Сұхбаттар
ҰБТ-ны жаман деп айта алмаймын. Оның жақсы және жаман жақтары болды. Оны мойындауымыз керек. Жақсы жағы дейтінім, ол ауылда оқитын, не болмаса қалада тіпті орыс не қазақ мектебінде оқитын оқушылардың білім сапасын салыстыруға мүмкіндік бар еді. Кезінде «қазақ мектебінде оқитындардың үлгерімі нашар, білім жоқ» деп айтылатын. ҰБТ осыны жоққа шығарды. Керісінше қазақ мектептерінде оқитын балалар әлдеқайда өздерінің білімді екендіктерін көрсетіп берді. Жалпы, осы Ұлттық Бірыңғай Тестілеу бағдарламасын әлі де жетілдіру керек еді. Бұл оқушы үшін де өте тиімді. Бір рет қана сынақтан өтесің де, жақсы бал жинай алсаң, ЖОО түсуге мүмкіндік аласың. Ал екінші бір қыры талай жақсы оқитын балалар осы сынақта сәтсіздікке ұшырап, өз-өзіне қол жұмсаған жағымсыз оқиғалар да болды. Дегенмен оның да алдын алуға болатын еді. Сондықтан бірден ҰБТ тиімсіз деп оны іске алғысыз етудің реті жоқ. Ал баяғыдай емтихан мәселесін ендіретін болса, оқушы екі рет әуреленуге тура келеді.
– Меніңше, бұл өте оңды бетбұрыс деп ойлаймын. Неге десең, осы кезге дейін мектеп оқушылары, соңғы жылын тек ҰБТ-ға дайындалумен өткізіп, мектеп бағдарламасын кері ысырып қоятын. Бұл дұрыс емес. ҰБТ-ға даярланған бала үнемі стресте жүреді. Жүрекке, жүйкеге салмақ салады. Сәтсіздікке ұшырап жатса, суиицидке ойланбай баратындары бар. Ал емтихан тапсыру – өте дұрыс қадам. Біріншіден, жағымсыз оқиғалардың алдын аламыз. Екіншіден, жеткіншек өзінің қалаған мамандығы бойынша емтихан тапсырады. Білімін сол сала бойынша жетілдіреді. Ізденеді. Меніңше осы емтихан тапсыру тиімді болмақ.
Менің балалар жайлы жазып жүргенім, балалардың «Ұлан» газетінде Бас редактор болғаным бір басқа. Онымен қоймай, біраз жыл мұғалім болып та істедім. Оқушылардың жай-күйімен жақсы таныспын деп айта аламын. Шынымды айтсам, қанша мақтағанмен ҰБТ ұнамайтын. Өйткені оқушы соған ғана даярланады. Соның сұрақтарын тауып алуға тырысады.Тіпті оның сұрақтарын қандай да бір жолмен қолға түсіріп, бизнеске айналдырғандар бар. Ал емтиханның жөні бір басқа, Ыбырай Алтынсариннің «Кел балалар, оқылық, Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық» деген жыр шумағы бар емес пе?! Маған соның «ықыласпен оқылық» дегені қатты ұнайды. Өйткені шын көңілімен, ықыласын қоя оқыған баладан ғана бір нәрсе шығады. Ал тек ҰБТ-ның сұрақтарын жаттап, сол деңгейде қалып қойған баладан мықты, білімді азамат қалыптасады деп айта қою қиын сияқты. Демек, емтихан тапсыру мәселесі қайта қойылып жатса, оны құптаған жөн.