Дэвид Бекхэм - 50,6 млн $
1. Бай-қуаттылардың тізімін Тайгер Вудс бастап тұр. АҚШ-тың 35 жастағы атақты гольф шебері — бүгінгі таңдағы әлемдегі ең бай спортшы. Оның байлығы жүздеген миллион АҚШ долларын құрайды. «Forbes» журналының пайымдауынша, Тайгердің «жиған-тергені» алдағы бір-екі жыл ішінде миллиардқа жетуі мүмкін. Егер айтылған сөз ақиқатқа айналса, айтулы азаматтың есімі спортшылар арасынан шыққан алғашқы миллиардер ретінде Гиннестер кітабына тіркеледі. Тайгердің негізгі табыс көзі — түрлі жарыстарда жеңіп алған жүлделік қоры. Ол «Мейджор» турнирінде 14 рет топ жарды. «PGA Тур» жарыстарында 71 рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Басқа да толып жатқан атақ-даңқтары бар. Сонымен қатар кейіпкеріміз «Nike», «Buick» және «Gillette» сынды әлемге әйгілі сауда белгілерін жарнамалау арқылы да мол олжаға кенелуде. Былтырғы жылы ол 75 миллион доллар көлемінде таза пайда тапқан екен.
2. Америкалық баскетболшы Коби Брайант 2010 жылы 54 миллион доллар-ды әмиянына салды. Кобидің әкесі Джо Брайанттың өзі де кезінде мықты ойыншы болған. Сексенінші жылдары ол Ұлттық баскетбол лигасында өнер көрсетіп, елеулі табыстарға қол жеткізді. Әке жолын қуған ұл 1996 жылы 18 жасында «Лос-Анджелес Лейкерстің» жейдесін киді. Содан бергі 15 жыл бойы тапжылмай сол команданың сапында ойнауда. Кобидің қол жеткізген табысы да қомақты. Ол Ұлттық баскетбол лигасының бес дүркін чемпионы, Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы. 2007/2008 жылғы маусымда Американың «ең құнды ойыншысы» атанды. Сегіз рет аталмыш лиганың белді баскетболшыларының бірі болып танылды.
3. Былтырғы маусым тағы бір атақты баскетболшы Леброн Джеймс үшін де табысты болды. 1984 жылы АҚШ-тың Огайо штатында дүниеген келген ойыншы жастайынан білікті бапкерлердің назарына ілікті. Әуелде ол жеті жыл бойы «Кливленд Кавальерстің» намысын қорғаса, былтырғы маусымнан бері «Майами Хиттің» сапында өнер көрсетуде. Бойы 203 сантиметр, салмағы 114 келі тартатын Джеймс екі рет Олимпиада ойындарына қатысты. Афиныда қола медальді мойнына ілсе, Бейжіңде бас жүлдені олжалады. Екі рет Ұлттық баскетбол лигасының жеңімпазы атанды. Бірнеше рет лиганың шартты құрамасына енді. Леброн Джеймс былтыр 48 миллион доллар көлемінде пайда тапты.
4. Швейцариялық теннисші Роджер Федерер үшін былтырғы маусым аса сәтті болған жоқ. Олай деуге негіз, 2010 жылы «Үлкен дулыға» санатына жататын төрт жарыстың бірінде ғана Федерердің бағы жанды. Ол жылдың басында өтетін Австралияның ашық біріншілігінде топ жарған еді. Соның кесірінен әлемдік рейтингте үшінші орынға сырғып түсті. Алайда материалдық тұрғыдан Роджер айтарлықтай зардап шеккен жоқ. Ол басқа да көптеген турнирлерде бас жүлдені иеленіп, біраз олжаға кенелді. Оның үстіне «Үлкен дулыға» жарыстарының 14 дүркін жеңімпазы түрлі жарнамалардан біраз пайда түсірді. Оның былтырғы табысы 47 миллион долларды құрайды.
5. Бесінші орында тағы бір гольф ойыншысы — Фил Микельсон. 1970 жылы АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында өмірге келген ол «PGA Тур» жарыстарында 30 реттен аса топ жарды. 2010 жылы Микельсон 46,5 миллион долларды қалтасына басты.
6. Англияның атақты футболшысы Дэвид Бекхэм 2 мамыр күні 36 жасқа толды. Сол себепті оның жұлдызды шақтары артта қалды деп айтуға барлық негіз бар. Кезінде ол өз елінің ұлттық құрамасының капитаны болды. «Манчестер Юнайтед», «Реал» және «Милан» сынды әйгілі клубтарда өнер көрсетті. Жасыл алаңда жеңіп алған жүлделерін айтпағанда, Бекхэмнің басқа да атақтары жетерлік. Мәселен, Дэвид — «Британия империясы орденінің» офицері, ЮНИСЕФ ұйымының елшісі. Оның есімі ең атақты 100 британдықтардың тізіміне енді. Қазіргі кезде ол АҚШ-тың «Лос-Анджелес Гэлакси» клубының туы астында өнер көрсетуде. Сонымен қатар жарнамаға түсіп, жағдайын жақсартуда. Өткен жылғы Дэвид Бекхэм тағы 40 миллион долларға байыды.
7. Бүгінгі таңда жасыл алаңда жасындай жарқырап жүрген Криштиану Роналду былтыр 38 миллион доллар пайда тапқан екен. 2009 жылы Мадридтің «Реалы» «Манчестер Юнайтедтен» сатып алды. 24 жастағы шабуылшы үшін королевтік клуб 83 миллион фунт-стерлинг төледі. Кезінде ол әлемнің ең үздік футболшысы атанса, қазір де мықтылар қатарына еркін енуде. Сонымен қоса, Роналду — Португалия құрамасының ең негізгі ойыншысы. Былтыр айтулы футболшының жеке есепшотына 38 миллион доллар аударылды.
8. Тегі доминикандық болғанымен АҚШ-та туып-өскен Александр Эмануэль Родригес ұзақ жылдан бері әлемдегі ең мықты бейсболшылардың бірі саналады. Ол 12 рет «Барлық жұлдыздар матчында» өнер көрсетті. 10 рет «Silver Slugger Award» жүлдесін иеленді. Басқа да жеңіп алған жүлделері адам қызығарлық. Родригестің өткен маусымдағы табысы — 35 миллион доллар.
9. «Формула-1» жарысының жеті дүркін жеңімпазы Михаэль Шумахер 2010 жылы 34 миллионды әмиянына салған екен. Көлік жүргізушілердің жарысына түсушілер арасында оның есімі алтын әріптермен жазулы. Осы спорт түрі бойынша Шумахер байрақты бәсекелерде 91 рет топ жарды. Бүгінгі таңда өз көрсеткіштері бойынша Германияның азаматымен ешбір адам теңесе алмайды.
10. Былтырғы жылдың бай-қуатты 10 адамның тізімінің ең соңғы жағынан Лионель Мессиді кезіктірдік. Аргентина ұлттық құрама командасы мен Испанияның «Барселона» клубының туы астында өнер көрсетіп жүрген атағы жер жарған футболшы 2008 жылғы Олимпиада ойындары мен жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы. «Барселонаның» сапында бес рет Испания чемпионы атанды. Үш рет Чемпиондар лигасын ұтты. Месси сан мәрте әлем және Еуропаның ең үздік футболшысы деп танылды. Бүгінгі таңда да теңбіл доптың теңдессіздер тізімін бастап тұр. Жанкүйерлер оны «Жаңа Марадона» деп атайды. Өткен жылы Лионель 32,3 миллион долларды еншіледі.