Қазақ осы.
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсын сен оны,
Нағыз қазақ осы міне, танып қой.
Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған,
Сүйетұғын қазақ осы, қараңдар.
Қазақ осы күй шығарып, ән салып,
Көкпар тартып, қыз кууға жаралған.
Қазақ осы - айтатұғын желге сыр,
О, ағайын, халық емес ол кесір.
Қазақ осы - аңғал-санғал жабусыз,
Қазақ осы - ақыл-тегіл, көл-көсір!
Қазақ осы - дала дейтін, күн дейтін,
Қазақ осы - "өнер алды - тіл" дейтін.
Қазақ осы - қарасың ба, ақсың ба,
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін!
Қазақ осы - көргенінен таңбайтын,
Той-думансыз оты түзу жанбайтын.
Қазақ осы - алудай-ақ алатын,
Ал беруден алдына жан салмайтын.
Қазақ осы - ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады.
Байқа да тұр, саған да ол кетерде,
Ат міңгізіп, жібек шапан жабады.
Қазақ осы - құда бол деп қинайтын,
Құдаларын құдайындай сыйлайтын.
Қазақ осы - дүние мен малыңды,
Оңды-солды шашу үшін жинайтын.
Қазақ осы - жайып жатқан қанатын,
Батыр халық, ақын халық - дәл аты.
Қазақ осы - өзімсінген адамға,
Насыбайға бола өкпелеп қалатын.
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсын сен оны,
Нағыз қазақ осы міне, танып қой.