0 дауыс
4.1k көрілді
сәлеметсіздер ме! маган тез арада "Сорғалаған нөсердей жырын тыңда Дулаттың" атты тақырыпта шығарма керек! егер сіздерде бар болса ,маған тез ,қазір жіберулеріңізді сұраймын!

1 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап
Қазақ әдебиеті тарихындағы шығармашылық тағдыры күрделі ақындардың бірі – Дулат Бабатайұлы. Абайтанушы М.Мырзахметов «Екі күймен бір жанға әділет пе?» деген мақаласында заманында саясаттың салқынының кесірінен Абай шығармаларына әртүрлі көзқарастың болғанын айта келіп: «Дәл осылай болмаса да осыған тағдыры ұқсас, бірақ әдеби мұрасы бір күймей екі рет күйген тағдыр тәлкегін Дулат жыраудан көреміз. Ол Абайға дейінгі ауызша айтылып, импровизаторлық дәстүр негізінде дамып, жалғастық тауып келген қазақ поэзиясы мен жаңаша бағыт-бағдармен даму жолына түскен жазбаша әдебиетті ұштастырып, рухани көпірге айналды, әдеби мұрасымен өз заманының саналы ойдың иесіне айналды» деп баға береді. М.Мырзахметов Дулат шығармаларының бірінші күйгені ретінде татар молдасы Мәулекидің 1880 жылы Қазан қаласынан басып шығарған «Өсиетнама» кітабындағы кеткен кемшіліктерді айтса, екінші күюі ретінде Кеңес үкіметі кезіндегі идеология әсерінен ақын туындыларының «ақтаңдаққа» айналғанын атап өтеді.
Дулат тұлғасының «ақтаңдаққа» айналуының тағы бір мысалы ретінде М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан атының алынып тасталуын айтуға болады. 1942 жылы жарық көрген «Абай» романында Дулат, Шортанбай, Шәкәрім сияқты Абайдың айналасындағы ақындардың аттары өзгертілмей жазылады. Әсіресе, жас күнінде Қодар мен Қамқаның өлімінен кейін жан дертіне шалдыққан Абайдың шығармашылық қабілетінің қалыптасуына әсер еткен ақын ретінде Дулат тұлғасы ерекше сомдалады. Жазушының бұлай жазуына негіз де жоқ емес болатын. Академик Р.Сыздықова «Дулатты танып болдық па?» атты мақаласында: «Әрине, тарихи роман болғанмен, дәл 1958 жылы балаң Абай мен 56 жастағы «қарт» Дулат бұлайша жүздесті ме, жоқ па – бұл эпизод шындыққа сай түспеуі де мүмкін, бірақ жазушыға Абайдың рухани дүниесінің қалыптасуына, ақындық дарын бұлағының ашылуына әсер ететін факторларды, образдардың іздеу керек болды. Өйткені өазіргі тарих таныған Абай көктен түскен жоқ: туды, белгілі ортада өсті, айналасынан әсер алды. Жас Абайдың жан дүниесіне әсер етіп, жақын келер жандар болса, солардың бірі емес, бірегейі Дулаттай ой иесі, сөз иесі болмаққа керек» деген тұжырым айтады. Құнанбай ауылымен малы аралас, қойы қоралас болған іргедегі Аягөз өңірінің тумасы Дулат жырау шығармашылығы Абайға таныс болғанына біз де күмән келтіре алмаймыз. Ал ұлы жырау есімінің романнан алынып тасталуына себеп, кеңестік қасаң саясаттың кесірінен Дулат, Шортанбай, Шәкәрімдер діншіл, ұлтшыл, ескішіл көзқарастағы ақындар ретінде партияның сынына ұшырап, шығармаларын оқуға тиым салынғандығының салдары деп білеміз.
...