпиада комитетінің шешімімен жазғы және қысқы ойындар әртүрлі жылдарда өтетін болды. Нәтижесінде, 1992 жылғы Альбервиль олимпиадасынан кейін келесі қысқы ойындар 1994 жылы Лиллихаммерде өтті. Тұңғыш рет араға екі жыл салып, ақ Олимпиаданың алауы қайта тұтанды. Мұндай жайт осыған дейін және бұдан кейін де болмағанын айта кеткен жөн.

Енді негізгі тақырыбымызға келейік. Соңғы Ванкувер олимпиадасында жарыс қожайындары Канада өзгелерден оқ бойы озып, жалпы есепте бірінші орынға табан тіреген болатын. Сондықтан Сочиде үйеңкі жапырақты елдің өкілдері аталған нәтижені қайталауға ұмтылары анық. Бұл жетістіктің ресми күші болмаса да, саяси сахнадағы бәсекелестер үшін маңызы айрықша. Сол себепті, алпауыт елдер қысқы Олимпиадада жүлдесі көп спорттарға ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Сочиде ең көп медальдар жиынтығы шаңғы мен коньки сайыстары бойынша (әр спорттан 12 жиынтық) сарапқа салынады. Ендеше аталмыш спорт түрлерінен соңғы әлем чемпионатының нәтижелеріне көз жүгіртейік.

Өткен жылы шаңғы спорт түрлері бойынша әлем чемпионатында Норвегияға қарсылас атанар ешкім болған жоқ. Италияда өткен аталмыш сайыста даңқты биатлоншы Бьорндаленнің отандастары 8 алтын, 5 күміс және 6 қола жүлдеге қол жеткізді. Аталған сайыста Норвегияның бағына біткен шаңғышы Петтер Нортуг 15 шақырымда қарсылас шақ келтірмеді. Сондай-ақ, ол 4х10 шақырымдағы эстафеталық сайыста да командаластарымен бірге бас жүлдені қанжығаға байлады. Жалпы Нортугтың 2 дүркін Олимпиада (Ванкувер, 2010), 9 дүркін әлем чемпионы екенін ескерсек, Сочиде жалғыз жүлдемен шектелмейтінін аңғарамыз.

Италияда екі мәрте ең биік тұғырдан көрінген Тереза Йохауг те Норвегияның басты үміті. Ол әлем чемпионатында 10 шақырымдық жекелей сынмен қатар, 4х5 шақырымдық эстафеталық жарыста алтынмен апталды. Бұдан басқа Терезаның еншісінде Ванкувер олимпиадасының алтыны мен 2011 жылғы әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы деген атақ бар.

Сонымен қатар, ардагер шаңғышы, 3 дүркін Олимпиада, 12 дүркін әлем чемпионы, 34 жасар Марит Бьергеннің де Сочиге көңіл көтеру үшін келмейтіні анық. Негізі норвегиялық кез келген шаңғышының жүлдеге таласы бар. Ал, айтулы додада жоғарыда аталған елдердің ішінен Ресей мен АҚШ 2 алтын жүлдеге қол жеткізсе, Германиядан жалғыз спортшы әлем чемпионы атанды. Бұл спорт бойынша Қазақстан да жүлдеден үмітті елдердің қатарында. Еліміздің басты сенім артқан спортшысы Алексей Полторанин екені белгілі.

Коньки спортында аталған бес мемлекеттің деңгейі шамалас десек, артық емес. Себебі, бұл спортта өткен жылғы әлем чемпионатында Нидерландының асығы алшысынан түскен болатын. Сол сайыста қызғалдақты елдің әнұраны 6 мәрте шырқалды. Одан бөлек, голландиялықтар 5 күміс пен 2 қола медальді қоржынға салды. Ал, біз сөз еткен елдер арасынан Ресей ғана екі алтын және 3 қола жүлдеге қол жеткізді. Десек те, бұл қалған төрт мемлекеттің осал екендігін білдірмейді. Мәселен, 2012 жылғы әлем чемпионатында 3 алтын медаль олжалаған Канада Нидерландыдан кейін екінші орынға орналасқан болатын. АҚШ, Германия және Норвегияның да конькиден жүлде алуға шамасы жетеді. Біз өз тарапымызда әлем чемпионы (1000 м, 2013 жыл) Денис Кузинненжүлде күтетініміз жасырын емес.

Сочиде медальдар жиынтығы жағынан үшінші спорт түрі – биатлон. Айтулы сайыста спортшылар 11 жиынтықты сарапқа салады. Бұл спорт бойынша да Норвегияның шоқтығы биік. Сапында Бьорндаленмен қатар, Эмиль Хегле Свендсен, Тарьей Бе сынды саңлақтар бар норвегиялықтар алдағы аламанға тек алтын жүлде үшін келері сөзсіз. Сондай-ақ, бағалы медальдың жалғыз болмайтыны да белгілі. Норвегияның қоржынына алтын медаль салатын биатлоншылардың қатарында Бергер Тура есімді қыз да бар. Бұл спортшылардың барлығы да Ванкувер олимпиадасы мен бірнеше дүркін әлем чемпионы екенін ескерсек, өзге елдің өкілдеріне оңай болмасы анық.

Чехияда өткен соңғы әлем чемпионатында Норвегия спортшылары олжалаған 11 медальдың 8-і алтын екенін айта кеткен жөн. Оларға тақырыбымызға арқау болған бес елдің ішінен Германия мен Ресейдің ғана қарсылық көрсетуге шамасы жетеді. Ал, АҚШ пен Канадада бұл спорт түрі аталмыш елдермен салыстырғанда кенже дамыған.

Жүлдесі көп келесі спорт түрлері тау шаңғысы, сноуборд және фристайл. Бұлардың әрқайсысынан 10 жиынтық сарапқа салынады. Тау шаңғысынан Австрияда өткен соңғы әлем чемпионатында АҚШ 4 алтын, 1 қола медаль еншілеп, командалық есепте топ жарған болатын. Төрт бас жүлденің үшеуін Турин олимпиадасының чемпионы Тед Лигети олжалады. Яғни, Ресей жерінде өтетін додаға Лигети мен оның әріптестері сақадай сай келеді. Сондай-ақ, Германия мен Норвегияның да тау шаңғысы жарыстарында өз айтары бар. Соның ішінде неміс қызы, екі дүркін Олимпиада (Ванкувер 2010) және екі дүркін әлем чемпионы Мария Хефль-Риштің чемпион атануға толық мүмкіндігі бар. Ал, Норвегия сапында алтын жүлдеден басты үміткер – Ванкувер олимпиадасының және 5 дүркін әлем чемпионы Аксель Лунд Свендаль. Ресей мен Канада соңғы жарыстарда олжа салмағанымен Олимпиадада жүлде алуы ғажап емес.

Сноуборд пен фристайлдан әлем бойынша Канаданың мысы басым. Қос спорттан соңғы әлем чемпионатында канадалықтар жалпы есепте бірінші орыннан көрінді. Ал, 5 медальдар жиынтығы сарапқа салынатын мәнерлеп сырғанаудан Ресей, АҚШ және Канаданың мүмкіндігі мол. Бұл сында Қазақстанның да алтынға таласатыны біз үшін мақтаныш. Канадада өткен әлем чемпионатында күміс медальды мойнына таққан Денис Тен Сочиде де көк туды желбірететініне сенімдіміз.

Шана спортында Германияға тең келер мемлекет жоқ. Канадада өткен соңғы әлем чемпионатында мүмкін болған барлық алтын медальды немістер олжалады. Еліне Ванкувер олимпиадасының алтынын сыйлаған 6 дүркін әлем чемпионы Феликс Лох Сочиде тағы да өз елінің әнұранын шырқатары сөзсіз. Одан бөлек, 3 дүркін әлем чемпионы Натали Гайзенбергер де Ресейге алтын жүлде үшін келері хақ.

Міне, бейресми бас жүлдеден басты үміткерлердің жүлдесі көп жарыстардағы шама-шарқы осындай. Десек те, әрдайым бақ пен баптың қатар жүрмейтіні белгілі. Мәселен, 2006 жылғы Туриндегі олимпиадада Норвегия алғашқы ондыққа да ене алмай қалған болатын. Дәл сондай жағдай 4 жыл бұрын Ресейдің де басынан өтті. Ванкуверде небәрі 3 алтын, 5 күміс, 7 қола медаль еншілеген солтүстік көршіміз жалпы есепте 11-орынды қанағат тұтты. Ендеше өз жерінде өтетін додада орыстар аянып қалмасы анық.

Иә, біреулер үшін әлем елдерінің ең мәртебелі жарысына қатысудың өзі арман. Енді біреулерге Олимпиада ойындарында олжа салудың өзі үлкен жетістік. Ал, мақаламызға тұздық болған спорт алыптары үшін жалпы есептегі орналасудың маңызы жоғары. Содан болар, ешқандай ресми мәртебесі болмаса да бұл көрсеткішке көпшілік ерекше назар аударады. Сонымен, біз Сочи төрінде жалпы есепте үздік орындардан көрінуге басты үміткер елдерді атадық. Тіпті төмендегі кестелерге қарап-ақ, көп нәрсені аңғаруға болады. Ендеше, сіз де өз ойыңызды түйе жүріңіз, спортсүйер қауым!

http://www.alaman.kz/?p=54902

Көшіріп жаза салу оңай. Өзіңнің жеке пікірің қайда сонда?
0 дауыс

Мен Алексей Полтараниннен , Денис Тэннен алтын күтемін. Осы екеуі алтын алып жатса алғашқы ондыққа кіруге болады.

0 дауыс

Қазақстанда қысқы спорт түрлері нашар дамыған. Әйтеуір, ел қатарлы қатысып қайтсақ болды да ))

0 дауыс
Мен алтынды Денис Кузин мен Денис Тэннен күтемін) Бұйырса бола жатар
...