0 дауыс
37.8k көрілді

Қабдеш Жұмаділовтың "Тағдыр" романының толық нұсқасы керек еді, қайдан табуға болады?

5 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Амал не, қазақтың көшi-қон тарихын әлi күнге дейiн бiзде ешкiм зерттеген жоқ. Әсiресе, 1962 жылғы көш еш жерде айтылмай, жазылмай, жабулы күйiнде қалып келедi. Олай болатыны, Кеңес дәуiрiнде бұл оқиға айтуға болмайтын мемлекеттiк құпия саналады. Ал тәуелсiздiк жылдарында ұлт тағдырына қатысты мәселеге зиялылар тым селқос қарады. Жоқтан өзге ұсақ-тұяқ тақырыптарға кандидаттық, докторлық диссертация қорғағыш тарихшылар да осы бiр маңызды тақырыпқа аттап басқан жоқ.

Ал бұл iске менiң қандай қатысым барын бiлгiңiз келсе, мен - сол оқиғаның басы-қасында болған жай қатардағы куәгер емес, 1962 жылғы көштi дайындаған, әрi соның бұйдасын ұстап келген адаммын. Егер сол еңбегiмдi басқа бiреулер зерттеп, айтып жатса, өз басым үндемей-ақ қояр едiм. Жыл өткен сайын көз көрген куәлар да азайып барады. Сондықтан жұрт жадынан өшiп қалмау үшiн, ел алдында атқарған қызметiм­дi өзiм айтуға тура келiп тұр.

Тарихта үлкен оқиғалар кейде кiшкентай идеядан бастау алады. Бұл жолы да солай болды. Онда менiң Қытайдағы саяси науқандарға байланысты, Алматыдағы оқуымнан (1956-1958) қол үзiп, үш жылдай Үрiмжiде бақылау астында жұмыс iстеп, өзiмнiң туған қалам Шәуешекке "төменге түсiп" келген бетiм болатын. Жоғарыға дүркiн-дүркiн арыз жазып жүрiп осыған қолым әрең жеткен. Ондағы мақсат - шекараға жақын (небәрi он сегiз шақырым) Шәуешекке жетiп, одан ары Қазақстанға өту, үзiлiп қалған оқуымды қайта жалғастыру болатын. Шекарадан өтсем, менi керi қайтармайтынына сенiмiм кәмiл. Өйткенi, Қазақ университе­тiнiң студенттiк белетi мен екi жыл бойы баға қойылған "сынақ кiтап­шасы" костюмнiң iшкi қалтасында тiгулi жүр едi. Соны көрсетсем, менiң шекара бұзған жансыз, не "шпион" еместiгiме шекарашылар сенедi деп ойлаймын. Анығын айтсам, менiң 1961 жылы көктемде Шәуешекке келудегi басты мақсатым осы болатын. Ал ата жұртқа көш бастап өту, сол көшке халықты дайындау идеясы кейiн пайда болды. Мұндай өзгерiс енгiзген - өмiрдiң өзi.

ен Үрiмжiде ашаршылықтың дәмiн татып, көнек аурумен iсiп-кеуiп жат­қандарды өз көзiммен көрiп кел­генмiн. Шәуешекке келсем, бұл аймақты да ашаршылық жайлап ал­ған екен. 1958 жылы жаппай құрылған "Халық коммунасы" қалың жұртшылықты ортақ қазанға қаратып, жеке түтiн шығаруға тыйым салып, iшер ас, киер киiмге зар қып қойған кезi. Бұқара халық бұған наразы болып, аштық апатынан құтылудың амалын таппай, бастары қатып жүрген аса қиын кезең болатын. Осыдан бiр жыл бұрын Алтай аймағы коммунаға қарсы көтерiлiске шығып, олар қарулы әскер тарапынан күшпен жанышталған. Ақыт қажының баласы Қалман бастаған алпыс адамды байлап-матап, Үрiмжi түрмесiне әкелгенiн өз көзiммен көргенмiн. Шеттерiнен мерген, Оспан батырдың ерлiк дәстүрiн әлi ұмыта қоймаған, жауынгер Алтай керейлерi анадай халге ұшырағанда, Шәуе­шек­тiң отырықшы, әрi "оқымысты" жұрты ондай қайрат көрсете алмасы анық. Демек, бұл елге аштық апатынан құтылудың басқа жолын iздеу керек.

Мiне, атажұртқа ел көшiру идея­сы менiң басымда осылай туды. Жеке мақсат ендi ұлт мақсатына айналды. Қолымда "төменге түсi­рiл­дi" деген жолдау қағазым бол­ғанымен, "идея қалтам" (қызмет­кер­­дiң өз қолына берiлмей құпия ұсталатын жеке делосы) Үрiмжiден уақытында келмей, мен Шәуешекте үш айдай бос жүрдiм. Көңiлдегi мақсатты жүзеге асыруда мен осы айларды пайдаланып қалуға күш салдым. Бұл - қаладағы мұғалiмдер мен студенттердiң де жаздық каникулға шыққан бос кезi. Мен сияқты "төменге түсiп", әлi орныға алмай жүргендер қаншама. Алғашқы аптада-ақ Шәуешек жастары менiң маңайыма үйiрiле бастады.

Олай болатыны, мен ол кезде жұртқа танымал, жас ақынмын. Оның үстiне Алматыда екi жыл оқып қайтқан, Мәскеудi көрген (1957 жылы Мәскеуде өткен дүние­жүзiлiк жастар мен студенттердiң 6-фестивалiне Советте оқитын Қытай студенттерi атынан қатыс­қанмын) адаммын. Қайтсек ұлттық езгiден құтыламыз, атажұрт Қазақстанға қалай жетемiз деп, ұшарға қанат таппай жүрген жастардың менен сұрайтын ақыл-кеңестерi көп-ақ. Мен де мұндай мүмкiндiктi зая кетiрмей, алдағы көш туралы әңгiменi ашық айта бастадым. Кешке қарай қалалық саябаққа барамыз, ойын-тойға қатысамыз, мұнда да толастамайтын сол әңгi­ме. Жастар Алматыны сұрайды, Мәскеудi сұрайды. Қазақстан халқының тұрмысын, мәдениетiн бiлгiсi келедi. Өздерi аттарын естiген ақын-жазушыларды сұрайды. Мен тiптi асыра айтпағанның өзiнде, техникасы мен мәдениетi шығандап алға кеткен советтiк өмiр салты оларға ғажайып ертегi сияқты әсер етедi. Әсiресе, Қазақстандағы тоқшылықты, жыл ара миллиард пұт астық алатынын естiгенде, ауыздарының суы құриды.

Сонымен, Шәуешек халқы көшуге дайын деуге болады. Қала тұрғындары ғана емес, қырдағы ел де солай. Алақандарына түкiрiп, "құдайым алдағы көктемдi қолға бере ме, жоқ па" деп, асыға күтiп отыр. Бiрақ бұл жеткiлiксiз. Ендi алдағы көшке Совет одағын дайындау керек. Артынып-тартынып, шұбырып жетiп барғанда, шекарашылар халықты өткiзбесе, не алдыңнан оқ боратып, қырып салса не болмақ. Ендеше, олардан алдын ала баспана сұрап, босқындар көшiн бөгетсiз қабылдайтын ету керек.

Осы оймен, бiз сол жылы күз айларында Мәскеуге жүздеген адамның қолын қойдырып, ондаған хат жолдадық. Адрес белгiлi: "Мәскеу. Кремль. КПСС Орталық Комитетiнiң бас секретары Н.С.Хру­­щев жолдасқа", немесе "Жоғарғы Совет Президиумының төрағасы К.Е.Ворошилов жолдасқа" деймiз де, конверт сыртына бағалы маркiлер жапсыртып, айрықша заказбен айдап жiберемiз. Кейде ол хаттардың көшiрмесiн Қазақстан Компартиясының бiрiн­шi хатшысы Д.А.Қонаевқа жiберiп отырдық.

Мен Мәскеуге жолданатын хаттардың бiрнеше нұсқасын дайындағам. Онда Шыңжаң қазақтарының бұл өлкеге қоныстану тарихы, жалпы қазақтың атажұрты - Қа­зақстан екенi қысқаша баяндалған. Сондай-ақ, қазiр Шыңжаңдағы қазақ ұлтының Қытай шови­нис­терi тарапынан саяси, экономикалық, құқықтық езгiге ұшырап отырғаны, қазiр ел iшiн аштық жайлағаны айтылған. Одан ары "Совет Одағы - дүниедегi езiлген халықтардың жанашыр досы екенi, Шыңжаң қазағына атажұртқа көшуден басқа еш амалдың қалмағаны айтылып, егер алдағы көктемде көшiп бара қал­сақ, бiзге баспана берiлуiн сұрағанбыз".

Бұл хаттарды мен нағашым Шәрiп Ақышұлының (қазiр Семей қаласында тұрады) атынан, тағы бас­қа мұғалiмдердiң атынан жолдап отырдым. Кейбiреулер мендегi хаттың мәтiнiн көшiрiп әкетiп, өз ауылдарынан қол жинап, өз төтелi жiбергендер де болды. Кереметi сол, Кремльге жазған хаттарымыздың "тапсырып алдық" деп мөр басылған түбiртегi келiп отырды. Бұл жағдай бiздi одан ары жiгерлен­дiре түстi.

Қараша айында Шәуешекке Құлжадағы Совет консулының орынбасары келдi (бұл кезде Шәуешектегi Консулдық жабылып қалған). Ол жұртшылықтың тiлегi бойынша, көп адамдарды кезекпен қабылдады. Қабылдауда мен де болдым. Мен сыр тарту үшiн, алдымен өз жағдайымды баяндадым. Ол менiң Алматыда оқыған құжаттарымды мұқият қарап шықты да:

- Сiзге жол ашық қой. Қалаған уақытта шекарадан өте беруiңiзге болады, - деп бетiме қарап күлдi.

- Ал халық ше? Шәуешек халқы алдағы көктемде атажұртқа көшемiз деп белсенiп отыр. Олардың жағдайы не болады? - дедiм мен консулдың ау-жайын түйгiм келiп.

- Иә, осында келгелi осындай тiлектi көп естiдiм. Мен мұны мiндеттi түрде жоғарыға жеткiзем. Айналып келгенде көшу мәселесiн халықтың өзi шешедi, - дедi ол маған мәнiстi көз тастап. Арадағы әңгiмеден мен өзiмнiң дұрыс бағытта екенiмдi түсiндiм.

Мен жаңа оқу жылынан бастап қала мектептерiнiң бiрiнде мұғалiм болып жүрiп жатқанмын. Бiр жерде қызмет iстемесең, азық-түлiк талонын алу мүмкiн емес... Алайда менiң де артымда аңду бар екен. Жастардың менiң маңайыма көп топталатынынан сезiктенiп, әрi ел iшiнде қол қойылған хаттардан хабар тапқан Шәуешек сақшысы менi жаңа жыл қарсаңында, түкпiрдегi Сiбетi мектебiне жер аударды. Қақаған қыста мұғалiм ауыстырғанды кiм көрген. Менi көпшiлiктен қол үздiрiп, жастардан бөлiп әкетудiң амалы. Бiрақ олар кеш қалды. Бiз оған дейiн көш дайындығын бiтiрiп те қойғанбыз.

Күткенiмiздей-ақ, 1962 жылдың сәуiр айында көш басталып кеттi. Алдымен осы оқиғаны тықырши күткен қала жастары мен шекараға таяу ауылдар өттi. Олардың "балдай батып" кеткенiн көрген соң, алыс ауылдар мен аудандар қозғала бас­тады. Ол кезде, келiсiм бойынша, шекараны Совет солдаты ғана күзететiн. Қытай жағы әлi шекара күзетiн қолға ала қоймаған. Несiн айтасың, Совет Одағы жүз елу шақырымға созылған Тарбағатай шекарасын бес жерден ашып тастады. Жаманты, Бақты, Ергейтi, Емiл, Шағантоғай заставалары бiр шақырымға дейiн шекара сымдарын жинап тастап, аттылы, арбалы, түйелi көштердi күндiз-түнi қабылдады-ау! Не керек, айналасы жиырма-шақты күнде Шәуешек шаһары түгелiмен (қалада жүз мыңға жуық қазақ тұратын), қалаға қарасты аудан халқы, Шағантоғай ауданы, Шәуешектегi дүмпудi естiп қозғалған Толы мен Дөрбiлжiн ауданының бiр бөлiмi шекарадан өте шықты. Егер Қытай өкiметi әлсiн-әлi нота тапсырып, бiрiншi мамырда шекара жабылып қалмағанда, көш аймақтағы жетi ауданға түгел тұтасар едi. Соның өзiнде 200 мыңнан астам адам шекарадан өтiп үлгердi. Әрине, ресми құжаттарда бұл сан кемiтiп көрсетiлдi. Дұрысы, сiрә, бiздiң есебiмiз болар... Бұл көштiң барысы менiң "Таңғажайып дүние" атты ғұмырнамалық романымда егжей-тегжейлi жазылған. Мен бұл жолы басты оқиғаларды ғана еске алып отырмын.

Зымырап өтiп бара жатқан заман. Мiне, содан берi де жарты ғасырдың жүзi болыпты. Сол жылы туған бала қазiр елуде. Ал көштiң жүгiн артысып, арқанын тартыс­қан жас жiгiттер бұл күнде жетпiстiң үстiне шықты. Демографтар сол жылы атажұртқа келген 200 мың қазақ қазiр ұрпағымен еселенiп, миллионға жеттi десiп жүр. Мен сол жылы шекарадан өтiп, қазiр аман-есен жер басып жүрген қандас бауырларымды көштiң елу жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Ал өз басым сол көштiң жоспарын жасап, бұйдасын ұстап келгенiмдi мәңгi мақтаныш етемiн. Менiң жазушылық еңбегiм, жазған том-том кiтаптарым өз алдына. Ал 1962 жыл­ғы көш - менiң азаматтық қызметiмнiң шырқау шыңы.

Қазiр менi көре алмайтын, iштерi тар, мысық тiлеулi бiреулер менiң көш бастаған еңбегiмдi жоққа шығарғысы келiп: "Ол - ашаршылықтан қашқан босқындардың көшi ғой. Жұмадiлов соны сырттай иемденiп жүр" деп, пыш-пыш өсек тарататын көрiнедi. Ондайлардан мынаны сұрау керек: "Иә, ол жылдар Қытайда аштық болғаны рас. Ондай аштық апатына қазақтар тұратын Алтай аймағы да, Құлжа аймағы да ұшырады ғой. Жерлерi шекараға тиiп тұрғанына қарамай, ол аймақтардың халқы неге қозғалмай отырып қалды? Көктемгi көкөзек шақта Шәуешек халқын дүрк көтерген - қандай күш? Көш бастаған серке - кiм?".

Ал менiң Мәскеу мен Алматыға ел атынан хат жолдағаныма күмән келтiрушiлер табылса, ол хаттар Орталық Комитеттiң мұрағатында сақтаулы. Ақтарып көруле­рiне болады.

 

II

Иә, сол бiр 1962 жылдың сәуiр айы мәңгi естен кетер ме?! Ол өзi мақсатымыз iске асқан әрi қуа­ныш­ты, әрi сағат сайын басқа қатер төнген үрейлi көктем болды ғой... Қазақ көшi, жоғарыда айт­қанымыздай, шекараның бес жерiнен ағыл-егiл өтiп жатыр. Басында қопарыла көшкен елдi жергiлiктi өкiмет өздерi үгiт-насихатпен тоқтатпақ ниетте, болып жат­қан төтенше жағдайды жоғарыдан жасырған-ды. Әрi Совет одағы бар­ған көштi қайтарып тастайды деп дәмеленсе керек. Кейiн iс терiске айналғанын бiлген соң, амал жоқ, Үрiмжiге хабарлайды, Үрiмжi Бежiнге сұрау салады. Содан, олар бiр түйiнге келгенше, бiраз уақыт өтiп кеткен­дi. Кетiп жатқан тек қазақтар екенiн бiлген соң, бәлендей асыға қоймады ма, кiм бiлсiн?!

Әйткенмен, аймақтағы жергi­лiк­тi өкiмет те қамсыз емес­тi. Түбiнде, бұл көштiң де сұрауы болатынын бiледi. Сондайда "елдi бұзған осылар" деп жоғарыға көрсету үшiн, бiраз адамды ұстауға бұйрық берiптi...

Күдiктi адамдардың тiзiмi Аймақтық сақшыда бұрыннан бар болатын... Әрине, ол тiзiмнiң басында мен тұрмын. Сонан соң, елдi көшуге үгiттеген, қол жинап, жоғарыға хат жазуға көмектескен тағы бес­алты адам бар...

Алайда "қылмыстыларды" ұс­тау оңайға түспейдi. Ел iшi астан-кестең. Сақшы әскерiнiң көбi көш тоқтатумен әуре. Кейбiр ұлттық сақшылар мылтығын лақтырып тас­тап, көшке iлесiп кетсе керек. Мұндайда негiзгi сенiм Қытай сақшыларына артылатыны белгiлi. Ал олар жер жадысын бiлмейдi... Ал бас "бұзақы" мен тiзгiн ұшымен бiресе ауылға, бiресе қалаға шап­қылап жүрiп, қуғыншылардың қолына түспей-ақ қойыппын. Бiр қызығы, мен соңымнан аңду барын бiлсем де, нақты ұстауға бұйрық берiлгенiнен хабарсыз болатынмын.

Сол 22 сәуiр күнi Сiбетiдегi қалың елдiң көшiн жолға салып жiберiп, олармен Жаманты заставасында кездесуге уәделесiп, ендi қаладағы шешем мен екi қарындасымды ала кетпек болып, кешкi апақ-сапақта Шәуешекке келген бетiм болатын. Байқағаным, қала халқы арылып-ақ қалған екен. Көшеде адам аяғы сирек. Неше күннен берi ұйқы көрмегем. Жантайсам болды, "қор" ете түсуге да­йын тұрмын. Шешем де қамсыз отырмай, көршi қақпадағы шекараға ел тасып, ақша тауып жүрген арбакеш ұйғырмен ертеңге келiсiп қойыпты. Сұраған ақшасына қоса, нормалы бұл белетi мен астық белетiн де түгел берсе керек.

Сонымен, ертең бәрiмiз бiрге жүретiн болып, кешкi астан кейiн ұйықтауға қамданып жатыр едiм, кенет iшкi үйге алқын-жұлқын Қажытай кiрiп келдi. Қажытай Iлиясов - менiң "Шыңжаң газе­тiнде" бiрге iстеген жолдасым, қазiргi белгiлi ақын­сатирик. Ол сол тұста газет тiлшiсi ретiнде Шәуешекте жүрген-дi.

- Алда, ағатай-ай, әлi аман екенсiң ғой! - дедi босағадан аттай бере. - Сенi ұстамақ болып, қалалық сақшы сабылып iздеп жүрген көрiнедi... Мына отырысың не, ойбай, кетпейсiң бе...

- Оны кiм айтты саған?

- Аймақтық парткомның тiлма­шы. Бiлетiн шығарсың, Жүсiп дей­тiн дүнген жiгiт... Жаңа қақпа сыртынан да cодегей екi адамды көрiп қалдым. Сөз жоқ, сенi аңдып жүрген адамдар...

Амал жоқ, қозғалуға тура келе­дi. Мұны естiген апамда да дегбiр қалған жоқ.

- Онда бөгелмей тез жөнелiң­дер! Бiзге қарайлама... Бiз ертең ұйғырдың арбасымен шекараға бiрдеме қып жетемiз, - деп ол кiсi де жеделдетiп жiбердi.

Екеуiмiз асығыс киiнiп далаға шыққанбыз. Қажытай дыбысын бiлдiрмей қақпа жаққа барып келдi де:

- Әлгiлерге тағы екi адам қосылыпты. Бiр­бiрiне "үйiнде екен" дегендi қытайша айтып тұр, - дедi, сыбырлай тiл қатып.

Ендi арт жақтағы дуалдан секiруден басқа амал жоқ. Сырт жақта әлдебiр мекеменiң бақшасы бар, соған жетсек, Жауыртамға қарай шығып кетуге болады. Дуал тым биiк, бiр тәуiрi, сол тұста дуал­ға жапсыра салған жатаған дәретхана бар едi. Бiз алдымен сол дәретханаға шығып, одан ары дуалдан оп­оңай асып түстiк.

Бұдан былайғы сапарымыз менiң "Таңғажайып дүние" атты ғұмырнамалық романымда толық көрiнiс тапқан. Бiз әлдебiр көшпен бiрге түнiмен жүрiп отырып, күн көтерiле Жаманты заставасына жеттiк. Шекара бойы құжынаған халық. Үстi­үстiне көшiп келiп жат­қан ел... Бiз - жаяумыз. Шекараның дәл түбiнде "Қаракiтат" дейтiн шағын өзен бар. Кеше тауға жаңбыр жауған ба, өзен суы лайланып тасып жатыр екен. Аттап өту қиын. Амал жоқ, кешiп өтуге тура келедi. Қажытай бәтiнкесiн шешiп, арғы жағалауға лақтырып жiбердi де:

- Сен аяғыңды шешпей­ақ қой, мен арқалап өтейiн! - дегенi. Шынында да, менiң тартынғаныма қарамай, арқалап өттi.

Кейiн, көп жыл өткен соң Қажытай қалжыңдайды:

- Сонда зiлдей ауыр едiң. Сөйтсем, бiр қап роман арқалап өтiппiн ғой! - деп бiр жиналыста бiраз елдi күлдiргенi бар.

Шекарадан өтiп, қауiп-қатерден құтылған соң бiр жотаға шығып, артқы елге қарап тұрғанымыз бар. Бүкiл Құлыстай өлкесi - андыздаған көш. Әр тұстан будақ-будақ шаң көрiнедi. Жаяу-жалпылы, атты, арбалы, түйелi көштер сар­қылар емес, үстi-үстiне келiп жатыр, қосылып жатыр. Бұрын атажұртқа жетуге ұшарға қанат таппай жүр­ген қайран қазақ өз елiне қосылуға асығып келедi... Жалпы, менiң өмiрiмде бақытты сәттер аз болған жоқ. Соның ең биiк шыңы - туған халқымның көшiн бастап келiп, осынау Ақшоқы жотасында шалқып тұрған сәтiм болар, сiрә!

 

III

Кейiн мәлiм болғанындай, жоғарыда айтылған бес заставадан өткен 200 мың қазақ (арасында бiрлi-жарым ұйғыр мен татар да бар) Қазақстанның шығысындағы төрт облысқа (Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Алматы облыстарына) бытырай жайғасыпты. Жер ыңғайына қарай, Ақшоқы, Жаманты, Ергейтi тұсынан өткен Шәуешек жұрты Семей мен Шығыс Қа­зақстанға орналасыпты да, төменгi Емiл, Шағантоғай, Барлық тұсынан өткендер Алакөл маңына, Талдықорған мен Алматы облыстарының кейбiр аудандарына жайғасыпты.

Бiздi, яғни Шәуешек тұсынан өткендердi жүздеген машинамен тасып әкелiп, Аягөз өзенi бойында төрт-бес күн аялдатты да, одан ары аудандарға таратып әкетiп жатты. Шәуешектiң негiзгi жұрты - жетi болыс (зәңгi) төртуыл тайпасы Тарбағатайға сонау Абылай заманында, ХVIII ғасырда барып қоныс­тан­ған ғой. Сондықтан да оларды Қазақстанда күтiп тұрған туыстары жоқ болатын. Соны ескерген төртуылдар әр ауданнан адам алуға келген кiсiлермен келiсiп, табыл­ған орынға таңдамай тарай берiптi. Аласапыран көш жөнекей кiмге ие боласың, бiр Күдерi әулетiнiң жарымы Жармада қалса, тағы бiр жартысы Ақсуат ауданына барыпты. Бұл күнде төртуыл тайпасын жаңа аталған төрт облыстың бәрiнен де табуға болады. Кiмге өкпелейсiң, маңдайға жазылғаны сол болса... Аңыз бойынша, Төртуыл бабамыз түсiнде қысырақтың үйiрiн бiр жерге жинай алмай, шаршап жатып ояныпты, оның түсiн жорыған Төлегетай атасы "Қап, балам-ай, ұрпағың бытыраңқы болады екен-ау" деп өкiнiптi. Сол бабалардың болжамы дәл келдi. Бұрын төртуылдың орыс пен қытай жерiне қақ бөлiнiп қалғаны ойыншық екен. Ендi, мiне, атажұрт Қазақстанға келгенде, әр совхозға 50­60 үйден бөлiнiп, шашырап кеттi... Осыны ескерiп, менiң құрбы-құрдасқа айтқ­ан мынадай әзiлiм бар.

- Жiгiттер, мен сендер сияқты рушыл емеспiн. Маған рушылдық жат. Себебi, мен өз руымды бөлектемей, саналы түрде қазақ ұлтына әкелiп қосып жiбергенмiн! - деп сөзден ұтқан едiм...

Әйткенмен, маған қарайлап, түпетегiмнен ұстаған 120 отбасы Аягөз көпiрi маңында, ең соңында қалып қойыпты. Олар "Осында қалғандарымыз ендi ешқайда бө­лiн­беймiз. Қайда барсақ та бiр жерде боламыз" деген талап қойды. Бұ­ларды қайда апарсақ болар екен? Таяу маңдағы аудандар қажеттi адамдарын алып, кекiрелеп тойып отыр. Ақырында, бұдан кейiнгi тiршiлiк үшiн темiржол бойынан тым алыстап кетпеудi ойладық та, бiздiң Сiбетiден келген 120 шаңырақты Жарма ауданының iргелес жатқан екi совхозына ("Скотовод" және "Михайловка" совхоздарына) алпыс үйден бөлiп орналастырдық. Әр совхозда төрт­тен бөлiмше бар екен. Әлгiлер, амал жоқ, он бес үйден тағы бөлiнетiн болды.

Совет одағының аса қуатты, бай мемлекет екенiне осы жолы тағы бiр рет көзiмiз жеттi. Қазақстан өзiне бiр мезгiлде келiп қосылған 200 мың адамды шыбын шаққан құрлы да көрген жоқ. Көшiп келе салысымен, үй басы бiр-бiр қаптан ұн мен қант түсiрiп, бiр қойдан "ерулiк" берудiң сыртында, әр үйдiң желiсiне бiр бұзаулы сиыр байлады. Несiн айтасың, аштықтан бұралып келген жұрт кәнi болды да қалды.

Басқа аудандарды бiлмеймiн, бiз қоныстанған Жарма ауданының сол кездегi басшылары шетiнен ұлтжанды, бауырмал, саналы адамдар болып шықты. Аупарт­ком хатшысы Тортаев, аудандық оқу бөлiмiнiң бастығы Хадес Жақсыбаев, "Скотовод" совхозының директоры Күнсiлам Мұсажанов, партком хатшысы Тоқан Жоламановтар көшiп келгендерге оң көздерiмен қарап, қолдан келген көмектерiн аяған жоқ. Жаңа келгендердi бiр айға жеткiзбей түгел жұмысқа орналастырды. Жарма ауданы малшыға зәру екен, бiздiң адамдар ондай олқылықты бiрден толтырды. Бiздiң арамызда жетi-сегiз мұғалiм бар едi, мамандықтары бойынша олар да мектептерден орын алды. Оқушы балалар аудан орталығындағы мектеп-интернатқа орналасты.

Ең кереметi, небәрi екi айдың iшiнде "Совет Одағының азаматы" деген қып-қызыл паспорт бердi-ау! Және оны алу үшiн ауданға, не облысқа сандалтқан жоқ, паспорт үстелiнiң адамдары ауыл-ауылды аралап жүрiп, отбасы мүшелерiн тiзiмдеп, жазып әкеттi де, кейiн сол тiзiм бойынша үлестiрiп бердi... Сондағы тәртiп пен iскерлiкке бүгiнге дейiн қайран қалам. Қазiр тәуелсiз қазақ өкiметi өзiнiң оралман-қандастарына бес-он жылға дейiн азаматтық куәлiк бермей сандалтқанын көргенде, сондағы советтiк әдiл заң ерiксiз еске түседi.

Көп ұзамай-ақ ауыл адамдарымен аяқ-табағымыз араласып кеттi. Алғашында ащы суға үрке қараған аға-жеңгелерiмiз кешiкпей жергi­лiк­тi жұртпен шөлмектес, дәмдес болып, достасып алды. Әсiлi, арақ - қазақтың байырғы асы емес, бұл елге соғыс кезiнде жалпыласқан әдет қой. Оның үстiне бұл елде арақ - радияцияға қарсы ем деген түсi­нiк бар екен. "У iшсең руыңмен" дегендей, кешiкпей мұндағы ел не iшсе, бiз де соны iшетiн болдық... Айтпақшы, арғы беттен келгендер шайға тұз салып iшетiн-дi. Мұнда келген соң көршiлердiң ұрттап алмайтынын көрiп, шайға тұз салуды қойды.

Сонан кейiнгi бiр мәселе, жердi, топырақты өгейсу. Бұл жағынан Жарманың табиғаты түгiн тартсаң майы шығатын Құлыстайдың топырағындай қайдан болсын. Бiздiң төртуылдың абыз ақсақалы, тоқсан жастағы Қали қажы Жармадағы "Михайловка" совхозына келiп түскен. Ол өмiрiнде ешбiр өкiметтен ықпаған, тiлi усойқыдай ащы, менiң "Соңғы көш" романыма өз атымен кiрген кейiпкерлердiң бiрi. Осы жолғы көш кезiнде де алдымен қозғалған көзi ашық адам. Қажының атажұртқа бiрден бет бұруы әрi­сәрi екi ойлы боп жүрген талай адамға түрткi болғаны анық.

Мiне, сол қажы көшiп келген­де­рiне екi айдай болғанда, балаларын жинап алыпты да:

- Кәне, жүктерiңдi буып, жолға дайындалыңдар, көшемiз! - дептi.

- Ойбай, қажы ата, Жармаға жаңа келген жоқпыз ба? Ендi қайда барамыз? - дейдi балалары.

- Жармаң жарылып қалсын! Тез көлiк қарастырыңдар. Көше­мiз! - дейдi қажы айтқанынан қайт­пай.

- Сонда, қайда барамыз? Шәуе­шекке ме?..

- Жоға, Үрiжарға көшемiз! Топырағы торқа Тарбағатайдың бөктерi ғой ол дағы...

Сөйтсе, мәселе былай болған екен. Жасы жеткен қажы көшiп келген соң осында бiрнеше жаназаға қатысады. Өлiктiң жерлеуiнде болып, бұл елдiң қабырды қалай қазып, мәйiттi қалай қоятынын көредi. Ал Жарманың жерi тастақ, құмайттау келедi. Қабiрдi ақымдауға келмегендiктен, ұра қып қазып, мәйiттiң бетiн плитамен жауып, не кiрпiшпен өрiп шығады екен. Кейде жалпақ тастарды қашап қоюға тура келедi. Тегiнде, "Жарма" деген атау осыдан шықты ма, кiм бiлсiн? Мiне, жарықтық Қали қажы ақсақалдың Жармадан жерiген себебi сол екен. Ақырында, қажы айтқанын iстеттi. Өзiне қа­рас­ты өрен­жаранымен Үрiжарға көшiп кеттi.

Сонан соң, көшiп келгендердi бiразға дейiн қатты алаңдатқан бiр нәрсе, көш кезiнде адасып қалған ағайынның бiрiн-бiрi таппай сандалуы. Бұрын өмiрi iргесi бөлiнбеген туыстардың бiр-бiрiне деген сағынышын айтып сұрама! Кейiн мәлiм болды ғой, бiздiң аталас туыстарымыз Семейдiң Абай, Ақсуат, Үрiжар, Шұбартау, Бесқарағай аудандарына тарап кетiптi... Тағы бiр қызық жай, Аягөзге келген соң: "Кәне, кiм қайда барғысы келедi" десе, жұрттың көбi Абай ауданын таңдаса керек. Өйткенi олардың көпшiлiгi - Мұхтар Әуезовтiң "Абай жолы" романын оқып алғандар. Ондағы ел тұрмысын, табиғат көрiнiстерiн сол кiтаптағыдай елестететiн болса керек... Кейiн солардың барған жерлерiне көңiлдерi толмай:

- Мұқаң Абай топырағын тым асыра мақтап жiберiптi ғой. Барсақ, романда суреттелген сұлу көрiнiстердiң бiрi жоқ... Әлгi Тоғжанның ауылынан қайтқанда, Абай мен Ерболдың өгiзге мiнгесiп әрең өтетiн Қарауыл өзенi қазiр көзi жылтырап, зорға ағып жатыр! - деп сонда барғандарына өкiнiп жүрдi.

Бұл арада жазушының кiнәсi жоқ екенiн, дәл iргесiндегi ядролық сынақтар Абай жерiн қырық жыл бойы дүмпiгенiн, бастау-бұлақ атау­лы жер астына түсiп, құдықтардың құрғап қалғанын, сөйтiп, Абай қоныстарының сиқы кеткенiн кейiн келгендер қайдан бiлсiн?!

Әрине, арада бiраз жыл өткен соң, босқындар келген жерiне ба­уыр басып, кiрiгiп кеттi. Терезесi теңелген екi жақ бiрiн-бiрi жатырқау­ды қойған. Мұндайда атасы бас­қаны жақындастыратын - құдалық қой. Көп кешiкпей-ақ екi ел арасында ерсiлi-қарсылы қыз алып, қыз берiсу басталған.

Арада бiраз жыл өткенде, Үрi­жарда тұратын менiң аталас аға­йыным Жұмабек Сұлтанаев Абай ауданына құдалыққа барыпты. Құдасы - Арқаттағы мамайлар болса керек. Қайтып келген соң сарқыт дәметкен көршiлерi "Құдаларыңыз қандай екен?" деп сұрамай ма. Сонда Жұмабек ағамыз қолына домбырасын алып:

Тобықты - құда болдық Мамайменен,

Таныстық ауыл-аймақ маңайменен.

Олар да бiз сияқты жандар екен,

Жалғыз-ақ мақтанбаса Абайымен, -

деп басталатын бiрнеше шумақ өлең айтыпты. Байқайсыз ба, осында Жұмабек ағам ұлы Абайға ғана бас иедi. Ал қалғандарымен "олар да бiз сияқты жандар екен" деп, өзiн тең ұстайды. "Ел кенелдi, төл теңелдi" деген осы емес пе?!

Иә, жоғарыда айтқанымыздай, 1962 жылғы ұлы көшке биыл - 50 жыл. Оның ұлы болатыны, қылышынан қан тамған империялар шекарасын қақырата бұзып өтуiнде. Ол да - ұлт рухынан тасыған бiр жылы болар. Онда бiздiң де жас кезiмiз. Арман жоқ, ойхой жиырма бесiмiзде көш бастап, қамал бұзыппыз! Көш барысында ағайынның шырқы бұзылса, рулар бытырап кетсе, сол үшiн халықтан кешiрiм сұраймын! Ол көш те ерiккеннен емес, ұлт қамын күйттеуден туған. Жалпы, бiз ұтылған жоқпыз, алға кеткен атажұртқа қосылып, бiрден жарты ғасыр аттап түстiк.

Менiң руластарым - төртуылдар да кешiрер. Бiз кiшiрейген жоқпыз, үлкейдiк. Бiр сәтте рудан - ұлтқа бiр-ақ секiрдiк. Қазiр әрқайсымыз - үлкен ұлттың өкiлiмiз. Егер қазақ ұлты гүлденсе, соның iшiнде бiз де бармыз. Соған шүкiршiлiк етейiк.

«Жас Алаш» газеті

Кітаптың толық нұсқасы ма? оны көп деп естігем, басқа толық нұсқасы жоқ па?
Тағы іздеп көріңіз бәлкім табылып қалар. Бірақ менің тапқаным осы болды. Тағы толықтырылуы керек бұл негізі бір бөлігі ғана деуге болады.
0 дауыс


http://www.flip.kz/descript?cat=people&id=113640  осы  сайттан  толық  нұсқасын  жүктеуге  болады

0 дауыс

Қазақстанның ашық кітапханасында электронды нұсқасы - http://kitap.kz/index.php/catalog/book/1295-tagdyr_qabdesh 

Аудионұсқасы - http://kitap.kz/index.php/catalog/audiobook/2208-tagdyr_audiobook_qabdesh

0 дауыс
Әке сен жерленген сұр төбені, айсыз қараңғы түнде көзімді... сондықтан калай? Бұл қандай проза? Маған проза керек. Көмектесіңдерш(((
0 дауыс
Қысқаша мазмуны жокпа?
...