+6 дауыс
1.3k көрілді

“Мен қарапайым отбасынан шығып, Қытай Халық Республикасында окып жатқан Қазақстан Республикасының азаматшасымын. Оқудың төлемақысын өзім төлеймін, ата-анамның қалауымен “Аспан асты “елін таңдадым. Осы күнге дейін бұл елде оқитын студенттер жайында ешқандай хабарым болмаған. Әңгіме менің неге қытай тілін таңдадым және оқуға қатысты тақырыпта емес, сондықтан хат мазмұнында тілге тиек етейін деп отырғаным жүрекке инедей қадалып жүрген бұл елдегі өз Отандас құраластарымның, яғни біздің қазақ студенттерінің өмірі мен жағдайы. Десек те бұл менің айналамда болып жатқан осы үрдістер тұрмыстық деңгейде болса да, осы жағдайымыз ұлт тағдырына үлкен қауіп төндіріп тұр.
Бүгінгі таңда Қытайдағы қазақ студенттерінің дені ҰБТ-дан төмен нәтижеге ие болғандар немесе жәй қыдырыстап “тусовка” үшін келгендер. Ниеттері қандай екені қайдам, әйтеуір тірліктері осыны көрсетеді.
Сонау 2010 жылдан бастап қазіргі күнге дейін мың түрлі қазақты көрдім, әрине мінсіз ұлт, мінсіз адам болмайды, бірақ біздің қандастар тым шектен асатыны үш ұйықтасам да түсіме кірмеген.
Қытайға келіп алғашқы рет оқу ордасының табалдырығын аттағаным және ең бірінші оқу күнін әлі ұмытқаным жоқ, өйткені ең бірінші боп біздің қаракөз қазақтар көз алдыма түскен болатын. Сол мезетте “қазақтарым ғой” деп амандасуға бара жатқанымда “че опять что ли эти казахи приехали” дегенді естідім. Бетім қызарып, ешнәрсені түсінбей қалдым, оған қоса олардың көзқарастары да тым жаман болатын. Үндемей оқу залына қарай бет бұрдым. Ішіне кіріп келген кезде біздің қазақ қыз-жігіттер темекілерін тартып, бір-бірін құшақтап алып, сүйісіп тұрған түрлерін көргенде, шынымды айтайын құлап қала жаздадым! Мен мұндай масқараны еш жерде көрмегенмін, десек те ондай жастар басқа ұлт өкілдері болса “ой, біздікілер болмаса болды” деп теріс қарап кетесің ғой, бірақ мен қаракөз қазақ қыз-жігіттерін көргенімде, кіріп кететін жер таппадым. Оған қарамастан маған қарай түтіндерін бүркітіп, бір-біріне “мынау қайдан келген типа ангелочек?” – деп сықылықтап күліп алды, сол кезде ата-анам телефон шалып қалған, туған анаңа қазақ тілінде сөйлемегенде кімге сөйлейің, қазақша тіл қатып жатқанымда олар маған біртүрлі қарап ,”мамбетка” деп кекетіп сөйлеген. Әрине бетке айтпайды, бірақ естіртеді…
Қыздың да,жігіттің де жалпы адам баласының тәрбиесіне енбейтін нәрселерді осы Қытайдағы жатақханада көріп естідім. Түнде біздің қыздардың қасына қазақтар да келеді, оған қоймай араб, түрік, пәкістан және т.б ұлт өкілдері біздің қазақ қыздардың қасынан шықпайды. Тектен-текке келмейді ғой! Тегінде қазақ қыздарына келгендегі діттеген мақсаттарына жетпесе, түн ұйқысын төрт бөліп есірген жігіттер келе ме? Күндіз ұйықтап, түнде маскүнем қазақ қыздарының “концерттері” басталады. Олар демалып жатқан студенттердің “қойсаңшы”деген сөзі түгіл, жатақхана қараушысының “шығарып жібереміз” деген сөзіне қарамай, қырылуға дайын тұрады, ауыздарынан орыстың жаман сөздерінің сан түрлері шығып жатады. Қыздар бір-бірлерімен қырылып, беттерін тырнап, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Қазақы тәрбие көрген мен үшін бұның бәрі жат болды. Тіпті бұл көрініс қазақы болмай-ақ қойсын, әйтеуір дұрыс тәрбие көрген кез-келген адамға оғаш болып көрінетін көрініс. Мен бұның біріне шыдамадым, сөйтіп келесі жылы П. қаласына ауыстым, тіл тамамдаған жерім С. қаласы.
П. қаласына ауысқаннан кейін мұндағы қазақтар өзге шығар деп ойлағанмын, оған қоса оқу сапасы С. қаласына қарағанда жер мен көктей. Екі айдан кейін қателескенімді түсіндім, оқу сапасы жағынан емес, қазақтар жағынан. Сабақ оқымайтындар, сабаққа кешігетіндер, сабаққа күндеп емес, айлап бармайтындар – бәрі бәрі ҚАЗАҚТАР!!! Бұған дейін қазақтар осындай жағдайда екенін мұғалімдер де айтқан, біраздан соң олардың сөздерін сол жердегі көргенім растап берді.
Жігіттер мотоцикл алудан, қыздар киім-кешекпен жарысудан шаршамайды. Бәрінің тілегі – Қасиетті Жұма күні “бухать по полной программе” (өстіп айтады)
Қасиетті Жұма демекші “өтірік мұсылмандардың” да саны аз емес, ауыздарының суын ағызып қойып уағыз айтқанда: бұл адам иманы бар екен, білімді екен деген ойда боласың, бірақ бір күні ол адамның да басқа өзгеше “қырын” көресің. Сөздері мен істері бір-біріне түк үйлеспейді, бойларында екі адам бар секілді. Темекі де, арақ та, түнгі клубта жүру де, қыздарға білгенін істеу де солардан қалған. Жұма күні күндіз сабаққа бармайды, Жұма Намазға баруым керек деп, сосын кешкісін жын-ойнақтардан бір шығады. Оқу далада қалған жоқ, себебі оқу деген ұғым да, ой да олардың санасында жоқ.
Осы жерге дейін оқығаннан кейін “немене Қазақстанның студенттерін қадағалайтын ұйымдар жоқ па?” – деп ойлайтын шығарсыз. Әрине бар! “Жас Қыран” деген ұйым бар! Бірақ “жасқырандықтардың” тек қағазға жазып “I love Kazakhstan” дегеннен басқа түк ұлтжанды істері жоқ!!! Әйтеуір бітпейтін “Kazakh party” деген тойлары бар. Қазақстан немесе Қазақ мәселесін талқылайтын “пати” ма деп жүрсек, сөйтсек “арақты кім бірінші тауысады” деген жарыстар өткізеді екен. Әрине кездескен сайын емес, бірақ осындай жарыстар болған. Ал өзге бағдарламар да осындай тақырып аясында. Қыздардың түрі тыртиған жезөкшеден асып түспесе кем емес!!! Наурыз болсын, Тәуелсіздік күні болсын бәрібір: олар үшін міндетті түрде “Kazakh party” өту керек! Дебат анау-мынау ұйымдастырады, олардың Құдайға да қажеті жоқ! Тек қана бос сөз, мәселен “елді қалай дамытамыз, не істейміз” деп ауызынан көпірік аққанша бос сөйлеп, сөз таластырудан қолдары босамайды. Ешкім нақты қимылдап, сөздерін іспен жарытып жатқан жоқ. Ертең “жиналыс” деп өмірбақи сабаққа бармайтын шолақбелсенділер де аз емес, әйтеуір саны бар, сапасы жоқ, дүмше патриоттар ұйымы.

Өз тәнін ақша үшін жалғыз қытай емес, басқа ұлт өкілдерімен төсектес болып жүрген қазақ қыздары жылдан жылға көбейіп барады. Әрине олар үшін ішкі дүние маңызды емес, ең бастысы жұрттан асып киінсе болды! Өз-өздерінен жиіркенетін уақытқа әлі жетпеді-ау деп ойлаймын. Бұндай жүріспен жете ме? Апта сайын түнгі клуб табалдырығын тоздырып жүрген қыздар да қазақ қыздары. Мейлі билесін, көңіл көтерсін. Бірақ араққа сылқия тойып алып, өз беделін түсірудің не мәні бар? Бұл жүрістермен олар өздерін кемсітіп жүрсе ештеңе емес қой, бірақ ҰЛТ ТАҒДЫРЫ ДЕГЕН ҰҒЫМ ҚАЙДА СОНДА??? Мас болып, мал болып жерде жатқан қазақ қыздарын достары да алып кетпейді: сөйтіп әр бұрышта есінен танып жатады. Бір Алла біледі ол қызға кім не істегенін. Таң атқанға дейін ол қыздарға әркім өз білгенін істейді. Ұлттың құрдымға кетіп бара жатқаны бұлардың санасына кіріп шықпайды. Себебі санада ондай ойға орын жоқ.

Қытайдағы Қазақстан елшілігінің де бұл іске шаруасы жоқ! Олар бөлек, біз бөлек. Дипломатиялық іс құдды тек сауда мен саясат төңірегінде сияқты. Студенттер тәртібі мен оқу үлгерімін ешкім қадағаламайды! Елшіліктің ішінде көп адам қытай тілін де білмейді, әрине олар да туыс-таныс деп кіргендер шығар. Және өз жұмыстарын да дұрыс білмейді, қытай тілін білмесе де қазақ тілін білуге тиісті олар!!! Ішінің дені орысқұлдар! Шаруаңмен барсаң, дөрекі жауап береді! Сірә “аспанасты елі” деген ұғымды бұлар тікесінен пайдаланытын сияқты, өздерін аспанда отырғандай сезеді. Қазақ жастарын қадағалауға немесе бағдарламалар жасауға қаражат бөліне ме? Бөлінсе олар қалай жаратылады? Бөлінген гранттарды “жасқырандықтар” немесе таныстардың балалары алып алған!

Қытайда анаша, төбелес, ұрлықтан да сотталған қазақтар жетеді. Оған қарамастан елге қайтканнан кейін жаңа паспортпен келгендерді де көрдім. Есірткелерді көбінесе Қытайдың ұйғырларынан сатып алып жатады.

Қытайдағы көп студенттер университеттен университетке ауысудан шаршамайтындар, өйткені Қытайда өзің үшін оқисың, сені ешкім қадағаламайды, бірақ тәртіп бәріне ортақ! Оқудан оқуға ауысудан ерекше көзге түсетіндер – қазақстандықтар!

Бөтен елде Қазақстан беделін түсіріп жатырған қазақтар үшін жаным ашиды! Сонда ата-ана берген тәрбие қайда? Рух байлығы қайда? Намыс, ұят дегеннен жұрдай болдық қой… “Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым” – деген осындайда айтылатын шығар…

Мен Қазақпын деген сөзден ұялғым келмейді! Бірақ Қазақстандықпын дегенде жаман көзқарасты көргім де келмейді! Шошқа етін жеп: "я не знаю че такое ру" ,"да ну казахский никчемный язык, который в современном мире не востребован" – деген "казахтарды" да көргім келмейді! Мен Қазақстан болашағы үшін қорқамын! Қауіптенемін. Оған барлық сілтемелер бар. Ең өкініштісі: көшеде қазақ қазақты көргенде жауын көргендей болады! Бірауыз сәлемге де күштері жетпей қалады. Ауызбіршіліктің не екенін ұмыттық…

Ер балаларға айтатыным: сіздер еркек емессіздер, өйткені сол жаман жолға түсіп кеткен қыздарға ақыл айтып, жол сілтедеудің орнына, өздеріңіз сол қыздарды зат ретінде пайдаланып жүрсіздер! Бүгін бір зат (қыз), ертең басқа зат (қыз). Заттардың қолдану реті ауысу мүмкін, бірақ заты бір – ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ! Бұған көзім баяғыда жеткен! Қытайдағы барлық студенттер жоғарыда жазғанымдай емес, бірақ дені осындай!

Жоғары жақтан студенттердің жағдайына назар аударуды сұраймын! Мәжілістен Қытайдағы елшіліктен сұрау салуды сұраймын! Ата-аналардан 20-дан асса да әлі есі кірмеген ұл-қыздарын Қытайға жібермеуін сұраймын!

Қызға қырық үйден тыйым деген ұғым бар! Ата-аналар! Сіздер қырық қадам тұрмақ, Құдайдан да қорықпағандардың құрған сонау Қытай мемлекетіне мәпелеп өсірген ұл-қыздарыңызды жіберіп отырсыздар! Қыздарыңыздың ары төсекте, кім көрінгеннің қойнында былғанып жатқанын қаламасаңыздар ойланыңыздар! Ұлттың мүддесін сатпаңыздар! Әр қазақтың мойнында еліне деген қарыз бар! Міндет бар!

Қыз да болсам мына хатты жазуым – СОЛ МІНДЕТТІ ТҮСІНУІМ!!!

© А.есімді оқушы қыз

4 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

Осы хатка былай жауап кайтарыпты бир кыз.....
Айқапта жарияланған Қытайдағы оқушы қазақ қызының хаты деген мақаланы оқып, пікірімді білдірмей тыныш отыра алмадым. Сайтта сіздің почтаңыз көрсетіліпті. Есімін көрсетпеген қызымыз мақалада бір жақты ғана алып көрсеткен, соған менін көнілім толмады, Қытайда оқитын студенттердің көпшілігіне бірдей күйе жаққандай сезілді. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді деген осы ғой, көмек сұраған, кез-келген ата-ана баласын жаман болсын демейді ғой, білім алсын деді, мында бәрі адамның санасына байланысты. Бірі қызық қуып келсе, енді бірі білім іздеп, болашағын жоспарлап келеді. Мен 3 жыл мемлекттік қызметте қызмет атқардым, алға қойған мақсатыммен осында оқуға тапсырдым, Алла буйыртып осында оқуға түстім, өз еркіммен жұмыстан шығып, арман қуып, үлкен мақсатпен білім алуға осында келдім, қазір Қытайдың солтүстігінде оқимын. Мында мен өзім жайлы айтып мақтанып емес, осында оқитын менің Қазақстандық жерлестерім жайлы да айтпақшымын. Мен оқитын қалада 9 Қазақстандық азамат оқимыз. Ер жігіттеріміздің жүрегінде иманы, аузында Алласы бар, бес уақыт намазын оқып, жұма сайын мешітке барады. Қыздарымызда өте тәрбиелі, аға алдын кесіп өтпейтін жандар десем өтірік айтқаным емес. Жасымыз үлкен кіші болсақта сіз деп сөйлейміз, бұл сыйластықтың белгісі деп білем. Әр мереке сайын қазақтар жиналып, жеті шелпегімізді салып, қуырдағымызды қуырып, қазақ елі болып тойлаймыз. Бір-бірімізге көмекетсіп, ауыра қалсақ жүгіре жөнелеміз. Жаналықтарды оқып, басымыз жинала қалса айтып, талқылап, пікірімізді білдіреміз. Мындағы жастар 20, 22, 25, 28, 30 жастағылар. Ақыл тоқтатып, ініге, қарындасқа, сіңіліге ақыл айтатындай жаста. Мен оқитын қаладағы жастар өте татумыз, қазақтар туралы жаман айтылған сөздерді естімедік, керісінше бір-бірімізді қолдап көтермелеп жүреміз. Басқа мемлекеттің студенттері бізге қызыға қарайды, қандай татусындар деп. Хат жазған қыздың мақаласынан кейін(егер мен Қытайда оқымасам мақаланы бір оқығанан кейін Қытайдағы қазақ студенттердің бәрі солайма екен деген ойға келетін едім, әр адам әрқалай көзқараспен қарайды ғой дегенмен), қандай керемет періштелер деп күлетін шығарсыз, шыныменде арақ, темекі дегеннен аулақпыз. Өзіміз айтып жүреміз, Қазақстандық азаматтар осындай деген атақ алмай, жақсы жағымыздан көрінейік деп. Шетелдік студенттер Қазақстан туралы сұрап жатады . Өздерін қызықтырған сөздерді сұрап. Мен қазір орыс қызбен тұрамын. Бұрын орысша мен қазақшаны араластырып сөйлей беруші едім, мында келіп орыс тілін араластырмай өз тілімде таза сөйлеуге үйрендім. Бәлкім бұл күлкілі шығар, бірақ Алматы жастарының көбі осы кеселмен жүр ғой. Себебі мында біз осында тілімізбен және мәдениетімізбен ерекшеленеміз. Орыстар ойламаса екен деймін, ой біздің тіл барлық жақта керемет, қазақтардың өзі араластырып сөйлейді деп. Үлкен талап қойғанбыз, орыс тілінің бір сөзін қоспай сөйлеңдер деп. Бөлмеме қазақтар келгенде және қай жерде болмасын орыс тілінің бір сөзін қоспай сөйлейміз, жанымдағы қыз танырқап қарайды. Қандай жақсы тіл, тез сөйлейсіңдер деп. Бір күні бауырсақ пісіргем, сөйтсем жанымдағы орыс қыз қоймайды," маленькая лепешка" деп, ол қызды бұл қазақтың ұлттық тағамы "Бауырсақ" деп айт деп үйреттім. Мында жан-жақтан жиналған студенттер болған соң, бір-бірімізге еліміз жайлы мақтана айтамыз. Еліміз жайлы жаман пікірде қалмаса екен дейсің. Себебі отыз тістен шыққан сөз отыз руылы елге тарайтыны анық қой. Менің мындағы айтпағым, бекер шөптің басы қимылдамайды ғой, бар шығар, солай шығар, бірақ бәрі емес, мында мен, мақалада арасында бізде кетіп қалдық, ақталайын деген мақстатта емес, қазақтар туралы қатты айтылған сөзге намысым келіп кетті, біздің жастарымыз осындай деңгейге жеттіме деп. Бұл мақаланы маған, осында оқитын қазақ студент қыз жіберіпті, көрші, менің намысым келіп отыр деп. Менің де намысыма тиді. Қазақ айтады ғой "Бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер"деп. Құдай әркімге сана берсін дейміз. Әр адам айтылған және айтқан сөзіне жауап беруге тиіс қой, бәлкім ол қыздың айтары осы шығар.

0 дауыс

Бул жагдай тек Аспан асты елинде гана емес оз елимиздеде бар, бирак оган ешкимнин басы ауырмайды. Себеби, "басы барлар" оз калталарын ойлайды ал "басы жоктар" тек оз конил котеруин гана ойлайды. Ел алдындагы, ата-ана алдындагы миндетти жете тусинбейди. Тек жастар емес орта жастагы, типти жасы биразга келгендери де солай.

Дұрыс айтасыз. Баланы бесіктен. Ол мәңгүрттеніп жүргендер е байдың балдары немесе дұрыс тәрбие көрмеген шпаналар. Көбіне байдың балдарын көздеріне күйік қылмай ауылға, басқа қалаға, тіпті басқа елге қуып жібереді. Уйінен қуылған бала білген боғын істемегенде не істесін? Жоғарыда айтқан қыздың сөзіне бір жағынан келіспеймін. Сонда ол жаңағы мәңгүрттерді аңдып жүр ме? Қайда барады, не істейді бәрін біледі. Қайдан біледі?

Шайтан азғырған сайын ашулана берсең бір күні солардың арасында отқаныңды байқамай қаласың?
Шетелге барып оқып келгендерден ондайын байқамаппын. Мүмкін соқыр шығармын.
Өзіңнің ортаңда жүріп, шайтанның азғыруынан сақтанып, биссмилләһ - ты айтып жүрсең, алла жолыңды оларға түсірмейді.
+1 дауыс

Олардың барлығы бай-бизнесмендер мен шенеуніктердің ұл-қыздары ғой. Бұл оларға Құдайдың берген жазасы. Ал сапалы білімді Қазақстанда да алуға болады, ол адамның өзіне байланысты. Сондықтан, шет елдерде оқу әшейін ата-аналарының мақтаныш үшін жасайтын дарақылығы деп есептеймін.

0 дауыс

Шет елдерде оқып келгендерді көріп жүрмін. Бізден асып бара жатқан білімдері жоқ. Босқа әке-шешелерінің ақшаларын жұмсап келгені болмаса.

...